«Әр өлең жолдарым-өмірбаян»
Облыстық «Ақ жол» газетінің бетінен Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы Пернебай Дүйсенбиннің ақын Шырын Мамасерікованың 80 жасқа толған мерейтойына арнап жазылған «Шырын ақын туралы ой толғап…» деген мақаласын оқып, мына бір оқиға ойыма орала берді. Осы ойымды қалың оқырманмен бөліскім келді.
Төсінен жарып шыққан құба белдің,
Теңізге жетсем деген бұлағы едім.
Арманым болмас, сірә, бұл жалғанда,
Жарасам кәдесіне туған елдің!,-деген өлеңінен ақынның жан сырын түсінгендей едік. Ақын-замана шежірешісі, өз дәуірінің үнін жеткізер елшісі. Шырын әпкеміз де сол бір ел мұңын мұңдап, ел жанын өлеңмен емдеген ақындардың қатарында. Ақындық өнері адамға табиғат-ана арқылы берілетін киелі қасиет десек қателеспейміз ғой деп ойлаймын.
Мен жас кезімнен Шырын Мамасерікованың өлеңдерін оқып өстім. Өлеңдерін оқыған сайын, ерекше бір сезімге бөленіп, ол кісінің болашақтағы тағдырына жанкүйер бола бастадым. Әр оқыған өлеңдерінен ол кісінің көңіл күйін сезініп, ақынның шабытының күннен-күнге ашылып, өрлеп бара жатқанына желпініп тілектес болып жүрдім. Тума таланттың өлеңдерінің мазмұндылығы, ұғымға ұрымтал келетіндігі, айтар ойының сана төріне мөлдіреген шықтай мөлдіреп ұялап тұра қалатындығы ерекше қатты әсер тудыратын. «Әр өлең жолдарым-өмірбаян» деп ақынның өзі жазғандай, әр өлеңін оқыған сайын ол кісінің өмір жолынан хабардар болғандай болып жүрдім. Абай һәкім «Өлең шіркін өсекші жұртқа жаяр» деп айтқандай, Шырын әпкенің өлеңдерінен оның тағдырлы ақын екенін білдім. Анасынан, інісінен қапияда көз жазып қалғанын, жолдасының да, жалғыз баласының да автокөлік апатынан қайтыс болғанын білгенімде «Тағдыр, неткен қатал едің?» деп, авторға жанкүйер ретінде жанымның ауырғанын несіне жасырайын.
Сайда саным, құмда ізім қалмады,
Жар дегенде жалғызымды жалмады.
Қу томардай бар бұтағы өртенген,
Қор еткенше неге құдай алмады?!
Осындай жолдарды оқығанымда «Автор енді өлеңді тоқтататын болды-ау. Не деген ауыр тағдыр» деген ой жетегінде жүрдім. Бірақ Шырын әпкеміз қиындықты, ауыртпалық жүгін ысырып тастап, өлең деген өнер әлемінде ширығып, жұлдызы жарқырап шыға келгенін көргенде қатты қуандым. Шын ақын осындай болса керек деген зор сенім құшағында жүрдім.
Жалпы Шырын Мамасерікованың барлық тағдыры туралы өлеңдерінен оқып біліп, біршама ақпаратты жүрегіме жинақтап алдым. Барып көңіл айтып, қайтсам ба екен деп жүргенде уақыт өтіп кетіпті. Әйтеуір Меркеге бір жолым түссе, ол кісіге барып сәлем беруді өзіме міндет етіп қойдым. Бірақ бір сәті түспей қойған-ды. Жазушы Пернебай Дүйсенбиннің 80 жасқа толған мерейтойында кездескенде, сөйлесіп пікір алысамын деген ойда едім, оның да реті келмеді. Ол кісі басқа көлікке мініп кетіпті. Өстіп уақыт өтіп жатты.
