ҰЛЫ ЖЕҢІС: ЕРЛІККЕ ТАҒЗЫМ, ҰРПАҚҚА ҮЛГІ
Апта ішінде қаламыздағы спорт кешенінде аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 80 жылдығына арналған «Ұлы Жеңіс: Ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» атты аудан ардагерлері арасында спартакиада өтті.
Спартакиаданың ашылу салтанатында аудан әкімі С.Мамытов құттықтау сөз сөйледі.
-Сіздерді Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Ұлы Отан соғысы біздің халқымыздың, аға буын өкілдерінің, біздердің әкелеріміз бен аналарымыздың биік рухын, ерлігі мен қаһармандығын әлемге танытқан соғыс болса, Ұлы Жеңіс аға ұрпақтың Ұлы ерлігін мәңгілікке ел жадында сақтауға арналған ең қастерлі мереке. Ұлы Отан соғысының оқиғалары, соғыс ауыртпалықтарының барлық зардаптарын иығымен көтерген, содан кейін қираған елімізді қалпына келтірген адамдар туралы естелік мәңгі сақталатын болады. Ол әр кезде де отбасында, мектеп пен жоғары оқу орындарында, еңбек ұжымдарында әрбір жаңа буынды тынымсыз тәрбиелеудің тақырыбы болып келеді. Аға ұрпақтың қолымен биік көтерілген Жеңіс туы бүгінгі күні де бізді жарқын істерге жетелейді, рухымызды асқақтатады, қиындықтарды жеңіп, алға ұмтылуымызға көмек-теседі,-деді.
Одан кейін аудандық мәслихаттың төрағасы Ш.Мұсабеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Аппаз-ов сөз сөйлеп, батыр аталарымыздың өшпес ерлігі біздің мәңгі есімізде сақталады. Тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы, еліміздің өркендеуі осынау мерекенің жемісі. Бүкіл халық жадындағы қастерлі мереке – Ұлы Жеңіс күні қ
ұтты болсын. Әр отбасына ырыс-береке, елімізге бейбітшілік тілеймін деген жылы лебіздерін білдірді.
Спартакиада жарысына 1 қала, 9 ауылдық округтерден 100- ден астам еңбек ардагерлері қатысты.
Ардагерлер асық ату, шахмат, дойбы, бильярд, үстел теннисі спорт түрлерінен додаға түсіп, кім мықтыны анықтады. Жүзден жүйрік шыққандар аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің диплом, медальдарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Сәулет Есқараев, «Sarysý»
ӘКЕМ МЕН АҒАЛАРЫМНЫҢ ЕРЛІГІ МӘҢГІ ЕСТЕ
Біз-кешегі патша заманы мен кеңестік кезеңнің қиындығын
бастан кешкен кісілердің көзін көріп, олардың айтқан әңгімелерін тыңдап, зарлы әуендерін естіп өскен, бүгінде қатары сиреген ұрпақпыз. Сәби шағымызда бірде аш, бірде тоқ жүріп, арпа көже мен табылған нанды қорек етіп, ерте жастан еңбекке араластық. Оқу мен білімге құштар болдық. Биыл еліміз Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өтуде. Осы Ұлы Жеңіске үлес қосқан көзі тірі ардагерлер мен тыл еңбеккерлерін еске ала отырып, мен де өз әкемді, бауырларымды Отан, ел, ұрпақ үшін қан майданға қатысып, қанын төгіп, жанын қиған, Жеңіске жету жолында аянбай еңбек еткен ауыл азаматтары жайлы жазуды жөн көрдім. Сол майдангерлердің ұрпақтары да бүгінде тәрбиелі болып өсіп, білім алып, еңбек етіп, сол ардақты жолды жалғастырып келеді.
Біздің әке-шешелеріміз сонау 1928 жылдың 3-қыркүйегінде Сарыарқадағы Сарысу өзенінің бойында, қазіргі Түгіскен жерінде құрылған Сарысу ауданының алғашқы тұрғындары болған. Малдарын еріксіз түрде орталыққа алған соң, көшпенді ел малсыз күн көре алмай, аштыққа ұшырайды. Кеңестік жаңа үкіметтің айдауымен, тірі қалғандар жаяулап қарт Қаратауға қарай шұбырып, қазіргі Тәкіталыға жеткен. Сол жерде Қостөбе атауымен құрылған «Еңбек» колхозының басшысы – менің әкем Досжан Кенжебаев болған.
