Толқыннан — толқын…
Мен ол кезде он бір-он екі жасар бала едім. Осыдан шамамен жиырма жылдай бұрын ауданымыздың қалам мен қағазды жанына серік еткен асыл жандарынан құралған аудандық «Толқын» әдеби шығармашылық бірлестігі құрылды. «Толқын» деген атауының өзінде үлкен мән жатыр. Сол «толқынның» алдыңғысы жазғанын тікелей жаныңа жеткізетін Шалқарбаев Дулат сынды аталарымыз болса, ортаңғысы Құсайынов Талғат сынды суырып салма сал-сері ақындар, ал атпалдай ақсұңқар қаламгерлердің арасындағы ең кішісі поэзия баспалдағын енді ғана басып келе жатқан мен едім.
Сағына еске алатын сол бір кездер керемет еді. Бір-біріне жанашырлық танытып, «ағын – ақ, қарасын – қара» деп турасын айтып, үлкенін құрметтеп, кішісін ізеттілікке бөлеген жандардың ортасында өстім. Санымыз саусақпен санаса сәл артығырақ шығатын шағын бірлестігіміздің басы қосылатын жері – сол кездегі аудандық мәдениеттің тізгінін ұстаған, бүгінде марқұм болған өнерге жаны ашитын жанашыр ағалардың бірі Тұңғатов Тоғай ағайдың алақандай ғана кабинеті болатын.
Бүгінде сол сары майдай сақталған Сарысудың сайыпқырандарының көбі бақилық болып кетті. Арасында менің ұстазым, маған өлең жазуға деген өзіндік бір төбе үлесін қосқан Әлменов Әлсейіт ағайым да бар. Әрине, өте өкінішті. Кіл мықтылардың көбі қайтты. Азы қалды. Бәлкім содан да болар, әлде көзден кеткен соң, көңілден де кеткені ме екен, сол бірлестіктің бүгінгі таңда оты сөнуге шақ қалып тұр.
Бұл жазбамды әуелі сағынышпен еске алуға арнасам, екінші кезекте сол бірлестік құрамын толтырған жақсылардың көбі журналистиканың майталмандары болатын, бүгінгі келіп жеткен БАҚ өкілдерінің төл мерекесінде аруақтарына тәу етіп, «жандары пейіште шалқысын» деп дұға жасап қойғым келді. Жарықтық, «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген, аруақтардың рухы бір аунап түсіп жатқан шығар.
Осы сәтті пайдалана отырып, барша төртінші билікті жандарына желеу еткен, қағаз бен қаламды жанына серік еткен тілшілер қауымын мейрамдарымен шын жүректен құттықтаймын! Қаламдарыңыз мұқалмасын! Шығармашылықтарыңыз арта берсін! Жұмыстарыңызға табыс тілей отырып, алдағы уақытта жиырма жыл бұрынғы бірлестіктің әлі де болса, сөнбеген шоғын әрмен қарай алаулатып жіберсек деген тілегімді де білдіргім келіп отыр. Себебі, «толқыннан – толқын туады, толқынды – толқын қуады» емес пе?!
Бекайдар Аманбаев,
аудандық мәдениет үйінің
көркемдік жетекшісі