Ел мен еңбекке адал азамат
Қоғамның қозғаушы күші–адал еңбек. Қай кезеңде де ел дамуының, тұрмыс-тіршіліктің ілгерілеуінің басты тірегі – қарапайым еңбек адамы болып келген. Ол – күнделікті өмірдің көрінбейтін қаһарманы, маңдай терімен мемлекеттің іргетасын қалап жүрген жандардың жиынтық бейнесі. Қоғамда түрлі мамандық иелері бар: мұғалім, дәрігер, құрылысшы, есепші, диқандар мен механизаторлар – барлығы да өз саласында қалтқысыз қызмет етіп, халықтың әл-ауқатын арттыруға үлес қосып келеді.
Бүгінгі таңда еңбек адамы – тек жұмыс істейтін адам емес, ол – өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, ел мен ұрпақ болашағы үшін жан аямай тер төгетін тұлға. Осындай жандардың өмірі мен қызмет жолы – өскелең ұрпаққа үлгі, елге тірек, қоғамға қажет құндылық.
Еңбегімен еленген, ел-жұрттың құрметіне бөленген сондай азаматтың бірі Береке Жақыпов десек артық айтқанымыз емес. Ол 1954 жылы 28 маусымда Сарысу ауданы, Ақтоғай ауылында дүниеге келген. Бүгінде 71 жасқа қадам басқан кейіпкеріміздің жалпы еңбек өтілі жарты ғасырға жуықтайды.
Үлкен жолдың бастауы
Береке Жақыпов еңбек жолын 1970 жылы «Жаңатас» қаракөл қой кеңшарында жұмысшы болып бастап, қарапайым ауыл тіршілігінің қыр-сырын жете меңгереді. Осы үш жыл еңбек оған өмірлік мектеп болды.
Бұрын Ақтоғай, Жаңаарық ауылдары «Түркістан» кеңшарына қарайтын. Ал 1970 жылы екі ауыл бірігіп, «Жаңатас» қаракөл қой кеңшары болып құрылды. Кейіпкеріміздің де еңбек майданында шыңдалуы осы өзгерістермен тұспа-тұс келді.
Осы ретте, озат шопандардың мал бағудың ыстық-суығына төзген ерен еңбектерін айтпай кетуге болмайды. Олар күндіз де, түнде де көз ілмей қойдың амандығын ойлап, шаруашылықтың басы-қасында жүрді. Кеңшардың малын өсіру үшін барын салды. Қыстағы қақаған аяз, жаздағы аптап ыстық, нөсер-жаңбырмен қоса, күз бен көктемдегі қара суықтарда мал басын аман сақтап, тығырықтан жол тауып жүрді. Төгілген ащы тер мен өнімді жұмыстың арқасында мал басын көбейтіп, жоспарды артығымен орындап отырды. Еңбек адамдары мал бағудың машақатынан қанша қиналса да тыншыған жоқ. Керісінше қиындықтан сабақ алып, іздене жүріп еңбек етті.
Шопандар өздерінің табан ет, маңдай терілерімен совхоздың, одан әрі ауданның абыройын асқақтатты. Әр жыл сайын төл басын көбейту, ет пен жүн өткізуден жоғарғы көрсеткіштерге жетіп, аудандық газетте мақтанышпен жазылып жатты.
Осылайша табысты жұмыс жылдан-жылға жалғасып, төгілген тер абырой мен құрмет болып орала бастады. Шаруалардың еңбектері мемлекет және жоғарғы басшылық тарапынан жоғары бағаланып, көптеген марапаттарға ие болды. Бұл қолдаулар еңбек адамдарының жұмысқа деген құлшынысын арттырып, қарқынына қарқын қоса бастады.
Міне, осындай ортада үлкендерден үлгі алған Береке Жақыпов жастығына қарамастан ортақ мүдде жолында аянып қалған жоқ. Әр істі шын ниетпен атқарып, тәжірибе жинай жүріп, білім алудың маңызын терең түсінді. Сол себепті 1973 жылы Алматы халық шаруашылығы институтына түсіп, 1977 жылы жоғары білім алып шығады.