Әкем оны өлеңмен:
Болып зұлмат заман-ай,
Шұбырып Арқа адамы-ай,
Ішерге ас жоқ жүре алмай,
Таусылып тұр амалы-ай.
Аштық аяз обадан,
Қырылды елде қанша адам.
Бетпақта жетіп ажалы-ай,
Ит пен құсқа жем болып,
Сүйегі қалды ау далада-ай.
Қаратауға жеткенше не көрмедік?
Бақа-шаян, шөп-шалам не жемедік,
Қазы-қарта, қымыран ұмыт болып,
Шықпаған соң шыбын жан тек өлмедік.
Қарсы алып Кіші жүзді шұбырып жеткен
Қолда барын аштарға бөліп берген,
Мың алғыс жергілікті Ұлы жүз бауырларға,
Үйін беріп, дәм беріп қызмет еткен.
Бауырмал ең бауырлар мұнша неткен?
Үйреткен егісті егуді, оруды да
Қолымызға ұстатып орақ, кетпен, – деп әсерлі етіп келтірген.
«Еңбек» колхозында құрылған Қызыл отауды, Бауыржан Момышұлынан дәріс алып, сауатын ашқан Оразбай Досжанов (Ақтанау) басқарған. Ол кездегі Қызыл отау – ауылдың мәдени орталығы болатын. Бұл орын кітапхана мен клуб қызметін атқарып қана қоймай, ел ішіндегі даулы мәселелерді шешуге де атсалысты. Сонымен қатар халыққа үгіт-насихат жүргізіп, зорлық-зомбылық көргендерге араша түсіп, бостандық алуға көмектескен. Қызыл отау өнерлі жандардың басын қосып, ауыл тұрғындарына арналған концерттік бағдарламаларды жиі ұйымдастырған. Әсіресе, сауатсыздықты жою бағытындағы еңбегі ерекше болды. Бұл жұмыс арқылы ол ауыл тұрғындарының көкірек көзін ашып, болашаққа жол сілтеген.
«Батыр түскен үй немесе Бауыржан Момышұлы қалай молда бала атанды?» деген мақаланы құлтума алшын Иген Нұрмаханов ағам беріп, содан оқып білдім. 1929 жылы Бауыржан Момышұлы мектеп ашу ниетімен Арқа өңірінде болған. Бірақ істің сәті бола қоймапты. Шу бойындағы Қорқылдақ деген көлдің маңындағы елдің старшыны құлтума алшын Жақып Борбасов 18 жастағы жас жігіт Бауыржанды ауылына алып келеді. Киіз үйді мектеп етіп, ауыл балалары Тәкі Борбасов, Рахым Жақыпов, Оразбай Досжанов (Ақтанау), Мәмбет Жакиев, Әбен Есмаханов, Мысықбай Жамықаевтар Баукеңнен дәріс алып оқып, жаза алатын дәрежеге жетеді. Қыс айы, ауыл бытыраңқы отыруына байланысты Баукеңнің өтініші бойынша Жақыптың інісі Тәкі Баукеңді аудан орталығы бұрынғы Жеңіс, қазіргі Түгіскенге атпен апарып салған екен. Ауыл әйелдері Баукеңді ерекше құрметтеп, «молда бала» деп атаған. Міне, ел бірлігі деген осы емес пе?
Бұл 1929 жылы болса, 1942 жылы Рахым Жақыпов, Тәкі Борбасов полк командирінің орынбасары, полкті толықтыру жөніндегі комиссия төрағасы Бауыржанға кездеседі. Баукең оларды бірден танып қамқорлығына алады. Рахымды денсаулығына байланысты елге қайтарады. Тәкі Борбасов әкем Досжанмен амандасқанда «Бұл Бауыржан Момышұлымен бір полкта болған, жауды жеңген батыр балаң» деп қолын шекесіне қойып сәлемдескен екен.
…1929 жылы үлкен атасы Оразбай Досжанов Бауыржан Момышұлынан дәріс алса, 2019 жылы 27-тамызда інісі Ағыбай Досжановтың шөбересі Естай Амангелдиев Алматыдағы Бауыржан Момышұлы атындағы әскери оқу орнына түсіп, бастығы Манап Батырбековтен, ұстазы Нұршаттан жауынгерлік білімге қанығып, диплом алып шыққанына мақтан етемін.
