МАЙДАНГЕРДІҢ ІЗГІЛІКТІ ІЗДЕРІ
Біз Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында еске алып, рухына тағзым етіп отырған азамат Айтбай Құлыбеков туралы ойласам:
Наркескен қайырылмайтын қы-лыш болса,
Мінезі, ақыл, өнері дұрыс болса…
Ақылды, сабырлы ер деп соны айтамыз,
Еткені берекелі жұмыс болса, — деп толғанған Ақан сері Қорамсаұлының әсерлі жыр жолдары еске түседі. «Тоқта балам, өмір деген өтпелі, бұл дүниеге кімдер келіп, кетпеді» дегендей, шынымен де қас-қағым сәттей өтіп шыққан ғұмырда, іс-мінезімен адамдардың жүрегінде ықылас отын жағып, артына өзіндік із қалдырған жарқын бейнелер көз алдыңнан кетпейді. Сондай-ақ жарқын, абзал жандардың бірі біз әңгіме еткелі отырған майдангер Айтбай Құлыбеков болатын.
А.Құлыбеков 1922 жылы 22 ақпанда Сарысу ауданы киелі де қазыналы Қаратаудың жотасындағы халық Көсегенің Көкжоны деп атап кеткен шұрайлы өңірдегі Үшбас ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Балалық балғын шағы қиын-қыстау кезеңге тұспа-тұс келді. Әкесі Құлыбек Аманқұлұлы қария өмір бойы Сарысу өңірінде мал шаруашылығы саласында қажырлы еңбек етіп, сол аймақта түйе малын өсіруге ерекше үлес қосқан, орталықтағы белгілі зоотехник-ғалымдармен селекция (будандастыру) бағытында тізе қоса көп жылдар жемісті еңбек етіп, түйенің түрлерін жақсартуға, асылдандыруға қолжеткізген, дүйім жұрт «ақ түйеші Құлыбек» деп құрметпен есімін атайтын еді. Тіпті өткен жүзжылдықтың бел ортасында КСРО-ның сол кездегі басшысы Н.С.Хрушевтың Қазақстан-ға келген сапарында Құлыбек атаның өсірген ақ түйесінің әдемі, көздері мөлдіреген бір ақ ботасын Алматыға алдырып, сыйлы қонаққа сый ретінде тапсырылған екен. Еңбек майталманы түйеші Құлыбек Аманқұлұлын бірнеше рет Мәскеудегі Бүкілодақтық ауылшарауашылық жетістіктер көрмесіне қатыстырылғаны, алтын және күміс төсбелгілерімен марапатталынғанын ауылдастары жыр қылып айтып отыратын. Құлекең атамыз мемлекеттік марапаттардан да құр алақан қалмаған екен.
Білім алып, «елім үшін, халқым үшін еңбек етем» деп туған елге құлшынып оралған Айтбай Құлыбекұлының еңбек жолын сол тұста бұрқ ете қалған соғыс өрті аяусыз шарпып кетті. Ол 1941-1946 жылдары Ұлы Отан Соғысына қатысып, артеиллерия батальонының командирі болып, Отан қорғау үшін тер төгіп, қан кешті, жау оғына төсін тосты. 1945 жылыдың мамыр айынан қараша айына дейін Батыс Украина, Львов қаласының тұсында, ұлтшыл Бандер тобына қарсы ұйымдастырылған операцияға (майданға) қатысты. 1945 жылы үш ай Берлин қаласының комендатының көмекшісі қызметін атқарды. Арабша-ескіше төте жазалатын маман ретінде ол осы қызметке қалдырылған болатын. Соғыстан кейінгі жылдары майдангер бейбіт өмірге араласып, бірер жыл Үшбас колхозына есепші-бухгалтер қызметіне орналасып, кейін Сарысу аудандық атқару комитетіне нұсқаушы қызметіне тағайындалып, жұмысы аудандық деңгейге жоғарлайды.
