ҚАЖЫРЫ МЕН ҚАЙРАТЫН ҚАЛАҒА АРНАҒАН ҚАДІРЛІ АҒА
Уақыт көші алға жылжыған сайын тарих қойнауына еніп, күні кеше дегеннің өзі тарихқа айналатынын адамдардың өзі де сезбей қалады. Жақпар-жақпар тастар мен қалың шеңгелдің орнына бой көтерген, Мәскеудің тікелей бақылауында болып, бүкіл Одаққа мәлім болған Жаңатас қаласының да құрылғанына 55 жыл толды.
Осы уақыт бедерінде Жаңатас қаласының өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесін қосқан, ел арасында беделге ие, еңбек жолы өнеге-тағылымға толы тұлғалар қалыптасты. Жарқырай көрініп, кісілік келбетімен дараланып тұрды.
Солардың қатарында, көптің алғысын арқалаған, қадірі мол ел ағасы, Жаңатас қаласының дамуына өзінің елеулі үлесін қосқан Оңдыбаев Олжатай ағамыз да бар еді. Төрге шықса төбедей, төбеге шықса төредей болған ағамыздың еңбек жолынан, кісілік кескін-келбетінен, сөйлеген сөзінен, ол кісінің азаматтық абыройын асқақтата түсер біраз дүниелерді көңілге тоқып жүруші едім. Жаңатас қаласының 55 жылдық мерейтойы қарсаңында еске алуды жөн көрдім. Олжатай Оңдыбаев 1930 жылы 7 қарашада Жамбыл облысы, Сарысу ауданында дүниеге келген. Балалық шағы елді қынадай қырған ашаршылық пен қуғын-сүргін жылдарымен, бозбала шағы сұм соғыстың сұрапыл жылдарымен тұспа-тұс келді. Ол елдің еңсесін езіп, кеудесін жаншыған соғыс жылдарындағы тыл еңбегінде шыңдалған буынның өкілі.
От пен оқ ортасында жүріп, жанын Отан үшін пида еткен жауынгерлердің ұлы және бауыры. Әкесі Оңдыбай, туған ағасы Базарбай алапат соғыстан оралмады. Бұғанасы қатпай ауылда қалған кәрі-құртаң мен шерлі болған әйелдерге қолғабысын тигізіп, қолына орақ ұстап, бидай орысқан, арба айдап, арық қазысқан, кірекеш болып жүк артысқан, мал бағып, шөп шапқан, қиындықты көріп өскен соғыс кезіндегі балаң жастың бірі болып өсті.
Мектепті үздік бітірген, талабы мен оқуға деген ынтасы зор Олжатай аға соғыстан кейінгі ауыр тұрмысқа қарамастан Алматыға барып, білім алған сарысулық алғашқы қарлығаштардың бірі.
Алматыдағы ауылшаруашылық институтын «инженер-механик» мамандығы бойынша бітіріп шықты. 1953 жылы институтты бітірген жас маман жолдамамен Ақтөбе облысына аттанды. Еңбек жолын қатардағы инженерліктен бастады.
Қай істе де белсенді, жұмысқа тыңғылықты, ауылшаруашылығы саласында тәжірибе жинақтай бастаған жас маман жоғарғы басшылықтың көзіне түсті. Алдымен МТС директоры, одан кеңшар директоры, әрі қарай аудандық ауылшаруашылығы басқармасының бастығы қызметтерін атқар-ды. Кеңшар экономикасын, ауылшаруашылығы саласын ілгері сүйреп, ұйымдастырушылық әрі басшылық қабілетінің нәтижесінде кеңшардың табысының молайып, тұрғындардың хал-ахуалының жақсаруына, еңбек адамдарына қолайлы жағдай жасауға, ауылшаруашылығының өнімділігін еселеуге күш-жігерін салды.
Ақтөбедегі 20 жылға жуық абыроймен атқарған еңбектері туралы ағамыздың замандастарынан, өзі қатарлас аға буыннан көп еститінбіз.
1969 жылы Жаңатас қаласы құрылды. Туған жерге деген сағынышы мен елге барып еңбек етейін деген ой жетелеген Олжатай аға 1971 жылы Жаңатасқа келіп, туған өлкеде жаңадан бой көтерген жас қаланың тірлігіне бел шеше кірісті. Ол кезде Жаңатастың Бүкілодақтық екпінді құрылыс алаңына айналған кезі еді. Алдымен жұмысты Жаңатастағы құрылыс тресінде инженер-механик болып бастап, кейіннен Жаңатас қалалық коммуналды қызмет көрсету бөлімінің бастығы қызметін атқарды. Жаңатастың үлкен қарқынмен жүргізіліп жатқан құрылысы, қаланың коммуналдық шаруашылығы, тұрғындарды сумен, жылумен, жарықпен қамтамасыз ету сияқты күрделі саланың жұмысын жүргізу іскерлікті, күш-жігерді, шыдамдылық пен білімділікті қажет етті. Қала үшін қажетті әрі күрделі саланың тізгінін ұстаған Олжатай ағамыз бұл жұмыстардың үдесінен шыға білді. Әрбір ірі салаларда, атап айтқанда, ауылшаруашылығы, құрылыс және коммуналдық салаларда еңбек етіп ысылған, басшылық қызметте мол тәжірибесі бар Олжатай Оңдыбайұлын жоғары басшылық Жаңатас қалалық тұрмыс қажетін көрсету мекемесінің (быткомбинат) директоры қызметіне тағайындады. Кеңес дәуірінде бұл мекеме халықтың көптеген тұрмыстық қажетін өтейтін қызметтерді көрсетті. Ағамыз талап қоя білушілік пен басшылық қабілетінің арқасында бұл қызметті де абыроймен атқарды.
