Тұрғындардың мәселесі басты назарда

0

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ «ӘКІМДЕРДІҢ ХАЛЫҚПЕН КЕЗДЕСУЛЕРІН ӨТКІЗУ ТУРАЛЫ» ЖАРЛЫҒЫНА СӘЙКЕС, БАРЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕГІ ӘКІМДЕРДІҢ 2025 ЖЫЛҒА АРНАЛҒАН ХАЛЫҚПЕН ТҰРАҚТЫ КЕЗДЕСУЛЕРІНІҢ КҮНТІЗБЕСІ БЕКІТІЛГЕН.

Осыған орай, аудан әкімі Сәкен Мамытов Шу бойындағы ынтымағы мен бірлігі жарасқан Қамқалы ауылдық округіне атбасын тіреп, тұрғындармен кездесіп, ұсыныстарын тыңдады.
Кездесу жиынға, аудандық ардагерлер, алқа билер кеңесінің төрағалары, мекеме, кәсіпорын басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері, ауыл тұрғындары қатысты. Шығанақ ауылында өткен есепті кездесуде Сәкен Үмбетұлы 2025 жылдың алты айында ауданда атқарылған жұмыстар мен алдағы атқарылатын жұмыс жоспар­лары туралы есебіне баяндама жасады.
— Аудан халқының берекелі бірлігі мен тынымсыз тірліктерінің арқасында өңірдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси бағыттары жыл санап қарышты дамып келеді. Соңғы уақытта ауданның барлық салалық бағыттар­ында дамудың оң нәтижелері айқын көрініс тауып отыр. Бұл – жақсы еңбек дәстүрі қалыптасқан аудан халқының жаңашылдық бастамаларға жасап отырған оң қадамының нәтижесі деп танимын!
Ендігі кезекте Сіздерді ауданның индикаторлық негізгі көрсеткіштерінен хабардар етейін.Жалпы жарты жылдың қорытындысы бойынша ауданда өнер­кәсіп өндірісінің көлемі 62 млрд.118 млн. теңгеге орындалды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда — 106%-ды құрап отыр.
Ал, ауыл шаруашылығы саласында 3 млрд. 866 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, оның нақты көрсеткіштері – 103%-ға орындалады. Өздеріңіз жақсы біле­сіздер соңғы жылдары елімізде инвес­тиция тарту саясаты үлкен қарқын алып келеді. Бұл бағытта біздің ауданымызда да игі істерге жол ашылып отыр.Мысалы, есепті мерзімде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 68 млрд. 35 млн. теңгені құрап, нақты көлем индексі 382%-ға, шамамен 4 есе артық орындалып отыр.
Бұл бағыттағы жоспарлы жұмыстар өз жалғасын таба беретін болады.
Ауданымызда соңғы жылдары мемлекеттік құрылыс пен тұрғын үй саясатын іске асыру мақсаты басты назарға алынып келеді.
Мысалы, ағымдағы жылдың қаңтар-маусым айларының қорытындысымен құрылыс жұмыстарының көлемі 13 млрд. 665 млн. теңгені құрап, нақты көлем индексі 101%-ға жетсе, пайдалануға беріл­ген тұрғын үйлердің жалпы көлемі 6 айдың қорытындысымен 7 451 шаршы метрді құрап, 2024 жылмен салыс­тыр­ғанда 103%-ға артты. Ал, жеке және шағын кәсіпорындардағы бөлшек сауда тауар айналымы 1 млрд. 980 млн. теңгені құрап, жоспар 103%-ға асыра орындалды. Аудан экономикасының басты ба­ғы­ты әрине – агроөнеркәсіп кешені екені баршаңызға мәлім. Сондықтан да, бұл салаға деген көзқарасымыз да ай­рықша.Жалпы алғанда ауданымызда ауыл шаруашылығы саласының, оның ішінде мал өсіріп, егін өсірудің әлеуеті орасан зор. Қазіргі таңда ауда­ны­мызда тіркелген 1 586 шаруа қожалығының 1 459-і белсенді жұмыс атқаруда. Шаруашылықтарға 533 442 гектар жайылымдық, 34 230 гек­тар шабындық және 25 031 гектар егіс­тік жерлер берілген. Бүгінге дейін егістік алқаптарының 24 793 гектарына дақылдар егіліп, 99% толығымен игер­ілді. Ал, тәлімді егістік алқаптарына 1 724 тонна тұқым себу қамтамасыз етілді. Шаруа қожалықтары тарапынан 858 тонна минералды тыңайтқыштар сатып алынды. Ол құнының 50%-ы субси­диялауға жатады. Шаруашылықтар 495 тонна жеңілдетілген дизель отынына қол жеткізді.
