Дәнекерлеуші- мәртебелі мамандық
Ел Президентінің айтуынша адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек.
Бұл «Адал азамат-Адал еңбек-Адал табыс» қағидатына толық сай келеді.
«Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға ти-іс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді»,-деді Мемлекет басшысы.
«Адамды шыңға жетелеп, бар мақсатына уақытында жеткізетін қасиеті-еңбекқорлық. Таңның атысынан күннің батысына дейін маңдай тері жіпсігенше жұмыс жасап, нәпақа табу-әр адамның өмірлік міндеті» деп өзінің өмірлік ұстанымын қалыптастырған азаматтардың бірі-түркістандық Сәдуақас Мақұлбекұлы Жұмағұлов.
Кейіпкеріміз 1963 жылдың қаңтар айының 19 жұлдызында Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Түркістан кеңшарында қарапайым шаруаның отбасында, Мақұлбек атамыз бен Зәуре апамыздың шаңырағында дүниеге келген. Қазақ халқының ертеден келе жатқан салтымен әжесі тұңғыш немересін бауырына басып, туған анасы Зәуре апа Сәдуақас деп атын атай алмай, «Шоколад» деп атаған. Сол атымен әлі күнге дейін, жеңгелері мен келіндері «Шоколад қайным», «Шоколад аға» деп атайды.
1969 жылы Түркістан ауылындағы М.Әуезов атындағы орта мектептің табалдырығын аттап, 1979 жылы аталған мектепті ойдағыдай бітіріп шығады. Мектеп бітіргендігі туралы куәлікті қолға алған ол 1979 жылы Жаңатас қаласындағы кәсіптік училищеге «Дәнекерлеуші» мамандығына оқуға түсіп, аталмыш оқуды 1982 жылы аяқтап, диплом алады. Әскер қатарын-да қызмет етіп, Отан алдындағы парызын өтеу-әрбір азаматтың міндеті. Себебі, туған жерді, елді, атамекенді қорғау-қасиетті борыш болып саналады. Осы мақсатта 1982 жылы Отан алдындағы борышын атқаруға аттанады. Ол қызметін РСФСР-дың Астрахань қаласында өтеп, 1984 жылы елге оралғаннан кейін, сол кезде дүрілдеп тұрған Түркістан кеңшарына келіп, дәнекерлеуші болып кеңшар тарағанша жұмыс атқарады.
Сәдуақас Мақұлбекұлы темірмен дәнекерлеу ісінің шебері. Қазіргі таңда дәнекерлеуші мамандарға құрылыс саласында сұраныс көп және олар кез келген өндіріс үшін ауадай қажет. Түркістан ауылдық округі негізінен алғанда егін шаруашылығымен айналысатын өңір болғандықтан, ерте көктемнен бастап, егіс егумен және сол егілген егісті жинау, шөп шабу науқандарында сынған ауылшаруашылық техникаларын дәне-керлеп беріп, ерте көктемнен қар жауып қыс болғанға дейін шаруашылық құрылымдарының егістік алқаптарын-да жүреді. Ол жұмыстардан қалт етсе ауыл тұрғындарының сынған темірлерін бүтіндеп жыл он екі ай тыным таппайды. Ауылдық округ бойынша сынған техникалар мен темір металдарын дәнекерлеу ісімен айналысып, округтың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып келеді. Ауылда жарқырап тұрған қақпа көрсеңіз сол қақпаны Сәдуақас аға жасаған.
Халық сұранысымен қатар заман талабына сай қызмет етіп отырған кейіпкеріміздің ісі көпке өнеге. Несін жасырайық, күнделікті қолданылып жүрген еңбек құралдары сынып қалса немесе тұрмысқа қажетті заттар жасатқысы келсе, ауыл тұрғындары қолы шебер, ісіне мығым Сәдуақасты іздейді. Алпыстан асып кетсе де бір сәт жалығуды, атқарған ісін саудаға салуды білмейтін ағаның тек қолы ғана шебер емес, жаңашылдығы өзінше бір төбе. Тек дәнекерлеуші ғана емес, ауылдағы жаңаша идеялардың, мысалға су бұрқағы, әдемі аялдама, темірден түйілген киіз үй секілді көптеген ауылға сән беріп тұрған әдемілікке де үлесі зор. Сондай-ақ, ешқашан істеген ісін пұлдап, қырып пайда таппай, ағайындыққа салып кейде тегін-ақ жасай салатын жомарттығы да бар. Сәдуақас ағаның орнында өзге жан болса, әлдеқашан миллионер атанатын еді деп ауыл ішінде айтылып қалады. Өйткені тумасынан адал, турашыл, өтірік пен артық сөзге жоқ, ақкөңіл, бауырмал, қанағатшыл азаматтың бүгінде ауылда өзіне жараса сыйы бар. Бірге туған бауырлары әке орнына әке деп қабылдап, үлкен үйге кеп, мәре-сәре болып, қауқылдасып, құрт-ірімшігін алып, айранын ішіп, демалып қайтады.
Ендеше, екі қолға бір күрек таппай сенделіп жүрген жұмыссыз жас-тар Сәдуақас ағамыздан үлгі алса дейміз. Сонда ғана қоғамда жұмыссыз жастар саны азая түсетіні сөзсіз.
-Мектепті бітіріп, Отан алдындағы борышымды өтеп келген соң, өзіміздің Жаңатас қаласындағы колледжге дәнекерлеу мамандығы бойынша оқуға түстім. Ол жақта үш жыл білім алып, оқуды аяқтаған соң мамандығым бойынша жұмысқа орналастым. Шын мәнінде жұмыс істеп көрмей, адам үш жылда ешнәрсе үйренбейтінін ұқтым. Оқуды бітіріп, жұмысқа барғанымда
дәнекерлеу барысында қарапайым әдістерді түсініп, оларды бұлжытпай орындасаң, бұл кәсіпті көп ұзамай игеріп кететінімді білдім және солай болды,-дейді еңбек адамы.
Бүгінде жары Рыскүл екеуі үш ер баланы дүниеге әкеліп, келін алып, немере күтіп жүрген бақытты отбасы. Өзінен соң он бауырына құшақ ашып, үлкен үйдің түтінін түтетіп отырған Сәдуақас ағаның бар арманы кейінгі жастар ауылдың келешегі үшін, ауылға атбасын бұрып, көркеюі үшін қызмет етсе дейді.
Тек дәнекерлеушілікпен ғана емес, мал ұстап, көктемде жер жыртып, жазда бидай, мақсары егіп, жылдың төрт мезгілінде бір сәт демалыс көрмейтін еңбекқор азаматты қалай мақтасақ та жарасады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, еңбек адамы қоғамда қашанда абыройлы, мәртебесі биік болу керек. Мұндай адамдар елге сыйлы азаматтарға айналуы қажет. Өйткені елдің әлеуетін көтеретін осы қарапай-ым жұмысшы азаматтар екені даусыз.
Ал, Сәдуақас Мақұлбекұлы – соның жарқын бейнесі.
Камели Сүлейменова,
«Sarysý»
Еңбекпен
жеткен мұратқа
Малдәрігерлік жұмысы қазіргі таңда сұранысқа ие мамандықтардың бірі. Әсіресе, ауылдық жерлерде мал дәрігерлеріне тыныштық жоқ. Біреуінің сиыры ауырса, біреуінің жылқысы ауырады деген сияқты. Ал, көктем келісімен үй бетін көрмей, тізеден қи кешіп, елдің қорасынан шықпай ауырған малдарына укол салып, екпелерін егіп жүргені.
