МҰҚАҒАЛИ- ғасыр ақыны

0

Мақатаев Мұқағали Сүлейменұлы (1931 жылы дүниеге келіп, 1976 жылы дүниеден өткен. Шын аты Мұхаммедқали) – қазақтың лирик ақыны, мұзбалақ ақын, өз заманында лайық бағасын ала алмаса да өзінен кейінгілер үшін мәртебесі биік ақиық ақын.

Ол 1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысы, қазіргі Райымбек (бұрынғы Нарынқол) ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келген. Әкесі қарапайым шаруашы: колхозда сушы, шалғышы болып істеген. Мұқағали үйдің тұңғышы болған, оның артынан бір қыз және үш ұл дүниеге келген. Ақынның қарындасы мен алғашқы інісі ерте көз жұмған. Соңғыларының есімдері — Тоқтарбай мен Көрпеш. Қазақ дәстүрі бойынша үйдің алғашқы баласы ата-әжесінен тәрбие алуы тиіс, сондықтан Мұқағали әжесі Тиынның қолында өсіп, анасын жеңгесіндей қабылдайды. Балалық шағы соғыспен қатар өткендіктен, ақын тағдырдың ащы дәмін ерте татады (Неңді сенің аңсаймын, бала шағым?). Мұқағалидың әкесі 1941 жылы Калининград майданында қаза табады.

1948–1949 жылдары — ҚазМУ-дың филология факультетінің студенті, 1948 жылы оқуын тастап, Шибұт ауылында ауылдық кеңестің хатшысы; 1949 жылы Советтік шекара газеті ақынның Қырман басында, Қойшы бала — Әкітай деген өлеңдерін жариялады; 1950 жылы Алматыдағы Шет тілдер институтының неміс тілі факультетіне оқуға түсіп, көп ұзамай тұрмыстық жағдайына байланысты оқуын тастайды; 1954 жылы Қарасаздың бас-тауыш мектебінде орыс тілі мұғалімі болып тағайындалады, осы жылы ақынның үш өлеңі Әдебиет және искусство журналында жарияланды; 1957 жылы Республикалық радионың диктор қызметін атқарады; 1960-1962 жылдары — Советтік шекара газетінің бөлім меңгерушісі; 1963-1965 жылдары — Мәдениет және тұрмыс журналында жұмыс істейді. Ол 1962 жылы Алматыға қоныс аударып, әдеби ортаға етене араласа бастайды. Алматы Шет тілдері институтының неміс тілі, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультеттерінде оқып және Мәскеудегі М. Горький атындағы әлем әдебиеті институтында білім алады.

Мұнан соң «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің (1962-1963 жылдары), «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») (1963-1965 жылдары), «Жұлдыз» (1965-1972 жылдары) журналдарының редакция-сында, Қазақстан Жазушылар одағында (1972-1973 жылдары) қызмет атқарады. Мұқағали Алматыдағы қазақ әдебиеті мен өнерінің қаймақтары шоғырланған ортада өткерген аз ғана жылдар ішінде өзіндік дара үнін, суреткерлік қайталанбас дарынын танытып, өнімді еңбектене білді. «Ильич» (1964), «Армысыңдар достар» (1966), «Қарлығашым келдің бе?», «Мавр» (1970), «Аққулар ұйықтағанда» (1973), «Шуағым менің» (1975) атты жыр жинақтарын көзінің тірісінде жариялап үлгерді. Мұқағали поэзиясының қайнар көзі, шабыт тұғыры туған елі, өскен жері, Отан тағдыры, замана тынысы, замандастарының арман аңсары. Осының бәрін Мұқағали жас дарынға тән қайталанбас шеберлікпен, тәңірдің таңдайынан төгілгендей поэтикалық мінсіз үйлесіммен, әр жүрекпен тіл табысар сыршыл да шыншыл сезіммен, нағыз поэзияға ғана тән бейнелі образдармен бедерлеп, өлмес өнер деңгейінде туындатып отырған.

