Наурыз бата
Дәулетті бас берсін,
Бақытты ас берсін,
Ұлыстың Ұлы күнінде!
Ұлыс оңға қонсын,
Қызың қырға қонсын!
Қозыға толсын көгенің,
Тұлпар болсын құлының.
Сүтті болсын құдығың,
Өрісті болсын жайлауың,
Ырысты болсын қыстауың!
Арыстандай болсын қайратың,
Аюдай болсын айбатың,
Гүлге толсын өңірің,
Көңілді өтсін өмірің,
Асқа толсын табағың,
Ашық болсын қабағың!
Ниеттерің ақ болсын,
Наурыздың ақша қарындай.
Бастарыңа бақ қонсын,
Шаштарыңның барлық талындай!
Санасы асып адамның,
Көңілде кір қалмасын.
Құты қашып жаманның,
Жақсы тапсын жалғасын.
Тыныш болсын даламыз,
Түгел болсын нуымыз.
Таза болсын ауамыз,
Тұнық болсын суымыз.
Қайғы-уайым жоқ болсын,
Оралмасын кез өгей.
Ырысымыз көп болсын,
Бүгінгі наурыз көжедей!
Ұлысың оң болсын,
Ақ мол болсын,
Қайда барса да жол болсын!
Ұлыс бақты болсын,
Төрт түлік ақты болсын!
Ұлыс береке берсін,
Бәле-жала жерге енсін!
Ұлы халқым тоқ болсын,
Көйлектерің көк болсын!
Қайғы уайым жоқ болсын,
Қуаныштарың көп болсын!
Аумин! Аумин! Аумин!
С.АППАЗОВ,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы