Тамыры терең, тарихы өнегелі –ұрпақтар ұясы кемел шақта
Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев білім мен ғылымның елімізді өркендету жолындағы қызметте табысқа жетудің басты кілті және өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие мен озық білім беру өте маңызды міндет екенін үнемі айтып келеді. Сондықтан, біз заман талабына барынша бейім, жарқын болашақты өз қолымен қалайтын жасампаз, зияткер ұрпақ тәрбиелеуіміз қажет.
Бізден бұрынғылар «Білім теңіз-мектеп кеме» деп, білімнің теңіздей ұшы-қиырсыз, түпсіз терең екенін бағамдап айтып кеткен емес пе!? Расында білімнің ұшы-қиыры болмайтынын, оның тұңғиық терең екендігіне мектепте, кейін жоғарғы оқу орнында оқыған кезде, қызмет еткен шағымызда көзіміз жетті.
Мектеп-кеме. Мектеп-ұшы қиыры жоқ, түпсіз терең білім теңізінде білім берушілер мен білім алушыларды, оларға қажетті құрал-жабдықтарды жайғастырып алған, өзінің жүзу бағыты бар алып кеме. Кемелер географиялық орналасуына қарай, ондағы білім алушылардың сандық, сапалық құрамына қарай, білімнің қандай саласын таңдағанына қарай бастауыш, негізгі және орта мектеп болып бірнеше түрге бөлінеді екен. Қандай түрі болса да негізгі мақсаты келешек ұрпаққа білім мен тәрбие беру ісімен айналысады. Осындай алып кемелердің бірі, Сарысу ауданының оңтүстік шығысында, Қарт Қаратау мен өзіміз Ақтау деп атап жүрген екі таудың арасында, Ақтоғай мен Талдыбұлақ өзендерінің жағасында, табиғаттың ерекше аймағында орналасқан Ақтоғай ауылындағы Ақтоғай орта мектебі. Ақтоғай орта мектебі ғасырлық тарихқа жақындаған, талай ұрпаққа білім мен тәрбие берген киелі шаңырақ. Білім ордасы осы уақыт ішінде еліміздің өркендеуіне өз үлесін қосып келе жатқан ұлағат ұясы. Қызмет жасай бастағанына биылғы жылы 90 жыл толып отырған мектеп жайлы айтуды әріден бастағанды жөн көрдім.
1935 жылдың жаңа оқу жылы кең аңғарлы Көлмекөл жазығына орналасқан Ілгерібас, Ынталы, Жаңакүш колхоздарының тұрғындары үшін қуанышты болып басталды. Үш колхоздың колхозшылары бірігіп Көлменің шығысында, Суықбұлақтың батысында орналасқан қара төбенің оңтүстік батыс етегінде, төрт бөлмелі мектеп үйін салып бітірді. Осы жылы «Жаңакүш» бастауыш мектебі (қазіргі Ақтоғай орта мектебі) алғашқы оқу жылына балалар қабылдады. Шағын ауылдың қуанышында шек болмады. Бірін-бірі құттықтап, өзара қуаныштарын бөлісті. Балаларын алғашқы мектепке апару құрметіне ие болды. Мектептің меңгерушісі әрі мұғалімдеріне аудандық оқу бөлімі Әмірбаев Қалымбетті жіберді. Алғашқы мұғалім Жазкен Омарбеков болды. Бірінші оқу жылында барлығы 32 оқушы қабылданды. 1937 жылы жеті жылдық мектепке айналдырылып, жаңа оқу жылында 2 отбасылық мұғалімдер үйінің құрылысы аяқталды. Мұғалімдер үйіне ауданнан келген мұғалімдер орналасты. Жаңа үйге көшкен соң мектептің аты «Ынталы» колхозының Серго Орджоникидзе деп аталуына орай Серго атындағы жетіжылдық мектеп болып өзгертілді. Осы жылы мектеп директоры болып Ахмедия Әлжанов келді. Ыбыраев Әбілда, Өтешов Әлкей, Мұстафаев Қадір, Өтешов Жәкен, Әмірбаев Сапар оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беру ісіне бел буып кірісті.