1948 жылдан 1962 жылдар аралығында Сарысу аудандық жос-парлау бөлімінің бастығы болды. Соғыстан кейінгі ауыр жағдайды қысқа мерзімде түзетуге күн-түн демей ерекше қажырлықпен аянбай еңбек етті. КСРО басшылығына Н.С.Хрущев келген заманда, атқару комитетін екі бөлімге (ауыл шаруашылық және өндірістік) бөліп тастап, жаңа реформа жүргізгені тарихтан белгілі. Бұл саяси шешім елді Сталиндік кадрлардан тазарту үшін жасалған құйтырқы ой-толғам еді. Бір жылдан кейін бұл екі бөлімді қайтадан қосқан кезде, Сталинді ашық жақтайтындар жұмыстан қысқартылған болатын. Солардың қатарында Құлыбеков Айтбай аға да болды. Содан ол туған ауылы Үшбасқа қоныстанып, үй-жай салып, бала-шағаларын өсіріп, бау-бақша егіп, беріле еңбек етті. Сәті түсіп, құдай жарылқап, сол шақта бір жақын майдангер жолдасы Айтбай ағаны арнайы Мәскеуден іздеп келіп, бірер апта қонақта болып, өткен-кеткен күндер жайлы әңгіме-дүкен құрып, өзі қызмет істейтін КСРО «Гидромет» орталығына байланысып, майдангер досы Айтекеңді қызметке қабылдатып, Қаратау биігінде орналасқан Көкжон өңірінің ауа райын болжайтын стансасын ұйымдастыруға мұрындық болып, қолғабыс көрсетіп, майдандас досын осы стансаның жауапты қызметкері етіп орналастырып қайтады. Бұл қызметті Айтбай Құлыбекұлы 1962-1979 жылдары абыроймен атқарды. Осы жылдары Гидрометерологиялық орталығына қажетті, пайдалы мәліметтер мен ақпараттар жинап, оларды сараптап, қорытындылап, халық шаруашылығын дамыту барысына пайдалы қызметте өндіре іс атқарды.
1979 жылы ауыл іргесіндегі жаңадан құрылған Жанатас қаласының кен байыту комбинатының әскерленген отрядының командирі болып қызметке ауысты. Осы қызметте жүріп, «Орталық» және «Көкжөн» рудниктерінің алғаш қазығын қаққандардың қатарында болып, Жаңатас қаласының өсіп, өркендеуіне ерекше үлес қосты. Кеңес өкіметі тарап, жаппай берекесіздік жайлаған кезде Айтбай Құлыбекұлы халықты сабырлық пен имандылыққа шақырып, көпшілік арасына діни рухты уағыздап, көпшілік арасында имандылықты нығайту мақсатында Жаңатас қаласына мешіт салу қажет екенін көтеріп, ол үшін арнайы қор ашады. Шаршамай-шалдықпай сол маңдағы барлық мекемелердің басшыларының есіктерін тоздыра жүріп, жаңа мешіт құрылысына қаржылай көмек көрсетуді сұрап, қаржы жинауға бір кісідей үлес қосты. Үлкенменен де, кішіменен де ортақ тіл табысып, қайырымдылық пен имандылық жолында аянбай тер төкті. Осыдан кейін екі-үш жыл өтпей-ақ Жанатас қаласында сәулетті мешіт ғимараты бой көтерді. Зейнетке шыққаннан кейін өмірінің соңына дейін өзі негізін қалаған осы мешіттің имамының аға көмекшісі қызметін көп жыл құрметпен атқарды.
— Мен деп кеуде соқпай-ақ, ақырын жүріп нық басатын, өз пайымына адал, азаматтық көзқарасынан таймайтын, бос сөзге айнымайтын қарапайым жандар бар. Олар майын тамызып, әдемі сөйлемесе де, көңілдегісін ашып айтады, ісімен дәлелдейді. Солардың қатарына мен Айтбай ағаны жатқызар едім, — дейді Сарысу ауданында 20 жылға жуық ел басқарған, осы ауданның Құрметті азаматы, марқұм Қуаныш Пәрімбеков.
«Адам ұрпағымен мың жасайды» дейді халық. Жұбайы Қалан Дабылбекқызы екеуі екі ұл, сегіз қыз өсіріп, бәріне жоғары білім беріп, ұлын — ұяға, қызын — қияға қондырып, жиырма төрт немере сүйген қадірменді қария бала-шағасының арасында 76 жасқа қараған шағында, яғни 1997 жылы дүниеден озды. Мәңгілік тыныштықты туған жері, кіндік қаны тамған топырағы Үшбас аулынан тапты.
Түсіне білген адамға мынау жарық дүниеге адам болып келіп, адам болып кетуден, көлгірсімей шындыққа тура қараудан артық қандай мақсат болуы мүмкін?! Айтбай Құлыбекұлы еліне қадірлі, ортасына беделді, азаматтық ақ жолдан таймай өмір сүріп, қатарының алды болды. Соғыста болсын, кеңес-партия қызметінде болсын, егемендік алған Қазақстанның діни жұмыстарында жүрсе де жалпы өмірлік қағидасы — адамгершілік, ұқыптылық, ізгілік, өзгелерге жақсылық сыйлау, айтқан сөзінде тұрып, еліне қалтқысыз еңбек ету оның өмірлік қағидасы болды. Балаларын да осы рухта тәрбиеледі. «Ата көрген-оқ жонар, шеше көрген- тон пішер» дегендей, тәуба, артынан өрген ұл-қыздары мына жарқын өмірден өз жолдарын тауып, бүгіндері қырық құбылған дүрбелең дүниеге «кірпіш болып қаланып», әке мен шеше үмітін ақтап жүргендері, иншалла, көңілді марқайтады.
