ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДІ ГАЗДАНДЫРУ-ТҰРАҚТЫЛЫҚ ПЕН ӨРКЕНДЕУДІҢ НЕГІЗІ

0

Энергетика – мемлекет дамуының маңызды тірегі. Қазақстан сияқты табиғи ресурстарға бай ел үшін бұл сала тек экономикалық игілік көзі ғана емес, сонымен бірге халықтың әл-ауқатын арттыру мен экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етудің негізгі құралы.

Соңғы жылдары Қазақстан газдандыру саясатын ерекше қарқынмен дамытып, бұл бағытта айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету мемлекеттің басты басымдықтарының біріне айналды.

Негізінде газдандыру – халықтың өмір сүру сапасын жақсартудағы ең маңызды әлеуметтік бастамалардың бірі. Табиғи газ – қолжетімді, экологиялық таза және үнемді энергия көзі. Оны пайдаланудың артықшылықтары көп. Мысалы, қоғамда экологиялық тұрақтылық орнап, табиғи газдың пайдаланылуы көмір мен ағаш отынның орнын алмас-тырып, ауаға шығарылатын зиянды қалдықтарды айтарлықтай азайтады.

Халықтың тұрмыс сапасы да жақсарып, табиғи газ елді мекендерге тартылған сайын, тұрғындар өмірінің жайлылығы артады. Көмір сатып алу, күл шығару сияқты қиыншылықтардан ауыл халқының қолы босайды. Уақыт пен күш те үнемделеді. Елімізді газдандыру саясатының экономикалық дамуға тигізер пайдасын бір сөзбен айтсақ, газдандыру өндірістік нысандардың ашылуына және ауылдық аймақтардың дамуына жол ашады. Бұл жаңа жұмыс орындарын құруға, ауыл экономикасын жандандыруға мүмкіндік береді.

Қазақстан газдандыру саласында соңғы онжылдықта көптеген жетістіктерге жетті. Елдің түрлі аймақтарында табиғи газды қолжетімді ету бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Соның арқасында шамамен екі-үш жыл бұрын Қазақстан халқының 60 пайыздан астамы табиғи газға қол жеткізді. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді. Мұндай жетістіктерге жетуге Қазақстанды жетелеген ірі-ірі жобалар екенін айта кеткен жөн. Мысалы, «Сарыарқа» газ құбыры – елдің газ инфрақұрылымын дамытудағы ең ірі бастамалардың бірі. Бұл құбыр орталық және солтүстік өңірлерді газбен қамтамасыз етуде айрықша мәнге ие. Оның іске қосылуы Астана, Қарағанды, Теміртау сияқты қалалардың тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Оңтүстік және батыс аймақтарда газдандыру бойынша ең белсенді жұмыстар Маңғыстау, Атырау, Жамбыл және Алматы облыстарында жүргізілуде. Мұнда табиғи газға қосылған елді мекендердің саны жыл сайын өсуде.

Қазақстан Республикасының Үкіметі бүгінде газдандыру жұмыстарын жандандыру мақсатын-да нақты жоспарларды қабылдағаны белгілі. Алдағы бірнеше жылда газбен қамту деңгейін арттыруға бағытталған жобалардың жемісін де көретін күн тумақ. Соның бірі – 2025 жылға дейін бірнеше ауылдық елді мекенге табиғи газ тарту жоспарының жүзеге асырылуы. Бұл жұмыстар халық санына, газ құбырының қолжетімділігіне және экономикалық тиімділігіне қарай кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Газдандыру жобаларына республикалық және жергілікті бюджеттен миллиардтаған теңге бөлінуде. Бұл қомақты қаржы газ құбырларының құрылысын жеделдетуге мүмкіндік береді. Соның есебінен жаңа заманауи газ инфрақұрылымдар мен өндіріске өңдеу технологияларын енгізу де қолға алынады.

