Ұстаз ғұмыр

0

Облыс орталығы Тараз қаласына барған кезекті сапарымнан қайтып келе жатып, Сарысу ауданының шекарасынан өткен соң, күре жолдың сол жақ қапталындағы өзіміз Шөлсай атап кеткен көсегенің көк жонына апаратын сайдың аңғары көзге түсті. Қазір, мұнда Жаңатас қаласына су айдайтын Көкбұлақ су станциясы орналасқан… Ой жүйрік. Дәл осы станцияның солтүстік батысында, бір шақырымдай жерде 1935 жылы қазіргі Ақтоғай орта мектебінің негізі төрт сыныптық бастауыш мектеп ретінде қаланған болатын. Мектеп үйі шағын екі бөлмеден тұрады. Осында сол кездегі Ілгерібас, Жаңакүш, Серго колхоздардың балалары оқи бастайды.

Алғашқы мүғалімдері Түсіпов Жақан, Ыбыраев Әбілда ағайлар болады. Осында Маманов Тілепберген, Жақсыбай қариялар сабақ алған екен. Заман ағымына қарай осы аймақта орналасқан төрт колхоз біріктіріліп, қазіргі Ақтоғай елді мекеніне орналасады. Мектепті де осында көшіріп әкеледі. Мектеп үйін 1957 жылы ауылдың ұста кісілері қарапайым саз кірпіштен, қазіргі мектеп ғимаратының орнына салады. Ол кісілердің қатарында Бақтыбаев Қуантай, ағайынды Кәрібек пен Рахымбек Мұраталиевтер, Сқақов Зікірия, Тәңірбергенов Алдаш ата, Қолдасов Аюбек, Жұмабеков Мақаш, Сайрамбаев Ділдабектер болады. Мұның алдындағы Ақтоғайдағы мектеп қазіргі Ділдәбеков Төлеубектің үйінің шығысындағы қырда орналасқан екі бөлмелі шағын үйде болған екен.

Мен 1964 жылы Серго атындағы сегіз жылдық мектептің бірінші сыныбына сабаққа барған едім.. Мектеп үйі шағын 7 бөлмеден тұратын, төрт бөлме сынып бөлмесі, бір бөлме мұғалімдердің бөлмесі, бір бөлме еңбек сабағына арналған (кейін пионер бөлмесі) бір бөлме кіреберіс бөлме еді. Қарапайым пешпен жылытылатын. Еңбек сабағы кейін мектептің жанынан салынған қарапайым екі бөлмеде өтетін болды… Иә, мектеп болған соң онда мұғалімдер және мектеп басшысы болатыны ақиқат. Ұстаз ғұмыр дегенде ойға бірден оралатын кісілер болады. Сол ұстаз ғұмыр кешкен, бүкіл саналы ғұмырын бала тәрбиесіне, ұстаздық қызметке арнаған жандардың бірі туралы шағын естелік жазуды шәкірті, тіпті әріптесі ретінде борышым деп санадым….

Күнделікті мектепке ұзын бойлы, қапсағай денелі, түр түсі келіскен, қолында папкесі, қос аяғына салмақ сала маңғаз басып келетін, өзгелерден өзінің сырт бейнесімен, жүріс тұрысымен ерекше көзге түсетіні бір мұғалім келеді. Иә, мұғалім. Бұл кісі осы мектепте қазақ тілі мен қазақ әдебиетінен сабақ беретін мұғалімі және мектептің директоры Дәуірбаев Шахабалы ағайымыз. «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» деген нақыл сөз де дәл осы Шахабалы ағай тәрізді мұғалімдерге арналып айтылған шығар деймін.. Ағайдың отбасы мектептің батыс жағында, жүз метр жер шамасында орналасқан, кезінде колхоз салып берген шағын, үш-төрт бөлмелі, шатырлы үйді мекен етті. Құдай қосқан қосағы Маржанкүл апамызбен бірге тоғыз ұл-қыз тәрбиелеп өсірген берекелі отбасының отағасы болды. Мектеп басшысы ретінде Шахабалы ағайымыз көпке үлгі болатын дәрежеде еңбек етті. Осы мектепті отыз жылға жуық басқарды. Мектеп аудандағы мектептердің арасында білім және тәрбие беру сапасы бойынша алдыңғы қатардағы мектептердің бірі болды. Өйткені, Шахабалы ағай басшы ретінде өте талапшыл, жауапкершілігі мол, «тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген қағиданы қатаң ұстанды. Тапсырылған тапсырмасын орындалғанға дейін қадағалап, ақыл кеңесін беріп, оның жақсы орындалуына көп күш салатын. Ағай жұмыс аптасының қай күні, қай уақыты болмасын мектептен табылатын. Бұл жайында менің әкем марқұм Жұмабай Ақділдаевтың айтқанын бірнеше мәрте естіп едім. Әкем:» Осы біздің Шәкең мектептен шықпайды, үйдің шаруасына қашан үлгереді?» деп таңданып өз-өзіне сұрақ беріп отырғанын талай естіп едім. Әкемнің айтатындай да бар. Себебі, ағам марқұм да Шахабалы ағаймен мектепте бірге жұмыс істейтін. Ол кісі де отыз жылға жуық мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарды. Екеуі қысқарта айтқанда өзара тіл табыса отырып қызмет атқарды десем артық емес. Мектептен тыс жерлерде де өзара сыйластыққа негізделген өмір сүрді.