Үлкен ұлы Қабланбек Айтбаев физика-математика ғылымдарының докторы, Түркістандағы А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессор-оқытушысы бола жүріп зейнетке шықты. Әлі де қолдан келген қызметін жайлап айналдырып жүр. Кіші ұлы Серікбек Құлыбеков полиция полковнигі, Алматыдағы Криминалдық полиция басқармасын, Ішкі істер министрлігінің бөлімшесін басқарды. Бүгіндері «Қазатомпром» компаниясының Шымкенттегі филиалында абыроймен қызмет атқаруда. Сыртта қызметте жүрсе де туған жерге, кіндік қаны тамған Көкжондағы ат төбеліндей Үшбас ауылына деген көңілі алабөтен. Ауылдың дамуына, гүлденуіне әркез қол ұшын беріп, ауылдың кіре-берісіне көрнекті арка-қақпа, мешіт, оның жанынан 200 орындық асхана құрылысын жүргізу, саябақты көріктендіру ісіне азаматтық танытып, белсенді түрде атсалысып келеді. Қыздарының бәрі бұл күндері үйлі-баранды, жоғары білімді, әр-түрлі салада жұмыс атқаруда. Кенже қызы Гүлнәр Алматы қаласында ірі бизнес-компанияның қаржы директоры болып жұмыс істейді.
— «Ынтымағы жарасқан жанұяның татулығы анадан» дейді қазекем. Бұл сөзде шындық бар. Заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов те бір сөзінде «Адамшылық негізі — әйел» деген екен. Ер адамның абыройын асыратын да, түсіретін де — әйел екені рас. Сыр бойында өмір сүрген дүлдүл ақын Тұрмағанбет: «Ерін күткен әйелді ханым десе болады» деген жыр жолдары бекер жазылмаған. Айтекеңнің үйіндегі Қалан жеңгеміз ұлттық әдептен озбайтын, «жігіттің бұл жалғанда арманы көп, егер де тең болмаса алған жары» дегізбейтін ақылды адам, тәрбиелі жан. Біраз жыл Алматыдағы, Астанадағы ұлының қолында, жырақта бола тұра, елге деген, ағайын-тусқа деген көңілі мен мейірімі ерекше болатын. Жыл сайын үрім-бұтағымен елге келіп, көзкөрген қарақұлақ қариялардың, абысындарының басын қосып, өмірден озған жақындарының, аруақтардың рухына арнап, құран оқытып қайтуды әсте естен шығарған емес. «Жүзігім алтын болғанша, жүзім жарқын болсын» дейтін, барды қанағат тұтатын, өсірген ұрпағына ақылшы-ана болып ғұмыр кешкен, пайымы мол нағыз зиялы хас бәйбіше еді, — деп Үшбас аулының тұрғыны болған, орденді механизатор, еңбек ардагері Зебер Төлепов Айтбай ағаның үйіндегі жеңгесі жайлы тереңнен сөз қозғаушы еді.
Тірі болса бүгінгі күндері Айтбай Құлыбекұлы қариямыз айтулы 100 жасты меңгеріп отырар еді. Артында ізгілікті із, ұлағатты ұрпақ қалдырған азаматтың асыл бейнесі көңілде қонақтап, есімі ұмытылмайды. Шүкір, өмірін жалғастырған балалары мен немерелері, шөберелері, ағайын-туыстары мен көзкөрген замандастары бұл күндері Айтбай қарияны жиі еске алып, рухына дұға бағыштап отырады.
Бұл дүниенің биігінен көрінген
Абзал адам өтсе дағы өмірден.
Туыс-бауыр дұға тілеп рухына,
Еске алады сағынышты көңілмен,
деген сөздермен біз Отан үшін, ел тыныштығы үшін сұрапыл жылдары от-жалын кешіп, оқ бораған майдан даласында қайсар ерлік көрсетіп, одан аман-есен туған жеріне оралып, білек сыбана ел байлығын тасытуға үлес қосқан абзал азамат Айтбай Құлыбеков ағаны еске алу мақсатында жазылған бұл мақаламызды риясыз сезіммен аяқтағымыз келеді.
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Журналис-тер одағының мүшесі.