Тұғыры биік тұлға

0

Арқа төсіндегі Сарысу өзенінің бойынан Қаратауға қарай үдере көшкен алты мыңдай шаңырақтан 1933 жылдың көктемінде діттеген жері Саудакентке жеткені бар болғаны екі мыңдай ғана түтін еді. Соның бірі-біз сөз еткелі отырған Сыздықбай мен Кәрі Алибековтердің отбасы болатын. Отбасы арып-ашып ойлаған жерлеріне жеткенде 1925 жылдың 22 қыркүйегінде Арқадағы Шоқай болысының төртінші ауылында дүниеге келген ұлы Ұзақбай бар болғаны 8 жаста еді. Әке мен шеше жастайынан зерек болып өскен осы ұлынан көп үміт күткен. «Арман алдамайды»,-демекші үміт ақталып, сол ұлдары облыс аудандарында басшылық қызметтер атқарып, халықтың алғысына бөленді.

Ұзақбай Сыздықбаев 1942 жылы Сарысу ауданының Байқадам ауылындағы орта мектепті үздік бітірді. 1943 жылы 18 жасқа толмай-ақ Кеңес армия­сы қатарында Фрунзе қаласындағы әс­кери дайындықтан өтіп, танкист-новодчик ретінде соғысқа кіреді. 2-Украйна майданындағы VIII механикалан­дырыл­ған Александрийск корпусы құра­мын­да №114-танкіге қарсы ататын артил­лериялық жойқын полкта соғыстың соңғы күніне дейін қатысты. Бір қызығы оның әкесі Сыздықбайда осы майданда соғысқан. Ол өзі түскен 2-Украина майданында әкесі Сыздықбайдың соғысып жат­қанынан бала Ұзақбай еміс-еміс хабардар еді. Алайда әкесін онда көруге мүмкіндік болмады. Мұнда талай мәрте фашистермен бетпе-бет келіп, айқасқан күндер өтті. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалсыз пенде өлмейді»-демекші талай мәрте фашистердің жойқын шабуылдарын тойтаруға қатысқан әкелі-балалы жауынгер соғыстан аман қалды. Ұзақбай аға Жеңіс күнін Александрийск қаласында қарсы алып, елге 1947 жылы аман-есен оралды. Әкесі Сыздықбайға да жары Кәрі, анасы Нұрсұлумен табысып, елмен қауышу бақыты бұйырды.
-Мен есейе келе әкемнен соғыста жүргенде фашистерден қорықтыңыз ба деп сұрағаным бар,-дейді қызы Шолпан.
-Фашистерден қорықпадым десем ол шындыққа жанаспас. Менің ең басты қорқынышым-немістерге қарсы шабуылдап келе жатқанымызда алдымнан жауынгер әкемнің өліп жатқанын көрмесем екен,-деген қорқыныш, үрей басым болды,-депті әкесі. Әкелі-балалы майдангердің бір майданда соғысқанынан қиын нәрсе жоқ екенін де айтыпты.
Ұзақбайдың әкесі Сыздықбай соғыс­тан оралғаннан соң ұзақ жылдар Сарысу ауданындағы қаржы саласында еңбек етіп, жұбайы Кәрі екеуі араларына бар болғаны 6 ай салып, 1970 жылы өмір­ден өтті. Ал Ұзақбай болса еңбек жолын әскерден оралысымен Сарысу ау­дан­дық партия комитетінде нұсқау­шы болып бастады. Ұйымдастыру бөлі­мін басқарып, 1954 жылы Қазақ Мем­лекеттік университетінің философия факультетін үздік бітірді. 1954-1959 жыл­дары Свердлов (Байзақ) аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлі­мі­нің меңгерушісі, екінші хатшы қызмет­терін атқарды. Ал 1959-1961 жылдары Мәскеудегі Совет Одағы Коммунистік партиясы Орталық Комитеті жанын­дағы жоғарғы партия мектебінде оқыды.
1961-1967 жылдар аралығында Жамбыл аудандық атқару комитетінің төр­ағасы, Қордай аудандық партия коми­те­тінің екінші хатшысы, қызмет­терін абыроймен атқарды.
1967 жылы өзі еңбек жолын нұсқаушы болып бастаған Сарысу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне тағайындалды. Аталған аудан бірнеше жыл көршілес Талас ауданына қосылып, шаруалары шатқаяқтап қалған кезі еді. Сондықтанда жаңа ауданда атқаратын жұмыс аз болмады. Кадр мәселесінде де қиындықтар туындағаны рас. Алайда тәжірибелі Ұзақбай аға мұндағы өзекті мәселелерді аудандық атқару комитетінің төрағасы, іскер азамат Қырықбай Асанов, партия комитетінің хатшылары Ұзақбай Төлеуов, Жібек Мұстафина, басқа да шаруашылық басшыларымен бірлесе шешіп отырды.
