Көзден кетсе де, көңілден кетпейді

0

Ел-жұртқа сүйкімді жан-Сарысу ауданының Құрметті азаматы, Тыл ардагері, асыл жан Алтын Досжанова 87 жасқа қараған шағында өмірден өтті.

Бақилық болған Алтын тәтенің бірегей болмысы, рухты келбеті, мейі­рімді түр-тұлғасы ел-жұрттың жадында. Жұртшылықтың есінде де сол өршіл, намысқой сонымен бірге мейлінше қарапайым бейнесімен, риясыз болмысымен қалды. Айтулы, өзіндік орны бар, салмағы бар тұлғалар өмірден өткенде артында қалғандардың же­тім­сіреп қалатыны да бар. Алтын тә­тенің ақылымен қамқорлығын, ғиб­ратты сөздерін естіген інісі ретінде уақыт өткен сайын ол кісімен болған кездесулерді еске аламын. Кеудемде нәрі қалған сол кездесулер мен үшін мәнін жоғалтпайтын мағыналы сәттер еді.
Алтын тәтеміздің артында жақсы сөз, жақсы істер қалды. Осындай біре­гей тұлға жайлы қөзкөргендердің бү­гінде айтары, әрине, аз емес. Ол кісі ту­ралы замандастары, кейінгі толқын әр қырынан әңгімелеп, әлеумет­тік желіде жазып та жатыр. Адам адам­гер­шілігімен, өзгешелігімен, жан сарайы­ның жарқырауымен есте қала­ды.
Алтын тәте өте бауырмал, сезімтал, жан-жақты көп білетін, әділ «от ауызды, орақ тілді» кісі еді.
Негізі, әркімнің шамасы әр түрлі ғой. Біреу тарихқа, енді біреуі саясатқа бейім. Ал ол кісі солардың барлығын тү­гел қамтуға тырысқан, қай-қайсысына да жүйрік болатын. Жастарға жол көр­сетіп, түсіндіріп, үлкендігін жасап жүрді. Үнемі елдің жоғын жоқтап, жайын ойлап жүретін.
Ел үшін еткен еңбек те елеусіз қалған емес. Алтын тәте «Ерен ерлігі үшін» ме­далымен марапатталса, кеудесіне «Ха­лықтар достығы» орденін тақты. «Совет саудасының үздігі» атанып, «Тыл ең­беккері’, «Сарысу ауданының Құрметті аза­маты» атанды. Бұл әрине, ғибратты ғұ­мыр иесіне берілген лайықты баға екен­дігі даусыз.
Сауда саласындағы үздік еңбегін ба­ғалайтын ел, тағылымды тәрбиесін көр­ген, тәлімін алған ізбасар шәкірттері көп, солар әрдайым Алтын тәтені мақ­танышпен еске алады. Бұл-ол кісіге деген халықтың ықыласы, құрметі.
Тік мінез, турашылдық қасиет, ұла­ғат­тылық ұстаным, кісіге тән парасат пайым оны аудан халқына кеңінен танытып, еңбек жолын көпке үлгі етерліктей дәрежеге көтерді. Елінің кәдесіне жарайтын іс тындырған адамның өмірі әр­уақытта ұзақ сақталады. Елдің құрме­тіне бөленген адамына берілетін шын баға-осы.
«Кімде-кім өз ұлтын сүйсе, қияметте де Алла Тағала оны сол ұлттың сапында тірілтеді» дейді қасиетті Хадисте. Өз еліне, халқына қызмет еткеннің әманда жүзі жарық, жұлдызы жоғары.
Алтын тәтенің де жұлдызы жоғары. Ол кісінің асыл, ақжарқын бейнесі ұрпағының, ағайын-туысының, халқы­ның жүрегінде мәңгі сақталады.

Мұрат Сармолдаев,
Саудакент ауылы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.