Тұрғындар оң бағасын берді
Аудан әкімі Сәкен Мамытовтың халықпен есеп беру жиыны Жаңаарық ауылдық округіне қарасты Ақтоғай ауылында жалғасын тапты. Кездесуде аудан басшысы жыл басынан бері атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, ауданда алда атқарылар істермен бөлісті.
-Жаңаарық ауылдық округінде жаңару мен даму бар. Жыл басынан бері «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауыл аймақтарды көгалдандыру мақсатында Ақтоғай ауылына «жасыл белдеу» қорғаныс алқабы орнатылды. Бұқаралық спортты дамыту және ауыл тұрғындарын спортпен шұғылдануға ынталандыру мақсатында Ұ.Сыздықбаев ауылынындағы Расул Қабылұлы көшесі бойынан воллейбол ойын алаңшасы, балалар ойын алаңшасы және жаттығу алаңдарының құрылыс жұмыстары жүруде. Бұл өз кезегінде ауыл жастарының бос уақыттарын дұрыс пайдалануына септігін тигізеді. Ауыл тұрғындарының сұранысы бойынша Ұ.Сыздықбаев ауылындағы «Ұ.Сыздықбаев» саябағына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстар Ұ.Сыздықбаевтың 100 жылдығына арналған салтанатты іс-шараға дейін аяқталады деп күтілуде. Бұл мәселе алдыңғы есеп беру жиынында Жаңаарық ауылдық округ тұрғындары тарапынан көтерілген болатын. Мәселе шешімін тауып отыр. Ветеринарлық-санитариялық тұрақтылықты қамтамасыз ету, мал ауруларының алдын алу және кенеге қарсы залалсыздындыру жұмыстарының эффектісін күшейту мақсатында Жаңаарық ауылынан мал емдеуге арналған раскол мен шомылдыруға арналған купканың құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, демеушілер есебінен Ұ.Сыздықбаев ауылына Тараз бағытынан кіре беріс тұста арка салынуда. Аталған жұмыстарға Ұ.Сыздықбаевтың ұрпақтары атсалысуда. Демеушілер есебінен Ақтоғай ауылындағы зират басына барар жолға тас төселіп, өткелге арнайы құбыр тасталып, көпір салынды,-деп округте алдағы қолға алынатын істерге тоқталды.
Атап айтар болсақ Ұ.Сыздықбайұлы ауылына шағын спорт кешенін соғу, Ақтоғай ауылындағы Шоқай датқа көшесінің тау жақ бөлігіне шағыл тас төсеп жол салу, Ұ.Сыздықбаевтың 100 жылдығына орай саябақты жөндеуге қаржы қарастыру жұмыстары жоспарға сәйкес іске асатын болады.
Есептік жиында тұрғындар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, ауданда жүзеге асып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Аудан әкімі тұрғындардың сұрақтарына Заң аясында жауап беріп, мәселелердің оң шешімін табуға ықпал ететіндігін айтты. Кездесу соңында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Аппазов бірқатар ардагерлер кеңесінің мүшелерін «Ауданның Құрметті ардагері» төсбелгісімен марапаттады.