Жаңа демалыс орны ашылды
Кәсіпкерлік – жаңашыл іс, шаруашылық жүргізудің әдісі және өз бетімен жұмыс істеуге негізделген экономикалық ойлаудың ерекше үлгісі. Бүгінде ауданымызда кәсіп саласына ден қойып, кәсіпкерлікті дамытуды стратегиялық міндет еткен жандар бар.
Осы орайда, Ақтоғай ауылында «Қонақ үйі» демалыс орнының ашылу салтанаты өтті. Кезінде Ақтоғай ауылында дүниеге келіп, оқып, білім алып, туған жерден түлеп ұшқан Жүзбосын Жұмабеков ауыл тұрғындарының игілігіне «Қонақ үйі» демалыс орнын ашып, «Туған жерге туыңды тік» — деген ұлағатты сөздің көрінісін қалыптастырды.
Айта кетейік құрылыс жұмыстары 2025 жылдың наурыз айынан басталып, шілде айында аяқталып отыр. Аумағы 50 сотық орын алатын тамаша демалыс орнының ашылуына құрметті қонақ болып Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек қатысты.
Шарада аудан әкімі Сәкен Мамытов құттықтау сөз сөйлеп, жаңа кәсіпкерлік нысанның жұмысына табыс тіледі. Сонымен қатар, аудан ақсақалы Тоқтасын қария, қалалық алқабилер кеңесінің төрағасы Сағынбек Бегеев, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмәлі Орымбаев та сөз сөйлеп, ауылдың дамуы үшін мұндай нысандардың маңызы зор екенін айтты. Іс — шара барысында кәсіпкер Жүзбосын Жұмабеков аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелеріне құрмет көрсетіп, иықтарына шапан жапты.
Демалыс орнының лентасын аудандық алқа билер кеңесінің төрағасы Қалмырза Жандарбек, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмәлі Орымбаев, Жайылма ауылдық округіне қарасты Маятас ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұржан қария салтанатты жағдайда қиып, құран бағыштады. Ашылу салтанатында аудандық мәдениет үйінің әншілері әннен шашу шашып, көпшіліктің ықыласына бөленді.
С. Рысбекұлы,
«Sarysý»