ӨМІР ЖОЛЫ өнегелі еді

0

«Қартың болса — қазына» деген дана халқымыз. Сол қазына қарттар өмірден өткен сайын дүние ортайып қалғандай сезінетіні бар кей кезеңде. Себебі, еліне еңбегі сіңіп, өзгеге өнегелі ұрпақ тастап кеткен азамат та зердеңнен өшпей, әркез жақсы әңгімеге арқау болып жүреді екен. Сондай еліне елеулі, халқына қалаулы азаматтың бірі – Ұлы Отан соғысының майдангері Ермеков Барақбай аға еді.

Барақбай ағамыз 1925 жылы 23 ақпан айында Сарысу ауданы Ленин ауылдық кеңесі аймағында дүниеге келген. Әскерге дейін есепші мамандығын оқып, колхозда еңбек еткен. 1943-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысқан ағаның ерліктері ескеріліп, бірнеше орден, медальдармен марапатталады. Елге оралғаннан соң колхозда есепші болып еңбек еткен. 1963 жылы аудандық партия комитетінің жолдамасымен аудандық халыққа тұрмыс қажетін өтеу комбинатына жіберіліп, онда бас есепші болып, 1985 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін абыроймен қызмет атқарды. Мәскеуде өткен ауыл шаруашылығы көрмесінде аудандық халыққа тұрмыс қажетін көрсету комбинаты жасаған киіз үй бас жүлдеге ие болып, комбинат басшысы Елемес Тоқаев алтыннан алқа тақса, Барақбай ағамыз Алғыс хатпен марапатталды. Бірақ ағамыз соның біріне де дандайсып кеткен жоқ. Еліне адалдығын, халыққа деген сүйіспеншілігін тек еңбекпен дәлелдесем деді.

Жақсы болсақ, жарықты кім көрмейді. Бәкең Сарысу өңіріне атының мәлім болуы алдының кеңдігі еді. Ауданға келген игі жақсылар мен жайсаңдар оның отбасының жиі қонағы болатын.

Адамдарға деген айрықша адал көңілі, жылы мейірімі, шуақты жүзі, өнегелі ісі арқылы жұрт жадында жандар болады. Оның есімі еске түсіп, бейсауат аталған сәтте бей-жай қала алмайсың. Қымбат бейнесі, нұрлы жүзі көз алдыңа келіп, жанға жарық түскендей жадырап қаласың. Аяу-лы да асыл азамат, халыққа қызмет көрсету саласының бірегей маманы Ермекұлы  Барақбай ағамыз осындай жан еді.

Дүние – үлкен көл,

Заман – соққан жел.

Алдыңғы толқын ағалар,

Кейінгі толқын – інілер, — деп Ұлы Абай айтқандай, алдымызда жүрген ағаларымыздың шапағатын көріп өстік. Олар бізді ақыл-кеңесімен, өздерінің өнегелі істерімен тәрбиеледі. Солардай болуға ұмтылдық. Осы бағытта баһадүр ағамыздың да үлгі-тәрбиесіне қанықтық.

Әрбір тұлғаның өз ерекшелігі, заманына сай іс-әрекеті, қоғамына орай таным-түсінігі болады. Барақбай ағамыздың сымбатты келбеті мен сырбаз мінезі бірін-бірі толықтырып тұратын пайымы мен парасаты тең келетін жан еді. Ол бүкіл саналы ғұмырын адамдардың игілігі және сол игіліктердің бастысы болып саналатын тұрмыс қажетін өтеу саласына арнады.

Бәкең артық сөзі, арам тері жоқ, ақ көкірек нағыз құдайдан тілеген досқа адал, қоғамға берілген еңбекқор азамат болды. Ол зейінді, мейірімді, іскер кісіге болмасын демейтін, кісі ақысын жемейтін, қарамағындағыларға ақыл-кеңес айтып жүретін, талапкер адамның қадірін, қызметкерлердің еңбегін бағалай білетін, жан-жақты көзі ашық, көкірегі ояу ретінде кеңінен таныла білді. Анығына бассақ, тектілік пен беттілікті серік еткен, адалдық пен тазалықты көрік еткен, төрдегі төредей орнын жоғалтпаған Барақбай ағамыз өмірге адам болып келіп, аптал азамат, елеулі ел ағасы болып бақұл кеткені ақиқат. Біз Барақбай ағамызбен Байқадам (қазіргі Саудакент) ауылында бір көшенің (Мұхтар Әуезов) бойында көрші тұрдық. Ол кісі 1984 жылы Сарысу аудандық мәдениет үйінің директоры, режиссері, Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Әлжаппар Әбдіхалықовтың отбасымен құда болып, тату-тәтті араласты. Сол жылы аяулы азамат Әлжекеңнің үйіне қарындасымыз келін болып түсіп, құдалықты әрі қарай жалғастырдық.Өкінішке орай Әлжекең бұл қуаныштарды көре алмай, 1982 жылы дүниеден озған еді. Дегенмен Барақбай аға, Бәтіш құдағи бастаған құдалар  жиі-жиі бас қосып, бір-бірімізге деген ілтипаттықтың, сыйластықтың үлгісін көрсете білдік.

«Асылды – асылға қоссаң, асыл туады» дегендей, Бәкең теңін тауып, жан-жары Хадиша апайымызға қосылып, дүниеге 7 ұл-қыз әкелді. Сөйтіп өз әулетінің болашағын ұлғайтты. Бәрін де мәпелеп-тәрбиелеп, оқытып, үйлі-жайлы етті.

Бүгінде үйдің үлкендері Шолпан мен Қаныш бастаған ұрпақтары бір қауым ел болып отыр.

«Есті адамдардың мынадай үш үлкен қасиеті болады: біріншіден, жұртқа берген ақыл-кеңесін өзі орындайтын болады, екіншіден, еш уақытта әділдікке қарсы шықпайды, үшіншіден, төңірегіндегі жандардың қателіктеріне кешірімшіл келеді» деген екен орыстың ұлы жазушысы Лев Толстой. Сол айтқандай марқұм Барақбай ағамыз есті де, парасатты жан еді. Көзі тірі болғанда биыл 100 жасын тойлап жатар едік. Алла алдыңыздан жарылқасын абзал да, асыл Аға!

Отының киесі, шаңырағының иесі болған, артында өнегелі із қалдырған ғазиз жүректі ағамыздың есімі әрқашан есімізде сақталады.

Алдаберді МАҚАШЕВ,

Сарысу ауданы және Тараз

қаласының Құрметті ардагері

Ұлт батырлары

Аудандық кітапхананың ұйымдастыруы-мен «Ел болып оқимыз» жобасы аясында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ауданның Құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Дарабоз» конкурсының Гран-при иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы Пернебай Дүйсенбин мен «Спорт жұлдыздары» журналының бас редакторы Мұсағали Тасқалиев бірігіп жазған «Ұлт батырлары» кітабына  бук-слэм өтті. Бук-слэм барысында кітапханашы  2020 жылы жарық көрген «Ұлт батырлары» кітабының  жарық көруіне майдангер-педагог, соғыс және еңбек ардагері Қылыш Өтетілеуұлының ұрпақтары қолдау көрсеткен. «Ұлт батырлары» кітабы белгілі кәсіпкер, меценат Айтқали Ізмақтың демеушілігімен мың дана таралыммен басылып шыққандығын баяндап, жазушы Пернебай Дүйсенбин сөз сөйледі.  — Екінші дүниежүзілік соғыс адамзат тарихындағы ең сұрапыл, ең қасіретті соғыс болғаны аян. Бұл алапат қырғында, жалпы дерек бойынша, 72 мемлекет соғысқа тартылды. Ал 40-тай мемлекет аймағын тікелей соғыс алауы шарпыды. Соңғы деректер бойынша, бұл соғысқа 110 миллион адам тартылған. Содан 65 миллион адам қаза тапса, оның 27 миллионы сұрапыл соғыстың қанды құрбаны болған. Ал 38 миллион бейбіт тұрғын әр алуан жағдайда ажал құшқан.   Ұлы Отан соғысының отты алауы сол кездегі КСРО секілді алып мемлекеттің құрамына кірген. 16 республиканың барлығын да шарпыды. Соғыс жылдары Қазақстаннан 1 миллион 200 мыңдай адам әскерге шақырылса, нақты әскери қызметте178 мың адам болған. Яғни соғысқа қатысқан жауынгерлер саны 1 миллион 400 мыңға жуық. Сол қанды майданда қаза тапқан қазақстандықтар саны 601011 болса, оның ішінде қаза тапқан қазақтар саны 130 мыңдай адамды құрайды-деп көркем безендірілген «Ұлт батырлары» атты кітабын кеңінен тарқатты.  Оқырмандар тарапынан сұрақтар қойылып, «Ұлт батырлары» кітабының  кеңінен насихатталуына түрткі болды. Кітапханашы «Біз батырлардың ұрпағымыз, олардың өшпес ерлігі – өз елін, өз жерін, өз Отанын шын сүйетін қазақ жастарына шынайы үлгі! -деп аяқтады.

І.САСПАҚОВА, кітапханашы

Leave A Reply

Your email address will not be published.