Отан қорғау- ер азаматтың міндеті

0

Отан қорғаушы! Қандай қасиетті де құдіретті сөз.
Әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы парызын өтеуге әрбір азамат міндетті. Себебі, туған жерді, елді, атамекенді қорғау-қасиетті борыш. Бұл дегеніміз-батырлық пен табандылық, отансүйгіштік пен Отанға шексіз қызмет етудің нышаны.

Қай дәуірде болсын, Отан қорғау әрбір Қазақстан азаматының қасиетті борышы болып келген. Өзін ер азаматпын деп санайтын кеудесінде ар-намысы, бойында жігері, жүрегінде оты бар әрбір жан үшін ең басты парыз, ең басты адами міндет-осы.
Осыған орай аудан әкімдігінің мәжі­ліс залында аудан әкімінің орынбасары Е.Ермағанбетов Отан алдындағы әскери міндетін өтеп келген азаматтармен кездесті.
Кездесу барысында аудан әкімінің орынбасары Е. Ермағанбетов:
-Бүгінгі күннің кейіпкерлері-еліміз­дің тыныштығы мен қауіпсіздігін қор­ғауда ерлік пен тәртіптің үлгісін көр­сеткен, әскери борышын адал өтеп, бүгінде білім мен ғылым жолында талпынған жастар. Бұл-олардың аза­маттық жауапкершілігі мен елге деген сүйіспеншілігінің айқын көрінісі.
2024 жылы көктем мезгілінде Сарысу ауданымыздан 85-ке жуық жас сарбаз Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскер қатарына аттанып, еліміздің әр өңірінде әскери қызметін абыроймен өткерді. Бұл-елге деген сүйіспеншілік пен азаматтық жауапкершіліктің айқын көрінісі.
Атап айтқанда, олардың арасынан ерекше тәртібімен, үлгілі мінез-құл­қымен, әскери дағдыны тез меңгеруі­мен көзге түскен 3 азамат Отан ал­дын­дағы міндетін зор абыроймен ат­қар­ып қайтты. Бұл-тек олардың ғана емес, бүкіл ауданымыздың мәртебесі, мақ­танышы.
Ең қуаныштысы-аталған үш жас сар­баз елге оралған соң тек әскери тәрбие мен тәртіппен ғана емес, білім жолындағы табандылығымен де дараланып, мемлекеттік білім грантына ие болды. Бұл-олардың еңбекқорлығының, өмірлік ұстанымының және мақсаткер­лігінің жемісі. Әскер-нағыз ер азаматтар мектебі. Ол жас ұрпақты тәртіп­ке, табандылыққа, батылдық пен отансүй­гіштікке тәрбиелейді. Біз жастардың ел алдындағы парызын адал атқарып, содан кейін білім мен ғылымға бет бұруын жоғары бағалаймыз. Мұндай қадам-жас ұрпақтың саналы таңдау жасағанының айғағы, — деп Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып, елге оралған соң мемлекеттік білім грантын жеңіп алып, үлкен өмірге сенімді қадам басып келе жатқан үш азаматымыз-Нұркелді Жарылқасынов, Қалдар Нұрмұхасан, Асыланбек Ахаевті аудан әкімінің Алғыс хатымен және ата-аналарын бағалы сый­лықтармен марапаттады.
Одан кейін аудандық алқабилер кеңесінің төрағасы Қалмырза Жандарбек және қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмәлі Орымбаев елімізді қорғау-әрбір азаматтың қасиетті борышы және конституциялық міндеті болып табылатынын жеткізіп, Отан ал­дындағы міндетін өтеп келген азаматтарды еліміздің гүлденуіне үлес қосуға шақырды.
Жиын барысында Отан алдындағы парызын өтеп, мемлекеттік грант иегері атанған азаматтар сөз алып, құрмет көрсетіп жатқан аудан басшылығына алғыс білдірді.
Осындай кездесулер-өскелең ұр­пақ­тың бойына патриоттық сезімді дарытып, азаматтық жауапкершілікті арттыратын маңызды шара. Бұл-тәрбие мен тағылымның, тәжірибе мен үлгінің нақты көрінісі.
Әскери борышын абыроймен өтеп, елге оралғаннан кейін білім жолында да биік белеске жеткен бүгінгі жастарымыз-барша Сарысу жастарына үлгі.

Сәулет Есқараев,
«Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.