Ауданымызға қарасты, Саудакент ауылының азаматы Жүсіпахмет Жарылқасынұлы Сатаевтың мал дәрігері болып жұмыс істеп келе жатқанына 40 жыл болыпты. Ауыл тұрғындары да Жүсіпахметті жақсы таниды. Білікті маман екенін де жақсы біледі. Кейіпкеріміз 1962 жылы 23 ақпанда Өзбекстан Республикасы, Бұқара облысы, Тамды ауданында дүниеге келген.1968 жылы мектеп табалдырығын аттап, 1978 жылы орта мектепті бітіріп шығады. 1980 жылдың мамыр айына дейін аудандық Телекоммуникация (АТС) мекемесінде электромонтер болып жұмыс істейді. Одан кейінгі жылдары Ресейдің Куйбышев, Тольятти, Курск қалаларында Отан алдындағы әскери борышын өтеп қайтқан соң, Өзбекстан Республикасының Самарқанд қаласындағы мал-дәрігерлік техникумына оқуға түсіп, 1985 жылы малдәрігерлік мамандығы бойынша оқу орнын бітірген жас жігіт ауыл халқының игілігі үшін жұмыс істеп, халыққа қызмет көрсету үшін ауылына қайта оралады. Осылайша ол аудандық ветеринариялық лабораторияға хим-токсикология бөлімінің меңгерушісі болып орналасып, 1986 жылдың 30 қаңтарына дейін жұмыс атқарады. Ал, 1986 жылы Тамды Госплем заводына ветеринариялық дәрігер болып жұмысқа ауысып, қазан айына дейін жұмыс атқарып, қазан айынан бастап Тамды аудандық ветеринариялық лабораторияның серология, радиология бөлімдерінде 1991 жылдың тамыз айына дейін жұмыс істеп, сол жылы Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Байқадам ауылына отбасымен қоныс аударады. Қыркүйек айынан бастап Сарысу аудандық ветеринариялық станциясының емдеу бөліміне ветеринариялық техник болып жұмысқа қабылданады. Ал, 1992 жылы Сарысу ауданы, Калинин атындағы совхозға мал-маманы болып жұмысқа ауысып, сол жерде 1994 жылдың маусым айына дейін жұмыс істеп, одан кейін аудандық малдәрігерлік мекемесіне мал — дәрігері болып жұмысқа келеді. Содан кейінгі жылдары, аудандық ветеринариялық станцияда, аудан-дық аумақтық басқармасына мемлекеттік ветеринариялық инспектор, Игілік ауылдық округі әкімдігіне бас маман, аудан әкімдігінің «Ветеринариялық қызметі» ШЖҚ КМ кәсіпорнында және Игілік, Байқадам, Қамқалы ауылдық округтерінде ветеринариялық пункт меңгерушісі болып қызметтер атқарған. Қазіргі таңда Байқадам ауылдық округінде ветеринариялық пункт меңгерушісі болып жұмыс жасап келеді. Жалпы 46 жылдық еңбек өтілінің 40 жылын ветеринария саласында үздіксіз жұмыс жасап келе жатқан білікті маман.
— Қыстыгүні мал аурулары көп болмайды. Біз малға екпе егу жұмыстарын көктем және жаз айларында бастаймыз. Егер елді мекен тұрғындарының малдары ауырса, күндіз болсын, түнде болсын тұрғындардың шақыртуымен үйлеріне барып, малдың ауруларын анықтап, қажетті дәрілерін жазып беріп отырамыз. Бұл күнге дейін ауыл тұрғындары тарапынан ешқандай шағым айтылған жоқ. Мұның өзі біз сияқты мал дәрігері үшін үлкен қуанышпен тең. Ауыл халқының алғысын алғаннан артық бақыт жоқ шығар сірә,-дейді Жүсіпахмет Жарылқасынұлы. Иә, Жүсіпахмет сияқты өз жұмысына ұқыптылықпен қарайтын мамандар қоғамға әр кез пайдасын тигізетіні белгілі. Ал осындай белсенді, еңбекқор мамандардың арқасында аймақтың дамитыны айтпаса да түсінікті. Қазіргі кезде мал дәрігеріне сұраныс өте жоғары. Бұл мамандықты таңдайтын жастардың қатары күрт азайған. Барлығы қалада басшылық қызметте отыруды армандайды. Алайда ауылдың жағдайын да ойлағанымыз дұрыс болар, құрметті жас оқырман. Сұранысқа ие мамандықты таңдай білгеніміз абзал.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі.
Дәмеш мұқанқызы,
«Sarysý»
Адал еңбек абыройлы етеді
Орманшылар еңбектері еліміздің табиғаты мен экожүйелерін сақтауда орасан зор маңызы бар. Олар ормандарды қорғап, қалпына келтіріп қана қоймай, биоалуантүрлілікті сақтап, болашақ ұрпаққа таза ауа мен дені сау табиғи орта қалдыруға үлес қосып келеді.