Сарысу ауданында болғанда Жаңатас қаласын азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін қала іргесінен жаңадан «Жаңатас» совхозын ашты. Совхозға аудандағы ұйым­дастырушылық қабілеті жоғары Ақатай Ақбаев ағайды директор етіп та­ғайындағанын ол кезде бала болсақта жақсы білеміз.
Аудан басшысы су-тіршіліктің нәрі екенін біле отырып, алдымен «Ынталы» су қоймасын соқтырды. Ауданда алғаш рет егін шаруашылығын қолға алып, бидай, арпа, жүгері, жоңышқадан мол өнімге қол жеткізді. Кеншілер қаласы халқын көкөніс, сүт өнімдерімен қамтамасыз етуді де мойнына алып, аудан іргесіндегі «Байқадам» совхозы көкөніс, сүт өндіру­мен айналысты. Осылайша екі ортада тығыз байланыс орнап, олардан құрылыс материалдарын алып, үлкен-үлкен тех­никалардың көмегін пайдаланды.
Бар болғаны 2-3 жылда-ақ жаңадан құрылған Сарысу ауданын аяғынан тік тұрғызып, табыстың тайқазанын та­сыт­қан бірінші басшы үлкен беделге ие болды. Сондықтанда болса керек көр­некті жазушы Кәрібай Ахметбеков ау­дандағы адамдардың қилы тағдыры, тыныс-тіршілігі жайлы екі томдық «Ақ­дала» романын жазды. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ұзақбай Сыздықбаев романның басты кейіпкері ретінде сәтті сомдалды. Онда жас болса да ел қамын ойлаған, кемел ой түйе алатын бірінші басшының аудан экономикасын көтерудегі еңбегі, әділ де адал, жігерлі басшы түрінде бейнеленді. Бүгінгі жастар роман-аупарткомның бірінші хатшысының тұғырлы тұлғасына арнал­ғанын біліп өскендері жөн. Басшылық қыз­метте жүрген коммунист бейнесін жа­саудағы бұл роман кезінде жақсы бағаланды.
Басшылық қызметте тәжірибесі мол, ысылған, бұл өңірді жақсы білетін Ұ.Сыз­дықбаевқа 1970 жылы Свердлов (Байзақ) ауандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқару сеніп тапсырылды.
Кез келген қиындық жаңа мүмкіндікке жол ашады. Әрбір азаматтың жел қайдан соқса да, желкенді өзіне оңтайлы бұра алатынындай жан-жақты ойластырылған жоспары болуы тиіс. Міне, мұны жете түсінген Ұ.Сыздықбайұлының ауданға келуімен талайлардың табаны тиіп, ізі қалған киелі Байзақ баба жерінің екінші тынысы ашылды деуге болады. Бұл аудандағы жақсыны танып, қабілетті ба­ғалаған, мәртебеңді көтеріп, тың ұсыныстарды қолдап отырған азамат­тарға қалайша риза болмайсың. Ұзекең бұл қызметті үзіліссіз 13 жылдан аса атқарып, республикалық дәрежедегі зейнеткерлер қатарына қосылды.
Ұзекеңнің бір бойына мемлекеттік, қайраткерлік, саясаттанушы, мәдениет­танушы, әлеуметтанушы, басқа да жақ­сы қасиеттердің барлығының дарыны әдемі топтасқан. Ағамыз тек қана адал­дық пен әділдіктің алдында ғана тізе­сін бүгіп, тазалықтың алдында ғана басын иіп, ақыл ойына жақсылық пен мейірімнің мәртебелі ұғымын қалып­тастырған жан. Қай кезде де халықтың сөзін сөйледі, жұрт­тың жоғын іздеді. Ауданның ша­ңырағын тіктеп, керегесін кеңейтуге барын салды.
Ұзақбай ағаның жақсы бір қасиеті-ойлағанын іске асырмайынша тыным таппайтыны. Кадр таңдауда да қате­лікке жол бермеуге тырысатын, алыс­ты болжай білетін. Міне, осындай ұйым­дастырушылық қабілеті жоғары, адам­гершілік қасиеті мол жанды аудан халқы қолдап кетті. Аграрлы ауданда мал шаруашылығы алғашқы 2 жылда-ақ бір­неше басқа өсті, егін саласынада жан бітті. Нәтижесінде-ақ егіс көлемі 42 мың гектарға жетіп, оның әр гектарынан 15,20 центнерден өнім алынды. Қант қызылшасының көлемі 10 мың гектарға дейін жетті. Мал шаруашылығынан да мол өнім алынып, халықтың әл-ауқаты артты. Мемлекетке астық, ет-сүт тап­сыру жоспары тұрақты түрде асыра ор­ын­далып отырды.