Мектептің алғашқы түлектері – мектепті Ұлы Отан соғысының басталуымен тұспа-тұс бітірді. Аласапыран уақытта мектептің мұғалімдері, мектепті бітірген оқушылары бар жүзден аса жігіттер майданға аттанды. Олардың бірі менің алғашқы ұстазым Ыбыраев Әбілда ағай еді.Сол ағайдың аузынан соғыс кезіндегі қанды қырғындар туралы талай естіген едік. Мектептің алғашқы түлектері Нұртазаев Амантай, Әлібеков Рыскелді, Маманов Тілепберген, Әлиев Сағымбай, Әмірбеков Жақсыбай, Андосов Самет т.б болды. Осы түлектердің ішінде бүкіл өмірін бала тәрбиесіне арнаған Маманов Тілепберген, есепші қызметін атқарған Әлиев Сағымбай және Әмірбеков Жақсыбай аталардың көзін көрдік.
1945-1946 оқу жылында мектепке 130-ға тарта оқушы қабылданып, 10-нан аса мұғалім жұмыс істеді. Осы жылы мектептің директоры болып Түсіпов Жақан, оқу ісінің меңгерушісі болып Ыбыраев Әбілда ағайлар тағайындалды. Сонымен қатар мектепке толық орта білімді Күлжан Тәйкешова, Ақмолда Жөкенов, Аманбала Әйнекова, Ә.Әділбеков сияқты жас мұғалімдер келді. Жөкенов Ақмолда ағайдың Ұлы Отан соғысына қатысып қайтқан беті еді. Бұл күнде аталған мұғалімдердің барлығы бақилық болған.
1947-1948 оқу жылында Ілиясов Қуандық, 1950-1951 жылдары Үйсінбаев Әбдіқұл мектеп директоры болып жұмыс істесе, 1954-1955 оқу жылынан бастап 1983 жылы құрметті демалысқа шыққанша 30 жылға жуық мектеп директоры болып Ұлы Отан соғысының ардагері, қадірлі ұстаз, аулымыздың Құрметті азаматы Дәуірбаев Шахабалы ағай қызмет етті. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға»-демекші Шахабалы ағайымыз өзінен кейінгі ұрпақтарына, шәкірттеріне ұстаздық ақыл кеңесін беруден еш жалыққан емес.1954-1955 оқу жылында директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып Асанов Нұрғали тағайындалып, Қ.Оспанов, Б.Тұңғышбаев, Ж.Ибрагимов, А.Рақымжанов, В.П.Швецова сияқты мұғалімдермен мектеп ұжымы толыға түсті. 1954-1955 жылдары «Жаңакүш», «Серго», «Ілгерібас» колхоздары қазіргі Ақтоғай мен Талдыбұлақ өзендерінің бойына қоныстануына байланысты оқушылар саныда өсіп 150-160-қа жетеді. Осы жылдары мектептің жаңа үйінің құрылысы мектеп мұғалімдерінің және ауылдағы М.Исмайлов, З.Сқақов, К.Мұратәлиев, Р.Мұратәлиев, Қ.Нұрпейісов, Д.Сайранбаев, А.Қолдасов, М.Жұмабеков, А.Тәңірбергенов сияқты ұста шеберлердің күшімен салынып бітірді. Мектеп үйі 6 бөлмелі болатын. Кейін мектептің жанынан 2 бөлмелі шеберхана салынып, онда еңбекке баулу сабағы өтетін. Біздің құрдастар 8-сыныпқа дейін осы мектепте оқыдық. Бұған дейінгі Ақтоғай колхозындағы мектеп үйі қазіргі Төлеубек Ділдабековтің үйінің шығыс жағында орналасқан екі бөлмелі үйде еді. Енді жаңа мектепке 4 колхоздың балалары оқитын болды.
1958-1960 жылдары шамасында мектеп сегіз жылдық болып қайта құрылды. 1956-1961 жылдары мектепке жаңа толқын Ақділдаев Жұмабай, Сауханов Сәбденбек, Қасымбеков Бегалы, Сәбденов Рахымбай ағайлар келеді.
Ақділдаев Жұмабай 1958-1990 жылдар арлығында оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет атқарып, зейнеткерлікке шығады. Жоғарыда аталған ағайлар ауылда балаларын кәсіпке баулып және жақсы еңбектің үлгісін көрсетті. 1961- 1970 жылдары мектепке Мақашева Шолпан, Дәулетбекова Рымтай, Кенбаева Тоғай, Мұстафаева Бибісара, Наурызбаева Шырын, Байқошқарова Бердібала, одан кейінгі толқынмен Жөкенова Зылиша, Дәуірбаева Сәуле, Кейсекова Күлпаш, Қадірсізова Алтынкүл, Шәмшілдаева Рабиға, Қаспақов Шархиябек, Арынова Тамара, Айнабекова Рымкүл, Өтешова Айжан, Ақділдаев Данияр, Әділбекова Жанар жұмысқа келді. Егемендік алған соң мектеп бағдарламасына ағылшын тілін оқыту енгізілді. Ағылшын тілінен Исқақова Күләш сабақ берді.
1972 жылы «Жаңатас» совхозы құрлысшыларының күшімен 30 адамдық жатақхананың есебінен жаңа мектеп үйі пайдалануға беріледі. Сол мектеп үйінде 2003 жылғы қазан айына дейін жұмыс істедік. Ақтоғай орта мектебінде менің 20 жылдай өмірім өтті. 1982-1986 оқу жылдарында мен мектепке тарих пәнінен сабақ бердім, 1997-2010 жылдар аралығында мектеп директоры қызметін атқардым. 1983-1995 оқу жылдары мектепті химия және биология пәндерінің маманы, қадірлі ұстаз Сламқұлов Мейрамқұл ағай басқарды. Ол кісі басқарған жылдары мектепке Шегірова Әмина, Елеусізова Есенқүл, Байдалиева Нағима, Төлеуова Зәуре, жалпы 20–дан астам мұғалімдер қабылданып, ұстаздар қатары көбейе түсті.
1989 жылы Серго атындағы сегіз жылдық мектеп орталау мектепке айналдырылды. Сегізінші сыныптан кейін 9-10 сыныптарды оқу үшін жан-жақтағы ағайын туыстарына, мектеп интернаттарға жағалап кететін ауыл балалары үшін бұл жақсы өзгеріс болды. 1993 жылдан бастап мектептің атауы «Ақтоғай» орта мектебі болып өзгертіліп, орта мектеп мәртебесі берілді. 1995 -1997 жылдары мектептің директоры болып орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Жұмабекова Жанар, оқу ісінің меңгерушісі болып Қаспақов Шархиябек жұмыс істеді.
Ал, 1997 жылғы қаңтар айынан бастап осы мектепке директор болып тағайындалдым. 1998 жылдан бастап мектеп директорының оқу- тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып Айнабекова Рымкүл, Исмайлов Нұғыметжан, Әділбеков Әбдіқұл, 2002 жылдан бастап тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып, ал, 2007 жылдан оқу ісі жөніндегі орынбасары болып Сауханов Аманжол, Шегірова Әмина жемісті қызмет атқарды. Әріптестерім, бірге қызмет атқарған Шегірова Әмина 2010-2025 жылдары мектеп директоры болып қызмет етсе, Сауханов Аманжолдың, Исақов Қайраттың қазіргі таңда мектептің директоры болып қазмет етіп жүргенін мақтан етемін. 1997-2010 жылдары мектепке Ниязбекова Роза, Шегіров Сәбит, Әміреев Ерлан, Баймұратов Ғазиз, Рахбаева Айгүл, Шаханова Жазира, Садуақасова Аида, Қасенова Айгүл, Жексенбина Динара, Баймұратова Ләззат, Смағанбетова Гүлсара, Нәшірбаева Гүлжан т.б. жұмысқа келген еді. Жаңа оқу бағдарламасына сәйкес мектепте психолог, социолог, мектеп директорының бағдарлы оқыту жөніндегі орынбасары, педагог ұйымдастырушы деген қызметтер өмірге келді. Ол қызметтерді Ж.Әділбекова, Р,Айнабекова, А.Сауханов, Е.Әміреевтер атқарса, қазір педагог ұйымдастырушы болып Б.Тәйкешова, психолог болып А.Минасипова қызмет етіп жүр.
2003 жылғы қазан айында «Ауыл жылдары» бағдарламасына сәйкес, құрылысы 10 жылдан астам уақыт тоқтап қалған мектептің ғимараты қайта салынып, пайдалануға берілді. Бұл оқиға ауыл тұрғындары, мектеп мұғалімдері мен оқушылары үшін үлкен қуаныш болды. Осы жерде айта кетейін, мектеп басшысы ретінде ҚР Парламентінің депутаты Ш.Мұртазаның, облыс басшысы С. Үмбетовтің атына хат дайындап Шахабалы ағай бастаған оншақты қарияға қолдарын қойдырып, хатты сол кездегі аудандық білім бөлімінің басшысы марқұм Мейрамбек Есмаханов ағайға ақылдасуға алып бардым. Мейрамбек ағай мұның дұрыс екен, бірақ аудан әкіміне көрсетіп, кеңесейік деп хатты алып қалды. Бірер күннен соң Мейрамбек ағай қайта шақыртып, біздің жазған хатымыз аудан әкімі Серғали Айдапкеловтің қолымен жіберілетін болды,-деді. Осы тұста, 2002 жылы мектебімізге ҚР Президентінің инспекторы, жазушы, Әкім Сқақ келді, ол кісіге хаттың мазмұны айтылып, көмек беретінін жеткізген еді. Сұрамаған балаға емшек бермейді демей ме, осы хаттың шапағаты тиіп аяқталмай қалған мектеп құрылысы аяқталды. Мектептің символикалық кілтін облыс басшысы Серік Үмбетовтің қолынан алғаным есімде.
Жаңа мектепте жұмыс жасаған еңбек ұжымы 2007 жылғы мұғалімдердің тамыз кеңесінде аудан әкімдігі білім бөлімінің оқу жылының қорытындысы бойынша жасаған рейтингі бойынша мектебіміз «Шағын жинақталған үлгілі мектеп- 2007» номинациясының иегері атанған еді.
Мектептегі барлық оқулықтарды, әдеби кітаптарды сақтап, оларды мұғалімдер мен оқушыларға таратып, қайта жинап алып, түптеп, түгендеп отыратын мектеп кітапханасының жұмысын айту орынды. Мектептің кітапханасында әр жылдары Рымбала Тұрғынбекова, Жанат Төлеуова, Шайзада Майхиева жұмыс істеді. Майхиева Шайзада 1980-1986 жылдары аға пионер жетекшісі, кейінгі жиырма жыл көлемінде МАД тобының тәрбиешісі болып қызмет етіп, 2024 жылы зейнеткерлік демалысқа шықты. Қазір кітапхананы Ошақбаева Мейіркүл біраз жылдардан бері басқарып келеді.
Жаңа ғимаратта мектеп оқушыларына арналған асхана жұмыс істей бастады. Мұнда аз қамтамасыз етілген отбасы балаларына бір мезгіл тамақ беру ұымдастырылды.
Жоғарыда атап өткенімдей үстіміздегі жылы мектебіміз кемел шақ 90-ға толады. Осы уақыт аралығында мектебімізді 1000-нан аса оқушы бітіріп шыққан екен. Олардың барлығы дерлік халық шаруашылығының түрлі салаларында еңбек етіп, өмірден өз орындарын тапты. Олардың арасында мұғалімдер, өнер қайраткерлері, сазгер, жазушы, өнер зерттеуші, ғалымдар, шопан, мехнизаторлар, құрылысшылар, шаруашылық, өндіріс, мекеме басшылары, мектеп директорлары, ауыл, аудан әкімдері бар. Айтулы сазгер, жазушы, зерттеуші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Қырғызстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Қазақстанның Еңбек Ері Жақанов Ілия, биология ғылымдарының докторы, професор Күзенбаев Қосылған, биология ғылымдарының докторы, профессор Төлеутай Несіпбаев ағайлар, ғалымдар Мұқаш Жақыпбековті, Рашид Өтешовті, математика ғылымының майталманы, дарынды балаларға арналған №173 физика -математика гимназиясының директоры болған, Алматы қаласында математикалық бағытта оқытатын мектеп жүйесін жасаған Әбдімәжит Өтешовті, Дүниежүзілік суретшілер одағының, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі суретші, шет елдерде бірнеше рет көрмелері ұйымдастырылған Зейнеп Түсіпованы, ұзақ жылдар мектептің директоры болып жемісті еңбек еткен Тілепберген Мамановты, «Жаңатас» совхозы 1970 жылы ұйымдастырылғаннан бастап 1986 жылға дейін басқарған Ақатай Ақбаевты, совхоз, мекеме басқарған Өсер Еспенбетовты, В.И.Ленин, Октбрь революциясы, Еңбек қызыл Ту ордендерінің иегері, геолог Дәріқұл Айдынбековты, ғалым инженер, білікті маман Олжатай Ондыбаевты, Геология ғылымдарының кандидаты Ақжолтай Несіпбаевты, Жаңатас қаласында автотранспорт мекемесін басқарған «Д.Қонаев» қорының, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Аппазовты, шаруашылық, мекемелерді басқарған Дүйсен Ақділдаев пен Сейілхан Аппазовты, Еңбек Қызыл Ту орденді Құрақбай Алтаевты, «Құрмет белгісі» орденінің иегері Оразымбет Айтбековты, ауылшаруашылығының түрлі салаларында еңбек еткен Түгелбай Қанапинді, Зейнулла Жөкеновті, Есен Ақділдаевті, Совет Әбілдаевті, Рахматулла Жөкеновті, Ұзақбай Жексенбинді, Қадырбай Несіпбаевты, Нұғманов Елібайды, ішкі істер саласының ардагерлері Ыбыраев Бақытбекті, Баймұратов Елеусізді, Қолдасов Сібірбект мектептің түлектері.
Мектебіміздің түлегі ауыл, аудан әкімі қызметін атқарған, бүгінгі таңда облыс әкімінің орынбасары болып қызмет етіп жүрген Мәдібек Қанатбек, еңбек жолын Ақтоғай мектебінде бастаған, қазір Қаратау қаласының әкімі Бәйімбетов Дархан, Жаңаарық ауылдық округінің әкімі Жалғас Дүйсенұлы да біздің мектептің мақтаныштары.
Нарық заманында өзінің кәсіпкерлік іс-әрекетімен жақсы нәтижелерге кол жеткізіп, еңбегімен көпке танымал болған «Ақтоғай» шаруа қожалығының төрағасы Мәдібеков Қайшыбек, кәсіпкерлер Сабибулла Жөкенов, «Бірлік» шаруа қожалығының төрағасы Айтбеков Жүрген, «Жандос» ШҚ төрағасы Домбаев Бахтияр, Рахымбеков Темірхан да біздің мектептің түлектері екенін ризашылықпен айтамыз. Аудан мектептерінде басшылық қызмет атқарған Қасымова Кенжекүл, қазір Сарысу орта мектебінің директоры Әмина Шегірова, Сәкен Сейфуллин орта мектебінің директоры Исақов Қайрат пен мықты маман мұғалімдер Сауханова Меруерт, Мәдібекова Күләш, Сауханова Жанат, Қаспақова Мұрат, Қаспақов Қайрат та біздің мектептің жемістері.
Ерекше айта кетуге болатын жай Ақтоғай орта мектебінің мұғалімдері математика пәні бойынша аудандағы алдыңғы қатарлы мектептің бірегейі болды. Мектептің алғашқы математика пәнінің мұғалімі, мектебімізде математика пәнін жақсы оқытудың негізін қалаған менің әкем Жұмабай Ақділдаұлы болды-ау деп есептеймін. Ол кісінің алдынан сабақ алған шәкірті, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аппазов Серік ағамыздың әкем туралы «Жұмабай ағай бізге математикадан сабақ берген еді. Ол кісі бар ынта –шынтасымен түсіндіріп оқытатын. Соның арқасында математиканы жақсы меңгердім. Кластағы Дәуіт Биімбетов, Елеубек Біркенов сияқты бірнеше бала математиканы жақсы оқыдық» дегенін бірнеше рет естігенім бар еді. Ал, шәкірті Қаспақов Шархиябек мықты математика пәні мұғалімі болды. Ауылға келін болып түсіп, мектепте математика пәні мұғалімі болған Кейсекова Күлпаш, Айнабекова Рымкүл математиканы жақсы оқытты. Осы ағай–апайлардан сабақ алған Сауханова Меруерт, Сауханов Аманжол, Қаспақов Мұрат, Қаспақов Қайраттар мықты математиктер болып шықты. Бұрынғы мемлекеттік емтиханның материалдары облыстық білім басқармасынан келетін кезде, математика пәнінен келген есептерді біздің мектептің мұғалімдеріне шығартып алатын кездер де есімде.