Өткенге шегініс жасасақ, жетпісінші жылдар – елдің экономикасы мен басқару жүйесінде білікті мамандарға деген сұраныс ерекше артқан кезең болатын. Ал сол сұранысты қамтамасыз еткен таңдаулы білім ордаларының бірі әрі бірегейі – осы Алматы халық шаруашылығы институты еді.
Бұл институт сол заманда экономикалық сала бойынша Кеңес Одағындағы ең беделді оқу орындарының қатарына кірді. Институтта тек Қазақстаннан емес, Орта Азия мен Сібір өңірлерінен де жастар оқуға түсті. Институттың оқу бағдарламасы Кеңес Одағының үздік экономикалық мектептеріне негізделген. Студенттер «Саяси экономика», «Халық шаруашылығын жоспарлау», «Бухгалтерлік есеп», «Қаржы», «Статистика», «Еңбек экономикасы» сияқты негізгі пәндерді терең меңгерді.
Лекцияларды сол дәуірдің үздік профессорлары мен тәжірибелі экономист-ғалымдары жүргізді. Олардың көбі Мәскеу мен Ленинградтағы экономикалық жоғары оқу орындарының түлектері болатын. Білім беру жүйесі теория мен тәжірибені қатар алып жүрді. Әр студент өндірістік практикаға шығып, нақты мекемелерде жұмыс істеп, алған білімін іс жүзінде қолдануға дағдыланды.
Алматы халық шаруашылығы институты – тек білім беріп қана қоймай, тәрбие мектебі де болды. Студенттерге жауапкершілік, ұқыптылық, тәртіпке бағыну, қоғамдық жұмысқа белсене араласу сияқты қасиеттер сіңірілді. Институт қабырғасында оқыған жастардың бойында біліктілікпен қатар, ұлтқа қызмет ету, қоғамға пайдалы болу сынды қасиеттер қалыптасты.
Береке Жақыпов та дәл осы ортада шыңдалып, болашаққа берік негіз қалады. Ол институт қабырғасында жүргенде есеп-қисаптың нақты ғылым екенін терең ұғынып, еңбекке адалдықпен қараудың, мемлекеттік жүйеде тәртіп пен тиянақтылықтың маңызын бойына сіңірді. Кейінгі қызмет жолында да осы білім мен тәлім оның басты бағыт-бағдарына айналды.
Қаржы саласынан
мемлекеттік қызметке дейін
Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң Береке Жақыпов еңбек жолын Сарысу аудандық қаржы бөлімінде инспектор болып жалғастырды. Кейіннен «Жаңатас» кеңшарында есепші, «Қаратау» өндірістік бірлестігінде экономист, құрылыс кооперативінде бас есепші секілді жауапты қызметтерді абыроймен атқарды.
1991-1996 жылдары «Шалғия» кәсіпорнында жоспарлау бөлімінің орынбасары, 1996-1997 жылдары Шалғия поселкелік әкімшілігінің бас есепшісі ретінде қызмет етті.
Баршаға белгілі, тоқсаныншы жылдар Қазақстан үшін тарихи бетбұрыс кезеңі болды. Кеңес Одағы ыдырап, еліміз тәуелсіздік алғанымен бірге, бұрынғы экономикалық жүйе де күйреді. Мемлекеттік жоспарлы экономика тоқтап, еліміз нарықтық қатынастарға аяқ басты. Бұл ауысу оңай соққан жоқ. Елдің бүкіл қаржы жүйесі дағдарысқа ұшырады, өндіріс орындары жабылып, жалақы, зейнетақы бірнеше айлап кешіктірілді. Халықтың тұрмыс деңгейі күрт төмендеді, нарық енді ғана қалыптасып жатқан шақта көпшілік үшін оның заңдылықтары беймәлім болатын.