Шұбырып келе жатқан аш елдің алдынан шығып ас-ауқат, киім-кешек таратқан Ұзақбай Құлымбетов, Ораз Жандосов, Жанайдар Сәдуақасов, Ақмедия Сармолдаевтың тапсырмасын мүлтіксіз орындап, елге тиісті затын әділ таратқан әкем Досжан, ағам Оразбай 1937 жылы сол кісілер «халық жауы» деген жаламен атылғанда «солардың құйыршығы» деп екеуі де жұмыстан қуылады. Орталықтан келген комиссияның әділ шешімімен сотталмай аман қалған Оразбай Досжанов өз жұмысын атқарса, әкем ұсталық, етікшілік іспен шұғылданды. Аш-арықтың киімін жамап, ыдыс-аяқтарын құрсаулап, Қызыл отауға үстелге қобыз, әбдіре, домбыра жасап беріп жүрді. Өзінің қол көрігімен соқа, кетпен, күрек саймандарын дайындайды. Аудан мен облыста ақындар айтысы өтсе, әкем Досжан Кенжебаев қатысып тұратын. Бір кездері бірінші орын алып Мәскеуге баратындар тізімінде болған, сәті түспеген. «Бұл әлгі «халық жауы» дегеннің салқыны ғой» дейтін әкем Досжан.
Ел болып бірігіп, енді ес жия бастағанда 1941 жылы 8 маусымда соғыс оты бұрқ етеді. Ел азаматтары қан майданға аттанып, жан алып, жан беріскен шайқастың ортасына кіреді. Бірнеше қалаларды босатып, қаза тауып жат жерде қалғандардың арасында Жылқыбай Өтебеков, Шуақ Оралов, Оразбай Досжанов, Игенбай Байтұров, Сағындық Сәтенов, Мырқы Кариев, Омар Байбосынов, Жуас Момынов, Өркен Әлиев, Ашықбек Шамаев секілді ерлер бар. Құдай сақтап, оқ пен оттан жаралы мүгедек болып елге келгендердің қатарында Арыстан Бегеев, Тұрсынбек Есенбеков, Ағыбай Досжанов, Байғара Әлиев, Төлмағанбет Көпешев, Жақсылық Шамаев, Ақпан Игенбаев, Абуғали Өтебеков, Қонтай Жүнісбектердің есімдерін ерекше атап өтуге болады.
Жұмысқа жарамды деген ер-азаматтардың бәрі соғысқа аттанғанда ауылдағы барлық ауыр еңбек қарттарға, жас балаларға, әйелдерге артылды. Колхозды сол жылдары Шәйкен Орынғазиева басқарып, оның орынбасары ретінде менің әкем Досжан Кенжебаев қызмет атқарды. Қиын-қыстау кезеңде халық тізе қосып, ел үшін жан аямай еңбек етті. Ер азаматтар Жамбыл мен Таласты жалғаған тас жолды салып, Ынталы ауылындағы су қоймасын тұрғызды. Олардың қатарында Досымбек, Мыңжан, Ибаділда, Жұмаділда, Көккөз, Несіпбай, Қали, Байбол, Оңғар сынды азаматтар бар еді.
Ал әйел-аналар Жетен, Бибайша, Айзада, Хадиша, Зейнеп, Жадыра қысы-жазы өгіз соқамен жер жыртып, егін екті. Қол орақпен егін орып, қырманға астық үйді. Көлбай мен Балсары секілді азаматтар бидай бастырып, қамбаға жинады.
Сол кезде біз, ауыл балалары Қиянтай, Диханбай, Ақбалық, Жамал, Мамыр, Сәкен, Орал, Ақбөкен, Ортай, Қанткүл, Асан, Тоқтарбай, Болысбек, Жағдай, Жолдасбек, Орынбасар тары күзетіп, масақ теріп, қозы бақтық. Бұлар ел үшін, жер үшін жанын қиған майдангерлердей еңбек еткен, тарихта мәңгі орын алатын қайсар жандар. Олардың ерлігі – ұрпаққа үлгі, елге мұра.
