Өрт сөндіру бекеттерінің құрылысымен танысты
Өрт – аса қауіпті тілсіз жау. Қай кезде де бұл құбылысқа бейқам қарауға болмайды. Өрт, су сынды айтып келмейтін апаттардан алдын ала сақтану, оған тас түйін дайын болу – күн тәртібіндегі маңызды мәселенің бірі. Ауданымызда мамандар аулаларды аралап, жергілікті атқарушы органдар арқылы тұрғындармен жиі-жиі жиындар өткізуде. Сондай-ақ, әлеуметтік қауіп-қатер топтарындағы адамдармен де жұмыс жүргізілуде. Өрт – адамның өмірі мен денсаулығына, қоғамға залалын тигізетін, қоршаған ортаға ауқымды материалдық зиян келтіретін орасан апат.
Осы орайда, аудан әкімі Сәкен Мамытов, аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Аппазов, қалалық алқабилер кеңесінің төрағасы Сағынбек Бегеев аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері аудан аумағында соғылып жатқан өрт сөндіру және Саудакент ауылындағы 11 — ші өрт сөндіру бекеттерінің құрылыс жұмыстарына зерделеу жасады.
Бүгінде өрттің алдын алу мақсатында соғылып жатқан өрт сөндіру бекеттерінің жұмысы жоспарға сәйкес жүргізілуде. Аудан басшысы өз кезегінде жауапты тұлғаларға құрылысты уақытылы әрі сапалы аяқтауды тапсырды.
Қай жыл мезгілі болсын көптеген табиғи апат пен тілсіз жаудың адам өміріне тигізер қауіптілігі өте жоғары. Әр өңірдің орналасу географиясына қатысты төтенше жағдайлардың сан түрлісі орын алып жатады. Өрт, су тасқыны, лай көшкіні, жер сілкінісі секілді апаттық оқиғалардың орын алуы – мемлекет үшін орасан шығын. Ең алдымен, адам өмірін сақтап қалып, техногенді апатты болдырмау жолы – төтеншеліктердің негізгі міндеті.
С.Рысбекұлы,
«Sarysý»