Шаруа қожалықтарымыз биыл мем­лекеттік бағдарламалар аясында лизингке жаңадан 9 дана трактор және 18 дана қосалқы техникалар сатып алды. Жыл соңына дейін аудандағы техникалардың 6,5% жаңарту көзделіп отыр.

Қамқалы ауылдық округі Шу өзені бойынан бидайық, қамыс, құрақ өскен 15 000 гектар шабындық алқапты шабуға әзірленіп, ауылдық округтерге хабарланды. Бұл жерден шөп шабуға ниетті 13 бригада техникаларымен жасақталған. 13 бригаданың ішінде 6 бригада дайын тұр.
Несиелендіру жұмыстарына тоқтала кетсем. «Саудакент несие серіктестігі» арқылы «Кең дала» бағдарламасы аясында 17 шаруа қожалығы 116 млн. тең­ге, ал «Агробизнес» бағдарламасы ая­сында 2 шаруа қожалығы 23 млн. тең­ге көлемінде несие қаржысы берілді.
Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» жобасы аясында жыл басынан бері 220 млн. теңгеге 28 жоба несиелендірілді. Алдағы уақытта 54 млн. теңгеге қосымша 7 жобаны қаржыландыру күтілуде.
Сондай-ақ, кәсіпкерлікті несиелен­діру бағытындағы мемлекеттік бағдар­ламалар аясында 1 716 азаматқа 1 млрд. 508 млн. теңгеге несие берілді. Мем­лекет басшысының тапсырмасына сәйкес ағымдағы жылы игерілмей жат­қан 13 000 гектар жерді мемлекет мен­шігіне қайтару жоспарланған болатын. Бүгінде 4 411 гектар жайылымдық жерді қайтару жұмысы аяқталды. Аудан бойынша жайылымдық жер жетіс­пеу­шілігі мәселесі толықтай шешіледі. Қайтарылған жердің 1 700 гектары Дос­бол елді мекеніне жайылымдық жер ретінде бекітіліп беріледі. Аталған жерге су ұңғымасын қазып, ауыл тұр­ғындарының пайдалануына беруді тапсыратын боламын. Қосымша күні кеше осы Шағалалы елді мекені маңындағы «Байбек» шаруа қожалығының 500 гектар жері қайтарылды. Бұл жерді де елді мекенге бекітіп берілетін болады. Бұдан бөлек, «Дос-төле», «НАР», «Тоғызкент» ЖШС-і, «Есет» шаруа қожалықтарының пайдаланылмай жатқан 33 700 гектар жерін қайтару үшін жер ресурстарын басқару департаментіне ұсыныс жолданды. Алдағы уақытта барлық бос жатқан жерлерді толық мемлекет меншігіне қай­­тарып, басқа шаруашылықпен ай­на­лысуға ниетті азаматтарға беруге, елді мекендердің жайылымдарын ұлғай­ту жұмыстарын жалғастыра бере­тін боламыз.
Жалпы жарты жылдың қорытындысы бойынша аудандағы мал басы 103%-ға артып отыр. Сондықтан жайылым мәсе­лесі үнемі бақылауымызда болады.
Атқарылып жүрген жұмыстардың ара­сында ауданда тұрғын үй қоры бойынша бірқатар игі істер атқарылғанын баяндап өтейін.