1990 жылдардың басында Жаңатас қаласындағы «Қаратау» өндірістік бірлестігінде жетекші маман әрі кеңесші болып жүріп, зейнетке шықты. Зейнетке шыққаннан кейін де қарап отырмай, «Жаңатас» кеңшарында бөлімше меңгерушісі болып жұмыс атқарды. Кеңшардағы мамандарға ауылшаруашылығы саласы бойынша ақыл-кеңесін беріп, тәжірибесімен бөлісті.
Еңбек еткен жылдары көптеген салалық медальдармен, СССР халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің күміс медалімен, ҰОС жылдарындағы тыл еңбеккері ретінде «Ұлы Жеңістің 50 жылдығы» мерекелік медалімен, көптеген мақтау қағаздармен марапатталған. «Оңдыбаев Олжатай Сарысу ауданының, Жаңатас қаласының әлеуметтік өміріне үлкен үлес қосқан азамат болды. Нарықтық заманның қиын болатындығын түсіне білген ол Ақтоғайдан жер алып, үй салып, көкөніс, бау-бақша өсірумен айналысқан еді. Үлкенмен үлкенше, кішімен кішіше тіл табысқыш, білгір, шешен еді. Бетің бар, жүзің бар демей туралыққа баратын. Жаңатастағы көп басшылар оның осындай мінезіне бола аға тұтты, кішілер үлгі алды» — деп, еске алады ардагер-ұстаз, ауданымыздың қадірменді қариясы болған Маманов Тілепберген ағамыз өз естелігінде.
Зейнетке шыққаннан кейін Олжатай аға Ақтоғай ауылына көшіп келіп, бір әулеттің ғана емес, ауылдың қадірлі ағасына айналды. Ол кездегі ағаларымыздың да жөні бөлек еді ғой… Көпті көріп, көңілге тоқығаны мол Аға әңгімешіл еді. Қасында өзінің замандас аға-інілері бар, жиі бас қосып, бір үйге барып түстеніп, келелі кеңес құрып, ауылдың тірлігін, мәселелерін айтып отыратын. Атамыз бен апамыздың бар кезінде сәлем бере келіп, кейін келіннің шәйін ішуге келдік деп, үйде болған кездерде ағамыздың сөзінің салмағы басым әңгімелерін тыңдадық.
Қадірлі аға ауылдың ғибратты қариясына айналып келе жатқан кезде мезгілсіз дүниеден өтті.
Ардақты аға жұбайы Үміт тәтемізбен бірге 4 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірді. Ұл-қыздардан 16 немере, 29 шөбере сүйген ардақты ата, аяулы ана болды. Үміт тәтеміз химия-биология пәнінің мұғалімі болып, жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру жолында ұзақ жыл еңбек еткен білім саласының ардагері. «Еңбек ардагері» медалінің иегері. Ауылдың анасына айналған Үміт апай да бақилыққа аттанған.
Сарысу ауданының 1946-1953 жылдары аралығында аудандық атқару комитетінің төрағасы болған Шабдан Байбатшаев Сарысудан бірқатар жастарды Алматыға оқуға өзі апарып түсіріп, Алматыда оқыған жастарға сол жылдары қолынан келгенше көп көмек қолын созған кісі болған екен. Аудан тарихынан сыр шертетін «Сарысунама» кітабында сол кісінің 1949 жылы Алматы қаласында сарысулық студенттермен бірге түскен суреттің арасынан Олжатай ағаны да көруге болады. Суреттің астында «Осындағы азаматтардың барлығы дерлік кейін көрнекті тұлғаларға айналды. Көбі басшы қызметкерлер болды. Олар елге түз-түгел оралып, ауданның абыройының бар жағынан артуына үлкен үлес қосты» деп жазылған.
Айтса айтқандай, Олжатай аға да өзі еңбек еткен салалардың көрнекті өкіліне айналып, басшылық қызметтерде болып, ауданның, Жаңатас қаласының абыройының бар жағынан артуына өз үлесін қосты.
Жаңатас қаласы құрылғанда іле-шала елге келіп, ширек ғасырға жуық Жаңатас қаласында абыройлы еңбек етіп, өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Қаланың әрбір өзгерістері мен жақсылықтарында ардақты ағаның өскелең ұрпақ үшін үлгі-өнеге болатын еселі еңбегінің үлесі мен өшпес іздері жатыр.
Асан Тілемісов,
ҚР Журналистер одағының мүшесі