Желбіре жеңіс жалауы
Биыл біз қасиетті Жеңістің 80 жылдығын атап өтудеміз. Бұл — ерлік пен тағзымға толы тарихи белес. Ұлы Отан соғысында жанын шүберекке түйіп, бейбітшілік үшін күрескен батырларымыздың ерлігі ешқашан ұмытылмайды.
Тоғыз жолдың торабы Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан, бірлігі жарасқан Саудакент ауылында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Желбіре жеңіс жалауы» атты қала және ауылдық округтер арасында өтетін аудандық өнер фестивалі басталды.
Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ермағанбетов:
-Биыл – Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы. Бұл – ғасырлар жадында сақталатын ұлы ерлік пен отансүйгіштіктің шежіресі.1941–1945 жылдар аралығында майданға аттанған қазақстандықтардың ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Олар бейбіт аспан мен болашақ ұрпақ үшін жан аямай шайқасты.
Бүгін біз еркін өмір сүріп отырмыз – бұл Жеңіс сарбаздарының, тылда еңбек еткендердің, аналардың, балалардың ортақ жеңісі.
Батырларымыздың рухына тағзым ете отырып, бейбіт күннің қадірін білейік,-деп соғыс жылдарында ерлікпен қаза тапқан батыр жауынгерлердің рухына тағзым ету — ұрпақ алдындағы асыл міндет екенін айтты.
Шара барысында аудандық Т.Мақашев тарихи-өлкетану музейдегі соғыс жылдарындағы көне жәдігерлермен ардагерлердің өмірдерегі, медалдары көрмеге қойылып, тұрғындар тамашалады.
Салтанатты кеште ауыл өнерпаздары Зарина Досболова «Текті қазақ», «Қызыл құмда ауылым», «Өрлеу» этно ансамблі «Ақбұлақ», «Егемен ел», Ұлжан Хасанова «Елімнің бір еркесі мен боламын», Мерейім Тұрысбек «Қазағым», Мәди Таутаев «Мен қазақпын», Малика Ералиева «Қазағым сөнбесін», Дильнора Қошан «Тәуелсіз қазақтың қызымын», Салқынбек Жұматаев «Жақсы адамдар азаймасын», трио «Домбыра туралы баллада» және квартет «Туған жер» әндерін шырқаса, «Айтұмар» би тобы «Қазақ биі» мен өзбек биі «Уч патир» билерін мың бұрала биледі. Осылайша Саудакент аспанында ән әуелеп, тұрғындар тамаша көңіл күймен тарқасты.
С.Есқараев,
«Sarysý»