2023 жылы Меркі шипажайына баруға жол түсті. Жұбайым Базаркүлге «Осында Шырын Мамасерікова деген ақын әпкеміз тұрады, сол кісіге барып амандасып қайтсам»,-деп едім, ол қарсы болмады. Шипажайдың бас дәрігерінің жүргізушісін сұрап алып, Шырын әпкеміздің үйіне сәлем беруге келдім. Әпкеміз екі қабатты үйдің екінші қабатында тұрады екен. Үй кеңес дәуірі кезінде салынған болу керек, көп жылдан бері жөндеу көрмегені көрініп тұрды. Екі бөлмелі үйдің іші кітапқа толы. Әр нәрсе орнымен қойылғаны байқалды. Мен сәлем беруге келгенімді айтып, Бауыржан Момышұлы туралы жазылған «Халықтың ары мен намысындай» атты кітабымды сыйладым. Үйден шыға терең ойға баттым. Шырын әпкеміз небір тағдырдың қиын кездерінен өзінің қайсарлығымен, еңбекқорлығымен, өткірлігімен, өжеттігімен, білімділігімен, ақындық шабытымен өтіп келді. Бәрі халықтың көз алдында. Қиналғанын да халық көрді. Бұның бәрі өткен шақтың еншісінде қалды. Ақын шалғай ауылда тұрып-ақ адам баласының рухани күшінің қайыспас қайсарлығын танытып, күйкі тірліктің шаңына көмілмей, көкірегінде тулап жатқан шалқар ойды өлеңмен өрнектеп, самалы саумалдай, топырағы мақпалдай, жері жұмсақ, жұлдыздары жақұттай мерейлі өлкесін өмір бойы ат үстінен түспей жырлап келеді. Халық енді Шырын әпкеміздің қуанғанын көрсе деген ойға келдім. Ол үшін не істеу керек? Менің қолымнан бұл кісіге қандай көмек келеді? Осы ой мені қинады. Ақынның 2025 жылы 80 жасқа толатынын еске алдым. Осының алдында ғана Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің: «Мен қаламгерлерге ашықпын»,-деп айтқан сөзі есіме түсті. Жазушы Көсемәлі Сәттібайдың: «Әкімі ақынын іздесе-ақын бақытты, ақыны-әкімін іздесе ол бақытсыз» деген сөзі де ойымнан қылаң беріп өтті. Қайткенде Шырын әпкеміздің қалған өмірі қуанышпен, мақтанышпен өтіп, бақытты өмір сүруі керек, деген ойға келдім.
Сөйтіп облыс басшысына 2025 жылы Шырын Мамасерікованың 80 жасқа толатынын жеткізіп, Жамбыл облысының Құрметті азаматы атағы берілсе, Тараз қаласынан 2-3 бөлмелі пәтер тарту етілсе, автокөлік сыйласақ та артық болмас еді, деген мақсатпен хат жаздым. Біраз уақыт өткен соң, Меркі ауданы әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбек бірде телефон соқты. Ол «Сіздің хатыңызға байланысты Шырын Мамасерікованың үйіне келдік. Ол кісі «Маған үйімді жөндеп, 80 жылдық мерейтойымды өткізіп берсеңдер болады»,-деді. Сіз осыған қанағаттанасыз ба,-деп сұрады. Мен: «Ол кісінің өзінің көңілі толса, мен ризамын»,-дедім.
