ҰСТАЗ ҰЛАҒАТЫ ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

0

Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының «Ұстаз- ұлық емес, ұлы қызмет» деген сөзі бар. Расында да тұтас ұлтты ұлағатымен ұйытатын ұстаздарға артылатын сенім жүгі жеңіл емес.

 

 

Міне, осынау жауапты міндетті білім мен біліктілікті, тәлім мен тәрбиені, патриоттық пен парасаттылықты, көрегенділік пен көшбасшылықты қатар ұштастыра білетін нағыз майталман мамандар ғана абыроймен атқара алады. Ғұмыры ғибратқа толы сондай педагогтың бірі де бірегейі Әбдімажит Өтеш еді.

Әбдімәжит Қоңырбайұлы 1958 жылы 28 маусымда Жамбыл облысының Сарысу ауданындағы Ақтоғай ауылында дүниеге келді. Ол 1972 жылы Республикалық физика-математика мектебіне оқуға түсіп, 1974 жылы бітіріп шығады. Ал 1978 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын математика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдаған. Студент шағында Лениндік стипендияның иегері болғаны оның жастайынан білімге ден қойғанын аңғартады.

Адал еңбек адам баласын қай кезде де абыройға кенелтетіндігі ақиқат. Әбдімажит Қоңырбайұлы да тынымсыз ізденісі мен тындырымды тірлігінің, талабы мен талпынысының нәтижесінде  талай белестерді бағындырды. Қандай жұмыс істеймін деп бас қатырған жоқ. «Өзі жақсы кісіге бір кісілік орын бар» демекші, қай кезде де алдынан жақсы жандар жолығып, мүмкіндіктер есігі айқара ашылып отырды. Ол оқу орнын тәмамдаған соң 1980 жылға дейін ҚазПИ-дің  математикалық анализ кафедрасында стажер-зерттеуші болып қызмет атқарды. 1982 жылдан 1984 жылға дейін ҚазССР Мемлекеттік жоспарлау комитетінде инженер программист бола жүріп, Алматы қаласындағы мектептерде қосымша сабақтар берді. 1984-1995 жылдары  Республикалық физика-математика мектебінде тәрбиеші, мұғалім, директордың тәрбие және оқу ісі бойынша орынбасары болып еңбек жолдарынан өтті.  1995 жылы үш ай Алматы қаласындағы мұғалімдер білімін жетілдіру институтында әдіскер болды.  1995-1996 жылдары ҚазПИ-де аға оқытушы болып жұмыс істеді.  1996 жылы Республикалық физика-математика мектебінің  мұғалімі болып, ауысып, көп ұзамай осы білім ошағының директоры лауазымына тағайындалды.

Әбдімажит Өтештің білікті педагог қана ем-ес, білгір басшы ретіндегі ұйымдастырушылық қабілеті осы жылдарда айқын көрінді. Ол 1997-2000 жылдары Республикалық физика-математика мектебін абыроймен басқарып, ауыстыру тәртібімен №141 мектептің тізгінін ұстады. Ал 2003 жылы дарынды балаларға арналған №173 физика-математика гимназиясының директоры болып тағайындалды. 2010 жылдан №126 физика-математика мектеп-лицейінің директоры болса, 2013 жылдың қаңтар айынан жаңадан ашылған №178 физика- математика лицейіне басшылық ете бастады.

Әрине, мұның бәрі де айтуға оңай. Әйтпесе, ұжымды ұйыстыра отырып, шәкірттердің зейінін ашудың, жұмысты жолға қоюдың астарында мазасыз күндер мен ұйқысыз түндердің жатқандығы айтпаса да түсінікті. Дегенмен, тынымсыз төгілген тер текке кеткен жоқ. Өскелең ұрпақтың  бойына математика ғылымын сіңіру нәтижесінде 2000 жылы мектеп-интернат тарихында алғаш рет ауыл баласы математикадан Халықаралық пән олимпиадасының жеңімпазы атанды.  2002 жылғы мектеп бітірушілердің тест қорытындысы мен мемлекеттік грант иегерлерінің саны бойынша Ә.Өтеш басқарған білім ошағы республикадағы алғашқы 100 мектептің құрамына енді.

