НАҚТЫ ІС НӘТИЖЕСІН БЕРЕДІ
Үлкен жолдың бойында жатқан Жаңаарық ауылдық округі тағылымды тарихымен де, таңғажайып табиғатымен де, толайым табысқа толы тыныс-тіршілігімен де талайларды тәнті етіп келеді. Аймақтағы дүкендерде ішімдік сатпау туралы бастама да көпті елең еткізіп, тіпті республикалық телеарналардың эфирлерінен көрсетілді.
Мұның бәрі де ел-жұрттың ауызбіршілігін көрсетіп тұрған-дығы ақиқат. Ауылдың ақсақалдары өнегелі жолды көрсете білсе, жастар жағының іліп әкететіндігі сөзсіз. Сондай сабақтастықтың нәтижесінде ауылдық округ мақтаулы елді мекендердің қатарында аталып жүр.
Жалпы, Жаңаарық ауылдық округінің аумағы 80990 гектар жерді құрайды. Округке қарасты Ұ.Сыздықбаев және Ақтоғай ауылдарындағы 301 аулада 1668 адам тұрады.
Баршаға белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің жуырда өткен кеңейтіл-ген отырысында өңірлерді дамыту үшін агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыру қажеттілігіне тоқталған болатын. Бұл тұрғыда Президент:
«Былтыр экономиканың басқа салаларына қарағанда ауыл шаруа-шылығы даму қарқыны бойынша алға шықты.
Бұған көктемгі егіс науқанына берілетін арзан несие көлемін едәуір арттырудың арқасында қол жеткіздік. Биыл осы науқанға кемінде 700 миллиард теңге бөлу керек. Арзан несиені малшыларға және ауыл шаруашылығы өнімін өңдеушілерге берген жөн.
Тиімділігі төмен субсидиялау тәсілінен жеңілдікпен несие беру тәсіліне көшу қажет. Мен бұл мәселе жөнінде осыған дейін де айттым. Осы міндетті орындау керек.
Былтыр диқандарымыз мол астық жинады. Бірақ бидай бағасы тым арзандап кетті. Шаруаларды қолдауға және ішкі нарықты тұрақтандыруға Азық-түлік корпорациясы атсалысты. Бірақ бұл – уақытша шешім. Көбірек табыс әкелетін дәнді-дақылға көшуді жалғастыру қажет. Сондай-ақ шикізатты сақтау және оны терең өңдеу мүмкіндіктерін арттыру маңызды. Өнімді шетелге шығаруға қолдау көрсету керек.
Малдың жұқпалы ауруларына қатысты ахуалды, соның ішінде екпе егу мәселесін ерекше бақылауда ұстаған жөн. Мал шаруашылығының экспорттық әлеуеті осыған байланысты. Ауылды дамытуға арналған негізгі міндеттерге арнайы тоқталғым келеді. Бұл жерде инфрақұрылымды жаңғыртуға және бизнесті қолдауға басымдық берілуі керек. Ауылдық аймақтарды жан-жақты дамытуға арналған мемлекеттік қолдау шараларының бәрін бір бағдарламаға біріктіру дұрыс шешім болмақ, яғни «Ауыл аманаты», «Ауыл – Ел бесігі» және тағы басқа бағдарламалар.
Үкімет пен әкімдерден жаңа, жүйелі әрі тың тәсілдер күтемін. Жалпы, ауыл шаруашылығында шешілмеген мәселелер аз емес. Фермерлер, сарапшылар түрлі түйткілдер туралы жазып жатыр. Мысалы, бордақылау орындары малсыз, жартылай бос тұр, себебі, мал көрші елдерге төмен бағамен сатылып жатыр. Ауылдағы ағайынның тұрмыс сапасына ықпал ететін барлық мәселеге баса мән беру қажет. Ауыл халқы қаржылық және мемлекеттік қызметтерден қол үзіп қалмауы керек» деп атап көрсетіп, нақты міндеттер жүктеді.
Біз сөз етіп отырған Жаңаарық ауылдық округінің де даму әлеуеті ауыл шаруашылығымен біте қайнасып жатыр. Округте 47 шаруа қожалығы тіркелген болса, онда 104 адам еңбек етеді. Оның ішінде 16 шаруа қожалық мал және егін шаруашылығымен, ал 31 шаруа қожалығы мал шаруашылығымен айналысады. Қазіргі таңда ауылдық округте мүйізді ірі қара 1 742, қой-ешкі 27 178, жылқы 1 495, құс 2 293 басқа жетті. Оның ішінде былтыр уақ малды асылдандыру бойынша 3 700 бас қойға субсидия алуға құжаттар өткізілген.
