Жақсыкүл ананың жарқын жолы

0

Қазақ қоғамында ана – тек отбасының ұйытқысы ғана емес, ұлттың тірегі, елдің рухани негізі, тәрбиенің алтын діңгегі. Бабаларымыз «Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деп ой толғағанда ана мейірімі мен парасатының ұрпақ бойындағы ізгі қасиеттердің бастауы екендігін меңзеген.

Ежелгі көшпелі өмір салтында да, қазіргі заманауи қоғамда да әйел заты, соның ішінде ана бейнесі әрдайым ерек­ше құрметке ие. Қазақта «Анасыз үй — панасыз» деген аталы сөз бар. Бұл ананың орнын ешкім де, ештеңе де баса алмай­тынын білдіреді. Себебі, ана – бала тәр­биесінің алғашқы ұстазы, ұлттық салт-дәстүрдің жеткізушісі, отбасылық құн­дылықтардың сақтаушысы.
Ана – ұлттың болашағын тәрбиелейтін тұлға. Бүгінгі ел тізгінін ұстап жүрген азаматтардың әрқайсысының артын­да мейірімді, өнегелі, рухани бай ана тұр­ғаны сөзсіз. Сондықтан қазақ қоға­мын­­да ананың рөлі тек отбасы шеңбері­мен шектелмейді. Ол – елге қызмет етіп жүрген ұрпақты тәрбиелеуші, мәде­ниет­ті қалыптастырушы, рухани ізгілік­тің қайнар көзі.
Бүгін біз тілге тиек еткелі отырған «Алтын Алқа» төсбелгісінің, «Сарысу ауданының 95 жылдығы» мерекелік медалі­нің иегері, Сарысу ауданының Құрметті ардагері Жақсыкүл Әміреқызы да бір ғана әулеттің емес, тұтастай ауыл­дың ақылман анасына айналған ардақ­ты жанның бірі. Алдағы аптада сексен­нің сеңгіріне шыққалы отырған кейіпкері­міз­дің өмір жолы тағылымға толы.
Жақсыкүл Әміреқызы 1945 жылы 30 шілдеде Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Ақтоғай ауылында дүниеге келген. Әкесі Әміре, анасы Жамал иманжүзді, суырып салма өнерлері бар, қисса-дастанға құмар, өңірдің үлкен-кішісі түгел сыйлайтын парасатты, өнерлі жандар болған. Міне, осындай шаңырақта өсіп-өніп, руханияттың қайнарынан қанып ішкен Жақсыкүл ана да жас шағында айтысқа қатысып, өнерімен көпшілік ықыласына бөленеді. «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» демекші, кейіпкеріміз сөз­ге шешен ғана емес, іске де шебер болып қалыптасады. Қаршадайынан ісмерлік, тігіншілік, аспаздықты жетік меңгерген қабілетінің арқасында жан-жағына қа­дірлі, ағайынға сыйлы, бауырларына үлгі болып бой жетеді.
Орта мектепті бітірген соң Жақсыкүл Әміреқызы 1963 жылы Қаратас ауылы­ның тұрғыны Амангелді Шортанбайұлы­мен шаңырақ көтеріп, өз алдына отау құрады. Жас отбасы еңбекке ерте араласып, ел-жұрттың құрметіне бөленді. Ұл-қыздарын дүниеге әкеліп, мәпелеп өсіріп, көп балалы отбасы атанып қана қойған жоқ, сонымен бірге шәкірт санасына білім құйып, еліміздің болашақ мамандарын тәрбиелеуде де өз үлестерін аямады. Амангелді Шортанбайұлы Арыстанды орта мектебінде ұзақ жылдар бойы ұстаздық, басшылық қызметте болса, Жақсыкүл Әміреқызы мектептің, ауыл-аймақтың жастарын қолөнеріне бау­лыды, ұлағатты ана, ақылман әже дең­гейіне көтерілді.
