МАМАНДЫҚ ТАҢДАУ-МАҢЫЗДЫ ІС
Жастарды еңбекке баулу және мамандықтарын дұрыс таңдауға бағыт беру маңызды істердің бірі. Саналы түрде таңдалған мамандық жеке тұлғаның болашақ өміріне әсер етеді.
Болашақтағы кәсіби мақсатына дұрыс бағыт алған оқушы бойындағы қарым қабілетін шығармашылықпен дамыта білсе сапалы маман ретінде қалыптасатыны белгілі. Осы мақ-сатта «Мамандық таңдау-маңызды іс» жобасы Б.Адамбаев тірек мектебінде жалғасын тапты.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Ерлан Дайрабайұлы қатысып, мамандықтың маңызын түсіндірді. Оқушылар өз кезегінде сауалдарын қойып, пікір алмасты.
Сонымен қатар Жаңатас қаласының Қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлім бастығының уақытша міндетін атқарушы, подполковник Әуелбаев Болат бітіруші түлектерге мамандық таңдаудың маңыздылығын түсіндірді. Түлектерге Отан алдындағы борышын өтеу – қасиетті ұғым, ол әрбір азаматтың міндеті екенін атап өтті.
Сонымен қатар аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Нарбеков Қанат жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың, ойын құмарлықтың, буллингтің алдын алу бойынша және жастардың патриоттық рухын көтеру мақсатында түсіндірме жұмысын жасады.
Сондай-ақ арнайы видеороликтер көрсетіле отырып, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.
Жиын барысында Саудакент ауылы № 11 өрт сөндіру бекетінің бастығы, азаматтық қорғау капитаны Әділет Бекенов М.Ғабдуллин атындағы «Азаматтық қорғау академиясына» оқуға түсу туралы кеңінен мағлұматтар беріп, өрттің алдын алу мен қауіпсіздік ережелерін түсіндірді.
Байқадам ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлмағанбетов Арқабай сөз алып, жастарға өз еңбек жолын таныстырып, болашақтарына сәттілік тіледі.
Оқушылар болашақта таңдайтын мамандықтары туралы ойларымен бөлісті.
Бояулар құпиясы
Жуырда Жайылма ауылдық балалар өнер мектебінің бейнелеу және сәндік қолданбалы өнер сыныбының оқушылары Астана қаласында өткен «Білім айнасы» Республикалық ғылыми танымдық басылымның редакциясы ұйымдастырған жас суретшілерге арналған «Бояулар құпиясы» тақырыбында өткен байқауға қатысты.
Осы байқауда аталмыш мектептің оқушылары бақ сынап, дарындылығымен, талантымен топ жарды. Атап айтар болсақ: Айтбек Ислам, Тұрған Айсұлтан, Айтбек Имран, Айтуар Ернар, Жамбыл Нұрисламдар І дәрежелі дипломмен марапатталса, жеті өнер шығармашылық орталығынан Өмірзақ Диас, Тілепберген Шыңғыс, Айтбек Имрандар бас жүлдені жеңіп алды.
Сонымен қатар оқушылардың мұғалімі Жанабилов Мұхтар шығармашылық конкурсына жігерлі ұрпақтарды қолдап, дайындап қатыстырғаны үшін, талаптыда талантты ұрпақ тәрбиелеп, белсенділік танытқаны үшін Алғыс хат және үздік жетекші номинациясымен марапатталды.
Сәулет есқараев, «Sarysý»