Жаңа оқу жылына дайындық қандай?
Әне-міне дегенше жаңа оқу жылы да жақындап қалды. Ала жаздай тыныққан балалар көп ұзамай алтын ұя-мектептерімен қауышады. Осы орайда көкейде «Жаңа оқу жылына әзірлігіміз қандай?» деген сұрақтың қылаң беретіндігі жасырын емес. Білім мекемелерінің материалдық-техникалық жағдайы ойдағыдай жасақталды ма? Оқулықпен, отынмен қамту мәселелері шешілді ме? Жалпы, алда қандай өзгерістер күтіп тұр? Біз осы сияқты сауалдарды алға тартып, аудандық білім бөлімінің басшысы Жуаныш Халықбергенұлы Жарықбасовпен сұхбаттасқан едік. Соны оқырман назарына ұсынып отырмыз.
— Жуаныш Халықбергенұлы, мемлекет тарапынан білім беру саласын дамытуға айрықша басымдық беріліп келе жатқандығы белгілі. Адами капиталды жақсарту мақсатында ауқымды реформалар да қолға алынды. Биылғы оқу жылының ерекшелігі неде?
-Бүгінде аудандық білім бөліміне қарасты жалпы 47 мекеме, оның ішінде 26 мектеп, 9 қосымша білім беру ұйымдары, 11 балабақша және 1 психологиялық педагогикалық түзету кабинеті жұмыс істейді. Оқушыларға сапалы білім беру мақсатында және білім алушылар контингентінің азайып кетуіне байланысты биылғы оқу жылында Көкдала бастауыш мектебі жабылды. Аталған 26 мектептің 17-сі типтік, 9-ы ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан, бүгінгі таңда апатты және үш аусымды мектептер жоқ. Жалпы жобалық қуаттылығына сәйкес орын саны 13 753.
Өткен оқу жылы 27 мектепте 562 сынып, 9020 оқушымен басталып, 8938 оқушымен аяқталған болатын. Ал, жаңа 2025-2026 оқу жылына 750 бала 1-сыныпқа келеді деп болжам жасалған болатын. Қазіргі таңда 764 өтініш қабылданды.
Жаңа оқу жылының педагогтарға арналған Тамыз кеңесі «Білім келешегі: Адал азамат-кәсіби маман» тақырыбында өтеді. Білім күніне арналған сынып сағатының ұсынылып отырған тақырыбы: «Мектебім –мейірім мекені!»
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 1-4 сынып оқушыларының барлығы және жекелеген санаттар бойынша 5-11 сынып оқушылары бірмезгіл тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Жаңа оқу жылында Арыстанды орта мектебіне 24 бала, Досбол орта мектебіне 16 бала, Түгіскен орта мектебіне 30 бала, барлығы 70 бала тасымалданады деп жоспарлануда.
-Республикалық «Мектепке жол» акциясы бірнеше жылдан бері игі дәстүрге айналды. Бұл бастама көптеген отбасыларға үлкен көмек болып тұр. Акция биыл қалай жүруде?
-«Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы ағымдағы жылдың 1 тамызы мен 30 қыркүйегі аралығын қамтиды. Жыл сайын дәстүрге айналған аталмыш акция биыл «Жақсылық жаса!» ұранымен ұйымдастырылуда.
Акцияны өткізу бойынша аудандық іс-шаралар жоспары бекітіліп, бұйрық шығарылып, ұйымдастыру комиссиясы құрылды. Азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет ету үшін білім беру ұйымдарында «Жедел желі», «Сенім» телефондары әлеуметтік желілерге жарияланды.
Акцияның маңыздылығын ескере отырып, аудан әкімдігіне 49 оқушының, «ГПК Казфосфат» ЖШС-не 20 оқушының, «ЕвроХим» ЖШС-не 20 оқушының, «Qazaq Soda» ЖШС-не 20 оқушының, сонымен қоса, Жаңатас қаласы әкімдігіне 20 оқушының және аудандық мәслихат депутаттарына 12 оқушының тізімі ұсынылды. Жалпы 141 баланың тізімі жасалды. Қазіргі таңда, мекеме басшылары тарапынан 4 оқушыға 200 800 теңге қаржылай көмек берілді.
Білім беру ұйымдарында аталған акция шеңберінде мектеп директорларының ұйымдастыруымен бүгінгі күнге 18 отбасыдан 18 балаға 249 200 теңге шамасында көмек көрсетілді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 қаулысына сәйкес жекелеген санаттағы отбасыларға жалпыға бірдей міндетті оқу қор шығындары есебінен бүгінгі күнге 23 мектеп және 1 мектеп жанындағы интернаттағы 1286 бала үшін 68 308 462 теңге ата-аналарының есепшотына аударылды.
-«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп кемеңгер Абай атамыз айтқандай мектептердегі оқушыларды білім нәрімен сусындатып жүрген педагогтерге артылатын жауапкершілік жүгі жеңіл емес. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру бағытында қандай жұмыстар жүргізілуде? Жалпы, ауданда маман тапшылығы бар ма?
-Бүгінде аудан бойынша барлығы 1800 педагог жұмыс атқаруда. Мектептерде 1290, қосымша білім беру ұйымдарда 228, балабақшада 211, шағын орталықтарда 59, психологиялық педагогикалық түзету кабинетінде 12 педагог сабақ береді.
Қосымша білім беру ұйымдарына 24 маман қажет. Оның ішінде 1 психолог, 2 логопед, 1 музыка, 2 вокал, 4 қобыз, 1 фортепиано, 2 бейнелеу өнері, 1 тәрбиеші маманына, 9 басқа арнайы аспап мұғалімдеріне, 1 еңбек нұсқаушысына сұраныс бар. Балабақшада 1 музыка, 1 логопед маманының орны бос тұр.
Маман тапшылығын жою мақсатында білім бөлімі тарапынан 2025 жылдың наурыз айында Ш.Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық университетіне, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетіне, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне, Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне оқу бітіретін түлектер жәрмеңкесіне Сарысу ауданының мектеп директорларын қатысуына рұқсат беру жөнінде хаттар жолданды.
— «Кітап-білім бұлағы». Осы орайда мектептерді оқулықтармен қатар әдеби туындылармен де қамтамасыз етудің маңызы зор. Аудандағы мектептердің кітапхана қоры кітаптармен қалай толығуда?
-Аудан бойынша кітап қоры -4 28121 дананы құрайды. Оның ішінде оқулықтар саны 2 36876 дана болса, мұғалімдерге арналған 1 9877, оқушыларға арналған -2 9564 әдістеме бар. Көркем әдебиеттер саны 66957 данаға жуықтайды. 33427 дана балалар көркем әдебиеттері сөреге қойылған. Бұдан бөлек 12217 электронды оқулық, 2159 анықтамалық, мектепалды даярлық тобына қажетті 25044 еңбек пайдаланылуда.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2020 жылғы 22 мамырдағы №216 бұйрығына сәйкес 2025-2026 оқу жылына оқулықтар, электронды оқулықтар мен көркем әдебиеттерді алу үшін 12 баспаға 117271954 миллион теңгеге тапсырыс берілген.
Жалпы алынатын кітап-31861 дана. Оның ішінде 25188-і оқулықтар болса, 595-і әдістемелік құралдар, 998-і электронды оқулық, 3453-і көркем әдебиеттер. Сонымен қатар мектепалды даярлық тобына қатысты 1627 кітап алынды. Қазіргі таңда, оқулықтар толық келді, оқушылар оқулықтармен толық қамтылатын болады.
-Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында атқарылған жұмыстарға тоқталып өтсеңіз…
-Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аудандағы білім беру ұйымдары бала санына және бектілген талаптарға сәйкес бейнебақылау камераларымен, турникеттермен және арнайы күзетпен қамтамасыз етілген.
Қазіргі таңда барлығы 1159 цифрлық бейнебақылау камералары жұмыс жасайды. 22 мектепте 244 дана бейнебақылау камералары жергілікті полиция бөлімшесіне интеграцияланған. Оның ішінде 10 мектепте 11 камерадан, 12 мектепте 8 камерадан орнатылған. Сонымен қатар Б.Қашқынбаев атындағы орта мектеп жанындағы интернатқа 38 цифрлы бейнекамера орнатылып, жергілікті полиция бөлімшесіне интеграцияланды. 22 мектепте 2 данадан дабыл түймелері орнатылған.
5 мектеп, атап айтар болсам, Абылай хан атындағы мектеп-лицейі, Ш.Уәлиханов, М.Әуезов атындағы мектеп-гимназиялары, Д.Қонаев, Абай атындағы орта мектептері және Б.Адамбаев тірек орта мектептері турникетпен және лицензияланған күзетпен қамтамасыз етілген. Ағымдағы жылы Б.Қашқынбаев және Шоқай датқа атындағы орта мектептер жаңа турникетпен қамтамасыз етілді. «Ақбота», «Айгөлек» және «Болашақ» балабақшалары дабыл түймесімен қамтамасыз етіліп, 5 цифрлы бейнебақылау камералары жергілікті полиция бөлімшесіне қосылған.
-Материалдық-техникалық база бойынша не айтар едіңіз?
-Қазіргі танда барлық 26 мектеп 128 заманауи модификациялық кабинетпен жабдықталған, қамтылу үлесі 96,4 пайызды құрайды. 2024 жылға 249,0 миллион теңгеге 26 дана модификациялық кабинет сатып алынды. Жалпы аудан бойынша 20 мектеп робототехника кабинеттерімен, 7 мектеп ІТ-сыныптарымен жабдықталған.
2024 жылы бөлімге қарасты жалпы білім беретін мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында 33 130,0 мың теңге қаржыға 110 сынып-комплектісі, 2025 жылы 45 дана компьютер сатып алынды. Бүгінгі күнге оқу үрдісінде барлығы 3510 дана компьютер құрылғысы бар. 26 мектепте 565 оқу кабинеті бар, соңғы 3 жылда аталған кабинеттердің 258 пән кабинеті, яғни 45,6 пайызы жаңаланған.
-Жазғы демалыс уақытында бірқатар білім беру мектептерінде ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған болатын. Межелі міндеттер мерзімінде орындалды ма?
-«Ауыл-Ел бесігі» жобасы шеңберінде ауылдық елді мекендердегі әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым бойынша іс-шараларды іске асыру бюджеттік бағдарламасымен 232 967,0 мың теңгеге 2 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда, Саудакент ауылындағы Б.Қашқынбаев атындағы орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталып, қабылданды және Игілік ауылындағы Шоқай датқа атындағы орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстарын қабылдау жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, 355 119,0 мың теңгеге облыстық бюджет есебінен Жаңатас қаласындағы «Болашақ» бөбекжай-бақшасының ғимаратына күшейту арқылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Жаңатас қаласындағы педагогикалық және психологиялық түзету кабинетін Балалар-жасөспірімдер орталығының теңгеріміндегі ғимаратқа көшіру үшін 2-ші блоктың 1-ші және 2-ші қабатына 36 064,0 мың теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Модернизация бойынша күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген Б.Қашқынбаев және Шоқай датқа орта мектептерінің спорт алаңшаларына 73 584,0 мың теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
2025-2026 жылдардағы жаңа оқу жылына дайындау мақсатында аудандық білім бөлімі тарапынан әктеу-сырлау жұмыстарын жүргізу үшін қажетті құрылыс материалдары толығымен беріліп, маусым және шілде айларында барлық мектептер мен қосымша білім беретін мекемелерде әктеу-сырлау жұмыстары жүргізілді.
Бүгінгі күнге барлық білім беру ұйымдары жаңа оқу жылына дайын.
-Мазмұнды сұхбатыңыз үшін рахмет.
Сұхбатты жүргізген:
Камели Сүлейменова,
«Sarysý»