2003 жылы №141 орта мектептің бір жақ қанатының тұңғыш қазақ тілінде физика-математика пәндерін тереңдетіп оқытатын №173 гимназия болып ашылуына бар күш-жігерін салғанын ел-жұрт ұмыта қойған жоқ. Өзі сол білім ордасын  аяғынан тік тұрғызып, жұмысты жүйелей білді. 2008 жылы 14 қаңтарда гимназияны «Мамыр» ықшамауданындағы жаңа заман талабына сай 1000 орындық мектепке көшірді.

Мектепте 350 орындық асхана, 30 орындық кітапхана, 2 мультимедиялық, 1         мультимедиялық-лингофон, екі үрдісті зертхана, химия, физика, 6 информатика кабинеті, жүзу бассейні, спорт және гимнастикалық залдары, 300 орындық акт залы бар. Әр сыныпта ақпаратты көрсетуге арналған маркерлік тақта, 37 интерактивті тақта орнатылды.

Гимназия ашылған жылдар ішінде 11 республикалық, 14 халықаралық пән олимпиадасының жеңімпаздарын тәрбиеледі. Сонымен қатар, 38 қалалық, 15 республикалық, 7 халықаралық ғылыми жарыстарда оқушылары жүлдегерлер қатарынан көрінді.  Әбдімажит Өтештің тікелей қамқорлығы арқылы шәкірті, ұлтымыздың мақтанышы Жансая Әбдімәлік шахматтан Әлем чемпионы атанды.

2006 жылы республикалық олимпиадаға қатысқан төрт оқушының төртеуі де дипломдармен оралды. Гимназияны бітірген 100 оқушының 58-і 100-ден жоғары балл алды. Білім ошағының жұмыстарына ғалымдармен қатар, республикалық олимпиада жеңімпаздары да тартылып отырды.

2006-2007 оқу жылының қорытындысы бойынша гимназия Алматы қаласы бойынша «2007 жылдың үздік  мектебі» атанды. 2008-2009 оқу жылының қорытындысы бойынша Әбдімажит Өтеш дарынды балаларды оқыту мен тәрбиелеудегі жетістіктері үшін Алматы қаласы әкімінің Құрмет Грамотасымен марапатталды.

№178 лицейге басшылық жасаған жылдары да Әбдімажит Қоңырбайұлы жетістіктер тізбегін лайықты жалғастыра білді.  Ол 2016-2017 оқу жылында 49 «Алтын белгі» иегерін шығарып, талайдың таңданысын туғызды. Осы оқу жылында ҰБТ нәтижесі 110,9 балл болды. Сонымен қатар білікті басшы математика пәнінің мұғалімі Маржан Ержанға Англиядағы  магистратурасын аяқтауына қолдау көрсетті. 2016 жылы 11 сынып оқушысы Исабек Тойбеков президент олимпиадасының I диплом иегері болды. Спорттық жарыстардан №178 лицей ұжымы ылғи бірінші орынды бермеді.

«Ауылға көмек» акциясы бойынша Жамбыл облысы, Сарысу ауданында үш жыл қатарынан математика пәнінен олимпиадалар өткізді.

2016-2017 оқу жылында 49 «Алтын белгі» иегерін шығарды.

Әбдімажит Қоңырбайұлының халықара-лық, республикалық ғылыми-әдістемелік басылымдарда математика пәнін оқыту әдістемесі бойынша мақалалары ұдайы жарияланып тұрды. Сонымен қатар физика-математика пәніне арналған республикалық «Алгорифм», «Репититор» журналдарының шығуына басшылық жасап, 20 жыл үзбей шығарып келді. Көптеген оқу құралдары мен оқулықтардың рецензенті болды. «Математика олимпиадаларының тапсырмалары» атты есептер жинағының авторы атанды.