Халқымыздың сан ғасырлық мәде­ниеті мен рухани мұрасының ажырамас бір бөлігі – ұлттық қолөнер. Мысалы, киіз басу, текемет тоқу, құрақ құ­рау тек қана бұйым жасау емес, ол– ұрпақ тәрбиесі. Қыз баланы жасынан осы өнерлерге баулу – оның сабырын, төзі­мін, ұқыптылығын, сұлулыққа деген көз­қарасын тәрбиелеу деген сөз. Бұл өнер­лер – анадан қызға, әжеден немереге мұра болып келген ұлттық мектеп. Осы орайда Жақсыкүл апа қолөнердің өзіндік даму тарихы мен қазақ халқының өмірінен алатын орны, ерекшеліктері туралы қыз-келіншектерге ақыл-кеңес айтып, білгенін үйретіп, өзіндік тәжірибе­сімен бөлісіп отырудан еш жалыққан емес. Ондағы мақсаты – ұлттық құн­дылығымыз, мәдени жәдігеріміз болып есептелетін қолөнерімізді, төл құн­ды­лықтарымызды кеңінен насихат­тап, кейін­гі ұрпаққа бұзбай, өз қалпында жет­кізуге үлес қосу. Яғни, ұл-қыздары­мызды өткеннің қадірін біліп, өнер сырын тануға, шеберлік қабілетін мең­геру­ге тәрбиелеу.
Бүгінде осы қолөнер түрлері қайта жаңғырып, жаңа заманмен үндесіп, сән­дік, мәдени-рухани құндылық ретінде қайта бағалана бастады. Дегенмен бұл өнердің үзіліп қалмауы, дәстүрдің жал­ғас­тығы аналар мен әжелердің, ұстаздардың, қолөнер шеберлерінің ең­бе­гімен байланысты. Бұл тұрғыда Жақсыкүл Әміреқызының тәжірибесінің мол екендігін, қолөнердің дамуына шынайы жанашырлықпен атсалысып келе жатқанын айрықша атап өткеніміз жөн. Ол кісінің қолынан шыққан түрлі-түсті сырмақ, тұскиіз-алаша, әралуан кілемдер мен құрақ көрпешелер кім-кімнің де назарын аудартпай қоймайды.
Біз ақжаулықты анамен емен-жарқын әңгіме-дүкен құра отырып, қолөнерді қалай жетік меңгергендігін сұрадық.
-Халқымызда «Шеше көрген тон пі­шер» деген сөз бар. Менің анам бір бойына бірнеше өнерді тоғыстырған парасатты жан еді. Ол кісінің айтқандарын бар ынта-ықыласымызбен тыңдап, бойы­мызға сіңіріп өскенімізді бұл күн­де көңіліме зор медеу тұтып, өткен күн­дерімді қимастықпен еске алып отыра­мын. Осы күнгі жастар көп біле бер­мейтін кесте тігу, ши тоқу, алаша, сырмақ тігу, арқан есу, тон, тымақ тігу, сондай-ақ сан алуан тоқыма, тігін өнерін анамнан, кейінірек келін болған жерімде Балзия, Бибіш сынды апаларымнан үйрендім. Анамыз қолы қарап отырмайтын, он саусағынан өнер там­ған шебер, ісмер болатын. Киіз үйдің түр­лі жабдықтарын, бау-құрларын өзі түгендеп, әзірлейтін. Киіз үйдің белбауын, иық бауын, жел бауын, туырлық бауын, үзік бауларын, бас арқан, бас­құрларын өзі түгендеп, өз қолымен дай­ын­дап, әрқайсысының атқаратын мін­деттерін тізбелеп айтып отыратын. Үйдің түрлі жабдықтарына, әсіресе, ою-өрнегіне, әшекейіне, әсемдігіне ерекше мән беріп, талғам таразысына салып, асқан ыждаһаттылықпен әдіптеп-әрлеп отыратын.
Анамыз шие сабаққа салып қызартып жылқының терісінен торсық тігетін, киік­отымен ыстап, қымыз ашытатын, өреге ши төсеп, құрт жаятын, түйе сүтінен құймақ пісіретін, келі түйіп, бидай, жүгері көже дайындайтын. Түлкі ішік, қима бел бешпент, ұзын жең камзол, қос етек, бүрмелі, қиық көйлектердің түр-түрін тігуді де анамыздан үйреніп өстік. Текемет басып, сырмақ тігудің, алаша, кілем тоқудың да өзіне тән қиындығы, ерекшелігі болатынын, мысалы, сырмаққа арналған жіпті үш оң, үш теріс қылып иіріп, ширатып, арнайы дайындайтынын, сырмаққа тігуге, қалы кілемді тоқуға қаншама күш-жігер, табандылық, уақыт қажеттігін, әрине, бүгінгі жастарымыздың бірі білсе, бірі білмес.
Мәселен, жүнді, жіпті әзірлеу, иіру, ширату, тігу, сыру, қазақы нақыштағы ою-өрнектерді өз орнында қолдану, тағы сол сияқты дүниелердің қыр-сыры көп. Біз осының бәрін көзімізбен көріп, көңі­лімізге тоқып, шеберлік мектебінен дәріс тыңдаған шәкірттей жадымызға жаттап өстік. Кейінірек наурыз мейрамын тойлау қайта қолға алынып, ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарына ха­лық­тың назары қайта ауа бастаған кезде, жастайымнан үйренген өнерімнің арқасында, ұлттық салт-дәстүрдің кең жолға қойылуына, халқымыздың өткен өмірінен, дүниетанымынан, мәдение­ті­нен хабардар ететін, сыр шертетін қолөнер бұйымдарының қайта жанданып, елдің игілігіне айналуына қолымнан келгенінше көмектесіп, күш-жігерімді ая­май, қал-қадерімше үлесімді қосуға тырыстым.
Арыстанды ауылындағы орта мектепте еңбек пәнінен сабақ бере жүріп, кейінгі жастарға, оқушыларға көшпелі өміріміздің көркіне айналған мол өнер­дің бірі – қолөнер жайлы құлағдар етіп, көкірегіне құюға, зердесіне ұялатуға талпындым. Қолдан түрлі бұйымдар жасауды, мәселен, ши тоқуды, кесе қап, аяқ қап, кесте тігуді, құрақ құрауды, мата қиықтарымен жұмыс істеуді үйреттім,-дейді Жақсыкүл апа.
Әке-шешесінен, өскен ортасынан иба­лылықты, қайырымдылықты, иман­ды­лықты бойына сіңіріп өскен Жақсыкүл Әміреқызы Алланың сүйген құлы болу үшін шариғаттың талаптарын толық ұс­танып, айналасына ізгіліктің нәрін, имандылықтың дәнін сеуіп келе жатқан абыройлы жан. Осы жолда 2010 жылы үлкен қажылық парызын да атқарып қайтты. Апамыз сөз арасында қасиетті ме­кеннен қандай ой түйіп қайтқанын да әңгімелеп берді.
-Біз Дәнекүл әпкем екеуміз Меккеде айға жуық уақыт болдық. Содан соң ба, әр нәрсені біліп, көріп, есте сақтап қалуға, көргенімізді қағазға түртіп, барынша имандылыққа баулитын кітаптар, журналдар әкелуге тырыстым.
Арафат тауы Меккеден жиырма бес шақырымдай жерде орналасқан екен. Төбе басындағы мұнараға дейін бас­пал­дақ орналасқан. Біз де сонда күні бойы еліміздің амандығын, жеріміздің тыныштығын, ұрпағымыздың ұлылығын тілеп, дұға қылдық. Ал тас лақтыру дегеніміз – Рәми-л-Жамрат деп аталатын салт. Минада Алла Тағаланың қарғысына іліккен Ібіліс шайтанды меңзейтін үш тас үйіндісі бар. Сол тас үйіндісін Жамрат деп атайды екен. Тас бұршақтың дәніндей болып, жеті тасты бір мезгілде лақтырып, лақтырған сайын «Аллаһу Әкбар» деп тәкбир айттық.