Осы сын сәтте еліміздің барлық өңірінде, әсіресе ауылдық және аудандық деңгейде экономиканың діңгегіне айналған қаржыгерлер, экономистер, есепшілер және мемлекеттік қызметкерлерге үлкен жауапкершілік жүктелді. Олар дағдарысты реттеуге, бюджетті жоспарлауға, еңбекақы мен зейнетақыны уақытында үлестіруге, халықтың әлеуметтік тұрақтылығын сақтауға атсалысты. Сол тұста Береке Жақыпов та ел экономикасының ауыр жүгін көтеруге өз үлесін қосып жүрген азаматтардың қатарында болды.
Бұл – еліміздің экономикасы әлі орнығып үлгермеген, тіпті мемлекеттің қаржылық жүйесінің өзі қайта құрылып жатқан кезең еді. Осындай қиын жағдайда тәжірибесі мол мамандар ғана тәртіп пен тұрақтылықты қамтамасыз ете алды. Бұл тұрғыда Береке Жақыповтың да Алматы халық шаруашылығы институтынан алған білімі ондаған жылдық тәжірибемен ұштасып жатты. Ол небір экономикалық қысымдарға, бюджеттік тапшылыққа қарамастан, есеп-қисапты дәл жүргізіп, үнемділік пен тәртіпті сақтау арқылы жұмыс жүйесін жолға қойып отырды.
Кейіпкеріміз мемлекеттік қызмет саласында да лайықты қолтаңбасын қалдырды. Ол 1999 жылдан 2017 жылға дейін Жаңаарық ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы болып еңбек етті. Бұл кезеңде де Береке Жақыпов мемлекеттік қызметтің жауапкершілігін толық сезіне отырып, адал да ашық, халықпен етене байланыста жұмыс істеді. Оның мемлекеттік қызметтегі жалпы өтілі – 21 жылды құрайды. Бұл әрине, аз уақыт емес.
Елімізде тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан кейін мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі реформалау қажеттілігі туындады. Тоқсаныншы жылдардағы экономикалық дағдарыстан кейін ел тұрақтанып, енді басқарудың сапасын арттыру, халықпен кері байланысты жақсарту, жемқорлықпен күресу және кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастыру күн тәртібіне шықты.
Осыған байланысты 1999 жылдан бастап елімізде мемлекеттік қызмет жүйесінде маңызды реформалар жүргізілді. Бұл реформалар тек заңдар мен қағаз жүзіндегі өзгерістер ғана емес, сонымен бірге жергілікті деңгейде, ауылдық округтерде, аудан орталықтарында нақты жүзеге асырылған болатын. Бұл процесте тәжірибелі әрі адал мемлекеттік қызметшілердің рөлі шешуші болды. 1999 жылы алғаш рет «Мемлекеттік қызмет туралы» заң қабылданып, меритократия, яғни лауазымға еңбек пен қабілет арқылы көтерілу қағидаты қалыптастырылды. Бұл заң мемлекеттік қызметшілерге кәсіби даму мен әділ бәсеке жолын ашты.
2000-жылдардың ортасында әкімшілік реформалар жүргізіліп, мемлекеттік басқару құрылымы жеңілдетілді, қызмет сапасына басымдық берілді. 2011 жылдан бастап Қазақстанда «электронды үкімет» жүйесі дамыды. Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, ашықтық пен қолжетімділік идеялары енгізілді. 2015 жылы жарияланған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының алғашқы 15 қадамы тек мемлекеттік қызмет реформасына арналды.
Осы өзгерістердің нақты жүзеге асуы — тек министрліктер мен облыстық деңгейде емес, ең алдымен ауылдық округтер мен аудандардағы мемлекеттік қызметшілердің қажырлы еңбегімен тікелей байланысты болды. Береке Жақыпов та ұзақ жылдар бойы Жаңаарық ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы ретінде халықпен тікелей жұмыс істеп, әлеуметтік мәселелер мен бюджеттік жоспарлауды үйлестіре білді. Ол осы жылдары жергілікті бюджетті басқару, әлеуметтік жобаларды үйлестіру, электрондық құжат айналымына көшу, мемлекеттік қызмет көрсетудің жаңа стандарттарын енгізу, ауыл тұрғындарына заңнамалық өзгерістерді түсіндіру бағытында белсенді жұмыс атқарды.