Уақыт өтіп жатты. Мен 2025 жылы 19 ақпанда Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану мүзейінде «Қаламымен тауарих қашаған қаламгер» деген тақырыпта шығармашылық кездесу өткіздім. Кездесуге Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы Пернебай Дүйсенбин, ақын Шырын Мамасерікова шақырылған болатын. Кездесуден кейінгі әңгіме үстінде Шырын әпкеміз әкімшіліктің осы жылдың шілде айында 80 жасқа толу мерейтойын өткізгелі жатқанын айтты. Бұдан бір жыл бұрын аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбектің келіп: «Сіз облыс әкіміне хат жаздыңыз ба?-деп сұрағанын, бұл кісінің «Жоқ»,- деп айтқанын айтып отырды. Менде басқа амал қалмады. Ол хатты Жамбыл облысының әкіміне жазған, мен дедім. Сонда ақын қатты таң қалды. «Не үшін жаздың?» деп сұрады. Мен «Сүйікті ақын әпкеміздің қуанған кезін көргім келеді. Сізді тағдыр ауыр сыннан өткізді. Сіз бірақ ол сынға қайсарлықпен төтеп беріп, ширай түстіңіз, сынбадыңыз. Ең бастысы өз оқырмандарыңызды жоғалтпадыңыз. Бұл қалың оқырманның жүрекжарды тілегі. Мен соны орындадым», дедім. Ол кісі: «Солай ма?»,-деп таңданысын жасырған жоқ. «Сіздің мына өлеңіңіз менің есімнен шыққан жоқ»,-дедім. Ол кісі «Қай өлеңім?»,-деп маған таңдана қарады. Мен:
Қайғы жаншып жүрегімді езгенде,
Қасіреттің қияметін сезгенде.
Қасымда тек қалды өлең-періште,
Қашып бәрі айналамнан безгенде.
Анам болып аймалады жұбатып,
Балам болып құшақтады
ол қуантып.
Жан-жарым боп, бауырым боп
сүйеп жүр,
Жықпасын деп қатал тағдыр
сұлатып.
«Осындай жүрек қойнауынан шыққан жырлар оның қайғының жойқын қара бұлтын ыдыратып, жан дүниесін жарық дүниенің шуақты сәулесімен шомылдырады. Жабырқаған көңіліне нұр шашып, көкірегінен сұлу жыр болып төгіледі. Ақын Шырын өзегін жарып шыққан жырларында шындық туын қолынан түсірмей, адалдық жолынан таймай, шын жүйрікті даралар өнер-жарыс жолында аянбай тер төгеді»,-деп жазады жазушы Пернебай Дүйсенбин өзінің «Шырын ақын туралы ой толғап…»,-деген мақаласында.
Ақын Шырын Мамасерікованың 80 жылдық мерейтойына арналған іс-шара 2025 жылғы 25 шілде күні Меркі аудандық мәдениет үйінде аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен өте жоғарғы деңгейде өтті. Іс-шараға Астана, Алматы, Тараз, тағы да басқа қалалардан ақынды құрметтейтін әріптестері тегіс жиналды. Аудан халқы да ұйымшылдық көрсетіп, залда бос орын болмады. Іс-шара басталмастан бұрын ақын тойына жиналған қауым мәдениет үйінің алдына қойылған батыр Жауһаш баба ескерткішіне гүл шоқтарын қояр алдында облысқа белгілі ақын Есет Досалы Меркінің елге белгілі азаматтарына арнап, жырдан шашу шашты. Гүл шоқтары қойылып, іс-шара басталып кетті. Мерекелік іс-шараны елге белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының Жамбыл облысындағы өкілі, Жамбыл облысы әкімінің кеңесшісі Хамит Есаман жүргізіп отырды.
Жалпы ұлттық рухты жігерлендіріп, тірілтетін, күшейтіп отыратын шығармашылық адамдары. Жамбыл облысы әкімінің Шырын Мамасерікова ақынды 80 жасқа толу мерейтойымен құттықтау хатын облыс әкімінің аппарат басшысы Лесбек Ілебаев оқып, ақынға табыс етті. «Биыл қаламымен өрнек салып, жүрекпен жыр төккен ақын, ардақты ана, зиялы жан Шырын Мамасерікова апайымыздың 80 жылдық мерейтойын атап өтудеміз», деп құттықтау сөзін бастаған Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұлов: «Бұл жай мереке емес, бұл бір ұлттың, бір өңірдің рухани дүниесін байытқан ақынға деген құрметтің, алғыстың белгісі»,-деп атап өтіп, құттықтау хатын табыс етті.
Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, Жамбыл облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Еркінбек Солтыбаев, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы Пернебай Дүйсенбин, жазушы Елен Әлімжан, тағы да басқа шығып сөйлеген қаламгерлер, әріптестері, жерлестері, қоғамдық ұйым өкілдері өздерінің жүрекжарды тілектерін ақынға арнап жатты. Меркілік өнерпаздар жергілікті ақын әпкелері Шырын Мамасерікованың сөзіне жазылған бірнеше ән орындады. Елге белгілі кәсіпкер, 20 тұрмысы төмен отбасыларына өз қаржысына үй сатып әперген Меруерт Лештаева ақынның сөздеріне Ақтөбе қаласынан сазгер тауып, шығартып әкелген бірнеше әндерін әншілерге орындатты. Жас сәбилер ақын апаларының өлеңдерінен үзінді оқып, сыйлыққа кенелді. Ақын өлеңдерін оқып орындағандарға да демеушілер қолдау көрсетті. «Тау самалы» мейрамханасында жалғасқан іс-шарада Шырын әпкенің немерелеріне 8 батагөйдің бата беру рәсімі өтті. «Батамен ер көгереді, жауынмен жер көгереді» рәсімімен өткен іс-шара жиналған қауымға үлкен әсер қалдырғанын айта кеткен жөн. Облыстық ардагерлер ұйымының жанындағы Билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов бастаған батагөй қариялардың берген батасына көпшілік баса назар аударды. Тараз қалалық ардагерлер ұйымының төрайымы Күләш Әбдікешова да жүрекжарды тілегін ақынға арнады. Шырын әпкенің келіні сөз алып, ақын-анасына ақ тілегін жеткізіп, сый-сияпат көрсетуі де келіннің анаға деген махаббатының көрінісі болды. Әсіресе, немерелері Бақыт пен Баққонды ақын-аналарына сый-сияпат көрсетуі көпшіліктің ерекше сүйіспеншілігін туғызды. Меркі ауданы әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбектің бастан-аяқ іс-шараның ішінде жүруі аудан әкімдігінің ақын-апаларына деген құрметінің белгісі,-деп көпшілік ризашылығын білдірді. Бірінен кейін бірі ақын аналарына арналып үздіксіз өтіп жатқан іс-шаралардың әсерлі өткені сондай, көпшілік уақыттың қалай тез өтіп кеткенін аңғармай да қалған сияқты.
Шыншылдық пен адалдықты ту еткен ақын Шырын Мамасерікова әділетсіздік пен қиянатқа шыдамайды. Ақынның айтары нақты, аз сөзбен көп мағына береді. Ол кісі көненің көзін көрген, асылдың сөзін терген жан. Шырын апай жазба ақын ғана емес, ол айтыскер ақын. Талай жыл айтыстың туын көтеріп жүргені оқырманға аян. Шенді-шекпенділердің алдында ойын жинақтап, бүкпесіз ашық айтады. Қара сөзбен де тартымды дүниелер жазғанынан оқырман қауым хабардар. Қаламы қарымды жазушы бірнеше эссе-естеліктердің, мақалалар мен сұхбаттардың және аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұлов жайлы «Жеңешемнің әңгімесі» атты тарихи хикаяның авторы. Көпшілікке ақын Шырын әпкелерінің өмірдеректерінен сыр шертетін «Мерке ақпарат», «Мерке тынысы» газеттері, облыс әкімінің демеушілігімен шыққан «Атамекен» кітабы таратылып берілді.
Іс-шара соңында ақын Шырын Мамасерікова өзінің мерейтойына келген қауымға, іс-шараны өткізуге демеушілік көрсеткен Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевке, Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұловқа, басқа өнер көрсеткен қауымға, қатысушыларға шын жүректен шыққан алғыс сезімін айтты. Осымен ақын Шырын Мамасерікованың шығармашылық кездесуі өз мәресіне жетті.
Майлыбай Смағұлов,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі