Күміс медаль алған алғашқы шәкірт
Сарысу ауданының аймағында 1956 жылға дейін бір ғана Каганович атындағы орта мектеп болған. Барлық ауылдағы мектептер жеті жылдық болатын. Оқушылар жеті жылдық білім куәлігіне емтиханды Байқадамға барып тапсыратын. Сол кезде мектептегі қыз балалардың көбі арықарай оқуларын жалғастыра алмай, тұрмысқа шығып кетіп жүрді.
Ауданның жастары білім алуға деген ынта-жігері артқан кезі еді. Біраз жастарды ауданның атқару кеңесінің төрағасы Байбатшаев арнайы Алматы жоғары оқу орындарына апарып, оқуға түсірген. 1950-1952 жылдары оқуын аяқтаған көп жастар аудан көлемінде Ыбырай Алтынсарин айтқандай көбі «ашқасқырдай мектепте» ұстаздық етті. Олар: Төлен Баймұратов, Жатай Жұмаділов, Алдаберген Сарсенбаев, Қошқар Сәрсенбаев, Байман Отыншиев, Мұқатай Бижанов, Төлек Әубакиров, Қондыбай Әубакиров, Жәнібек Аязбаев, Қаһарман Бөбежанов, М. Қожанияз, Күләш Меңдібаева, тағы басқалар еді. Ерекше айтатынымдар Ошақбай Жүнісбеков класс жетекшісі, Мағрипа Ильясова математика мұғалімі, Жанбай Омарбаев математика мұғалімі, Шолпан Ильясова қазақ әдебиеті мұғалімі, химия-биология мұғалімі Манат Баймұратова.
Ол уақытта математика пәнінің республикалық емтихан пакеті барлық мектептерде бір мезгілде ашылып, оқушыларға түсіндірілетін. 1952-1953 оқу жылындағы берілген есептер дұрыс шығара алмай оқушылардан бір айдан кейін қосымша пакет ашылып, емтихан өтіп, аттестат алған.
1953-1957 жылдары сол жағдай қайталанып қаладыма дегендей, облыстық оқу бөлімі, аудандағы жалғыз орта мектепке өкіл етіп математикадан жоғары білімді маман жіберіпті. Мектепте оныншы класты екі класс «А» және «Б» сыныптар болып оқитын. «А» сыныбында математикадан Жанбай Омарбаев, «Б» сыныбында Мағрипа апай 8,9,10 кластан бастап математикадан дәріс беретін. Сол кездегі оқушылар мен қоса қызмет істейтін ер жігіттердің орта білімдік аттестаты жоқ тәрізді. Екі класта 17-ден 34 оқушылар және сырттай емтихан тапсырған 4-азамат математикадан екіге бөлініп, пакет ашылуын тыңдап отырдық. Облыстық оқу бөлімінен келген комиссия төрағасы ашып оқыды да, мәселе есептегі геометриялық чертежді кім бұрын салып есептеу жолдарын анықтаса сол оқушы үздік атанады деді. «Б» сыныбында оқитын Сейфулла Қожаханов бірден геометриялық чертежді салып, апайы Мағрипа өте жоғары қуанышқа бөленіп, өзінің оқытқан шәкірттеріне масаттанып, Сейфулланы құшақтап, бетінен сүйді.
Сейфулла-орыс тілі пәнінің шығарма жазуынан 4 (төрт) деген баға, басқа пәндердің барлығынан 5 (бес) деген бағамен оқуды аяқтап, «Күміс төсбелгісін» аудан бойынша бірінші алған шәкірт атанды. Ауданда бұған дейін 7 рет мектеп бітірушілер болған, олардан үздік бітірушілер болмаған. Сейфулла Қожаханов Сарысу ауданының ең алғашқы «үздік» бітіруші қарлығашы болды.
Сейфулла Қожаханов жоғары оқу орын бітіріп келгеннен кейін Сарысу ауданының бірнеше ауылында инженер, Совхоз директоры, ауыл шаруашылық бөлімінде түрлі қызметтер атқарып, аудан және облыс экономикасының өркендеп-өсуі, дамуына жанын сала еңбек етті.
1953-1954 жылында математикадан үздік бағаға жеткізіп, сабақ берген апайы Мағрипа Жамбыл ауданы, Аса ауылында мұғалім еді. Сейфулла Қожаханов Жамбыл облысы, Жамбыл ауданына аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып келді. Ауданның мәдени орталықтарын, ауылдың еңбек ұжымдарымен және білім беру орталығы мектептерінің ұстаз-мұғалімдерімен кездесіп, пікірлесіп, қоғамдық ұжымдардың жұмыстарымен танысып жүріп, 1954 жылы «Үздік күміс медальға» жеткізген апайымен кездесіп, амандасып, ұстаздық жағдай сұрап, жақсы ниетпен сәлемдеседі. Сейфулланың ойына 1954 жылғы емтихан кезіндегі апайының бетінен сүйгені есіне түсіп кетеді. Бұл жақсылықты, игілікті істің жауабын қайтару үшін Жамбыл ауданының мұғалімдер жиынында Мағрипа Ильясованы КСРО оқу министрлігінің орталығына ұсынады. Сейфулланы аудан бойынша бірінші рет жеткізген «Күміс медалы», Мағрипа апайды В.И.Лениннің «Ленин» орденіне жеткізді.
Ж. Әділбекұлы,
ҚР Үздік мұғалімі, ауданның Құрметті азаматы,
Сейфулланың кластасы