Уақыт уыста тұрмайды. Өткен күндерге ой көзімен қарап отырсақ,  Әбдімажит Өтештің білім беру ісінің дамуына қосқан еңбегі ұшан-теңіз. Ол педагогика саласында 39 жыл еңбек етсе, соның ішінде 20 жылын директорлық қызметке арнаған.   Директор болған соңғы 10 жылдың өзінде  235 «Алтын белгі» иегерін тәрбиелеп шығарды.

Алматы қаласында алғаш қазақ балаларына арнап 4 мемлекеттік, 2 жекеменшік физика- математика мектептерін ашты. Шәкірттері Әлем чемпионы, министр, банкир болып, мемлекеттің алдыңғы қатарлы қызмет орындарында еңбек етіп жүр.

Әбдімажит Қоңырбайұлы білім беру саласындағы айрықша сіңірген еңбегі және оқушыларды олимпиадаға дайындау ісіндегі жетістіктері үшін Білім министрлігінің  Құрмет грамоталарымен марапатталып отырды. Ол 2003 жылдан ҰБТ бойынша математика пәнінен апеллияциялық комиссияның мүшесі болды. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің құрамына енді.  Алматы қаласы бойынша білім саласындағы бақылау департаменті жанындағы білім беру қызметін лицензиялау жөніндегі консультативті кеңестің мүшесі ретінде де саланың дамуына үлес қосты.

1999 жылы білім беру саласындағы ерен еңбегі үшін «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» белгісімен, 2008 жылы «Ыбырай Алтынсарин» атындағы төсбелгімен, 2009 жылы «Құрмет» орденімен, сондай-ақ «Қазақстан тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Конституциясына 20 жыл», «Қазақстан тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталды. 2015 жылы «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісін кеудесіне тақты. Мұның бәрі де адал еңбектің әділ бағасы екендігі сөзсіз.

Жерлесіміз сонымен қатар, оқушыларын және мектеп ұжымын жұмылдыра отырып, қоғам қайраткерлерімен, ақын-жазушылармен, өнер иелерімен, белгілі ғалымдармен кездесулер ұйымдастырып, ұлттық құндылықтарды нығайту бағытында да көптеген жұмыстар жүргізді. Бұл тұрғыда да құрметке бөленіп, абыройға кенелді. Осы сөзіміздің бір дәлелі ретінде Қадыр Мырзаәлі атындағы медальдің иегері атанғанын айтуымызға болады.

Спорттық салада жүргізген жұмыстары да еленіп, Құрмет және мадақтау грамоталарымен,  Алғыс хаттармен марапатталды. Десек те Алматы қаласындағы қарапайым халықтан алған оның ең үлкен марапаты «Ұлт ұстазы, халық қалаулысы» атағы болды.

Әбдімажит Өтеш ұлағатты ұстаз, білікті басшы, ұлт жанашыры ғана емес, ынтымағы жарасқан отбасының да алтын діңгегі бола білді. Ол 1982 жылы Алтыншаш Тлеуханқызына үйленіп, бақытты жанұяның негізін қалады.  Үш қыз тәрбиелеп, алты немере сүйді. Тағдырдың жазғанына шара бар ма, 2017 жылғы 17 қарашада кенеттен дүниеден озды. Десек те оның артында өшпейтін із, өлмейтін мұра қалды.

Енді Әбдімажит Қоңырбайұлының көзі тірісінде жазған ойтолғамдары мен бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатына зер салып көрсек. Мұнда айтылған ойлардың қай-қайсысынан да таным тереңдігін, ой тазалығын, көңіл көкжиегін сезінеміз.

«Мен саналы ғұмырымның 45 жылын ұстаздық қызметпен байланыстырып келе жатқан адаммын. Оның 20 жылға жуығы мектеп басшысы қызметімен байланысты. Егер мен мамандық таңдаудан қателессем, дәл қазіргідей жетістіктерге жетер ме едім? Жас кезімнен осы жолға бағытталған, математика деген ұлы ғылымға сүйіспеншілігімді оятқан, ауыл мектебінің математик мұғалімі, аяулы анам Күлжан еді.

