Қариясы бар елдің, қазынасы бар
Мен бүгінгі сыр шертпек болып отырған тұлғам өзімнің туған әпкем өмірдің тауқыметін көп тартқан, сонда да мойымай бала-шағаларын өсіріп, еңбек майданында шыңдалып, бар бақытын еңбектен тауып, «Ардақты ана», «Тыл ардагері» атанып бүгінде 90 жасқа толғалы отырған Шардарбекқызы Тәжікүл туралы болмақ.
Шардарбекова Тәжікүл ел ашаршылықтан әлі ес жия қоймаған кезде 1935 жылы 11 сәуірде дүниеге келген. Балалық шағы аштықпен соғыс жылдарына тұспа-тұс келді. 1941 жылы соғыс басталып кеткеннен кейін 1-ші сыныпқа Жайылмадағы «Қызыл ту» бастауыш мектебіне барған. Халықтың көңіл-күйі жоқ, азаматтардың барлығы соғысқа аттанады. Ауылда бірлі-жарым соғысқа жарамаған азаматтар, бала-шаға, әйелдер колхоздың жұмысын жалғастырып жатты. Сол кездегі балалар ерте есейді. Кіп-кішкентай болып, аналарына көмек қолын созды. «Бәрі де жеңіс үшін, бәрі де майдан үшін» деген ұранмен әскердегі азаматтарға қолдағы бар мал өнімдерінен шұлық, қолғап, мойын орағыштар тоқып жөнелтті. Шілтер, шәлі, кесте тігіп үйлерін әдемілеуге тырысты. Сұрапыл соғыс қаншама жанның өмірін жалмады. Әйтсе де, түбінде жеңіс туы көк аспанымызда желбіреді. Тәжікүл әпкем 5-ші кластан бастап В.И.Ленин атындағы мектепке жаяу барып оқыды. 8,9,10 сыныптарды Байқадам қазіргі Саудакент ауылында орналасқан Каганович атындағы орта мектепте оқып бітірді. Соғыс жылдары анасы ерте қайтыс болып, әскерге ерте аттанып 10 жыл бойы әскер қатарында болып келген Нохатұлы Аралбаймен бас қосуға тура келді. Бұл 1953 жыл еді. Қолда атасы бар, колхозға жұмыс істеуге шықты. Сол жылдардағы колхоздың төрағасы Оспан Қабанбаев бұл кісіні алдыңғы қатарда жұмыс істеп жүрген жүгері звеносы Шолпан Құтжанова апайдың қасына жіберді. Ол уақытта колхоз «ақ жүгері» егетін. Шолпан апаймен бірге жасаған еңбек өз нәтижесін беріп, гектарына 12 центнерден өнім алды. Ауыл, аудан басшылары жасаған елеулі еңбектері үшін марапаттар жасады. Келесі жылы еңбекқор Тәжікүл әпкемді өз алдына звено етіп сайлады. Жеке звено болғанда да еңбегі еселеніп, колхоздың алдынғы қатарлы «диханшысы» болды. Сол кезде Нохат атасы қасында жүріп, жүгері алқабын қарауылдады. Бейнетпен қатар аналық борышын өтеп, дүниеге әкелген үш перзентін жер қойнына тапсырды. Жолдасы Аралбай аға да шаруашылықтың бел ортасында жүрді, колхоздағы алғашқы озат шоферлардың бірі болды. Осы бейнеттерде отбасы мүшелері қатар жүріп еңбек етіп, 1956 жылы Нохат атасы дүниеден өтті, артынша дүниеге ұл келді атасының, о дүниеге кетер алдында қойып кеткен Елемес есімін берді.
1957 жылы Жайылма төңірегіндегі колхоздар біріктіріліп, Жайылма совхозы болып құрылды. Сол кезеңдерде әпкем совхоздың құрылыс бригадасында жұмыс істеді. Одан ары оқу оқып, білімін жетілдіру мақсатында 1964 жылы Жамбыл қаласындағы мәдени ағарту училищесіне кітапхана мамандығы бойынша оқуға түсіп, 1967 жылы аталған оқу орнын бітіреді. 1967 -1987 жылдары Жайылма ауылындағы кітапхана жүйесінде кітапханашы болып қызмет атқарды. Жұмыс істеген жылдары еңбекқорлығы, тиянақтылығымен көзге түсіп аудан, облыс марапаттарына да ие болды. (Әрине, атын атап, түрін түстеп жазуғада болар еді құжаттар сақталмапты) 1987-1989 жылдар аралығында қайтадан құрылыс бригадасында жұмыс істеп, зейнеткерлік демалысқа шықты.