Аз ғұмыры ішінде бірнеше лирикалық жыр жинағы мен дастандарын ұсынған. Жыр аудармасы саласында Шекспирдің сонеттерін, Дантенің «Құдіретті комедия-сын» қазақшалады. Ақынның «Саржайлау», «Сөнбейді әже, шырағың», «Кел, еркем, Алатауыңа» өлеңдеріне сазгер Н.Тілендиев ән шығарған. Ол 1976 жылдың 27 наурызында Алматыда дүниеден өткен. 

Даналық сөздері

Қыран… Ол өте биікте самғайды, мына күнәлі топыраққа қонғысы да келеді, қонғысы да келмейді. Егер тартылыс заңы болмаса, сол аспанда қала берер ме еді?..

***

Өмір дегенің — бір күндік сәуле екен ғой…

***

Ақырын жүрсең сорың сені қуып жетеді, жылдам жүрсең сен сорыңды қуып жетесің.

***

Бақыт деген – сенің бала күндерің,

Бақытсыз-ақ бақытты боп жүргенің.

***

Адамдардың жаны менен жүрегін,

Ойлайтын ем, бір кісідей білемін.

Ажырата алмай шуағы мен түнегін,

Танығанға мәз болыппын іреңін.

***

Қасиетін сезем деп ана тілдің,

Қауырсыны қалмады қанатымның.

***

Өлгеннен сұра дер едім, тірі жандарға өмір дегеннің не екенін.

Жазылар естеліктер мен туралы

Әбділдә ТӘЖІБАЕВ:

Мұқағали Мақатаев — біздің замандағы ғажайып ақындардың бірі.

Мақатаев атты алып ақындық жарқын жүзіне, миллион адам миллион түрлі пікір пайымдаса да, ешбір кіреуке, көлеңке түспей келешекке қарай керуен түзеп, көше бермек.

Мұқаметжан ҚАРАТАЕВ:

Арамыздан тым ерте кеткен тамаша ақынымыз Мұқағали Мақатаевтың алғашқы қадамында-ақ оның аяқ алысынан айрықша талант иесі екенін аңғаруға болатын еді. Аңғармаппыз.

К.В.СКВОРЦОВ:

Қазіргі қазақ әдебиеті туралы сөз қозғасам, аузыма ең алдымен, аса ірі ақын Мұқағали Мақатаев түседі. Оның творчествосымен көптен таныспын. Аудармалары діттеген жерден шықпай жатса да, оның ақындық қуат деңгейі мен парасат өрісі кім-кімді болсын таңғалтпай қоймайды.

Әбіш КЕКІЛБАЕВ:

М.Мақатаев — адамдар арасындағы, өмірдегі, табиғаттағы жарастық пен келісімнің жыршысы. Оның… өлеңдері шын тебіреністен, шын шабыттан, шын күйзеліс пен шын қуаныштан, шын сағыныштан туған.

Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ:

Қазақ жырының аспанындағы аз ғана жұлдыздардың арасынан сенің жұлдызыңды біз оңай танушы едік. Сенің жұлдызың — ең шұғылалы, ең мейірімді жұлдыз.

Қадыр МЫРЗАЛИЕВ:

Әдебиетті салынып жатқан ғаламат бір ғимарат, көк тіреген күмбез, сұлулық сарайы деп есептесек, сен соның талантты тас қалаушыларының бірі едің.

Зейнолла СЕРІКҚАЛИЕВ:

Мұқағали мұрасы, сұлулық үлгісі біздің бүгінгі игілігіміз ғана емес, Мұқағали мұрасы, маржан поэзиясы — болашақ ұрпақтардың да еншісі, қастерлеп-қадірлейтін қазынасы.

Оразақын Асқар:

Азаматтығын айтар болсақ, Мұқағали өте ашық мінезді, керемет адам болған. Ол өзінің жазғандарының дәрежесіндегі кісілерді өзіне дос деп есептейді. Сондай жағдайда жалғыздық көргенін байқаймыз. Ал қоғамдағы қарым-қатынасына келер болсақ, ол өте тілтапқыш, бір көргеннен сөйлесе кететін адам болатын. Достарына келер бослақ, Шәмілмен, Төлегенмен, Оспанханмен, Қадірмен, Тұманбайлармен дос болды ғой.

Leave A Reply

Your email address will not be published.