ТЕКТІНІҢ ТҰЯҒЫ

0

Елге елеулі еңбек еткен, тіршілігіне кісі қызығар, пайым-парасатына жан сүйсінер текті тұлғалар, жастарға берер ғибраты мол ауданның айтулы аға буын өкілдері туралы қанша айтсақ та жарасады. Елге еңбегі сіңген жандарды кейінгі жас ұрпақ есінде сақтауы тиіс.
Солардың бірі барлық саналы ғұмырын Жамбыл облысының және Сарысу ауданының өркендеуіне арнаған, ауылшаруашылығы саласы­ның ірі ұйымдастырушысы, Сарысу ауданының Құрметті азаматы Бұралқиев Әбдіғали Амангелдіұлы ағамыз болатын.
Әбдіғали Амангелдіұлы 1938 жылы Түркістан қаласында дүниеге келген. Өткен ғасырдың 30-шы жылдарындағы колхоздастыру, бай кәмпескелеу, қолдан жасалған ашаршылық пен қуғын-сүргін салдарынан Арқадағы Сарысу өзенінің бойынан ауа көшкен елмен бірге шұбырып, одан әрі шекара асқан әулеттің жас баласы Әбекең 1945-1955 жылдары Тәжікстанда, кейіннен Текелі қаласында оқып, орта мектепті бітірген.
Оқысам, білім алсам деген жас жігіт Алматыдағы Қазақ ауылшаруашылығы институтын агроном мамандығы бойынша бітіріп шығады. Жоғары білім алып шыққан жас маман еңбек жолында өзінің жауапкершілігінің арқасында еңбекқор, білікті азаматтардың қатарынан сап түзеді.
Еңбек жолын 1960 жылы Жамбыл облысының Свердлов ауданында мал бордақылау кеңшарында бас агроном болып бастап, 1963-1965 жылдары «Красная звезда» колхозының төрағасы қызметін атқарады. 1965-1968 жылдары Жамбылдағы Су ғылыми-зерттеу институтында істейді. 1968-1976 жылдары Сарысу ауданының «Жайылма», «Байқадам», «Коммунар», «Түркістан» кеңшарларында бас агроном болып қызмет атқарды. 1976-1988 жылдары аралығында «Байқадам» кеңшарының директоры болып қызмет етті. 1988-1995 жылдары ауданымыздағы іргелі кәсіпорын «Қаратау» өндрістік бірлестігінде жауапты қызметтер атқарды. Кейіннен Жаңатас қаласында «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы қызметін атқарып, зейнетке шықты.
Еңбек еткен жылдары жоғарғы мемлекеттік марапаттармен, «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған.
Елге тұтқа болған, өз саласының білгірі болған азамат қашанда халық жүрегінде екені даусыз. Әбекең туралы сарысулықтар, бірге қызмет атқарған замандастары мен шәкірттері айтудан әсте жалыққан емес.
Әбекең туралы Сарысу ауданының Құрметті азаматтары Алтын Досжанова, Тыныштық Бектөреева сияқты апаларымыздан, «Байқадам» совхозында ферма меңгерушісі болған әріптесі Дүйсенов Орынтай, тәрбиесін көрген сол кездегі жас мамандар Марқаш Мизенбаев, Нұраш Сұлтанбеков, Серік Нұрмаханов сияқты көптеген ағаларымыздан мен де естігенмін.
Ел басқару, ұйымдастыру қабілеті ерте танылған Әбдіғали Бұралқиев 25 жасында «Красная звезда» деп аталатын, қызылша өсірумен айналысатын миллионер колхозға төраға болып сайланды. Одан кейін аудандағы аса ірі, негізінен көкөніс өсірумен айналысатын «Байқадам» кеңшарын 13 жылға жуық басқарды.
Жауапты басшының тәжірибесі молайып, ауданның барлық кеңшарларының, аудан басындағы мекемелердің басшыларымен қоян-қолтық жұмыс істеді. Ол басқарған жылдар ішінде кеңшардың экономикасы мен әлеуметтік жағдайы қарыштап дамыды.
«Байқадам» кеңшары ауданды және іргелес жатқан Жаңатас қаласын көкөніспен қамтамасыз етті. Көкөніс өсіруден талай рекордтар жасалды. Ауданда еңбекшілерге Социалистік Еңбек Ері атағы 1949 жылы соңғы рет берілген екен. Арада ұзақ жылдар салып, Әбекең басқарып отырған кеңшардың көкөніс өсірушісі Тамдыкүл Жамбылова Социалистік Еңбек Ері атанды. Көптеген кеңшар еңбеккерлері ордендермен, медальдармен марапатталды. Байқадамның көкөніс өсірушілерінің тәжірибесі Республикаға таратылды.