Алыстағы Ақтоғайдан арман қуып аттанып, Республикалық физика-математика мектебінің сан алуан сырларынан сүрінбей өтіп, оқуға қабылданған сәттегі қуанышым шексіз еді. Мектеп қабырғасында жүріп математиканың тереңіне сүңгідім. Бірақ орыс тілінен қиналатын едім. Қиындықты жеңу үшін орысша газетті көп оқимын, «Комсомолка» қолымнан түспейді. Табандылығым мен білгір ұстаздың арқасында ол қиындықты да жеңдім. Білімді Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының математика факультетінде жалғастырып, оны үздік тәмамдап шықтым.

ҚазПИ ғылымға тартудай-ақ тартты. Мәскеуге аспирантураға да жіберді, жоғары оқу орнына оқытушылықты ұсынып, Жезқазғанға жолдама берді. Бірақ Алматымды қимай, оған да бармадым. Сөйтіп Мемлекеттік жоспарлау комитетінде Өмірзақ Шөкеев, Нұрғали Әшімовпен бірге қызметтес болдым.

Жалпы мені өз ғұмырымда мықты орындарға 4-5 рет ұсынды, бәріне де бармадым, ондай қызмет менің болмысыма келмейтіндей көрінді. Сондықтан басты арманым-ұстаздыққа қол жеткізудің жолдарын қарастырдым. Қазақ мектептерінен жұмыс іздеп жүрдім, бірақ орын болмады. Алғашқы қызметімді РФММ-дан тәрбиеші болудан бастап, мектеп басшысы деңгейіне дейін көтерілдім.

Осы жылдар аралығында басты қиындық-қаламызда қазақ мектептердің аздығы еді.

«Бітер  істің басына-жақсы келер қасына» демекші, Қ.Көшербаевтың ұсынысымен №141 мектептің директоры болдым. Осы қызметіме келген бойда қала әкіміне математиканы тереңдетіп оқытатын мектеп ашу туралы бірнеше ұсыныс хат жазып, нәтижесінде 2003 жылы тұңғыш №173 физмат лицейі «Мамыр» ықшам ауданында ашылды» деп жазған еді сонда Ә.Өтеш.

Сонымен қатар қағазда қатталған:

«Әр жаңа оқу жылының басында мұғалімдерге «Жазда қалай демалдым?»-деген тақырыпта эссе жазғызып, арнайы сыйақы дайындап отырамын. Ондағы ойым, мұғалімдер жұмыстан тыс уақытын қалай ұйымдастыратынын, демалыстан қандай күйде оралатынын білу. Бұл жұмыс маған мұғалімдерді адам ретінде жақынырақ тануға, олардың қажеттіліктерін анықтауға, кедергілерді жоюға мүмкіндік берді.

Мен басшы ретінде әрбір мұғалімнің шығармашыл идеясын әрдайым қолдап отырдым. Мектеп ауласын көріктендіру мақсатында технология пәні мұғалімі Б. Икласовтың бас-тамасымен субұрқақтың  жобасын сызып, оны іске асырдық. Қазіргі күнде субұрқақ мектеп ауласына көрік беріп, оқушылардың демалыс орнына айналды. Жаңа идеямен, әдіс- тәсілмен жеткен жетістік өз заман ағымына сай жаңашыл бастама болу керек. Мысалы, қыс айларында төпелеп жауған қардың артын түрлі қиындықтарға ушықтырмау мәселесі бойынша ұжым мүшелерімен бірлесе қар күрегіш құрылғыны ойлап тауып, тәжірибемізде қолданып жүрміз. Қыстағы мектеп ауласына жиналған қалың қарды жарты-ақ сағатта күреп тастаймыз. Еңбекке қызығушылықтарының артуы нәтижесінде үлкен глобуспен шахмат тақтасын да оқушылар өз қолдарымен жасап шықты. Сонымен қатар мұғалім, оқушы, ата-ана арасындағы қарым-қатынасты үнемі қадағалап, қажеттілікті нақтылап отыру, соған қарай әрекет ету мектеп басшысының  табысты болуының бір жолы дер едім. Оған мысал ретінде мектебімізде Ата-аналар университеті, ұстаздардан құралған «Ақылдастар алқасы» қиындықтар мен кедергілерді шешуде үнемі жол көрсетіп келеді» деген ойлары да атпал азаматтың пайым-парасатынан сыр шертіп тұр.

