Жаңаталапта жарқын істер жетерлік
Жаңаталап ауылдық округінде өткен жиын да жарқын сәттерге толы болды. Келелі кездесуге ауыл тұрғындары, ардагерлер кеңесінің мүшелері, жастар мен округтегі мекеме өкілдері қатысты. Басқосу барысында аудан әкімі Сәкен Мамытов атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы кеңінен баяндап, тұрғындардың сауалдарына нақты жауап берді.
Ауыл инфрақұрылымын жақсарту бағытында нақты істер қолға алынған. Солардың бірі – Ұйым ауылындағы Сырлыбаев көшесінің 420 метрі жөндеуден өткізілуде. Құрылыс жұмыстары жоспарға сай жүргізіліп, тамыз айының соңына дейін толық аяқталмақ.
Жол сапасын арттыру –тұрғындардың жүріп-тұруын жеңілдетіп қана қоймай, ауыл келбетінің ажарын аша түсері сөзсіз.
Ауыл экологиясы мен жасыл желектерді сақтау да басты назарда. – Осы мақсатта Ұйым ауылында 5 жерден шахталы құдық қазылып, жасыл белдеулер мен ағаш көшеттерін суару жұмыстары жолға қойылған.
Сонымен қатар Жаңаталап ауылындағы балалар ойын алаңына жұмсақ төсеме төселіп, балалардың қауіпсіз ортада ойнауына жағдай жасалды. Бұл бастама — салауатты ұрпақ тәрбиелеу жолындағы нақты қадам. Балалар алаңы–әр ауылдың көркі ғана емес, болашаққа деген қамқорлықтың белгісі.
Мал өсірумен айналысатын тұрғындар үшін де қолайлы жағдайлар жасалуда. Қазіргі таңда Жаңаталап ауылында жаңа ветеринарлық пункт, мал емдеу орны және мал шомылдыруға арналған тоғытпа құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл кешен ауыл шаруашылығына серпін беріп, мал ауруларының алдын алуға мүмкіндік туғызбақ.
Жиында тұрғындар аудан әкімінің жұмысына оң бағасын беріп, ел игілігі үшін жасалып жатқан істерге алғыстарын білдірді. Сонымен бірге, тұрғындар ауыл ішіндегі кейбір әлеуметтік мәселелерді де көтеріп, нақты ұсыныстарын жеткізді.
Аудан әкімі барлық сұрақтарды назарға алып, оларды кезең-кезеңімен шешілетінін айтты.
Кездесу соңында ауданның дамуына елеулі үлес қосқан ардагерлер қауымы марапатталып, құрметке бөленді. Аудандық ардагерлер кеңесінің бастамасымен ұйымдастырылған марапаттау сәті — ұрпақтар сабақтастығының жарқын үлгісі болды.