«Байқадам» совхозының көкөніс өсірушісі Тамдыкүл Жамбылованың Социалистік Еңбек Ері атанып, кеудесіне «Алтын жұлдыз» тағудағы Әбекеңнің еңбегі мен ықпалы зор.
Бұл жөнінде ағаның өз аузынан естіген де едім.
«..- Алып мемлекет Кеңес Одағындағы одақтас республикалармен қатар Қазақстанға, оның ішінде Жамбыл облысына да Социалистік Еңбек Ері атағы беріледі дегеннен облыс көлеміндегі аудандар, ірі-ірі кәсіпорындардан ұсыныстар Орталық Комитетке жіберіле бастады. Кеңес Одағы тұсындағы ең үлкен марапат иесі атануды көздеген алдыңғы қатарлы аудандардың басшыларынан бөлек, егін, мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтардың директорлары да өздерін ұсынудан қалыс қалған жоқ. Мен де тәуекел етіп, кеңшардың алдыңғы қатарлы көкөніс өсірушісі Тамдыкүл Жамбылованы ұсынуды жөн көрдім. Бұған дейін Тамдыкүл Кеңес Одағының өзге жоғарғы марапаттарын иеленген еді. Ең алдымен сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д. Қонаевтың 23 жыл көмекшісі болған, өзімнің курстас досым Д. Бекежановқа хабарластым. Мән-жайды түсіндіріп, осы шаруаны оңынан шешуді қатты өтіндім. Бекежанов өзі көзге көп көрінбегенмен, өзгелер оны жақсы таныған тұлғалардың бірі болды. Бұл бәлкім, оның республиканы ұзақ жыл басқарып, елі мен жерін көркейтуге өлшеусіз үлес қосқан басшы, мемлекет қайраткері Д.А.Қонаевқа ең жақын жүрген адам болғандығынан да шығар. Басшылар онымен қарым-қатынас орнатып, жақсы болуға тырысатын. Өйткені Бекежанов арқылы Димекеңе апарар жолдың есігі ашылатын.
Естуімше, менің айтқаныма сәйкес, досым әңгімені Республика басшысына барынша жеткізген. Бірінші хатшы келісімін бергеннен кейін, Д. Бекежанов Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Х. Бектұрғановқа хабарласқан. Одан облыстық партия комитеті Сарысу ауданның бірінші хатшысы А. Нүркеновке шығып Тамдыкүлді Социалистік Еңбек Ері атағына ұсыну туралы құжаттарын алдырды. Мәскеуге Орталық Комитет арқылы тиісті құжаттар кеткенімен үміттен гөрі күдік басым болды. Мен досыммен күнделікті хабарласып отырдым. Айтқандай, арнайы комиссия қараған кезде «Бүкіл Кеңестер Одағы бойынша мыңдаған, миллиондаған гектар жерлерге егін егіп, көкөніс өсіріп, жоғары көрсеткішке ие болып отырған шаруашылықтар жетерлік. Қазақстанның бір шағын ауданның кеңшарындағы алақандай жерге көкөніс өсірген екен деп қалай жоғарғы атақты беруге болады?» — деген пікірталастар болыпты. Бірақ, бірінші хатшы Д. Қонаевтың тапсырмасымен құрамында Бекежановтың өзі, Орталық комитеттің жауапты тұлғалары, Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Х. Бектұрғанов бар Қазақстаннан барған өкілдер Сарысу ауданының шөл және шөлейт аймаққа жататындығын, көкөнісшілер өздерінің табандылығымен құмға, құмды аймаққа көкөніс өсіріп отырғандығын дәлелдеп жеткізіпті. Міне, адал еңбегіміз бен досым Д.Бекежановтың маған деген шынайы достығының арқасында осындай нәтижеге қол жеткізген едік..», — деп еске алып отыратын Әбекең.
Әрине, бұл нәтиженің артында қаншама еңбек, төгілген тер, жұмсалған қажыр-қайрат жатқаны айтпаса да түсінікті. Әбекеңнің айтуынша, Т. Жамбыловаға Социалистік Еңбек Ері жоғарғы атағы беріліп, радиодан хабарлағанға дейін Алматы мен екі ортада шапқылаған күндері аз болмапты.
Халық Әбекеңді «адамдарға көп жақсылық жасаған, жаны жомарт Отыншының ұрпағы, «алтынның сынығы» деп мақтан етіп айтып отырады.
Олай дейтіні, Әбекеңнің шыққан жері тектілігімен танылған әулеттер.