Бұл бағытта алдағы уақытта респуб­ликалық бюджеттен 1,8 млрд. теңге қара­жат бөлінетін болады. Аталған қаржыға Жаңатас қаласындағы 1-ші мөлтек ау­дан­дағы №45-ші 80 пәтерлі үйді қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі және 6-шы шағын ауданнан 5 қабатты 60 пәтерлі жаңа үй бой көтереді. Қазіргі таңда 6-шы мөлтек ауданнан кәсіпкерге 0,8 гектар жер телімі беріліп, онда 60 пәтерлі жаңа тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары басталды. Аталған жұмыстар жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, ағымдағы жылы халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына бюджеттен 10 пәтер сатып алуға 143 млн. теңге қаржы бөлінді. Сонымен қатар, биыл пәтерге мұқтаж 90 бюджет қызметкерлеріне үй беру жоспарланып отыр.
Өздеріңіз білесіздер жол мәселесі қашан да аса маңызды салалардың бірі. Халқымызда «Жол қадірін жүрген біледі» деген жақсы сөз бар. Біз, аудандағы автомобиль жолдарының сапалы деңгейге көтеруге, әрі барлық ауылдарды қамтуға ерекше мән беріп келеміз.
Мысалы, аудандағы автомобиль жолдары – 535,47 шақырымды құрайды. Ағым­дағы жылы 5 елді мекеннің 9 көше­сінің жолдарын орта жөндеуден өткізу үшін құны 717,5 млн. теңгенің 8 жобасы әзірленген.
Жобалардың барлығы облыстық бюд­жет­ке ұсынылды. Ендігі кезекте осы қар­жыландыру мәселесін күтіп отырмыз.
Бұдан бөлек, Шығанақ және Қамқалы ауылдары ортасындағы 17 шақырым жолды жөндеу жұмыстары тамыз айында басталады деп отырмыз. Биыл 7 шақырым жолды, 2026 жылы қалған 10 шақырым жолға асфальт төселетін болады.
Саудакент және Жайылма ауылдары 11 шақырым жолды жөндеу жұмыстары да ағымдағы жылдың тамыз айында бас­талады деп күтілуде. Биыл аталған жолдың 3 шақырымы жөнделіп, қалған 8 шақырымын 2026 жылы жалғастыру жос­парланған,-деді.
Сонымен қатар аудан көлемінде және шалғайдағы ауылдардың тыныс-тіршілігіне қатысты есепті мерзім ішінде жүзеге асқан оң істерге, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысына, сондай-ақ алдағы міндеттер мен шешімін күткен түйінді мәселелерге кеңі­нен тоқталды. Сондай-ақ өткен есеп­тік кезеңде тұрғындар тарапынан кө­терілген мәселелердің шешілу барысына тоқталды.
Басқосуда ауыл тұрғындары жарыс­сөзге шығып, Қамқалы ауылына ұялы байланыс орнату керектігін тілге тиек етіп, атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, алдағы жұмыстарға сәттілік тіле­ді. Бұл сұраққа аудан әкімі жан-жақ­ты жауап беріп, шешілу жолдарын қарас­тыратынын жеткізді.
Сонымен қатар Досбол ауылдық ок­ру­гіне қарасты Шағалалы ауылындағы Шағалалы орта мектебінде аудан әкімі С.Мамытов округ тұрғындарымен кездесу жиынын өткізді.
Аталмыш жиынға аудандық ардагерлер және алқа билер кеңесінің төрағалары, аудандық құқық қорғау органы, аудан әкімдігінің бөлімдері мен мекеме басшылары, ауылдық округ тұрғындары қатысты. Жиынды аудан әкімі С. Мамытов ашып, күн тәртібіндегі мәселе бойынша «2025 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстары мен алдағы жоспарлары туралы» есебіне баяндама жасады.
— Халқымызда: «Тірлік басқа болса да тілек бір, бармақ басқа болса да білек бір» деген аталы сөз бар.Егемен еліміз үшін түрлі саяси, экономикалық және әлеуметтік жетістіктерге толы болды. Барша тұрғындардың берекелі тірлігінің арқасында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық саласында оң динамика қалыптасты.