Бұл кісіні «алтын құрсақты ана»-деп айтуға тіптен лайықты, жоғарыдағы атап кеткен барлық қиыншылықтарды арқалап жүріп, өмірге 10 перзент әкелді. Жан жары Аралбай ағамыз совхоздың жұмысымен күні-түні демей қысы-жазы Арқа, Бетпақ, Шуда жүрді. Соғыс зардабын көріп өскен азамат өте сабырлы, жұмыстарына өте тиянақты, өзінің жұмысын жақсы көретін, өзіне тапсырылған жұмыстарды уақытында орындап отыратын аяулы азамат еді.
Осы екі асыл азаматтан тараған ұл-қыздар да ата-аналарына тартып еңбек сүйгіш болып өсті. Үлкен ұлы Елемес Ташкент қаласындағы электр мамандарын даярлайтын техникумда білім алып, Жаңатас қаласындағы Қаратау өндірістік кешенінде энергетик болып жұмыс істеп, зейнеттік демалысқа шықса да әлі күнге дейін электрик болып жұмыс жасап жүр. Екінші ұлы Ескермес те Тараз қаласында элекрт жүйесі мекемесінде дәнекерлеуші болып жұмыс істейді, зейнеттік демалыста жүрсе де еңбектен қол үзбеді. Үшінші ұлы Алғабай да элекр жүйесі саласында Түркістан қаласында қызмет атқаруда. Одан кейінгі ұлы Ілгерібай қара шаңырақта тұрып жатыр. Жайылма ауылындағы балалар бақшасында ұста. Кенже ұлы Мұхтар Алматы қаласындағы М.Тынышбаев атындағы қазақ-көлік және коммуникациялар академиясын инженер мамандығы бойынша тәмәмдады, Тараз қаласындағы М.Х.Дулати атындағы университеттің Заңтану факультетін оқып «Заңгер» мамандығын алды. Л.Б.Гончарев атындағы автомобиль жол институтының магистратурасын аяқтап, қазіргі таңда док-тарантурасын оқып жатыр. Сонымен қатар Л.Б.Гончарев атындағы автомобиль жол институтында аға оқытушы. Аралбай аға мен Тәжікүл әпкемнен тараған қыздардың бәрі оқу орындарын бітіріп, мамандықтары бойынша қызметтер атқарды. Үлкен қызы Аманкүл бухгалтер болып жұмыс істеп, қазір зейнеткерлік демалыста. Жеңіскүл мен Райхан бірнеше жылдар бойы білім саласында мұғалім болып қызмет атқарды. Кіші қызы Жұмакүл Шығанақ ауылындағы балабақшада тәрбиеші болып жұмыс жасап жатыр. Өмір бір орында тұрмайды ғой, 2002 жылы жан-жары Арекеңді мәнгілік мекеніне шығарып салды. Раушан қыздары бірнеше жылдар бойы науқастанып 2023 жылы дүниеден озды.
Тәжікүл Шардарбекова ұл-қыздарынан 40-тан астам немере, 50-ден астам шөбере сүйіп отыр. Заман талабына сай немерелер де білім алуда, алды Америка Құрама Штаттарында қызмет жасауда. Немерелерден туған балалардың алды жоғары оқу орындарында оқып жатыр. Осыншама еңбекті, қиыншылықтарды мойнымен көтеріп, бүгінгі күні бақытты әже атанып, өзінен тараған ұрпақтарының қызығын көріп отыр. Балалардың барлығын адал еңбек етуге үйретті. Соның арқасында еңбектің тәтті нанын жеп, зейнетте немерелерін өсіріп жатыр. Еңбек адамды бақытсыздықтан сақтайды, өмірге құлшынысын арттырады, жақсы өмір сүруді қалыптастырады. Еңбектің бейнетімен шыңдалған әпкем әлі тың, бақытты, өміріне ризашылығын айтып отыр.
Бірде-бір қарияға «жүзге» келіңіз десе, қария мұны айтып отырған жүзге келмегендердің сөзі ғой деген екен. Әрине 100 жас адам баласы үшін шарықтау жас. Дегенмен біз әпкеміздің 100-ге келгенін қалар едік, шөпшектерінің қолынан май жаласа екен деп тілейміз. Бәрін уақыт көрсетеді. Алланың берген жасын жасап, ортамызда аман-есен жүріңіз.
Балкүл Шардарбек,
еңбек ардагері, Халық ағарту ісінің озық қызметкері