Қызғаныш құны

0

-Мен өзім жаратылысымнан қызғаншақ адаммын. Олай болса, сені қанша құлай ұнатсам, кейін солай бақытсыз ғұмыр кешетінімді сеземін! Сен рас жақсы қызсың. Ал мен өмірлік жарым болатын сұлуды ғұмыр бойы күзетіп, басқан адымын, кіммен қалай сөйлескенін аңдып өткім келмейді.
Бұл менің құтыла алмас өрескел кемшілігім. Қызғаныштың таяғын көрген жігітпін! Кешір! Оны мойындаймын. Өзімнің сүйекпен кететін осы кемістігімді біле тұра қалай сендей ғажаппен отаспақпын. Лаулап тұрған отқа өзімді қалай ұғып тұрып лақтырмақпын. Қимаймын, сонда да болса өзімді қинаймын! Өзіме де, өміріме де, сезімге де обал ғой!
Мен мүмкін кәтелесіп жүрген болармын. Бала жасымнан әдебиетті көп ақтарған жанмын. Ал менің оқыған әдеби шығармаларымдағы қас сұлулармен бас қосқандардың жарасып, тыныш ғұмыр кешкенін кездестірген емеспін. Сұлулар көп алданып жатады, кәтелесіп төсегін лайлап алатындар да көрікті кейіпкерлер. Есі енгенде, көз жасы көл болатындар да, бармағын жосалап, қыршып отыратындар да солар. Әз-әзіл мен ақшалы байлардың арбауына түсіп, неке бұзып нәрестелерін шырылдатып жетімсірететіндер де сол топтан… Осылай мен тапқан мінім де, сыным да, сенімсіздігім де жалғаса береді. Мені сенен алыстатып отырған мінезің де, мін жоқ адамгершілігің де емес! Көркің! Менің болымысым сұлулармен бас құратпайтынын сезем. Мен қызғаншақ ішіне ши айналмайтын өресі жастайынан өлген адаммын, Жан түсінемісің! Мен сондаймын! Бұл дерттен, сірә, жазылмас­пын!
Осы сөз байласқан, екі жылда қаншама жолап кеткен жігіттерден қызғанып, құлағыңды жеп, алыстап та жүргенімді білесің. Бүлінген түк болмаса да, барлық күйені баттастырып жағып, жылатып алғанымды білесің! Өзім де жылап отырдым іштей. Осындай адамнан, менен ерте құтылғаның сенің де олжаң жаным. Сондықтан әскер қатарына өзім сұранып кетікім келді. Сенен алыстап, ұмытқым келді. Қызғаншақтық сүйекпен кететін азаптан осылай құтылмақпын Жан!
…Қанша жасырсам да, қоштасарымда ақтарылып кетейін…! Кешір! Менің әкем бар, анам да. Анам адамзаттың сұлуы. Оның жанында сен жәй ғана қарапайым қыздайсың! Бірақ менің талғамымда осал да емессің! Мен ес білгелі ата-аналарым талай ажырасып қосылды. Араларындағы жаяу ұрыстан бәріне себепкер қызғаныш екенін сезетінмін. Менің шын әкемнің кім екенін білмеймін. Әкем мені өз баласы екеніне иланбай, ішіп келгенде анама шырылдатып қол жұмсайтын. Беріде араларына түскенімде әкем, «Жоғал иттің баласы»- деп, кеудемнен итеріп жіберіп, ұшырып жібергені есімде. Әкем ғой, қалай қол көтерейін. Шыдадым! Сонда да шыдамай ұшып тұрып: «Жоқ, әке, мен иттің баласы емеспіп, сенің балаңмын»- деп, қарсы ұмтылғанымда аямай қағып жібергенде құлап бара жатқанда құшақтай алған анам: «Құлыным, әкең мастықпен айтуда.Сенбе! Сен әкеңнің ұлысың құлыным! Оған сенбе? -деп екінші рет ол ұмтылғанда мені қорғаштап үстіме жатып алған еді анашым. Әкем есін тез жинап алып, еңкілдеп Бақыт өз баламсың! Кешір ұлым -деп, жатын бөлмесіне сүріне -қабына еніп бара жатты. Мүмкін Жаңагүл, әкеме айнымай тартқаным осы қызғаншақтығым шығар. Бірде Анам: «Ұлым бақытты боламын десең, еш уақытта, еш қашан да сұлудан жар құшпа. Саған айтарым осы! Сенің өң, келбетің менің аузымнан түскендейсің! Бұл көріктен мен әкеңмен бас құрағалы азаптан басқа бақыт, тыныш өмір сезген емеспін»- деп еді! Міне, сенімен қоштаспақ бір себебі осы!
-Сенің есің дұрыс емес Бақыт! Бұл не сандырағың? Мен саған өкпелеймін. Мен ешкімнің қолжаулығы болмаймын. Қорықпа! Уайымның пошымы сол болса есіңді жи! Көз салғаның соңына ери беретін мен ақымақ деймісің. Есіңді жиып көр,-дей бергенде, қол соза берген қыздың меселін қайтарған Бақыт артына қарамай кете барды… !
…Баяу сыбдырлай теңселген сәкіге төнген күзгі ақ қайың дамылсыз тербеліп қоштасқандай қала берді… ! Түн тұмшаланып, бойжеткенді де, Бақытты да көлегейлеген қалың ызғарлы тұман көрсетпей жіберді.
Иә, өмірде не болмайды!

Бергентай Нұрмаханұлы,
жазушы

Leave A Reply

Your email address will not be published.