Содан соң Меккеден Мәдинеге ке­ліп, онда пайғамбар мешітінде намаз оқыдық. Негізінен мұсылмандар Мұхам­мед пайғамбарымыз (с.а.с) өмірі­мен тікелей байланысты үш мешітті қа­сиетті деп санайды. Олар Меккедегі «Әл-Масжид әл-Харам», Мәдинеде «Әл-Масжид ән-Нәбауи» (пайғамбар мешіті) және Иерусалимдегі «Әл-Масжид әл-Ақса» (алыстағы мешіт).
Сонда Аллаға құлшылық етіп, сәж­деге жығылу бақыты бұйырғанына мың да бір тәуба деймін, — деді Жақсыкүл апа.
Жақсыкүл Әміреқызының ұрпақ тәр­биесі туралы ойлары да ешкімді бей-жай қалдырмайды.
Түрлі қиыншылықтарға қарамастан ата-аналарымыз кеңес үкіметі тұсында да, намазын оқып, оразасын ұстайтын. Құдайға тәуба, қазір заман өзгерді. Елі­міз еркіндік алып, жеке мемлекет бол­дық. Тәуелсіздігіміздің арқасында Қа­зақ­станды бүкіл дүние жүзі таныды. Өзге елдермен тереземіз тең болып, бо­дандықтың қамытынан құтылдық. Еркін­дік алдық деп кей тұста тым еркінсіп кеткен жағдай да жоқ емес. Мәселен, кейбір қыз-келіншектердің шалбар киіп, ашық-шашық киініп, денесін жалаңаштап жүруі, өзге діннің жетегінде кетуі ақылға сыймайтын, көңілге кірбің түсіретін нәрсе. Жастарымыздың ата-бабаларымыз­дан мирас болып келе жатқан ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа адалдық танытып, ұрпағымыздың инабатты, салауатты, әдепті болып өсуін, қазақы үлгідегі киімдер киіп, әдемі болып жүруін көп болып қолға алуымыз қажет. Жастардың имандылық жолына түсіп, шариғат талаптарын орындап, көркем мінезімен, жан дүниесімен, тіпті киімімен де көркем, мінсіз боп жүруі — өзіне де, қоршаған ортаға да, қоғамға да әсері ұшан-теңіз.
Бұл ретте, жастарды тазалыққа, әдеп­тілікке, инабаттылыққа, көркем мінезге ұмтылуына ұйтқы болуда, тәрбиелеуде діннің атқаратын пайдасы өте зор деп білемін. Мешітке барып, намаз оқып, таза жүріп, иманды жанына серік еткен жастарды қолдап, қуаттаймын. Алла Тағаланың бергеніне шүкіршілік етемін. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді қазақ атамыз. Демек, әр отбасы өз ұрпағын, ізгілікке, жақсылыққа қарай тәрбиелеуді өз шаңырағынан бастау керек. «Отан-отбасынан басталады» демей ме дана халқымыз. Ендеше, еліміздің ертеңі, болашағымыздың тірегі жастарды тәрбиелеуге әрбір ата-ана, отбасы, күллі қоғам болып жете атсалысуымыз қажет. «Тәрбие діңгегі – отбасы, ел ертеңі–жастар» екенін естен шығармауымыз керек. Тәрбие құралы, ізгілік бастауы, имандылық негізі ретінде діннің алатын орны зор. Немерелерімнің өзіммен таласа намаз оқып, оразада ауыз бекітіп, имандылыққа бет бұрғанын көріп, көңілім жай табады, болашаққа деген сенімім күшейіп, үмітім артады. Демек, «Тәрбие бастауы – талбесік» екенін жадымыздан шығармай, ұрпағымыздың бойына адамдықтың дәнін, ізгіліктің нұрын жастайынан ұялатып, сіңдіріп өсіруді мықтап қолға алғанымыз абзал,- дейді ардақты ана.
