Тамыз кеңесі өтті

0

Мектеп – бастапқы білім тірегі, оның сапасы тек өскелең ұрпақтың тағдырына ғана емес, ел тағдырына да түбегейлі қатысты. Ұстаздардың айтуынша, бүгінгі білім саласы заманауи үлгілерге сай болуы керек. Яғни мектептер мен балабақшаларда инновациялық технологиялар мен ғылыми үрдістердің жаппай қолданылуы– өмір талабы. Осындай жаңа әдістемелер мен нақты бағдарламалардың маңыздылығы, мәнділігі ұстаздардың дәстүрлі тамыз кеңесінде талқыланды, айқындалды.

Аудандық мәдениет үйінде «Білімнің келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында дәстүрлі та­мыз конференциясының секциялық отырыстары өткізілді.
Тамыз кеңеске келген ұстаздар мен жиынға қатысу­шылар ауданымыз­дағы өнер, балабақша, тех­никалық шығармашылық орталығының ұстаз­дары мен оқушы­лары жаса­ған қолөнер бұйымдары­мен танысты.
Бүгінгі ұстаздардың аудандық тамыз конференциясына білім беру ұйым­дарының басшылары, ұстаздар, білім саласының ардагерлері, облыстық мәс­лихат депутаты, аудандық мәслихат төрағасы және құқық қорғау органдары мен мекеме басшылары қатысты.
Ең әуелі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемел­ұлы Тоқаевтың білім са­ласы қызметкерлеріне арналған арнайы бейне құттықтауын тыңдады. Сондай-ақ жиынға қатысушылар «Бі­лім беру жүйе­сіндегі жетістіктер мен стратегиялық басымдықтар туралы» бейнебаянды көріп, білім саласындағы тың серпілістер мен нақты жет­істіктердің куәсі болып, бейнебаян арқылы білім саласындағы тың жетістіктер мен жаңа стратегиялық бастамалардың, жүзеге асып жатқан ауқымды өзгер­істер мен алдағы мақсаттар туралы мол мағлұмат алды.
Жиында аудандық білім бөлімінің басшысы Ж.Жарықбасов «Сарысу ауданы білім жүйесі: даму келешегі мен негізгі міндеттері туралы» баяндама жасады.
-Ұлы Абай Құнанбайұлы: «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген қасиеттері­мен озады»,- деген еді.
Дәл осы асыл қасиеттердің түйінін– адалдық пен кәсібилікті бүгінгі білім қызметкерлері бас қосқан тамыз кеңе­сінің арқауы етіп отырмыз.
Күні кеше ғана өткен республикалық ұстаз­дардың тамыз конференциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Бүгін саналы ұрпақ тәрбиелей алсақ, ертең заман көшінің басында жүреміз»,- деп атап өтті.
Бұл сөз – бүгінгі білім саласының бағдаршамы.
Ал, тұлғаны тәрбиелейтін ұстаздың бойындағы адалдық – шәкірттің жүре­гіне ұялайды, кәсібилік – болашағына жол ашады.
Ендеше, ұстазға жүктелетін міндет– тек білім үйрету ғана емес, ұлттың рухын асқақтату, жүрегіне мейірім мен адалдықтың дәнін егу.
Үкімет пен облыс, аудан әкімдігінің айрықша қолдауының арқасында білім беру ұйымдарының материалдық-техни­калық базасы жаңартылып, оқы­ту сапасын арттыруға барлық жағдайлар жасалуда.
Осы орайда, оқыту сапасын арт­тыру­дағы ең бір­інші өзекті мәселе — оқу­шылардың цифрлық сауаттылығын арттыру, білім беру жүйесінде жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін тиімді пайдалану.
Бұл туралы Президентіміз: «Балалар­ға жастайынан жасанды интеллект тех­но­логиясын оқытқан жөн. Бұл – бо­ла­шақта жастарымыздың бәсекеге қа­білетті озық маман болуына қажетті бір­ден-бір дағды» — деп, барлығымызға үлкен міндеттерді жүктеді.
Сондай-ақ, цифрлық білім берудегі аудандағы оң динамиканы атап өтсем:
Аудандағы білім беру ұйымдары түрлі цифрлық платформаларды, жасанды интеллект құралдарын пайдаланады.
Жас мамандар арасында жаңа тех­нологияларға қызығушылық жоғары,-деп білім саласында атқар­ылған және алда­ғы атқарылатын жұмыстар мен же­тіс­тіктерге тоқталды.
Конференцияда Д. Қонаев атындағы орта мек­те­бінің директоры Л. Шукеева
«Кәсіптік бағдар беру — болашақ кепі­лі» та­қыры­бында хабарлама жасады. Одан кейін осы мектептің мұғалімі Б.Тулеуова цифрлық дәуірдің, жасанды интел­лекттің мүмкіндіктерімен таныстырды.
Жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаң­ында өткізілетін тамыз кеңесі – алдағы жоспарларды бағдарлап, міндеттерді ай­қындайтын маңызды жиын. Басты мін­дет – жан-жақты жетілген, ақыл-пара­саты мол, мәдени, ғылыми өрісі озық, бәсекеге қабілетті болашақ қоғам ие­лерін тәрбиелеу.