Қант қызылшасы аудандағы негізгі көрсеткішке айналды. «Трудовой пахарь» колхозы әр гектардан 600-800 центнер аралығында өнім алып, облыс, республика, тіпті Одаққа дейін танылды. Сауыншы Елена Свинковская, қызылша өсірудің шебері Нұрмаш Түйтебаева Социалистік Еңбек Ері атанса, озат қызылшашы Ты­нышкүл Бақтиярова мен Алтын Әбішова Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды.
Сол кезде жаңадан пайдалануға беріл­ген «Базарбай» каналы ауданда суар­малы егістік көлемін ұйғайтуға жол ашты. 1978 жылы аудан барлық көрсет­кіштер бойынша ең жоғары нәти­жеге жетіп, Кеңестер Одағындағы «Социа­лис­тік жарыстың жеңімпазы» атанды, Қызыл Туға ие болды. Осы кезең аудан басшысының жұлдызы жарқыраған жыл­дары ретінде аудан халқының ұмы­тыл­мастай естерінде қалды.
1972, 1975, 1978, 1982 жылдары ауданға Қазақстан Компартиясы Орта­лық Комитетінің бірінші хатшысы Дін­мұхамед Ахметұлы Қонаев келіп ау­дан­дағы атқарылып жатқан жұмыс­тарға оң бағасын бергені бар.
Ұзақбай Сыздықбаевтың ел есінде қалған ерекше ісі-соғыс ардагері, Кеңес Одағының батыры Ақаділ Суханбаевтың Прибалтикада жерленген қорымына арнайы делегация жіберіп, топырағын алдыртып, туған ауылы халқымен табыстыруы еді. Ал бұл батырдың осы елдің тумасы екендігін таныту, жастарға үлгі ету мақсатында жасалған іс-шара болатын.
Ұзақбай ағаның тағы бір атқарған сауапты ісінің бірі-Қордай ауданында қызмет етіп жүрген кезінде көп ізденудің арқасында ұмыт болып бара жатқан ХІХ ғасырда өмір сүрген, қазақтың биі, батыры, дипломат Бөлтірік шешенді халқымен қауыштыруы. Бөлтірік Әлмен­ұлы Шу аймағында туып, Талас өңірінде өмірден өткенін екінің бірі біле де бер­мейді. Бұл туралы кезінде жазушы Бахтияр Әбілдаев баспасөз беттерінде жариялап, Ұ.Сыздықбаевтың еңбегін жоғары бағалаған.
Мемлекет және қоғам қайраткері Ұзақбай Сыздықбаев бірінші хатшы бол­ған жылдары ауданда көп тірлік істелді. Аудан келбеті бар болғаны 2-3 жылда-ақ адам танымастай өзгерді. Атап айтсақ, аудандық партия комитеті ғимаратына қосымша корпустардың қосылуы, аудан орталығындағы алаңның, 600 орындық бүгінгі әл-Фараби атындағы мәдениет үйі, типтік негізде мектептер, бала­бақшалардың, орталық стадион, «Қар­лы­ғаш» пионер лагері, Саз мектебі, Пио­нерлер үйі, Политотдел құс фабрикасы, Мырзатай түйетауық фабрикасы республикада алғашқылардын бірі болып ашылды. Бұлардан басқа да үлкен-үлкен ғимараттар соғылып, маңайына тал-дарақтардың егілгенін сол кездегі көзі көргендер мақтанышпен айтады. Мәдениет үйі демекші оған атты да өзі таңдап, алдына қойылатын ұлы даладан шыққан әлемдік ғұлама Әбунасыр Әл-Фарабидің мүсінін Ленинградтық мү­сіншілерге жасатқан екен. Ұлы Жеңіс­тің 30 жылдығы қарсаңында аудан ор­та­лығынан соғылған «Қаралы ана» ес­керткішінде де Ұзекеңнің қолтаңбасы қалған. 1977 жылы соғылған үш қабатты аудандық орталық аурухана мен емхана күні бүгінге дейін аудан халқына қызмет етіп келеді.
-Ұзақбай Сыздықбаевтың Байзақ ауданына бірінші хатшы болып келуімен жаңа леп келді. Ол кезде мен аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары едім. Аудан орталығында алаңда жоқ бо­ла­тын. Алаң жасалып, асфальтталды. Төңірегіне тал егілді, құрылыстар қызу жүріп жатты. Араға үш жыл салып мен үшінші хатшы қызметіне көтеріліп, ағамен бірлесе жұмыс істеуге тура келді. Ұзақбай аға еңбекті бағалайтын, ал жұмысты талап ететін білімді де, іскер, сауатты басшы болды. Сондықтанда ол кісіден көп нәрсе үйрендік,-дейді кейінірек өзі де аудан басқарған, қоғам қайраткері Нілзия Рахышева.
Ұ.Сыздықбаев шаруашылықтармен бір­ге мәдени-ағарту саласынада басым­дық беріп отырды. Ұжымшарларда екі-үш қабатты мектеп, балабақша, клубтар салынды. Аудан орталығындағы мәде­ниет үй жанынан аға бастамасымен «Шолпан» ән-би ансамблі құрылып, оның атағы алысқа кетті. Осы өнер ұжымы­ның атын да өзі таңдап, олардың әрбір дайындықтарын қадағалап отыратын. Бойындағы ұйымдастырушылық қабілетін, өнерін кәсіп деп емес, қасиет деп қарайтын азамат. Ағамыздың өзі де өнерден құралақан емес еді. Пианинода ойнап, домбыра да тартатын. Осылайша өресі биік тұлға екенін өмірдің өзі көрсетті. Қарапайым еңбек адамдарымен өзін тең дәрежеде ұстайтын адами қасиеті ерекшеленіп тұратын. Оның адал еңбегі ешқашанда ескерусіз қалмады.
Сарысу ауданындағы бұрынғы Жаңа­арық ауылы мен Саудакент, Сарыкемер ауылдарындағы көшелердің Ұзақбай Сыз­дық­баевтың есімімен аталуы оған ха­лықтың жасаған құрметі, берген баға­сы. Ұзақбай ауылындағы орта мектепте арнайы мұражай ашылып, бір сынып аға есімімен аталады. Аталған мектептің оқушыларына арнайы шәкіртақы тағай­ындалып, саябаққа есімі берілген.
«I-II дәрежелі Ұлы Отан соғысы», екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар дос­ты­ғы», «Құрмет белгісі» ордендері, 19 медаль, Құрмет грамоталарына ие болды. Бірнеше рет облыстық, аудандық кеңес­тердің депутаты ретінде өзекті деген мәселелерді шешуге атсалысты.
Ұзақбай аға басшылық қызметте жүріп ерен еңбектің үлгісін көрсетумен бірге ұлағатты ұстаз Күмісжан апай екеуі 6 ұл-қыз тәрбиелеп, өсірді. Олардың барлығы да жоғарғы білім алып, басшылық қызметтер атқарды. Араларында білім жолына түскен ғалымдар да бар. Балаларынан бірнеше немере, шөбере сүйді. Бүгінде кенже ұлы Нұрлан Ұзақбайұлы әке ісін жалғастырып, қарашаңырақтың түтінін түтетіп отыр.
-Ұзақбай ағаның ізгі қасиеттері де күннің шуағындай санаңа сауле шашып, маңайыңды нұрландырып, жаныңды жадыратып тұратын. Қашанда ағалық мейірімін төгіп, қасындағыларға қамқор болып, ағалық ақыл-кеңесін айтып жүруші еді. Сөйлеген сөзінен жылылықтың лебі есіп тұратын,-дейді бірге қызметтес болғандар.
Іскер басшының есімі өзі ұзақ жылдар еңбек еткен аудандарда ерекше ілти­пат­пен аталады. Аталған аудан­дарда ағаның қолтаңбасы, жүрген жерлер­ін­де ізі қалды. Ағаны елі өсірді, ал ол өзі еңбек еткен өңірлерді көкжиекке көтер­ді. Осындайда «Жаны ізгіліктен жара­тылған жақсы адамдар өлсе-еңбегі ескер­ткішке, абыройы-алтын күмбезге айналады»-деуші еді. Сол рас екен. Осы ойымыздың ақиқатына Ұзақбай ағамыз­дың көзі тірісінде істеген істері, артында қалған тірліктері куә. Ол отбасы, әулетіне тірегімен, ағайын-туысына тілегімен, туған еліне жүрегімен қызмет ете білген тұғырлы тұлға.
Өкініштісі сол-осындай біртуар азамат 1997 жылы бар болғаны 72 жасында өмірден өтті. Ұзақбай аға тірі болғанда биыл 100 жастық мерейтойы мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мерекесі қоса атап өтілетін еді-ау.

Сүндетулла ӘБІЛОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы.
Байзақ ауданы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.