ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІНЕ АРНАЛҒАН БҰРЫШ

0

Ауданымыздың дамуына өзіндік үлесін қосқан қайраткерлердің есімі әрқашан ұрпақ жадындаЕл игілігі жолында аянбай тер төккен ел ағаларымыздың еңбек жолдары үлгіөнеге. Осыған орай, жуырда Төкен Мақашев атындағы аудандық мұражайда Оңтүстік өңірге елеулі еңбек сіңірген, құрылыс саласында абыройлы қызмет еткенеңбек жолын құрылысшы, механик болып бастағанәділдіктің, шындықтың символы болған бар қажырқайратын елінің дамуына арнаған  ел ағасы Карсенбай Қунақұлының құрметіне арналған  экспозициялық бұрыштың ашылу  салтанаты өтті.

Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Есмаханов,  аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері,  ет жақын туыстары, замандастары мен қызметтес достары келді.  Шарада,  аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Есмаханов құттықтау сөз сөйлеп, К.Қунақұлының өмір жолына тоқталды. Одан кейін  қоғам қайраткердің інісі Рәтбек Сүлейменов арнау өлең жолдарын оқыды.

Сонымен қатар  құттықтау сөз сөйлеген ел ағалары Карсенбай Қунақұлының парасатты болмыс-бітімін сөзге арқау етті.

К.Қунақұлының өмір жолын тілге тиек етейік. 1938 жылы Жайылма ауылында дүниеге келген.  1955 жылы орта мектепті бітіріп,  туған ауылында  екі жыл трактор бригадасында жұмыс атқарады. Одан кейін 1957 жылы   мемлекеттік ауыл шаруашылық институтына түсіп, оны 1962 жылы бітіріп, ауыл шаруашылығы инженер-механигі мамандығын алған. Институт бітіргеннен кейін 1962-1964 жылдары Сарысу ауданында механик, Мойынқұм ауданында бас инженер-механик, 1967-1969 жылдары Шымкент облыстық ауыл шаруашылық басқармасының бас инженері, 1969-1973 жылдары облыстық ауылшаруашылық басқармасының мемлекеттік тех бақылауының бастығы болып қызмет атқарған. 1973-1975 жылдары облыстық партия комитетінің ауылшаруашылық бөлімінің нұсқаушысы, ал 1975-1980 жылдары Ленгер аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып қызмет жасады. 1980-1994 жылдары «Шымкент ауылшарқұрылыс монтаж» трестінің бастығы болған. 1994-2005 жылдары «Кавекс» бірлескен қазақ-германия фирмасының директоры қызметін атқарған. 1997 жылы зейнеткерлікке шыққан. Зейнеткерлікке шыққаннан бері де қоғамдық өмірге үлкен үлес қосқан. Облыстық ардагерлер кеңесінің белсенді мүшесі ретінде халық арасында жүргізілетін іс-шараларға аянбай араласып, әсіресе жас ұрпақ тәрбиесіне қажыр-қайратын да, тәжірибесін де, уақытын да қалтқысыз жұмсаған. Өзінің өмірлік және қоғамдық тәжірибесін жастарға үйретуден жалықпаған. Жастарды отансүйгіштікке, еңбекқорлыққа, парасаттылыққа тәрбиелеуде өзінің қомақты үлесін қосқан ардагерлердің бірі де, бірегейі. Жергілікті өкілетті және атқарушы органдар мен жұртшылық алдында абыройлы ел ағасы бола білді.  Карсенбай атаның сенімді серігі, қамқоры болған жұбайы, республикамызға еңбек сіңірген ұстаз атағына ие болған Зия Әлиева екеуі өмірге екі қыз, бір ұл дүниеге әкеліп,  қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіріп,  үлкен өмір жолына қанаттандырды.

Карсенбай ақсақал ауыр науқастан сексен үш жасында дүниеден қайтты.

Салтанатты шара барысында  аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан  Нұрғалиұлы және қоғам қайраткердің жұбайы  Зия Әлиева экспозициялық бұрыштың ашылу лентасын қиды.

Сондай-ақ, Саудакент ауылдық мәдениет үйінің өнерпаздары халық әндерін орындады. Ел ағасы К. Қунақұлының рухына арнап ақ дастархан жайылып, құран бағышталды.

С.Есқараев, «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.