«Ауыл аманаты» пилоттық жобасы, кәсіпкерлік саласы, ірі компаниялар мен инвестициялық жобалар, тұрғын үй бо-йынша, құрылыс жұмыстары, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым, елді мекендерді ауыз сумен қамту, автокөлік жолдары, елді мекендерді газдандыру, аудандағы әлеуметтік сала, бюджеттік-инвестициялық жобалар, мобильді байланыс және интернет туралы, жолаушылар тасымалы және жарықтандыру бойынша тоқталып өтті.
Сонымен қатар алдағы жоспарлар туралы тұрғындарға мәлімет берді. Сонымен қатар, ауылдық округтегі өзекті мәселелерге де тоқталып, ауылдың әлеуметтік- экономикалық дамуы үнемі бақылауда болатынын атап өтті.
– Ауданымыздың экономикалық көр­сеткіштерін арттыруда ауылдардың, соның ішінде Досбол ауылдық округінің үлесі зор. Сондықтан ауылды қолдау бағытындағы шаралар тоқтамайды. Елді мекен орталықтандырылған газдандыру жүйесімен қамтамасыз етілген. Ал­дағы уақытта да жоспарға сәйкес жұ­мыстар жүргізілетін болады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ағымдағы жылы игерілмей жатқан 13 000 гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарланған болатын. Бүгінде 4 411 гектар (34%) жайылымдық жерді қайтару жұмысы аяқталды. Аудан бойынша жайылымдық жер жетіспеушілігі мәселесі толықтай шешіледі. Қайтар­ылған жердің 1 700 гектары Досбол елді мекеніне жайылымдық жер ретін­де бекітіліп беріледі және аталған жер учаскесінен алдағы уақытта су ұңғыма­сын қазу жоспарлануда,-деді.
Есептік жиын барысында ауыл тұр­ғын­дары жарыссөзге шығып, жер мәсе­лесі, ауылішілік жолдардың жағдайы, көше атауларын нақтылау және денсау­лық сақтау саласына қатыстты шешуін күткен мәселелерді айтты.
Аудан әкімі С.Мамытов әр сұрақ­қа жауап беріп, ең алдымен халықтың ұсыныстарын шешуге жұмыс жасала­тын­дығын жеткізді. Сондай-ақ ауылдық округ әкімдігі жиында айтылған пікір­лерге іс-шара жоспарын жасап, жұмыс­тар атқаруды жүзеге асыруды тапсырды. Ауылдың тыныс-тіршілігін толықтай қамтыған жиында шағын және орта кә­сіпкерлікті дамыту мен қолдау мақса­тын­да қолға алынған жұмыстар да қам­тылды. Ауыл тұрғындары аудан әкі­мі­нің есепті баяндамасын талқылауда белсенділік танытты. Тұрғындар тарапынан айтылған орынды ұсыныстар, құнды ой-пікірлер ауылдарды көркейтуге ба­ғыт­талған. Әрі нақты жауаптар қайтар­ылып отырды. Аудан әкіміне алдағы ел игілігіне арналған жоспарларына сәттілік тіледі.
Түстен кейін аудан әкімінің есептік жиналысы Тоғызкент ауылдық округіне қарасты Әбілда ауылында жалғасын тапты. Аудан әкімі Сәкен Мамытов округ тұрғындарымен кездесті. Кездесу жиынында аудан басшысы сөз алып, ауданда алты айда атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқталды. Сондай-ақ алдағы жыл ішінде атқарылатын жұмыстарды тілге тиек етті. Сонымен қатар, Тоғызкент ауылдық округінде де жүзеге асқан жобалар мен алдағы округте жоспарланған жұмыстарға да тоқталды.
— Аудан халқының әлеуметтік жағ­дайын жақсартуға бағытталған аса маң­ызды шаралардың бірі – ол елді ме­кендерді газдандыру болып отыр.Об­лыс әкімінің қолдауымен газ тарту жұ­мыстарына 3,9 млрд. теңге қаржы бө­лініп, мердігер тарапынан құбыр тарту жұмыстары қолға алынды. Бүгінгі күн­ге 14 елді мекендегі 39 582 адамды (Жаңатас — 25,8 мың адам) табиғи газбен қамту бойынша жұмыстары жүргізілуде. Аталған жоба бойынша 13 елді мекенге (Жаңатас қаласынан басқа) сыртқы және ішкі құбырлары жүргізілді. Биылғы жылы аудан тұрғындарының игілігіне газ беріліп, газбен қамту деңгейі 76%-ға, ал халық санымен есептегенде 94%-ға жететін болады. Бұл шалғай орналасқан біздің Сарысу ауданы жұртшылығы үшін мемлекет тарапынан жасалып отырған аса үлкен қамқорлық деп есептеймін!
Сонымен қатар, аудан халқын таза әрі сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары өз жалғасын тауып келеді. Мысалы, аудандағы 25 елді мекеннің бүгінгі күнге 24-і орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Ал, Саудакент, Жайылма және Маятас ауылдарын сапалы ауыз сумен қамту үшін облыстық және республикалық бюджетке жалпы соммасы 2,1 млрд. теңгеге бюджеттік өтінім берілді. Қаржыландыруды күту­деміз.
Әрбір мемлекет өзінің болашағы мен келешегін – ұрпақтары алған сапалы білімі мен тағылымды тәрбиесінен кү­теді.
Бізде де бұл мақсатта мектеп пен отбасы арқылы осы маңызы терең, мәні жоғары шараны бір сәтте назардан тыс қалдырған емеспіз.
Мысалы, биылғы жылы 617 млн. теңгеге білім беру нысандарына қатысты 5 жоба іске асырылуда.
Бірінші: Тоғызкент ауылындағы «Жанна» бала бақшасы мен Шағалалы орта мектебіне блок-модульді газ жүйесін салуға 29 млн. теңге бөлінді. Жаңа оқу жылы қарсаңында бұл жұмыстар толық аяқталатын болады. Екінші: Жаңатас қала тұрғындары тарапынан жиі көтері­ліп жүрген «Болашақ» бөбекжай-бақ­ша­сының ғимаратының орналасуын ны­ғайту мен күрделі жөндеуге қаралған 355 млн. теңгенің жөндеу жұмыстарын қазан айына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз.
Үшінші: «Ауыл ел бесігі» жобасы бойынша Байқадам Қашқынбаев және Шоқай датқа мектептері 233 млн. теңге қаржыға күрделі жөндеу жұмыстары алдағы жаңа оқу жылы басталғанша толық аяқталады. Ал, аудан халқының денсаулығын жақсарту мен сапалы ем қабылдауларына барлық жағдайды жасау біздің басты міндеттеріміздің бірі.Ағымдағы жылы Саудакент ауылындағы емхана ғимаратының жылу жүйесін күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 156 млн. теңге қаржы бөлінеді деп күтілуде. Жұмыстарды жылыту науқаны басталғанша толық аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, 2025 жылы 16 млн. теңгеге қан қысымдарын тұрақты бақылауға арналған 2 дана «Смад» аппараты, 24 сағат бойы жүрек жұмысын бақылуға арналған 2 дана «Холтер» аппараты, созылмалы өкпе ауруларын тексеруге арналған 1 дана «Спирометр» аппараты, медицианалық құрал жабдықтарды залалсыздандырғаннан кейін қаптауға арналған аппарат, қан құ­рамы қышқылдық негіздік талдауына арналған аппарат сатып алынды. Об­лыс әкімдігінің денсаулық сақтау бас­қармасы тарапынан жыл соңына дейін цифрлы маммограф аппараты, ай күні жетпей туылған нәрестелерді жатқызуға арналған тасымалды инкубатор аппараты, заманауи планшет УЗИ аппараты, ауыз қуысы және тыныс жолдарын тазалауға арналған электрлі сорғыш аппараты, нәрестелерге арналған өкпені жасанды демалдыру аппараты алынады деп жоспарлануда.