Отбасымен аралас-құралас болды. Менің әкем мен шешем Алтынсары Шәкең ағайдың үйіне, тиісінше ол кісілер де біздің үйде болып тұратын. Әсіресе, Маржанкүл апамызбен менің анам Алтынсары екеуі көбірек кездесіп, сұхбат құрғанына куәмін. Өз басым, ол кісілердің сөзге келіспей, ренжіскендерін көрмедім, естімедім. Керісінше сырт көз осы екі азаматтың келісті жұмыстарына, қызыға да, қызғана да қарайтын. Жоғарыда әріптес ретінде де деп айтуымның себебі бар. Мен 1982-1983 оқу жылында Серго атындағы сегіз жылдық мектебіне тарих пәнінің мұғалімі болып жұмысқа тұрдым. Сол кезде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі жетіспей мектепте Шахабалы ағай мен Ақмолда ағай жұмыс істеп жүр екен. Міне, содан кешегі ағайларыммен әріптес болып шыға келдім. Иә, ол кісілермен әріптес болғанымды мақтан тұтамын. Шахабалы ағай да, Ақмолда ағай да Ұлы Отан соғысының ардагерлері болатын. Мектепте жүргенде Шахабалы ағай ауылдағы соғыс ардагерлерімен өте тығыз байланыста болды. Оларды мектептегі іс- шаралардан қалдырмайтын, өзара қызу пікірталас жасайтындарына куә болдым. Енді, Шахабалы ағайдың сабақ беру әдістері мен тәсілдеріне тоқталайын. Айтып өткенімдей, ағай қазақ тілі мен қазақ әдебиетінен сабақ беретін. Сынып бөлмесіне қоңыраумен бірге кіреді. Себебі 45 минут уақытты тиімді пайдалану керек. Үй тапсырмасын тексеріп шығады. Тиісті бағаларын қояды. Біз ағайдың алған үшті төртке, төртті беске балайтынбыз. Ағай бағаға қатал болды. Педагогика ғылымы бойынша білімді нақты бағалау білім сапасын жақсартуға ықпал ететінін ескеретін болу керек. Балалар үшін оның пайдасы көп екен. Ағай сабақты түсіндіру барысында өте ыждаһатты еді. Айтатын ойын бала санасына шегелеп беретін. Арасында, «ұқтыңдар ма?» деп жиі сұрап отыратын. Яғни, ұққанымызша қайталап айтудан жалықпайтын. Қажет болса, сабақ соңынан алып қалып аяғына дейін жеткізуші еді. Сондықтан, балалар уақтылы қайту үшін ағайдың сабағын, тапсырмасын орындап келуге тырысатын. Ертең, ағайдың сабағы деген күні ерекше дайындалатын. Сыныптас достарым » Шахабалы ағайдың сабағында шыбынның ызыңы естілуші еді ғой» деп әлі күнге дейін айтып жүреді. Ол да тәртіп екен ғой. Одан жаман болғанымыз жоқ. Ал, енді жазу каллиграфиясына келгенде талабы өте қатал болды. Өзі де көркем жазудай етіп, әдемілеп, асықпай, маржандай тізілдіріп жазатын. Тіпті тақтаға жазғанда да осы тәртіппен жазатын. Оқушылардан да соны талап ететін. Шығарма, диктант, үй тапсырмаларын тексерген кезде дұрыс жазылмаған әріп элементтерін жақшаның (поляның) сыртына көркем етіп жазып қоятын. Содан болар, өз басым жазуымды жақсы жазатын болдым.