-Ауылдық округте егістік жер көлемі 1 342,36 гектарды құрайды. Былтыр 1 337,42 гектар алқапта ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. 2024 жылдың өніміне 567,95 гектар бидай мен арпа және 443,57 гектар жерге көпжылдық екпелер егілген. Тірліктің көзін тапқан тұрғындар мемлекеттік бағдарламалардың да мүмкіндігін тиімді пайдалануда. Мысалы, 2023 жылы «Ауыл аманаты» жобасы аясында 131 ауыл тұрғыны 713,0 миллион теңге несие алған болатын. 2023 жылдың соңында қосымша құжат тапсырған 3 азамат былтыр 16,5 миллион теңге несиеге қол жеткізді.
2024 жылы жалпы соммасы 33,11 миллион теңгеге 2 трактор және 6 басқа техникалар алынды.
Жұмыспен қамту шаралары бойынша 63 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Қоғамдық жұмыспен 19 адам қамтылды. Жастар тәжірибесімен 3 адам еңбек жолын бастаса, «Алғашқы жұмыс орны жобасы бойынша 1 адамға жолдама берілді. Сонымен қатар «Күміс жас» жобасының шарапатын 4 адам сезінді. «Бизнес бастау» жобасымен 15 адам оқып сертификат алса, оның ішінде 1 адам 400 АЕК дейін қайтарымсыз қаржыға ие болды.
Округтің аумағында «ЕвроХим», «Қазфосфат» «QazaqSoda», «Шоқпар Жел электр станциясы» ЖШС сияқты бірнеше ірі өндіріс орындары орналасқан. Бұл компаниялардың да тұрғындардың жұмыспен қамтылуына ықпалын тигізіп отырғанын атап өткен жөн,-дейді Жаңаарық ауылдық округінің әкімі Қуандық Алдабергенов.
Өндірісі өркендеп, ауыл шаруашылығы алға басқан аймақта құрылыс жұмыстары да қарқынды жүзеге асуда. Былтыр бюджет қаражаты есебінен Ақтоғай ауылына кітапхана және Ұ.Сыздықбаев ауылына жаңа ветеринарлық пункт ғимараты сатып алыныпты.
Ұ.Сыздықбаев, Ақтоғай ауыл-дарының кітапхана ғимараттары, Ұ.Сыздықбаев ауылындағы балалар өнер мектебі бөлімшесінің ғимараты ағымдағы жөндеуден өтті.
2023 жылы Ақтоғай ауылындағы ауыз су жүйесі толық жаңартылып 2024 жылы пайдалануға берілді. Ұ.Сыздықбаев ауылының ауыз су жүйесі ағымдағы жөндеуден өткізілді. Ауыл ішіндегі жол белгілерін ауыстыруға қажетті қаражат бөлініп, жол белгілері толық орнатылды. Ұ.Сыздықбаев ауылында Ұлы Отан соғысы ардагерлері монументі және кіші футбол алаңы ағымдағы жөндеуден өтті. Облыстық маңызы бар Тараз-Жаңатас тас жолының бойындағы электр бағаналарына абаттандыру өрнектері орналастырылды.
Сондай-ақ 2024 жылы аудандық электр жүйелері мекемесі тарапынан Ақтоғай ауылының электр бағаналары ауыстырылып, электр желілері жаңадан тартылды. 2023-2024 жылдары Ұ.Сыздықбаев және Ақтоғай ауылына газ тарту құрылыс жұмыстары жүргізілді. Ұ.Сыздықбаев ауылынан ангар типтегі спорт кешенін салу үшін жобалық сметалық құжаттары жасалды.Мұның бәрі де қазына қаржысы есебінен атқарылып жатқан жұмыстар. Осы орайда тұрғындар да өз қаражаттары есебінен жаңа баспаналар салып, тұрмыстарын түзеуде. Бұл да жақсылықтың нышаны, өркендеудің белгісі.
