Қарт Қаратаудың баурайы ән мен жырға бөленді

0

Наурыз – халқымыздың ежелден тойлап келе жатқан көктем мерекесі, жыл басы. Бұл – табиғаттың жаңаруымен қатар, адамдардың да бір-біріне ізгі тілек айтып, татуласатын, бауырмалдық пен бірлікті дәріптейтін ерекше мейрам.

Құт қонған Сарысу жерінде Наурыз мерекесі кең көлемде аталып өтіліп, қарт қаратаудың бау-райы ән мен жырға бөленді. Аудан орталығында ақ шаңқай кигіз үйлер тігіліп, қазақи нақыштағы көріністердің самалы есіп тұрды.

Ең әуелі аудан әкімі С.Мамытов бастаған зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері «Еңбек ерлері»  аллеясында «Атадан мал қалғанша,тал қалсын» деген ұранмен шырша екті.

Орталық алаңда жиналған адам қарасы көп. Ұлттық дәстүр мен өнерді қамтыған мазмұнды бағдарламалар дайындалған. Киіз үйлер аумағында қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылып, жаңадан дүниеге келген нәрестеге ат қою, бесікке салу, байлау, бау тағар, көрісу, қымыз мұрындық, ұршық фест, бауырсақ фест, балаларға базарлық,  тұсаукесер салттарынан көріністер қойылды.

Сондай-ақ, гір тасын көтеру, тоғызқұмалақ, асық ату, қошқар көтеру, балуандар боз кілемде күрессе, қол күресінен сайыс  және өзге де ұлттық спорт түрінен ойындар өтті.  Келушілер қазақ халқының бай мәдениетімен таныс-ты. Ұлттық тағамдар көрмесі арқылы салт-дәстүріміз дәріптелді.

Наурыз мерекесі одан әрмен концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.

Шарада аудан әкімі Сәкен Мамытов құттықтау сөз сөйледі:

-Баршаңызды береке-бірлігімізге бастау, татулығымызға тірек болған Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Халқымыздың дара құрметіне ие болған осы Наурыз мерекесінің биыл қасиетті Рамазан айымен орайлас келуі де – мейірім мен имандылықтың үйлесімді көрінісін паш етіп отыр.  Мемлекет басшысы өткен жылғы «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында «Наурыз – жаңғыру мен жаңарудың символы. Сондықтан төл мерекеміздің мазмұнын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өтуіміз керек. Бұл қадам қоғамды ұйыстырып, ұлттық бірегейлігімізді айшықтап, ел бірлігін нығайта түсуге ықпал етеді деп сенемін» деген ұлағатты сөзі қастерлі мерекеміздің қадір-қасиетін биіктете түсті.  Өйткені, тарихи тамыры тереңнен нәр алатын әз-Наурыз дана халқымызда қай кезде де еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ортаймас ырыс пен толайым ынтымақтың мерекесі болып келген. Бүгінде жаңаша сипат алған Ұлыстың ұлы күні – Қазақстанды мекендейтін барлық этнос өкілдерінің ортақ мерекесіне және еліміздегі татулық пен ынтымақтың шырақшысына айналды. Барша Сарысу халқы да осы тұмардай болған Наурыз  мерекесін – үлкен рухани серпіліс пен еңбек жетістіктерімен, ең бастысы ауызбіршілігі жарқын көрініс тауып отырған шақта қарсы алып отыр. Сондай-ақ, көктем айы басталысымен тазалық акциялары аясында елді мекендердің барлығында қоршаған ортаны таза ұстауға бағытталған көріктендіру басталды.

Сонымен қатар, бұл күндері ел игілігін еселеу жолында көктемгі дала жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр.

Олай болса, қыстың қыртысын бұзып, тасты жарып гүл шығарған, түңдігін ашып күн шығарған, көгілдір көктемді әкелген әз-Наурыз көпке шуағын шашсын,-деді.  Одан кейін аудандық мәслихаттың төрағасы Шаттық Мұсабеков: «Ұлағаты мол осы дәстүрлі мереке әр шаңыраққа ырыс пен құт әкелсін! Ел игілігі үшін еңбек еткен сарысулық қауымның қазаны дәмге, қамбасы дәнге толып, жұртымыз бейбіт де баянды ғұмыр кешсін», — деді.

