Ұсыныстарын ортаға салды
Апта ішінде аудандық мәдениет үйінде аудан әкімі С.Мамытовтың 2025 жылы алты айдың қорытындысы бойынша халық алдында есеп берді. Кездесуге аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы мен мүшелері, аудандық мәслихат төрағасы мен депутаттар, құқық қорғау органдарының өкілдері, мекеме, бөлім басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты.
Жиында аудан әкімі С.Мамытов алты ай ішінде атқарылған жұмыстарға тоқталып, жыл ішінде атқарылатын оң істерді де тілге тиек етті.
— Атқарылып жүрген жұмыстардың арасында ауданда тұрғын үй қоры бойынша бірқатар игі істер атқарылғанын баяндап өтейін.
Бұл бағытта алдағы уақытта республикалық бюджеттен 1,8 млрд. теңге қаражат бөлінетін болады. Аталған қаржыға Жаңатас қаласындағы 1-ші мөлтек аудандағы №45-ші 80 пәтерлі үйді қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі және 6-шы шағын ауданнан 5 қабатты 60 пәтерлі жаңа үй бой көтереді.
Қазіргі таңда 6-шы мөлтек ауданнан кәсіпкерге 0,8 гектар жер телімі беріліп, онда 60 пәтерлі жаңа тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары басталды. Аталған жұмыстар жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз.
Бұдан бөлек, ағымдағы жылы халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына бюджеттен 10 пәтер сатып алуға 143 млн. теңге қаржы бөлінді. Сонымен қатар, биыл пәтерге мұқтаж 90 бюджет қызметкерлеріне үй беру жоспарланып отыр. 2025 жылы 16 млн. теңгеге қан қысымдарын тұрақты бақылауға арналған 2 дана «Смад» аппараты, 24 сағат бойы жүрек жұмысын бақылауға арналған 2 дана «Холтер» аппараты, созылмалы өкпе ауруларын тексеруге арналған 1 дана «Спирометр» аппараты, медициналық құрал-жабдықтарды залалсыздандырғаннан кейін қаптауға арналған аппарат, қан құрамы қышқылдық негіздік талдауына арналған аппарат сатып алынды.
Облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы тарапынан жыл соңына дейін цифрлы маммограф аппараты, ай-күні жетпей туылған нәрестелерді жатқызуға арналған тасымалды инкубатор аппараты, заманауи планшет УЗИ аппараты, ауыз қуысы және тыныс жолдарын тазалауға арналған электрлі сорғыш аппараты, нәрестелерге арналған өкпені жасанды демалдыру аппараты алынады деп жоспарлануда.
Аудандық аурухана есебінен 30,0 млн. теңгеге КТ аппаратына қосымша инжектор, өте ауыр жағдайдағы науқастарға алғашқы көмек көрсетуге арналған тасымалды жиынтық, қан қысымы мен жүрек қағысын бақылауға арналған тасымалды монитор, өкпені жасанды демалдыруға арналған тасымалды аппарат, әйелдерге арналған кольпаскоп аппараты, 5 дана туберкулез таяқшаларын жоюға арналған бактериоцитті лампа және тағы да басқа құрылғыларды сатып алу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, ағымдағы жылдың тамыз айында 4 дәрігерді жұмысқа алу жоспарланып отыр. Оның ішінде, акушер-гинеколог, травматолог, окулист және инфекционист дәрігерлер бар.
Әрине бүгінгі есепті кездесуде мен аудан дамуының ең басты бағыттарына тоқталуды жөн санадым. Осыншама игі істер-ауданымыздың экономикалық қуатын арттырып қана қоймай, аудан халқының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған шаралар.
Сонымен қатар, ауданымыздың өркендеуіне ірі кәсіпорындарымыздың көрсетіп отырған демеушілік қолдауларын да арнайы атап өткім келеді.
Мысалы, «Казфосфат» ЖШС-нің «Қаратау» ТКӨК кәсіпорны «Фосфорит» стадионын қала тұрғындарының иелігіне ақысыз беру жолдарын қарастырып отыр.
Сонымен қатар, бұл кәсіпорын мамыр айында өткен Азия чемпионатына қатысушы біздің спортшыларымызға 1 млн. теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетті. Жалпы, 2024-2025 жылдары түрлі қайырылымдылық шараларына 5,5 млн. теңгеге демеушілік жасады.
Ал, «Жаңатас ЖЭС» және «Шоқпар ЖЭС» ЖШС-і биыл Жаңатас қаласындағы Дегерез, МЭЗ аумақтарына 40 млн. теңгеге балалар ойын алаңшасы мен субұрқақ соғуды жоспарлап отыр.
Біздің бастамаларымызды қолдап, осындай саналы қадамдар жасап отырған кәсіпорын басшыларына алғысымды білдіремін!
Мен бүгінгі халық алдындағы есебімде ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуының басты бағыттарына барынша басымдықтар бердім.
Өйткені, ауданымыздың қоғамдық-саяси және рухани даму бағыттары бойынша да қыруар істер атқарылуда. Сонымен қатар, ардагерлеріміз бен жастарымызды қолдауға да үлкен көңіл бөлініп отыр.
Бір сөзбен айтқанда, ауданымыз жыл санап экономикалық және әлеуметтік даму бағытында алдына қойған мақсатты жұмыстарын табысты атқарып келе жатқанын ашық айтқым келеді.
Жалпы Сарысу ауданы әкімдігі тарапынан алдағы уақытта да ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына жүйелі жұмыстар жасала беретін болады,-деді.
Кездесуде қала тұрғындары жарыссөзге шығып, өздерінің ой-пікірлерін жеткізіп, ауыз су бағасының қымбаттағанын, жол мәселесі, аудандық орталық аурухана ішіндегі жолды жөндеу керектігін, төрт түлік малдарды сырғалап-таңбалау, қоғамдық көліктің жүру уақытын ретке келтіріп беру керектігін және тағы да басқа мәселелерді көтеріп, атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, алдағы игі істерге сәттілік тіледі.
Аудан әкімі Сәкен Үмбетұлы бұл сұрақтарға жауап беріп, шешілу жолдарын қарастыратынын айтып, тиісті мекеме басшыларына тапсырмалар жүктеді. Кездесуден соң тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, өтініш-тілектерін тыңдап, заң аясында жауап берді.
С.Есқараев,
«Sarysý»