-Былтыр ауылдық округте 2 азамат тұрғын үй құрылысын аяқтап, қоныстанды. Қазіргі таңда округте тұрғындар тарапынан 9 жаңа тұрғын үйдің құрылысы жүруде. 2024 жылда 9 азаматқа жер учаскесіне жеке меншік құқығы берілсе, 6 азаматқа бау-бақша өсіруге, 1 азаматқа жер учаскесін кеңейтуге және 11 азаматқа жаңадан жеке қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін жер учаскелері ұсынылды.
Ауылдық округ ішінде 10 көше болса, оның барлығының негізгі бөліктеріне асфальт жабындысы төселген. Дегенмен бірнеше көше бөліктері жөндеуден өткізуді қажет етуде. Осыған байланысты, Ақтоғай ауылындағы Шоқай датқа, Ә.Ыбыраев көшелерін орта жөндеу және Шоқай датқа көшесінің тау бөктеріндегі бөлігіне шағыл тас төсеуге, Ұ.Сыздықбаев ауылындағы Ә.Қосыбайұлы, Р.Қабылұлы көше-лерін орта жөндеуден өткізуге жобалық сметалық құжаттары жасалынып, 2025 жылғы бюджетке өтінімдер берілді.
Көшелерді жарықтандыру толық жүргізілген. Облыстық мәндегі жолдарға, ауыл ішіндегі көшелерге 6 дана бақылау камералары орнатылған.
Екі ауылда да ауыз су тәулік бойы беріледі. Ұялы байланыспен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, Жаңатас–Ұ.Сыздықбаев-Ақтоғай бағытына күніне екі рет көлік тасымалы шығады.
«Жомарт түлек» жобасының аясында мектеп түлектерінің демеушілігімен екі елді мекеннің атауы жазылған стелла орнатылды.
Ақтоғай ауылының тұрғыны Ж.Айтбековтың демеушілігімен Ақтоғай ауылына стритворкаут және балалар ойын алаңын орнатылды. 2025 жылы Ә.Ыбыраев көшесіне балалар ойын алаңын орнатуды жоспарлауда.
Ауыл тұрғындарының өтіні-шімен «Асар» жобасымен аз қамтылған отбасының тұрғын үйінің шатырын жауып беру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ ауыл азаматтарының бастамасымен Ақтоғай ауылы мешітінің жанынан ас беретін нысан құрылысы салынуда. Аталған бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады,-дейді округ әкімі.
Ауылдық округте адами капиталды дамыту мәселесіне де айрықша назар аударылып келеді. Бүгінде аймақта 2 клуб үйі, 2 кітапхана, 1 стадион, 2 шағын футбол алаңы және денсаулық саласында 2 медициналық пункт халыққа қызмет көрсетеді. Екі мектеп және бір мектепке дейінгі білім беретін ұйым мен шағын орталық жұмыс істейді. Барлығы талапқа сай жабдықталған.
Округте қосымша білім беру, спорттық және мәдени үйірмелермен 174 бала қамтылған. Оның ішінде спорт мектебіне, атап айтқанда Ұ.Сыздықбаев ауылындағы грек-рим күресі және Ақтоғай ауылындағы бокс үйірмесіне 51 бала тіркелген.
Өнер мектебінің бөлімшесімен 100 бала қамтылды. Жас жеткіншектер домбыра және бейнелеу өнері үйірмелерінің жұмысына белсене қатысып жүр.
Сондай-ақ, клуб үйлерінің үйірмелеріне 22 бала жазылған. Мысалы, Ұ.Сыздықбаев ауылдық клуб үйінде ән үйірмесі жұмыс істесе, Ақтоғай ауылдық клуб үйінде би үйірмесі қызмет көрсетуде. Мұның бәрі де егемен еліміздің ертеңі саналатын -өскелең ұрпаққа дұрыс тәлім-тәрбие беруге бағытталғанын айта кету керек.
Міне, Жаңаарық ауылдық округі осылайша күннен-күнге көркейіп, көптің қызығушылығын тудырып отыр. Көшелер көріктенсе, ауылдардың ажары ашылады. Ауылдардың ажары ашылса, ел-жұрттың еңсесі көтеріледі. Осындай оңды істердің көріп біздің де көңіліміз марқайды. Лайым, жүйелі жұмыстар сәтімен жалғаса берсін!
«Sarysý-Aqparat»