ЖҮЗДЕН ЖҮЙРІК АТАНДЫ
«Құлагер» ұлттық байқауы өткен жылдың наурыз айында Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығы мен Жазушылар одағының ұйымдастыруымен бәйге жариялаған болатын.
Онда ұлттық спорт түрлері көкпар, бәйге, теңге ілу, садақ ату, жамбы, балуан күресі, сайыс т.б. түрлерін дәріптейтін, проза, поэзия, драматургия, балалар әдебиеті, фантастикалық, мифологиялық, т.б. жанрда жазылған шығармалар қабылданатын болған. Бұл бәйгеде 255 автор бақ сынас-ты. Жерлесіміз, Халықаралық «Дарабоз» конкурсының жүлдегері және Гран При иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, республикалық жабық әдеби конкурстарының алты дүркін жеңімпазы, «Парасат» журналының лауреа-ты, жазушы Пернебай Дүйсенбин жүзден жүйрік шықты. Бұл конкурста ол «Ақбоз, Көкжал, Жансая апа және төрт ноян» атты мифофантастикалық хикаятымен жеңіске жетті.
Жеңімпаз жазушыға қомақты қаржы сертификаты, аса әсем өрнектелген «Құлагер» статуэткасы, арнаулы диплом табысталды. Оны айтулы кәсіпкер, бәйгенің бас демеушісі Исламбек Салжанов және Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов салтанатты жағдайда тапсырды. Үлкен іс-шара одақтың Салтанат алаңшасында өтті.
«Sarysý-Aqparat»