Бастауышта сабақ берген Ыбыраев Әбілда ағай мен Шахабалы ағайға рахметімді айтамын. Шіркін-ай, десеңші! Сол кісілердің қолымыздың сыртынан өз қолдарымен қапсыра ұстап алып, дәптер бетіне жаздыратыны әлі есімде. Қазір солай жаздырып үйрететін ұстаздар бар ма екен, жоқ па екен?! Осындай еңбектерінің нәтижесінде, басқа марапаттарын айтпағанда, Шахабалы ағайдың костюмінің өңірінде «Қазақ КСР- нің үздік білім қызметкері» деген төсбелгісі жарқырап тұратын. Осындай төсбелгі алсақ деп армандайтынбыз. Ауылымыздың Құрметті азаматы атанды.Шахабалы ағайдан кейін, мектепке Сламқұлов Мейрамқұл ағай, Төлеген Жұмабеков, Өміртай ағаның келіні Жұмабекова Жанар апай директор болды. 1997 жылы қаңтар айында мен директор болып келдім. Есімде, Шәкең ағай маған бір берген батасында мен сияқты отыз жыл басқаруды жазсын деп еді. Әрине өмір ағымы маған ондай мүмкіндік бермеді. Бірақ, ағай менің жасап жатқан істеріме риза болып шын ниетімен, ризашылығымен тілеп еді. Ағай біраз уақыт денсаулығы болмай үйде жатқан кезінде әкем екеуміз көңілін сұрап баратын едік. Сонда да мектептің жағдайын сұрастырып, нендей жаңалық болып жатқанын сұрайтын еді марқұм.

Өкінішке орай, тәнге жабысқан дерт ағайды арамыздан алып кете барды. Ел-жұрты құрметтеп, ақтық сапарға шығарып салды. Ағайдың жауапкершілікті терең сезінетініне мысал ретінде мына жайды айтайын. Марқұм жаны сергек, адамгершілік қасиеттердің иесі ғой, өзінің енді мына меңдеген дерттен айықпасын сезген соң, балаларына өзін жерлеу шарасын ұйымдастыру жөнінде аманат хат жазып кетеді. Сол аманатын балалары тегіс орындап, ағайдың аруағын разы еткеніне ел-жұрт куә болды. Жерлеу рәсіміне бастан аяқ қатысқан жанның бірі мен едім. Жатқан жері жайлы болсын! Ағайдың Маржанкүл шешемізбен бірге өсірген ұл-қыздары да бәрі дерлік білім алып, бір-бір мамандықтың иесі атанды. Үлкен ұлы Төлеубек Жаңатас қаласында ұзақ жыл құрылыс саласында инженер болып қаланы көркейтуге көп үлес қосты. Кейін Астанада құрылыс саласында да қызмет етіп зейнеткерлік демалысқа шықты. Сәуле әпкемізбен ауылдағы мектепте бірге қызметтес болдық, сурет мамандығы бойынша сабақ берді. Мектептің безендіру жұмыстарын бірге, ақылдаса отырып атқаратын едік. Сәуле менің Ырысалды әпкемнің жақын құрбысы болды. Айтбекпен қатар тай-құлындай тебісіп бірге өстік. Қашпа допты бірге ойнадық. Зина облысқа танымал жақсы бала дәрігері болып жұмыс істейді. Әрі сыныптасым, жастық шағымыздың қызықтарын бірге бөлістік. Динасы Ұ.Сыздықбай ауылындағы Сарысу орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етеді. Динаның жолдасы Самат та мектепте еңбекке баулу пәнінің мұғалімі. Әліпбек медицина, оның ішінде санитарлық эпидемиологиялық саланың жақсы маманы болып, облыстық деңгейде қызмет етіп келеді. Әлібегі Ақтоғай ауылындағы берекелі отбасының отағасы, оның жұбайы Әділбекова Жанармен мектепте қызметтес болдым. Ол да сурет пәнінің маманы. Кейінгі он жылдан астам уақыттан бері мектептегі психолог қызметін абыроймен атқарып жүр. Динара медбике болса, кенже баласы Елубай да аға-әпкелерінің салған түзу жолымен жүріп, өмірден өз несібесін тауып келеді.

Міне, оқырман қауым, ұстазым, әкем Жұмабайдың отыз жыл бірге қызметтесі болған, бар саналы ғұмырын білім беру ісіне арнаған, «Қазақ КСР-нің үздік білім қызметкері», Ұлы Отан соғысының ардагері Шахабалы Дәуірбаев ағай туралы шағын мақалада айтпағым осы еді. Мектепте сабақ берген, бұл күнде көздері жоқ ағай, апайларымның рухтарына бас иіп, тағзым етемін!!

Ақділда Диханбай,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Leave A Reply

Your email address will not be published.