Аудандық аурухана есебінен 30,0 млн. теңгеге КТ аппаратына қосымша инжектор, өте ауыр жағдайдағы науқастарға алғашқы көмек көрсетуге арналған тасымалды жиынтық, қан қысымы мен жүрек қағысын бақылауға арналған тасымалды монитор, өкпені жасанды демалдыруға арналған тасымалды аппарат, әйелдерге арналған кольпаскоп аппараты, 5 дана туберкулез таяқшаларын жоюға арналған бактериоцитті лампа және тағы да басқа құрылғыларды сатып алу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, ағымдағы жылдың тамыз айында 4 дәрігерді жұмысқа алу жоспарланып отыр. Оның ішінде, акушер гинеколог, травматолог, окулист және инфекционист дәрігерлер бар.
Бүгінгі таңда еңбек нарығын реттеу арқылы аудан тұрғындарын жұмыспен қамту мәселесі күн тәртібінен түскен емес.
Мысалы, жыл басынан бері мемле­кет­тік бағдарламалар аясында 1 290 адам жұмыспен қамтылып, 150 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Ал, АӘК алушылар саны былтырғы жылдан — 35% төмендеді.
Сонымен қатар, ағымдағы жылы қо­сым­ша кәсіп бастау үшін 110 адамға 400 АЕК (1 572 800 тг.) көлемінде қайтарымсыз грант тағайындалатын болады. Бүгінде кәсіп бастау үшін қайтарымсыз грант тағайындау жұмыстарының бірінші легі аяқталып, 40 адамға 400 АЕК көлемінде, жалпы соммасы 63 млн. теңгеге грант берілді.
Сарысу ауданы экономикасын арттыруда жергілікті ірі компаниялар мен инвеститциялық жобалардың алар орны ерекше. Өйткені, тартылған инвестиция–өңірдің дамуына аса зор ықпал етері сөзсіз!
Ал, ауданымыздың өнеркәсіп саласында жұмыс жасап келе жатқан 13 ірі кәсіпорыннан жыл сайын мемлекеттік бюджетке 7 млрд. теңге салық түсіп отыр. Оның 2,4 млрд. теңгесі аудандық бюд­жетке, 1,9 млрд. теңгесі облыстық бюд­жетке және 2,7 млрд. теңгесі респуб­ликалық бюджетке тиесілі.
Бұл қаржы тұтастай аудан халқының тұрмысын арттыру мен жақсартуға бағытталған.
Бүгінде ауданда «Еврохим» және «Qazaq Soda» компаниялары зауытының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жалпы зауыт құрылысы жобаларының құны 638 млрд. теңгені құрайды. Жоспарлы түрде аталған зауыттар 2027 жылы толық қуатта іске қосылады деп күтілуде. Зауыттар іске қосылған соң, жалпы 2 200 жаңа жұмыс орындары ашылады,-деп, есептік жиында көтерілген сұрақтың орындалу барысына тоқталды.
Кездесуде ауыл тұрғындары ауыз судың құрамын тексеруді балалар ойын алаңшасын, спорт зал соғып беруді сұрады.
Бұл сұраққа аудан басшысы көтеріл­ген мәселелер бойынша жұмыс­тар жүр­гізілетіндігін жеткізіп, бақылауға алып, жұмыс жасау үшін жауапты мекеме басшыларына тапсырмалар берді. Биылғы жылы да аудан тұрғындарының әлеуетін арттыруға бағытталған ауқымды жұмыс­тарды бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, бірлесе атқару керек­тігін айтты. Ауыл тұрғындары ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға­сын берді. Жиында азаматтарға жеке мәселелерімен қабылдау өткізді.
Айта кетейік үш ауылда өткен жиында аудандық мәслихаттың төрағасы Ш.Мұсабеков, аудандық ардагерлер кеңе­сінің төрағасы С.Аппазов, қалалық алқа билер кеңесінің төрағасы С.Бегеев бір қатар ардагерлерге «ауданның Құр­мет­ті ардагері» төсбелгісін тақты.

С.Есқараев,
«Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.