Арқа жерінде ұлы сазгер, атақты қобызшы Ықылас Дүкенұлымен замандас Отыншы, Сушы, Өлке деген ағайынды байлар өмір сүрген. Ол кісілер туралы ел осы уақытқа дейін аңыз етіп айтып отырады. Талай кедей-кепшікке, жоқ-жітікке, жетім-жесірге қолұшын беріп көмектескен, атсызға ат, ассызға ас берген. Тіпті ауылға келген алты жасар балаға тай сойып қонақ қылып, сыйлап жібереді екен. Арқа елі Өлкені «Өлке дегенше – өзен десеңші» деген екен мырзалығына риза болып.
Ағайынды байлар Амангелді батыр көтеріліске шыққанда, оның сарбаздарына жүзден аса жарамды аттар апарып берген. Жиырмасыншы жылдардың соңына таман Арқаны жайлап, төменгі Шу бойын қыстайтын Сарысу еліне болашақ халық батыры Бауыржан Момышұлы арнайы жолдамамен мұғалім болып келген. Қысы-жазы Бетпақдаланы шарлап, көшіп жүрген елге келіп білім нәрін алғаш сепкеннің бірі осы Бауыржан Момышұлы еді.
Өлке бай Бауыржанның келісін қуана қарсы алады. Шудағы Отыншының қызыл үйі дейтін жерде шәкірттер қыста оқитын, Арқадағы Өлкенің жайлауында жазда оқитын мектеп және алыста тұратын балалар жатып оқитын интернат салып берген. Мектепке қажетті оқу құралдарын арнайы керуен жіберіп Ақмоладан, Омбыдан алдырған. Қараңғы қазақ даласына білім сәулесін шашқан Бауыржан Момышұлына барынша қолдау, көмек көрсеткен. Кедей балаларын киім-кешекпен, ас-ауқатпен қамтамасыз етіп отырған. Ешкім міндеттемесе де, мектеп қызметшілеріне жалақы төлеп тұрған. Ағайынды үш азамат халықтың сауатын ашуға да осылай үлкен қолдау білдірген екен.
1928 жылы Сарысу да алғашқы тәркіленген ірі 8 байдың бірі Отыншының баласы Сыздық болатын.
Осындай әулеттен шыққан Әбдіғали аға да ата жолын қуып тұғырлы тұлға болып қалыптасты. Айналасындағыларға шарапаты мен шапағаты молынан тиді. Игілікті істердің көш басында жүріп, елі үшін еңбек етті. Өйткені, ол тектінің тұяғы еді.
Әбдіғали ағаның жұбайы Ақсұлу тәтеміз ұзақ жылдар бойы жастарды білім нәрімен сусындатқан білімді, тәжірибелі, ұлағатты ұстаз болды. Әбекең мен Ақсұлу тәтеміз бірнеше ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Ұл -қыздардан немере-шөбере сүйген бақытты ата мен әже болды.
Жоғарғы білімді ұл-қыздары Алматы қаласында түрлі салада қызмет атқарады.
Тектінің тұяғындай болған Әбдіғали аға үстіміздегі жылдың 20 қаңтары күні пәни дүниеден бақилыққа аттанды. Өмірінің соңына дейін Алматы қаласында, кіші баласы Мәжиттің қолында тұрды.
…Сынаптай сырғып жатқан уақыт. Әбдіғали ағамыздың өмірден озғанына да қырық күннің жүзі болып қалыпты.
«Үкім Алланікі, өлім пенденікі» деген. Адам — бұл дүниенің қонағы. Төрге шықса төбедей, төбеге шықса төредей болған Әбдіғали аға дүниеден озғанымен, артында ауыз толтырып айтарлықтай жарқын істері мен жақсы сөздер қалды. Көзден кетсе де, көңілден кетпейтін азаматтық болмысы, келбеті қалды.
«Жақсы адам — Алланың нұры» деген. Елдің қадірлі де құрметті ағасы болған, кішілік пен кісіліктен жаралған қадірлі Ағаға жыл сайын арнайы Алматыға сәлем бере барып, пікірлес, дәмдес болып, үйінде аунап-қунап жатып, әңгімелескен, айтқан әңгімелері мен ақыл-кеңестерін тыңдаған кездерімді мен де нұрлы бір кезеңдер екен деп еске алып отырамын.
Таулардың алыстаған сайын биіктей беретіні секілді елі үшін аянбай еңбек етіп, барлық күш-жігерін, білімін ауданның өсіп-өркендеуіне арнаған, ауданның дамуына сүбелі үлес қосқан қадірлі Ағаның есімі, еселі еңбегі ел-жұрты барда ескеріліп, көңілдерде, жүректерде жаңғыра бермек.

А. Тілемісов, ҚР Журналистер одағының мүшесі

Leave A Reply

Your email address will not be published.