Орман шаруашылығындағы жұмыс үлкен күш-жігерді, батылдық пен жанқиярлықты талап етеді. Орманшылардың арқаларында ормандарымыз әлі де әсемдігімен, тіршілік күш-қуатымен қуанта береді. Мемлекет басшысы биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп бекіткен болатын. Ауылда еңбекте ысылып, дала төсінде шарболаттай шыңдалған жұмысшылардың беделін арттыра түсуі орынды. Ауданымызда қызу еңбектің қазанында қайнап, еңбекпен шыңдалған азаматтарымыз бүгінгі таңда ортамызда. Сондай жандардың бірі «Сарысу ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі» КММ-де тракторист- механизатор Мейрамбек Есембаев жайлы оқырман назарына ұсынғанды жөн санадық.
Мейрамбек Мәлікұлы 1967 жылы кіші Көкдала елді мекенінде дүниеге келген. 1974-1984 жылдары Ю.Гагарин атындағы орта мектебінде оқып, білім алып шығады. Одан кейін Отан алдындағы абыройлы борышын өтейді. 1989-1995 жылдар аралығында Түркістан совхозында трактор жүргізушісі болып қызмет атқарды. 2008 жылы «Сарысу ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі» КММ-не трактор жүргізушісі болып жұмысқа орналасып, табан аудармай бүгінгі уақытқа дейін қызмет етіп келеді.
Мейрамбек Есембаев жалпы осы мекемеде 17 жылға жуық еңбек етіп, осы жылдар ішінде еңбекқор, адал, өз ісіне берілген міндеттерді мерзімінде орындай білетін маман ретінде көрсете білді. Өз жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарайтын тәжірибелі маман. Кейіпкеріміз Әмина Кенжебаева мен шаңырақ көтеріп, төрт ұлдың асқар тау әкесі, ақылшы бәйтерегі. Түтіні түзу шыққан шаңырақтың ұйытқысы Әмина апай бүгінгі таңда Саудакент емханасында қызмет етеді.
Мейрамбек аға өз сөзінде:
— Осы трактордың тізгінін ұстағаны-ма 36 жыл болыпты. Алғаш Түркістан совхозында трактор тізгіндедім. Ол кезде жас жігітпін білікті, тәжірибелі ағаларым техниканың қыр-сырын үйретті. Жанына серік етіп, баулыды. Соның арқасында еңбек етудемін. Бала-шағамды асырап жеткіздім. Ағаларымыз салып кеткен сара жолды кейінгі жастарға үйретсем деймін. Алайда бір өкініштісі қазіргі таңда жастарымыз жеңілі мен ауыры қатар жүретін жұмыстарға барғысы келмейтіндігі қынжылтады. Жастарымызға айтарымыз мемлекетіміздің дамуы өскелең ұрпақтың қолында. Жұмыстың ауырлығына қарамастан аянбай еңбек етсе ғана дамыған мемлекеттермен тереземіз тең болады. Мекеменің орманшылары өсіріп, баптаған ағаштар өскелең ұрпақтың саулығы үшін жасалған еңбек, әрі халқымыздың өлшеусіз мұрасы. Біздің мекеменің орманшылары жұмысы қауырт. Себебі күн суыса, жануарларға азық дайындайды. Орман алқаптардың әр шетінде орналасқан науаларға жем- шөп шашады. Ал, күннің аптап ыстығында дала өрті болған жағдайда өрт сөндірушілер күн демей, түн демей дер кезінде тілсіз жауды ауыздықтайды. Бұның барлығы адал еңбекпен ұйымшылдықтың арқасы. Мемлекет басшысы да аталған салаға ерекше назар аударып отыр. Сол себепті орманшылар алдында үлкен мәселелер тұр. Бұл орман алқаптарын молайту, саладағы ғылыми жұмыстарды жандандыру және жаңа технологияларды енгізумен қатар осы бағыттағы жұмыстарға жаңа екпін беру болып табылады,-деді.
Иә, жаздың аптап ыстығы мен қыстың қақаған аязына қарамай, еңбек ететін адамның қызметі әрқашанда жоғары.
С.есқараев, «Sarysý»