Әбдімажит Өтештің ел аузында тараған сөздері де аз емес. Мысалы, жаңа мектеп ашарда басшылардың алдында «Мектеп түзелсе, бәрі түзеледі!» деп айтқан сөзі шешуші рөл атқарған. Бір қызығы, жаңадан мектеп ашып жатқан күні мұрнынан қан кетіп ауырып қалыпты. Сонда әріптестеріне «Мен сияқты мұрындарыңнан қан кеткенше, жұмыс істеңдер» деген екен.

Алматыдағы бір мектепте мықты математик не мықты ұстаз бар екенін естісе, сол адамды іздеп барып, өзі басшылық ететін білім ошағына жұмысқа шақырады. Сонда  «Менің ойымша сізден керемет басшы шығады, осы жұмысты сіз атқармағанда кім атқарады?» деп ынталандыратынын көзкөргендер аңыз қылып айтады.

Алматыда тек қазақ балаларына арналған физика-математика мектептерін ашу ең бірінші арманы болатын. Сонда «Қазақтың баласын дұрыс оқытсаң болды, әрі қарай өзі адам болып кетеді» деп отыратын көрінеді.

Отбасының жағдайы төмен, Алматыда жататын жері жоқ, бірақ математиканы сүйіп оқитын талай балаға жағдай жасап, оқытып шығарды. «Математиканы жақсы біліп, оқығысы келген баланы үйіме жатқызсам да оқытамын» дейді екен сонда.

Ұлтын жанындай сүйген ол ұлттық тәрбиеге баса көңіл бөліп отырған. Әсіресе «Қазақ жастары үшін тек білімді болу аз, кез келген қазақ баласы жан-жақты дамыған азамат болу керек!» деп ауыл балаларына әрдайым көмек қолын соза білді.

«Жақсы ай мен күндей, әлемге бірдей» демекші, Әбдімажит Қоңырбайұлын көзкөрген замандас-тары, әріптестері мен шәкірттері қай кезде де сағынышпен еске алады. Осы орайда II дәрежелі «Достық» орден иегері Ботагөз Уатқанның естелігі кім-кімді бейжай қалдырмайды.

«Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында жұмыс атқарған 23 жылда әлемнің 34 елінде тұратын қазақтармен тікелей байланыста болдым. Солардың ішінде қазақ диаспорасы ең көп шоғырланған елдің бірі- Ресей. Мәскеу қаласында көптеген зиялы қауым өмір сүреді. Өздері құрып алған бірнеше қоғамдық ұйымдары бар. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының белсенді мүшесі Өтешова Жарқын Қоңырбайқызымен сонау тоқсаныншы жылдардың соңында таныстым. Астана қаласында «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәні бойынша өткен халықаралық олимпиадаларға және де «Балдау-рен» республикалық балаларды сауықтыру лагеріне жасөспірімдерді 2000 жылдан бері жыл сайын қатыстырып, белсенді жұмыс атқарды. Жастардың өз ана тілдерін меңгеруіне, атамекенмен тығыз байланыс орнатып, олардың патриоттық сезімдерінің оянуына ықпал етті. Ол Қазақстанда өткен көптеген симпозиум, халықаралық дөңгелек үстел, конференцияларға шақырылды, Құрылтай қонағы болды. Осылай қарым-қатынасымыз нығайып достыққа ұласты.