Аудандық мәдениет үйінің концерттік бағдарламасы көрініс тарих құпияларын ашқан театрландырылған қойылымнан басталды, одан кейін ортаға өнер көрсету үшін ауданның шығармашылық ұжымдары шықты. Концерт барысында ұлттық аспаптарда орындалған әуендер мен халық билері, түркі халықтарының музыкалық өнері, қазақтың «Тойбастар», «Нау-рыз-Думан» және өзге де әндері, «Жарапазан» тұрмыс-салт жыры және дәстүрлі өнер қойылымдары қамтылған. Күй күмбірлеп, «Айжанқыз» би ұжымының бишілері би биледі.

Мереке қонақтары ұлттық тағамдардан дәм татып, халық ойындарына атсалысты.

Осындай іс-шара легі ауылдық округтерде де жалғасын тапты.

 

 

Байқадам

Саудакент ауылында ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Қош келдің, нұрлы мереке» атты мерекелік шара өтті. Ауылдың кіре-берісінен ауылдық мәдениет үйіне дейін салт аттылар мерекелік шеру жасап, ауыл тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сахнада «Сарыарқа» ұлтаспаптар оркестрі және «Саудакент» халық театры театрландырылған көрініспен шара шымылдығын ашты.  Шарада елімізді, жерімізді жамандықтан сақтасын деген ниетпен «Алас» салты айтылды. Айтулы күнде аудан әкімі Сәкен Мамытов саудакенттіктерді Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтады:

-Жыл басы әз-Наурыз-халқымыз-дың рухани жан дүниесін байыта түсіп келеді. Ал, Наурыз дастарханы-достықтың дастарханына айналды. Сондықтан да, Ұлы Дала төсінде тербелген Қазақстан халқы-Наурыз мерекесін айрықша сағынышпен, үлкен ықыласпен  күтеді.

Бүгінгі жаңарған жасампаз Наурыз мерекесі де-үлгі мен өнегеге байлам, тәрбие мен тағылымға түпсіз тамыр болып отыр, — деді.

Сонымен қатар сахна төріне  аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков пен «BI GROUP» компаниясының өңірлік филиалының директоры Бақтияр Байкенов шығып, барша жұртты мерейлі мерекемен құттықтап, елдің амандығын жұрттың тыныштығын тіледі.

Сондай-ақ ұлттық спорт ойын түрлері ләңгі тебу, қазақша күрес, арқан тарту, қол күресі және қошқар көтеруден сайыс ұйымдастырылды.  Жарыс жеңімпаздары «BI GROUP» компаниясы атынан қаржылай сый-лықтармен марапатталды.

Мерекелік шара ауылдық мәдениет үйінің концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты. «Сарысу» триосы, «Menur» тобы, «Қыздар» триосы және ауыл өнерпаздары ән шырқаса, «Айтұмар» және «Балдәурен» бишілер ұжымы мың бұрала би биледі.

 

Жайылма

Жайылма ауылында  «Қош келдің, төрлет Наурыз» атты   мерекесі тойланды. Мерекелік шаралар таңер-теңнен басталып, түрлі қызықты бағдарламалармен жалғасты. Мереке барысында  өнер мектебінің  оркестрі ұлы даланың үнін әуелетіп, күй төкті. Ауыл өнерпаздары әннен шашу шашып, сахнаның көркін ашты.  Жастардың әндері мен биі көпшілікке  көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Домбыраның үні мен күйдің әсемдігі барлық көрермендерді тәнті етті.

Мерекелік іс-шара барысында аудан әкімінің орынбасары Н.Молдабеков, аудан әкімінің сәулет, қалақұрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Ж.Сақыпбеков, ауыл әкімі  Жандарбек Смағұлов, ауыл ақсақалдары сөз сөйлеп, ауыл тұрғындарын Наурыз мейрамымен құттықтады.

Сонымен қатар, ауылдың ер азаматтары арасында қол күрес, арқан тарту, гір тасын көтеру және қазақша күрес секілді спорттық сайыстар ұйымдастырылды. Бұл сайыстар жасөспірімдердің денсаулығы мен шыдамдылығын тексеріп, бірлікті арттырып, мерекеге ерекше қуаныш сыйлады.

 

Досбол

Досбол ауылдық округінде 22 нау-рыз — Ұлыстың Ұлы күні мерекесі кең көлемде тойланып өтті. Досбол ауылында көше тұрғындары арасында  арнайы жарыс болып өтті. Көше тұрғындары арасында үздік бата беру, көрініс құру, ұлттық ойын жамбы ату, арқан тартыс, үздік киіз үй, таза көше жарыстарымен сайысқа түсті.

Мерекелік шара ұлттық, спорттық-бұқаралық ойындармен жалғасып, ұлттық ойындарымыз насихатталып, жастар қазақша күрес, гір тасын көтеруден, арқан тартыстан, қол күресінен жарысқа түсіп, жүлделі орындармен, сыйлықтармен марапатталды.

Түркістан

Түркістан ауылдық округіне қарасты Арыстанды ауылында  да мереке кең көлемде тойланды.  Мерекелік шараға қатысқан аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Д.Шортанбаев жиылғандарды мерекемен құттықтап, елдің бірлігі сөгілмесін, ынтымағы жарассын деген тілегін жеткізді.

Этнос өкілдері нұр шашқан күнде қазақ еліне алғыс айтып, алты Алаштың басын қосқан жыл басы берекесін алып келсін деді. Мерекеде ұлттық салт-дәстүрлер көрініс тауып, спорттың гір тасын көтеру, қол күресінен жарыстар өтті. Мерекелік кеш концерттік бағдарламаға ұласып, ауыл өнерпаздары өнерлерін көрсетті.

 

Жаңаарық

Ұ.Сыздықбайұлы ауылында «Қош келдің, Әз-Наурыз!» атты іс-шара өтті.

Мерекелік жиынға ауыл әкімі Қ.Алдабергенов,  аудан әкімдігінің экономика және бюджетті жос-парлау бөлімінің басшысы И.Тілі-кова, аудандық мәслихат депутаты О.Мұқашов және ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Бакенов қатысып, ауыл тұрғындарын Наурыз мерекесімен құттықтады.

Алаңда алтыбақан құрылып, киіз үй тігіліп, қол күрес, гір тасын көтеру, ләңгі тебу секілді т.б. ойындар ұйымдастырылды.

Концерттік бағдарламада аудан және ауылдың өнерпаздары ауыл тұрғындарына мерекелік көңіл күй сыйлап, әртүрлі ойындар ұйымдастырылды.

Іс-шара барысында ұлттық нақышта ең сәнді киініп келген ауыл тұрғындарын анықтап, сый-сияпат тапсырылды.

Ересектер және жасөспірімдер арасында қол күрес, ләңгі тебу, гір тасын көтеру сияқты спорттық жарыс-тар ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталды.

 

Жаңаталап

Жаңаталап ауылдық округінде жыл басы тойланды. Аядай ғана ауылда бірліктің үлгісін танытып жүрген ауыл адамдары бір шаңырақ астында тату — тәтті өмір сүріп келеді.

Мерекеде ұлттық салт-дәстүрлер көрініс тауып, спорттың гір тасын көтеру, қол күресінен жарыс-тар өтті. Мерекелік кеш концерттік бағдарламаға ұласып, ауыл өнер-паздары өнерлерін көрсетіп, сый-сияпат табысталды.

Сонымен қатар ауыл азаматтары мен ауыл әкімінің демеушілігімен құнан және тай бәйгесінен аудандық біріншілік болып өтті. Жарыста Байқадам, Игілік, Жайылма ауыл-дарының, Жаңатас қаласының және Талас ауданының жүйріктері бақ-тарын сынады.

Жеңімпаз сәйгүліктердің иелеріне ұйымдастырушылар тарапынан диплом медальдары мен сыйлықтар тапсырылды. Осындай іс-шара барлық елді мекендерде аталып өтті.

 

Тал егу рәсімі өтті

Бурабайда өткен Ұлттық құрыл-тайда Президентіміз  Қасым-Жомарт Тоқаев «Біртұтас тәрбие» бағ-дарламасын «Адал азамат» деп атауды ұсынды. Бұл атау бағдарламаның негізгі мақсатына сай келеді, өйткені оның түпкі міндеті-әділетті, еңбекқор, білімді және отансүйгіш азамат тәрбиелеу болып отыр.

Наурызнама онкүндігі аясында  «Жаңару күніне» орай М.Әуезов атындағы мектеп-гимназиясының алдында  тал егу іс- шарасы өтті.

Ең әуелі шара мектеп-гимназиясының алдына аудан әкімі С.Мамытов бастаған зиялы қауым өкілдері және мектеп ұстаздары мен оқушылары шырша ағашын егуден бастады.

Сонымен қатар салт-дәстүрімізді ұлықтаған іс-шарамен жалғасын тапты. Шарада аудан әкімі Сәкен Мамытов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Аппазов, білім саласының ардагері Сахарай Қырғызбаев, ауданның Құрметті азаматы Жамбыл Шәдиев сөз сөйлеп, оқушыларды отанын сүюге, елінің абыройлы, адал азаматы болуға шақырды. Мектеп-гимназияның жас өнерпаздары әуелете ән шырқап, көпшіліктің ықыласына бөленді. Киіз үй тігіліп, арнайы мерекелік дастарқан жайылды. Сонымен қатар, ұлттық спорттық ойындар арқан тарту, асық ату, тоғызқұмалақтан жарыс ұйымдастырылды.

 

 Түлектер тартуы

Мереке қарсаңында қаламыздағы Д.Қонаев атындағы орта мектептің 1995 жылы бітірген түлектері білім ұяларынан ұшқандарына 30 жыл толуына орай өздері білім алған қара шаңыраққа сый-құрмет көрсетті.

Жаңатас көпсалалы колледж студенттері  мен мектептің 8- 11 сынып оқушылары арасында футболдан, волейболдан және баскетболдан аудандық турнир өткізді. Шараға аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ермағанбетов қатысып, жиылған көпшілікті мерекемен құттықтап, түлектер тартуы жобасының ауданымызда маңызды рөлге ие екендігін айтты. Сонымен қатар, аудандық қырғыз этнос өкілі Алтай Сатыбеков және түлектердің атынан Жеңіс Құдайбергенов сөз сөйлеп, жылы лебізін арнады.

Аталмыш турнир қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлде-герлер ұйымдастырушылар тарапынан дипломмен, кубокпен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Айта кетейік, түлектер мектепке волейбол, футбол және баскетбол доптарын, екі түрлі спорттық киімдер мен волейбол, теннис сеткаларын тарту етті. Сондай-ақ, Жаңатас көпсалалы колледжіне LED экран алуға қаржылай қолдау көрсетті. Бұдан бөлек, осы азаматтардың ұйымдастыруымен  ауданымыздың бі-лім саласына инвестициялық қаржы бөлінді. Атап айтқанда, Д.Қонаевтың түлегі Ералы  Шоқпаровтың тікелей атсалысуымен «Халықаралық білім беру корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің базасында «Mauer» неміс фирмасының қаржылық қолдауымен, аудандағы орта және негізгі білім беру мекемелерінде, сондай-ақ, арнаулы білім беру ұйымдарында «Сәулет және құрылыс, тау-кен ісі, экология» бағыттары бойынша студенттер мен оқушылардың үздік ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту мақсатында қаржылай грант бөлінді. Қазіргі кезде мектеп қабырғаларында оқушылар ғылыми жобаларын әзірлеуде. Жоба жеңімпаздары ағымдағы жылдың 25 мамырында марапатталып, қаржылай гранттары табыс етілетін болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.