Мүгедектігі бар адамдарды техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдармен қамтамасыз ету

0

Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейтін және мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтiк қорғауды қамтамасыз етудiң, олардың тiршiлiк-тынысы мен қоғаммен етене араласуы үшiн тең мүмкiндiктер жасаудың құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық шарттарын айқындайтын «Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілермен реттеледі.
Мүгедектігі бар адамдарды протездік-ортопедиялық көмекпен, оларды ауыстыру мерзімдерін қоса алғанда, мүгедектігі бар адамды абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдармен, арнаулы жүріп-тұру құралдарымен қамтамасыз ету қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары — Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 287 бұйрығы 2023 жылдың 1-ші шілдесінен бастап күшіне енді.
Аталған бұйрықта мүгедектігі бар адамдарды протездік-ортопедиялық көмекпен, техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдармен, мүгедектігі бар адамды оңалту мен оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес арнаулы жүріп-тұру құралдарымен қамтамасыз ету қағидалары, оларды ауыстыру мерзімдері қарастырылған. Бұйрықтың 1 қосымшасында мүгедектігі бар адамдарға бері­летін техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдардың, арнаулы жүріп-тұру құралдарының тізбесі, медициналық көрсетілімдері мен қарсы көрсетілімдері берілген.
Оңалтудың жеке бағдарламасы-мүгедектігі бар адамдарға оңалтуды жүр­гізудің нақты көлемін, түрлері мен мерзімдерін айқындайтын құжат МӘС бөлім­дерімен рәсімделеді.
МӘС бөлімінде куәландырудан өткен адамдарға мұқтаждығына, медициналық көрсетілімдерге байланысты техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдар ұсынылып отырады.
Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету үшін әлеуметтік қорғаудың көп деңгейлі жүйесі қолданылып келеді, олар:
— әлеуметтік жәрдемақылар мен төлемдер түрінде мемлекеттік көмек және қолдау;
— әлеуметтік оңалтуды техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдармен қамтамасыз ету жолымен және әлеуметтендіру деңгейін арттыру мақсатында, мүгедек адамдар жеке көмекші және ымдау тілі маманының қызметтерімен қамтылады.
— оңалтудың техникалық көмекші құралдардың тізбесі заманауи сур­до­тех­никалық және тифлотехникалық құралдарды қоса (есту қабілеті бұзылған адам­дарға веб-камерасы бар ноутбук, сөйлеу синтезі бар экрандық қол жет­кізу бағдарламасымен қамтамасыз етілген ноутбук, көру қабілеті бұзылған адамдарға дыбыспен хабар беретін және диктофоны бар ұялы телефондар және т.б.) 55 түрі бар атаудан тұрады және мұқтаждығына қарай мүмкіндігі шектеулі азаматтар аталған оңалту іс-шараларымен қамтылып келеді.
Егер бұрын мүгедектер барлық қызметтерді мемлекеттік сатып алу арқылы алса, бұл көбінесе наразылықты тудыратын болатын, сол себептен мүмкіндігі шектеулі жандарға Әлеуметтік қызметтер порталы (бұдан әрі — Портал) қызмет көрсетіп келеді.
Портал мүгедектігі бар адамдардың оған өздері кіруге, МӘС бөлімдерімен ұсынылған оңалту іс-шараларының түрлерін, құралдарын таңдауға мүмкіндік береді.
Портал 6 процестің (инватакси қызметін қоспағанда) 5 процесін цифрландыруды болжайды, бұлар:
-арнаулы әлеуметтік қызметтерін көрсету;
-оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз ету;
-ымдау тілі мамандарының қызметтерін ұсыну;
-жеке көмекшінің қызметтерін ұсыну;
-санаторийлық-курорттық емдеу қызметін көрсету.
Мемлекет тарапынан техникалық оңалту құралдары мен қызметтерінің құнын өтеу тетігі қарастырылған.

А. Таупаев,
№2 МӘС бөлімінің бас маманы

Leave A Reply

Your email address will not be published.