Жеңіс тұғырынан көрінді
Астана төрінде тарихымызда тұңғыш рет әскери қызметшілер арасындағы қазақ күресінен CISM әлем чемпионатының шымылдығы түрілді.
Жаһандық додаға Қазақстан, Пәкістан, Біріккен Араб Әмірліктері, Тунис, Ресей, Италия, Түркия, Марокко, Молдова, Үндістан, Қырғызстан, Монғолия, Қытай, Бразилия, Тайланд, Өзбекстан, Тәжікстан, Камерун, Гана, Эфиопия, Венесуэла, Иран сынды елдердің әскери салада қызмет ететін балуандар күреседі. Чемпионаттың бағдарламасына сәйкес, спортшылар 16 салмақ дәрежесінде бозкілемде бақтарын сынады.
Осы жарысқа Саудакент ауылындағы №28 Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Бақытқали Тәттібаевтың шәкірті
Қазақстан Республикасының спорт шебері, ел чемпионатының жеңімпазы Сағат Байғараева қатысып, 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, күміс жүлдені иеленді.Спортты жанына серік еткен Сағаттың бұл алғашқы жеңісі емес. Ол бұған дейін көптеген республикалық және халықаралық турнирлерде жүлделі орындарды иеленіп келеді.
-Әрине, спорт болған жерде жеңісте-жеңілісте қатар жүреді. Көк байрағымызды жеңіс тұғырынан көрінуіне барлық күш-жігерімізді жұмсаймыз. Ендігі арманым олимпиада ойындарында бағымды сынап, ел намысын қорғау. Қолдау көрсетіп отқан менің жанкүйерлеріме алғысымды білдіремін,-деді.
Айта кетейік, бүгінде қазақ күресі аса тартысты спорт түрі ретінде тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде кеңінен танылып, беделі артып келеді. Қазіргі уақытта қазақ күресі федерациялары әлемнің 40-тан астам елінде жұмыс істейді. Жыл сайын түрлі деңгейдегі 10-нан астам халықаралық жарыстар өткізіліп, оларға төрт құрлықтың спортшылары қатысуда.
Жеңімпаз жерлесіміз Сағат Байғараеваға ел намысын абыроймен қорғап, көк байрағымызды әлем ареналарында қорғай беруіне тілекшіміз.
Сәулет Есқара,
«Sarysý»