Тамыз кеңесіне қатысқан аудан әкімі С.Мамытов:
-Сіздерді, білім саласы қызметкер­лерінің рес­пуб­ли­ка­лық тамыз кеңе­сінің басталуымен шын жүректен құттық­­тай­мын!
Жаңа оқу жылы қарсаңында педагог мамандардың басын қосып, өскелең ұрпаққа білім, тәрбие беру мәселесіне қатысты алқалы жиын өткізу игі дәстүрге айналған. Бұл – еліміздің болашағына ықпал ететін маңызды басқосу. Сапалы білім беру бәсекеге қабілетті, өркениетті ел болудың кепілі. Адамзат тарихындағы жетістіктің барлығы ілім, ғылымның жемісі екендігі сөзсіз. Сауатты ұрпақ өсіру арқылы ғана ұлттың жаңа сапасын қалыптастыра аламыз.
Мемлекет басшысы Қасым — Жомарт Тоқаев: «Білім келешегі: адал аза­мат, кәсіби маман» та­қы­ры­бын­дағы рес­публикалық тамыз конферен­ция­­сы­ның пленарлық отырысында: — Ұстаз – ұлт­тың шамшырағы. Сіздер күнделікті қа­жыр­лы ең­бек­теріңіз арқылы ел дамуына өлшеусіз үлес қосып келесіздер. Жас ұрпақтың бойына білім нәрін сеуіп, озық ойлы ұлт тәрбиелеп жүр­сіздер. Халқымыздың зияткерлік қуа­тын арттыруға белсене атсалысып жат­сыздар, — деп ұстаз мәртебесінің маңыз­дылығына тоқталды. Расында бүгінгі таңда, ұстаздарға деген қоғам­ның құрметі ерекше болуы тиіс.
Бүгінде үкімет білім аламын деген жастарға жан-жақты қолдауларды жүйелі түрде іске асырып келеді. Бұл туралы Президентіміз: — Баланың бәрі бірдей. Ауыл баласы мен қала баласының білім алу мүмкіндігі де бір­дей болуы керек. «Келешек мек­тептері» жобасының негізгі мақсаты да – осы, — деп нақты айтты.
Жаңа оқу жылын 8 900-ға жуық оқу­шымен бас­таймыз деп жоспарлап отырмыз. 1-ші сыныпқа қабылдауға 764 өтініш қабылданып отыр. Жалпы білім беру нысандарында 1 800-ден астам педагог қызмет етуде.
Ағымдағы жылы «Ауыл-Ел бесігі» жобасы аясында Саудакент ауылындағы Байқадам Қашқынбаев және Игілік ауылындағы Шоқай датқа орта мек­тептері 233 млн. теңгеге күрделі жөн­деуден өтті. Тоғызкент ауылындағы «Жанна» балабақшасы мен Шағалалы орта мектебіне 29 млн. теңгеге блок модульді газ жүйесі орнатылды.
Бұдан бөлек, көптен бері көтеріліп келген Жаңа­тас қаласындағы «Бола­шақ» бөбекжай-бақшасына 355 млн. теңге қаржы қаралып, ғимарат күрделі жөндеуден өтуде. Аталған жобалардың барлығы балаларымыздың сапалы тәр­бие мен білім алуы үшін жасалуда.
Жарқын болашақтың есігін ашатын жас ұрпаққа жол сілтейтін ұлағатты ұс­таздарға құрметіміз әр­дайым жоғары болмақ. Жаңа оқу жылы сәтті болғай,-деп ұстаздар қауымына еліміздің жас көшбасшыларын тәрбиелеуде темірдей төзім мен қайсарлық тіледі.
Жиын барысында аудан әкімі бір­қатар сала қызметкерлері мен ардагерлерге оқу-ағарту минис­трлігінің Алғыс хатын, облыс, аудан әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарын жә­не «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» төс­белгісін тапсырды.
Одан кейін аудандық мәслихаттың төрағасы Ш. Мұсабеков сөз алып, білім мен технология тез өзгеріп жатқан уақытта елдің болашағы оқу сапасына тікелей байланысты екенін атап өтті. Сондай-ақ аудандық мәслихаттың Құрмет грамоталары мен Алхыс хаттарын сала қызметкерлеріне тапсырды.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Ж. Жарық­басов, ұстаздарға білім бөлімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатын,
2024-2025 оқу жылының білім беру ұйымдары­ның қызметін бағалау және дамыту, білім саласын арттыруды ынталандыру мақсатында жүр­гізіл­ген мектептердің рейтингісінің қоры­тындысы бойынша Мұхтар Әуезов атын­дағы мектеп-гимназиясының ұжымы «Үз­дік мектеп-гимназиясы» номинация­мен марапатталып, интрактивті панел­дің сертификаты берілді.
Б. Адамбаев атындағы тірек орта мектебі «Үздік инновациялық мектеп» номинациясы бойынша танылып, принтердің сертификаты тапсырылды. Ал, «Үздік даму мектебі» номинациясы бойынша Д.Қонаев атындағы мектеп ұжымы марапатталып, принтердің сертификатын берді.
Аудандық мәдениет үйінің өнер­паздары әннен шашу шашты.

Сәулет Есқара,
«Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.