Иә, осындайда заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген сөзінің тектен тек айтылмағанын түсінесің. Қай кезде отбасылық құндылықты ұрпақ тәр­биесімен ұштастыра білген Жақсы­күл Әміреқызы нағыз даналықтың дің­гегіндей болып отыр. Бүгінде Жаңатас қаласында тұратын абзал ана әрдайым өзінің ұл-қыздарын, олардан тараған немере-шөберелерін, жиендерін мақтан тұтады. Оларға берген тәлім-тәрбиесінің өз жемісін беріп жатқанына шүкір дейді.
«Алма ағашынан ұзап түспейді» дегендей, өнегелі отбасында өсіп-өнген балалардың барлығы да бұл күнде бір-бір саланың тізгінін ұстап, өмірден өз орындарын тапқан. Үйдің тұңғышы Дәу­летберді Амангелдіұлы – Алматы халық шаруашылығы институтының түлегі, экономист. Әр жылдары ауыл әкімі, аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры қызметтерін атқарған. Қазіргі таңда Сарысу аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы.
Алматы мемлекеттік медицина институтын тәмамдаған Ботагөз Амангел­діқызы – қазір білікті дәрігерлердің бірі. Бүгінде ол «Арай медициналық ор­та­лығы» жауапкершілігі шектеулі серіктес­тігі госпиталь бөлімінің меңгерушісі қыз­метін абыройлы атқарып келеді.
Шоқан Амангелдіұлы болса Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­ситетінің оқытушысы, әдебиет­тану­шы ғалым. Жамбыл пединститутында білім алған Қарагөз қызы бастауыш сынып мұғалімі. Ясауи университетін «тарихшы-географ» мамандығы бойынша бітірген ұлы Ақан да еңбегімен елге белгілі азамат. Одан кейінгі перзенті Нұрхан Жамбыл облыстық кірістер де­пар­таментінде қызмет атқарады. Ал Раушан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқып, қазіргі таңда Жаңатас қаласындағы Д.Қонаев атын­дағы мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеуде. Үйдің кенжесі Райхан Жамбыл облыстық балалар ауруханасының экономисті, есепші бухгалтер. Ал Жақсыгүл анамыздың Шолпан бастаған Әсия, Бибіхан, Шарбану, Эльмира сынды келіндері әулеттің ырысы мен құт-берекесін арттырып, енесінің тәлім-тәрбиесін одан әрі жалғастырып келеді.
Немерелердің де жетістіктері бір төбе. Олардың алды да жоғары білім алып, еңбек дүбіріне араласып үлгерді. Мысалы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі Әсел Дәулетбердіқызы қаржы маманы болса, Жандос Ақанұлы Сарысу аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкері, полиция капитаны.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алған Мағжан Шо­қанұлы компания менеджері. Ақжан Нұрханқызы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық универ­сите­тін тәмамдап, қазіргі уақытта дәрігер болып еңбек етуде.
Өнегелі отбасы-ұлттың ұйытқысы, қоғамның тірегі, адамгершілік пен ру­ханияттың бастауы. Осындай үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білген, ұрпа­ғына салт-дәстүр мен тәлімді тәрбие сіңірген отбасы-елдің шынайы байлығы.
Амангелді ағамыз бен Жақсыкүл апамыздың шаңырағы-бірлік пен бере­кенің, еңбек пен парасаттың жарқын үлгісі. Олар тәрбиелеген ұрпақ-елге сый­лы азаматтар, қоғамға үлесін қосып жүрген саналы тұлғалар. Бұл-ата-ананың адал еңбегі мен жүрек жылуының жемісі.
Осындай текті тәрбиені көріп өскен ұрпақ елді өрге сүйрейді. Демек, өнегелі отбасының тамыры терең, болашағы нұр­лы. Еліне елеулі, ұрпағына ардақты мұн­дай әулеттер әрқашан құрметке лайық.

«Sarysý-ақпарат»

Leave A Reply

Your email address will not be published.