Жарқынның бауыры Әбдімажитті сырттай танитын едім. Қытайдан келген отбасының баласын лицейге қабылдату үшін осыдан оншақты жыл бұрын Әбекеңмен телефон арқылы сөйлесіп қана мәселе шешімін тапқан болатын. Сонда ешбір сұрақ қоймастан «маған жіберіңіз» деп жылы сөйлескені әлі есімде. Қарапайым, адамгершілігі мол адам екен деп сүйсінгенім бар. Апайы Жарқынның атажұрттан тысқары жүргені, оның әңгімесі әсер ететін шығар деп ойлағам. Олай емес екеніне марқұмды еске алу кешіне барғанымда,оның өз болмысы, білімі терең, адамгершілігі мол, кең, елі, жері үшін үлкен жүрек иесі екенін түсіндім…

Алматы қаласындағы №178 лицейдің бұрынғы директоры Әбдімажит Қоңырбайұлын еске алу кеші өзі басқарған орданың үлкен залында өтті. Ол білікті басшы, белгілі математик, аяулы ұстаз, ҚР Білім беру ісінің үздігі еді.  Әбекең туралы белгілі математик Асқар Жұмаділдаев «Әбекең Алматыда көп мектеп  ашып, бәрін де гүлдендірді» десе, құрдасы Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университеттің ректоры Тахир Балықбаев «№178 лицейден әр жылда 50-ден  астам «Алтын белгі» иегерлері шығатын. Көптеген олимпиадаларда оқушылары жеңімпаз атанып, биіктерден көрініп жүргені Әбекеңнің еңбегінің жемісі. 60 жасында 60 «Алтын белгі» иегерін шығарсам деген арманына жетпей кетті, мерейтойын тойлаймыз деп жос-пар да құрған едік…» деп толғанды. Ал, академик Мұқтархан Өтелбаев «ол керемет математик қана емес, алғыр ұйымдастырушы еді» деп еске алды. Халық қаһарманы Аягүл Миразова «Әбекең өте кішіпейіл, бастаған ісін аяқсыз қалдырмайтын, білікті ұстаз болатын» деді.

Артында өшпес із қалдырған Әбекеңдей азаматтың есімі ешқашан өлмек емес, мәңгі есте сақталмақ. Осындай ұшан-теңіз еңбегі бар азаматтың есімі Алматы қаласындағы бір мектепке берілсе деген тілек білдіремін» деп ой қозғайды Ботагөз Уатқан.

«Пифагор» мектебінің негізін қалаушы Асан Жолдасовтың да ойтолғауы ұстазға деген құрметпен ұштасып жатыр.

«Мен бұрын Республикалық физика-математика мектебіне түсуге талпындым. Бірақ шекті баллды жинай алмадым. Салым суға кеткендей болып ұнжырғам түскен сәтте Әбдімажит ағай мені өз мектебіне алып барды. Ол жігіттерді жинап, олимпиадаларға дайындықты бастады. Білікті педагог мұның барлығын да шын ықыласпен әрі жастарға деген қамқорлықпен жасады. Біздің іргелі білім ордасына түсуіміз үшін ақысыз негізде оқытты. Жеткіншектердің барлығының басын қосып, күн сайын сабақ берді. Ағайдың еңбектері Алматыда олимпиадалық дамуға жол ашты. Көп ұзамай  мен Республикалық физика-математика мектебіне ауыстым. Әбдімажит Қоңырбайұлы менің математика әлеміндегі алғашқы қадамдарды жасауыма көмектесті. Ол кісі балаларды әкелік мейіріммен ерекше жақсы көретін. Қай мектептің тізгінін ұстаса да жұмысты жандандырып, істі дамыта білетін. Әбдімажит ағайдың шәкірттері қазіргі таңда көптеген мектептердің басшылары болып қызмет атқарып келеді»,-деп жазды Асан Жолдасов.

«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген сөз тектен тек айтылмаса керек.  Алақандай ғана Ақтоғайдан түлеп ұшып, Алматыдай алып шаһарда даналықтың дәнін сеуіп, талай шәкіртті даңғыл жолға сала білген Әбдімажит Өтештің есімі ел есінде мәңгі сақталатындығы ақиқат.

А.Аймақов,

Ақтоғай ауылының ардагері

Leave A Reply

Your email address will not be published.