Бабалар ізімен
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген дана халқымыз. Ендеше, еліміз егемендігін алып, етек-жеңімізді жинаған шақта, алтын бесігіміз саналатын туған жеріміздің өткеніне көз жүгіртіп, тарихын түгендеу бас-ты парызымыз болып қала бермек. Ауданның 95 жылдық мерекесі аясында аудан ардагерлері Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданы, Түгіскен ауылына сапарға шықты.
Қаламыздағы орталық алаңда аудан әкімі С.Мамытов :
-Сарысу жері ерлігімен, кеңдігімен, елдігімен, асыл қасиеттерімен аңыз болып, тарихта аты тасқа басылды. Соның ішінде ән-күйі, өнері, мәдениеті ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, өзіндік бір ерекшелігімен бүкіл елді мойындатып жүргені жасырын емес. Сарысу бақ қонып, Қызыр дарыған жер. Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданы, Түгіскен ауылындағы Сарысу өзенінің жағасында құрылған атамекенге сапарларыңыз сәтті болсын, сіздердің бұл игі істеріңіз кейінгі ұрпаққа сабақ болары сөзсіз,-деді.
Ауданымыздан шыққан топ құрамы бабаларымыздың «Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен» қорғап кеткен киелі, тарихи жерлерімен, 20 ғасырдағы аштық жылдарда ата-бабаларымыздың табаны тиген Бетбақдаламен жүріп өтті.
Делегация мүшелері елін-жерін жырына қосып, қыл ішекпен халқының арман-тілегін, қуанышын, мұң-мұқтажын, тыныс-тіршілігін шебер жеткізе білген Ықылас Дүкенұлының қорымына барып, құран бағыштады. Жазушы П.Дүйсенбин Ы.Дүкенұлының өмір жолына тоқталып, кең мәлімет берді. Бұдан соң киелі өңірге сапар шеккен ардагерлер ұшқан құстың қанаты талатын Шу өзенінің терістігі мен тылсым Бетбақдаланы басып өтіп, шежіреге бай, сан ғасырдан сыр шертер қасиетті, киелі өңірдің бірі, әйгілі Сарыарқаның бел ортасынан орын алған Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданына атбасын тіреді.
Көгінде сұңқар, жерінде тұлпар бола білген тұлғаларға қоныс болған, өнегелі өнері мен өркен жайған өмірі бар Түгіскен (Жеңіс) ауылының ауылдық округ әкімі, ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, өнерлі жастар құшақ жайып, қарсы алды.
1928 жылы 3 қыркүйекте Сарысу ауданының орталығы құрылған. 2008 жылы ауданның 80 жылдығына орай белгітас қойған болатын. Осы белгітасқа гүл шоғын қою салтанатты іс-шарасы өтті.
Салтанатты шарада Жаңаарқа ауданының әкімі Қанат Қожықаев құттықтау сөз сөйледі:
-Шұрайлы да шырайлы Жаңаарқа – өлкесі – сан даралар мен даналардың киелі ордасы, алтын бесігі, ата мекені. Бұл қасиетті топырақ – сан ғасырды бойлап тарихтың талай құпиясын сақтаған, бүгінгі күндері даласы ән мен жырға айналған, берекелі еңбек өрбіткен өңірге қош келдіңіздер. Атбасын тіреп, баба жолын насихаттап жүрген сіздерге алғысым шексіз. Құт-береке қонған Сарысу ауданының 95 жылдығы құтты болсын. Алдағы уақытта екі аудан тығыз байланысады деген сенімдеміз,-деді.
Одан кейін делегация мүшесі, аудан әкімінің орынбасары Қайрат Аманов құттықтау сөз сөйледі:
-Сарыарқаның кең даласында 1928 жылы Сарысу ауданының іргетасы осы жерде қаланған болатын. Биылғы жылы ауданымызға 95 жыл толып отыр. Мерейтой аясында салтанатты шаралар кең көлемде аталып өтуде. Осы жерге ауданның Құрметті азаматтары, ауданның дамуына сүбелі үлестерін қосқан еңбек ардагерлері, жеке кәсіпкерлер келіп отыр. Бұл жердегі негізгі мақсат-ұрпақтар сабақтастығы,-деп Жаңаарқа ауданының әкіміне 95 жылдық мерейтойына шақыру билетін тапсырды.
Жазушы Пернабай Дүйсенбин сөз алып, Сарысу ауданының тарихынан сыр шертті.
Одан кейін жиналған көпшілік ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қойды.
Іс-шарада осы ауылдағы Түгіскен мешітіне аудан атынан бабалар рухына бағыштап құран оқылып, ас берілді.
Жаңаарқа ауданының әкімі Қ.Қожықаев ауданымыздан шыққан делегация мүшелерінің иықтарына шапан жапты.
Сонымен қатар, аудан ардагерлері тарихи орындарды аралады.
Тарихи орындарды аралаған ардагерлер рухани мағлұмат алып, туған өлкеге саяхат жасау арқылы айрықша әсерге бөленіп, марқайып қалды. Киелі жерлерді аралап келген қариялар ұйымдастырушыларға алғыстарын айтты. Сапарлас болған замандастар өткен-кеткенді айтып, әңгіме-дүкен құрып, шүйіркелесіп, осы бағыттағы бастамалардың мұнымен тоқтап қалмайтынына сенім білдіріп, тарқасты.
Сәулет есқараев, «Sarysý»