Жақында мектепке арнайы барып, мектеп директоры Аманжол Асылбекұлымен мектептің жағдайы туралы, өткен оқу жылынддағы мектеп оқушыларының білім сапасы жайлы сұрағанымда біраз жайларға қанық болдым. Өткен оқу жылында мектепте барлығы 140 оқушы білім алған екен, оларға 30 мұғалім дәріс берген. Мектеп бітіруші түлектер саны 17. Олардың 14-і мемлекеттік білім грантына ие болды. Мектептің 50 оқушысы оқу жылы ішінде аудандық, облыстық, республикалық пән олимпиадаларына, республикалық «Ақбота» зияткерлік олимпиадасына, түрлі спорттық, өнер байқауларына қатысып, жалпы есепте, 9 оқушы 1-орынды, 20 оқушы 2- орынды, 21 оқушы 3-орынды иеленген.
Мектеп мұғалімдерінің 15 педагог зерттеуші, 8-і педагог сарапшы, 1-уі педагог модератор дәрежесінде еңбек етеді. Олардың оқу жылы ішіндегі жетістіктеріне тоқталып өтсек, 10 мұғалім түрлі деңгейдегі оқу-семинарларда білімдерін жетілдірген, 8 педагог аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі байқауларға қатысып, Алғыс хаттарға, 3 педагог ҚР оқу-ағарту Министрлігінің және 1 мұғалім аудандық білім бөлімінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Оқу жылы ішінде 5 педагог өздерінің шығармашылық еңбектерін ұсына отырып 11 түрлі дәрежедегі дипломдармен аталып өтілген. Аудандық спорттық жарыстарда 1 педагог 1- орынды, 2 педагог 3-орынды иеленсе, 3 педагог үздік ойыншы атанған. Барлық мектеп ұстаздарының жақсы еңбек жасағанына тоқтала келіп, оқу жылы ішінде шығармашылықпен белсенді еңбек еткен математика пәнінің мұғалімі Піспекбаева Ақбөпе, тарих және география пәні мұғалімі Ерлан Әміреев, АӘД пәні мұғалімі Ғазиз Баймұратов, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Гүлжан Нәшірбаева, математика пәні мұғалімі Аида Садуақасованың еңбектерін ерекше атап өтуге болады.
90 жылдық тарихы бар «Ақтоғай» орта мектебі-тек білім ордасы емес, тұтас ауылымыздың рухани іргетасын қалаған қасиетті шаңырақ. Ұрпақ тәрбиесінің темірқазығы, жүздеген түлектің оқу-білімге деген алғашқы қадамы жасалған мекен. Бүгінгі ұрпағымыз осы киелі шаңырақтың шежірелі жолына қарап, ұлтқа адал қызмет етудің, білімге деген құрметтің, ұстазға деген тағзымның үлгісін көреді.
«Ақтоғай» орта мектебінің алар асуы, бағындырар биігі алда! Тамыры терең, тарихы өнегелі-ұрпақтар ұясы «Ақтоғай» орта мектебінің педагогикалық ұжымына алдағы уақытта да толайым табыстар тілеймін, білім нәрін сіңірген оқушылары ауылымыздың, аймағымыздың, еліміздің айтулы азматтары болып қалыптасуын нәсіп етсін! Жасай бер-алтын ұя мектебім!
Д.Ақділда,
ҚР Журналистер одағының мүшесі