Сайлау науқаны салғырттықты көтермейді
Береке Жақыповтың азаматтық белсенділігі тек негізгі қызметімен шектелмей, қоғамдық жұмыстарда да көрініс тапты. Ол 26 жылдан бері Ақтоғай ауылындағы учаскелік сайлау комиссиясының хатшысы ретінде бірнеше рет республикалық және жергілікті сайлау науқандарын ұйымдастыруға белсене араласты. Өз ісіне аса жауапкершілікпен қарап, әрбір сайлауды заң талаптарына сай өткізуге атсалысты. Кейіпкеріміз қазір де учаскелік сайлау комиссиясының мүшесі.
Учаскелік сайлау комиссиясы – әрбір сайлау науқанының ең төменгі, бірақ ең маңызды деңгейі. Бұл комиссиялар тікелей халықпен жұмыс істейді, сайлаушылардың тізімін жасақтап, дауыс беру процесінің әділетті әрі ашық өтуіне жауап береді. Олардың негізгі міндеттеріне сайлаушылар тізімін нақтылау, сайлау учаскесін ұйымдастыру және жабдықтау, дауыс беру күнін өткізу, дауыс санау, сайлау қорытындыларын бекітіп, жоғарғы деңгейге жолдау, сайлау процесінің заң талаптарына сай өтуін қамтамасыз ету сияқты маңызды бағыттар кіреді.
Бұл міндеттерді атқару – үлкен жауапкершілік пен жоғары сенімді қажет етеді. Себебі халықтың дауыс беру құқығының әділ жүзеге асуы – мемлекеттің демократиялық сипатын айқындайды.
Учаскелік сайлау комиссиясы мүшелері көп жағдайда қоғамдық жұмыс ретінде қызмет етеді. Бірақ олардың рөлі тек техникалық міндеттермен шектелмейді. Бұл қызмет үлкен ұқыптылықты, бейтараптықты, заңға адалдықты, сондай-ақ адамдармен тіл табыса білуді, төзімділік пен ұйымдастырушылық қабілетті талап етеді.
Береке Жақыпов та әр сайлау науқанына тиянақты дайындалып, барлық құжаттың заң талаптарына сай болуын қамтамасыз етіп отырады. Оның кәсіби шеберлігі мен әділдігі, халықпен жұмыс істей білетін мәдениеті – сайлау процесінің сенімді өтуіне өз ықпалын тигізіп келеді.
Еселі еңбек ешқашан да ескерусіз қалмайды. Біздің кейіпкеріміз де ұзақ жылдар бойғы жемісті қызметі үшін түрлі марапаттарға ие болды. Атап айтқанда ол «Астана қаласына-10 жыл», «Жамбыл облыстық арлагерлер ұйымына 30 жыл», «Қазақстан Республикасы сайлау комиссиясына 30 жыл» медальдарын, «Сарысу ауданына сіңірген еңбегі» үшін төсбелгісін кеудесіне жарқырата тақты. Сонымен қатар әр жылдары Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы, Жамбыл облысы әкімі, облыстық кәсіподақ ұйымының, аудан әкімі Құрмет грамоталарының табысталғаны тағы бар. 2024 жылы Сарысу аудандық ардагерлер кеңесінің шешімімен «Сарысу ауданының құрметті ардагері» атанды.
Береке Жақыповтың өмір жолы – жас ұрпаққа үлгі боларлық тағылымды тарих. Қарапайым жұмысшыдан мемлекеттік қызметке дейінгі жолдан өтіп, ел сенімін ақтаған азаматтың еңбегі – туған өлкенің алтын қорына қосылған шынайы үлес. Оның еңбекқорлығы, адалдығы мен парасаттылығы – нағыз еңбек адамының бейнесі.
Бақыт Жалғас