1939 жылы ауылдық кеңесте жұмыс істей бастаған сәтімде, маған бұл істі үйретіп, алты ай бойы ауданға есеп-қисапты бірге апарып жүретін жан досым-Тұрсынбек Есенбеков болатын. Біз жас кезімізден бірге өстік, кейін майданға да бірге аттандық. Өкінішке қарай, ол соғыста бір аяғынан айырылып, бірақ аман-есен елге оралды.
Т.Есенбеков майдандағы тағы бір ағамыз Оразбайды да жиі еске алатын. Екеуі 9 мамыр- Жеңіс күнін жыл сайын Үміт апаймен бірге біздің үйде қарсы алатын. Апам оларға туған ұлындай қызмет көрсетіп, ерекше құрметпен қарайтын.
Тұрсынбектің ұлы Рсанмен де тығыз байланыста болдық. Өкінішке қарай, ол өмірден ерте кетті. Бірақ арадағы сыйластық пен достық мәңгі есте.
«Мен өзім 53-ке биыл келдім,
Дидарын Құлымбеттің биыл көрдім,
Тілеймін азаматтың амандығын,
Тағдырын шешіп тұрған қазақ елінің», – деген өлең жолдарымен Ұзақбай Құлымбетовті қарсы алып еді» деп аудандық комитетте қызмет істеген біздің «Ақтөбе» колхозының тумасы Нармақан Тоққұлиев аға да әкемді жиі еске алып отыратын.
1941 жылы 27 жасында ағам Оразбай соғысқа аттанып, қанды қырғында бастан аяғына дейін болып, Берлинге дейін барып 1945 жылы 18 сәуірде ерлікпен қаза тапқан екен. Ет бауыр баласының шейіт болғанын әкем мен шешем үйге келген қара қағаздан білген. Ағам Оразбай 2014 жылы 24 мамырда 100 жасқа келер еді. Сол жылы еске алып, үлкен ас бердік. Үш күннен кейін, 27 мамырда, інім Аманкелді Ағыбаев өзінің жұмыс істейтін ауруханасының дәрігері Әбілхайыр Жартыбаевпен бірге әңгіме барысында: «Атамызға ас бердік, бірақ соғыста қай жерде қаза тапқаны белгісіз», — деп айтады. Әбілхайыр бастығы Марат Мамановтың кабинетінде интернетті қарап отырып, атамыздың қай жерде жерленгенін бірден табады. Бұл ақпаратты мен Құранның сауабымен байланыстырамын. Қағазда мынадай мәліметтер жазылған:
«Оразбай Дусжанов, 1914 жылы туған, Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Имбек колхозы. Қайтыс болған күні 18.08.1941 жыл, Сарысу аудандық әскери комиссариатынан шақырылған, қызыл армия сарбазы, қаза тапқан. Соңғы жерлеу орны: Германия, Бранденбург, Зелестен, Оңтүстік-Шығыс шеткері зираты. Мәліметтер ЦАМО архивінен алынған. Қағазда: «Номер фонда: 58, № описи: 18003, Номер дела: 795. Похоронен в Германии, Зелестен, 18 апреля 1945 года. Жена: Умирбекова Сара». Сондай-ақ, «Оразбай кандидат ВКП (б)» деп көрсетілген.
Ол уақытта партия қатарында болу деген үлкен сенім. 2015 жылдың 28 сәуірі мен мамыр айының аралығында немересі Сейілбек Алтаев және інісі Ағыбайдың немересі Қайырбек Ағыбаев үшеуміз Германияның Зелестен қаласына бардық. Алматыдан Берлинге дейін 11 сағат ұшып, Берлиннен Қазақстан елшілігінің қызметкері Жәнібек Ақбердиев бізді көлігімен күтіп алып, «Берденхаузер» қонақ үйіне орналастырды. Тимур Омаров пен Олжас бізді жақсы күтті. Ертеңіне Жәнібек өз көлігімен бізді Зелестен қаласына апарды. Зелестен Берлиннен 150 шақырым жерде орналасқан.
Ол қаланың басшысы Дарико Дрюстің кабинетінде болдық. Қазақстаннан апарған сәлем-сауқатымызды, кәде-сыйларымызды беріп, шапан жаптым, ол рақметін айтып қабылдады. Одан кейін Жәнібек бізді ағамның жатқан жері, бауырластар зиратына апарды. Бір мезгілде қайтыс болған 98 адамның тізімінде жалғыз қазақ ретінде менің ағам Оразбай Досжанов жерленген. Оның басына биік, 2-3 метрлік тас орнатылып, оған «Вечная честь героям Красной армии» деп жазылған екен. Бұл соғыс жылдары алған батыр атағы деп білемін.
Кеңес жауынгерлерімен неміс әскерлерінің бейіттері қатар жатыр. Олардың арасын жасыл тал ағаштары бөліп тұр. Жалпы зират күтімде, көк шөп, шаң-топырақ жоқ, шығысында ну орман, батысында үлкен Шпрее өзені бар. Біз ол жерге елден топырақ апарып салып, басына Құран оқып, топырақты шешемнің жаулығына орап, мәрмәр тастың астына көміп, ас бердік.
Екінші дүниежүзілік соғыста қантөгіс пен қиыншылықтарды бастан өткеріп, Еуропаның жартысын шарлаған, фашизмнің езгісінен құтқару жолында қару асынған батырлардың өмірі-ұрпаққа өнеге. Ағамның артында қалған ұлы Алтай ер жетіп, әкесінің ерлік ісін жалғап, 1963 жылы Кеңес армиясының қатарына алынды. 1965 жылы Ұлы Жеңістің 20 жылдық мерекелік медалімен марапатталды. Жоғары оқу орнын бітіріп, Рыскүл Арыноваға үйленіп, Сейілбек пен Салтанат атты ұл-қызды болды. Өкінішке орай, ол 29 жасында өмірден өтті. Ал Сейілбек Отан алдындағы борышын өтеген.
Екінші ағам Ағыбай Досжанов 1925 жылы туған, биыл 100 жасқа келер еді. Қайтыс болғанына 51 жыл болды. 1942 жылы 8 сыныпты бітіріп, соғысқа аттанып, Ұлы Отан соғысында 125 атқыштар полкінде Отанын жаудан қорғап, 1948 жылы 28 сәуірде елге оралды. Семейде жоғары оқу орнын бітіріп, аудандық дайындау мекемесінде, МПК-да, су бөлімінде басшылық қызметтер атқарды. Тыл еңбеккері Рымкүл Байкеноваға үйленіп, 9 бала өсірді. 49 жасында өмірден өтті. Ол да Ұлы Жеңістің медалімен марапатталған.
Ұлы Мейрамкелді де оқу оқып, жұмыс істеп, Жібек Әбдешқызына үйленіп, олардан 5 ұл-қыз көріп, екеуі де ерте өмірден өтті. Қайырбек Ағыбаев та Отан алдындағы борышын өтеген. Жоғары оқу орнын бітіріп, қызмет атқарып жүр. Ол Сая есімді жарымен Естай мен Олжас есімді ұлдарды тәрбиелеуде. Екеуі де студент.
Әкем Ұлы Жеңістің мерекелік медалімен марапатталған. Ұрпақтары өсіп-өнуде.
Бауырларымның, әке-шешемнің аруақтары риза болған шығар деп ойлаймын. Бастаған ісімді соңына дейін жеткізіп, оны абыроймен аяқтау мен үшін үлкен мәртебе. Бұл – халқым-ның қолдауының, басшылардың демеуінің арқасы деп білемін. Германияға барып, ағамның зиратын тауып, бір уыс топырағын елге жеткізу – менің өмірімдегі ең қасиетті істердің бірі болды. Осы игі істі атқаруыма тікелей атсалысып, жанашырлықпен көмектескен азаматтарға алғысым шексіз.
Атап айтқанда, сол кездегі аудан әкімі Қанатбек Мәдібекке, аудан әкімінің орынбасары Динара Асановаға, интернеттен қажетті мәліметті тауып берген дәрігер Әбілқайыр Жөгібайұлына, аудан әкімі аппаратының заңгері Қуан Алдабергеновке, аудандық Қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлім басшысы Асан Пшаевқа, Ермек Бақтияровқа, оның орынбасары Қуаныш Кәрімбековке, ауыл әкімі болған Ержан Көлбаевқа дән ризамын.
Биылғы Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерекесі құтты болсын!
Алтын ДОСЖАНОВА,
Сарысу ауданының Құрметті азаматы,
тыл еңбеккері, зейнеткер