Қаламымды ұштаған басылым
Осынау кәсіби мереке күні қарсаңында өткен өмірге көз жүгірткен артық бола қоймас. Сонау 1956 жылы Жайылмадағы ең үлкен Ленин атындағы орта мектептің алтыншы класында оқып жүргенмін. Сол кезде мектеп оқушыларына арналған «Қазақстан пионері» газеті, «Пионер», «Білім және еңбек» журналдары көп таралыммен шығатын. Мен де соларды жаздырып алушы едім. Сол жылдары мектептерде қоян, тауық өсіретін тәртіп болушы еді. Мен де бір топ оқушылардың қоян өсіретін тәжірибесін хабар етіп жазып, газетке жібергем. Екі аптадан кейін менің жіберген мақалам «Тірі жәндіктер мүйісінде» деген атпен жарқ ете қалды. Негізге менің хабарым алынғанда, көркем тілмен бейнеленген өзгеше дүние болып шығыпты. Кейініректеу ойласам, сол газеттегі әдеби қызметкерлер жай хабарды өңдеп, оқушыларға көркем тілмен жеткізеді екен ғой. Бірақ аты-жөнім басылған газет менің біраз жұртқа «мақтануыма» жарнама болды. Бұдан соң аудандық, облыстық газеттерге ауыл өмірі, мектеп өмірі туралы хабарларды жиі жіберіп тұрдым. Үлкендер мені «Тілші бала» атандырды. Облыстық «Еңбек туы» газеті поштамен азды-көпті қаламақы да жіберіп тұрды. Мектеп бітірген соң бірінші жылы оқуға түсе алмадым. Аудандық «Социалистік шаруа» газеті мені корректор етіп, жұмысқа қабылдады. Сол кезде мен газетке белсене араластым. Тіпті оныншы оқып жүргенде, «Гүлжан» деген әңгімемді ақын әрі журналист ағамыз, кезінде көп жастарға қамқор болған Дулат Шалқарбаев аз-кем өңдеп газетке жариялады. Алдында «Таза бұлақ» деген өлеңімді басқан. Мені шаруашылықтарға, кәсіпорындарға, мәдени мекемелерге жіберіп отырды. Алғашқы суреттемелерімді жариялай бастадым.Республикалық «Лениншіл жас» газетіне де жарияландым. Міне, осы кезең менің шығармашылық болашағыма біршама ықпал етті деп ойлаймын. Сол кезде біздің мектепте оқитын Берік Шаханов, Қарағаш Смағұлов , Байқадамда оқитын Бейбіт Қойшыбаевтар газеттің белсенді тілшілері болды. Осылардың ішінен Берік те, Бейбіт те кейіннен көрнекті қаламгерлер сапына қосылды. Көрнекті қазақ қаламгері, қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза жастар газетін, әдебиет газетін басқарып тұрғанда талай қазақтың талантты жастарының бағын ашты, қамқор болды. Анау Оралхан Бөкей, Ақселеу Сейдімбек, Фариза Оңғарсынова, Серік Әбдірайымов, Кәдірбек Сегізбаев, т.б. жастардың журналистік, шығармашылық қабілеттерінің ұшталуына орасан еңбек сіңірді. Сол кісінің менің қолыма ұстатқан «Лениншіл жастың» қып-қызыл куәлігі менің қазақтың небір айтулы перзенттері Орал Таңсықбаевпен, Болат Аюхановпен, Шара бишімен, армянның ұлы суретшісі Мартирос Сарьянмен жолықтырып, ол кісілер туралы тартымды материалдар жазуға ықпал жасады.
Үш жылдық әскерге кетіп, үзілген оқуды университетте қайта жалғаған жылдарда жазу жұмысына белсене араласуға тура келді. Сол кездегі студенттер арасындағы келеңсіз оқиғаларды арқау еткен «О ғып, бұ ғып, бұқпантайлап жүріп…»деген проблемалық өткір мақаланы Шерхан аға көрнекі шрифтімен тура бірінші бетке бастыртты. Жастар газетінде басылған мақала республика студент жастар арасында үлкен дүмпу туғызды. Қазақ мемлекеттік университетінде, Абай педагогикалық институтында, республиканың жоғары оқу орындарында диспуттар өткізілді. Өзім оқитын университетте профессор Темірғали Нұртазин, Кеңес Одағының Батыры, филология ғылымдарының докторы Мәлік Ғабдуллин екеуі ұйытқы болғанын мақтан тұтамын. Баспасөз мәселесі менің жеке өміріммен тығыз байланысын ешқашан жоғалтқан емес. Ұзақ жылғы педагогикалық еңбектен соң 1998 жылдан бастап «Қаратау кеніші- Горняк Каратау» газетінің редакторы болдым. Осы жылдар бедерінде бұл басылымда кеншілер өмірін жан-жақты қамтуға күш жұмсады. Осынау мерекелі күнде әріптестеріме толайым табыс, шығармашылық шабыт тілеймін.
Жасымыз ұлғайып, шау тартқанына қарамастан әлі де баспасөз бетінде танымал тұлғалар туралы, қоғам өміріндегі кейбір өзекті мәселелер бойынша үн қатып отырамыз. Сондай басылымдардың бірі өзіміздің «Сарысу» газетімен осы күнге дейін байланысымды үзген емеспін. Кей тұстарда сол шығармашылық ұжымның ұсыныстары бойынша материалдар дайындап беремін. Осынау кәсіби мереке тұсында шығармашылық ұжымға үлкен табыстар. Жаңа жетістіктерге жете берулеріне тілек қосамын.
Пернебай Дүйсенбин,
жазушы