Сондықтан біз газдандыру тек экономикалық ахуалды жақсарту ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік және экологиялық нақты мақсаттарға қол жеткізе алатынымызды ұғынуымыз керек. Себебі зиянды қалдықтарды азайту арқылы халықтың денсаулығын жақсарту бүгінде әлем бойынша күн тәртібінде тұрған мәселе. Тұрғындары таза ауада өмір сүріп, экологиялық қауіпсіздікті сезіне алған ел бақытты.

Жалпы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде газ саласын кешенді түрде дамыту, оның ішінде ішкі нарықты газбен тұрақты түрде қамту, ресурстық базаны кеңейту, аталған саланың өзекті мәселелерін шешу және оның инвестициялық тартымдылығын жақсарту бағытын-да Үкіметке сәт сайын тапсырма берумен келеді. Мысалы, 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасын жүзеге асыруға ерекше назар аударған болатын. Мемлекет басшысы аталған Жолдауда: «Біз шағын елді мекендерді дамытуға қатысты өте күрделі мәселені шешуіміз қажет.

Өңірлік стандарттар әзірленді. Енді оларды үш мыңнан астам негізгі және қанаттас ауылдық елді мекендерге енгізу қажет.

Үкіметке «Ауыл – Ел бесігі» жобасын жүзеге асыру үшін биыл бөлінген 30 миллиард теңгеге қосымша алдағы үш жыл ішінде 90 миллиард теңге бөлуді тапсырамын.

Бұл қаражат көлік, ауыз су және газбен қамтамасыз ету сияқты инфрақұрылымдық мәселелерді шешумен қатар, мектеп, аурухана, спорт алаңдарын салуға және жөндеуге жұмсалады.

Қаржының жұмсалуы барлық мемлекеттік органдардың қатаң бақылауында болуы тиіс», – деп Үкіметке нақты тапсырма беруінің арқасында аталған елдік жоба әлі де өз жемісін беріп келеді.

Табиғи газдың жоқтығы – көптеген елді мекендердегі басты түйткілдердің бірі еді. Қазір бұл мәселе біртіндеп шешімін тапты десек артық айтқандық емес. Өңірлерді табиғи газбен қамтамасыз ету шарасының қолға алынғанына біраз уақыт болды. Бұл істің нәтижесі де жаман емес. Бүгінде ауыл-аймақтардың көпшілігі табиғи газға қол жеткізген. Елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету – маңызды міндеттердің бірі. Сондықтан Қазақстан тұрғындарын толықтай табиғи газбен қамтамасыз ету, газ саласын дамытуға бағытталған мемлекеттік саясат жүзеге асыру жұмыстары жалғаса береді.

Өңірлерді дамытудың ұлттық жобасының басым бағыттарының бірі – елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз ету. Газдандыру ауылдардың бойына нәр жүгіртіп, дамуына серпін беруде. Әрине, кей ауданда бұл мәселе толығымен шешімін тапты деуге келмейді. Десе де, біршама ілгерілеушілік бар екені айқын. Сондықтан да облыста өңірлерді дамытуға ерекше күш салынуда. Әсіресе ауыл тұрғындарын тұрғын үймен, ауыз сумен, табиғи газбен, электр қуатымен және сапалы жолдармен, жалпы алғанда, қажетті коммуналдық қызметпен қамтамасыз етуде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соның арқасында инфрақұрылымның игілігін көрген тұрғындардың қарасы қалыңдап келеді.

Жалпы Жамбыл облысы газдандыру саласында жаңа белестерді бағындыруда. Өткен жылы облыста жалпы сомасы 10,49 миллиард теңгені құрайтын 35 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстарының жүргізілуі соның дәлелі. Бұл жұмыс өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықтың тұрмыс сапасын арттыруда маңызды рөл атқарды. Облыс көлемінде газдандыру ауқымы кеңінен қамтылып жатқанын сөз етсек, былтыр Қордай ауданында 3 елді мекен, Сарысуда 14 ауыл, Шуда – 8,  Таласта – 2, Жамбылда – 3, Жуалыда – 2, Мойынқұм ауданында 3 елді мекен газдандырылды. Жыл қорытындысы бойынша Қордай ауданының Қарасай, Еңбек, Керу атты үш елді мекенінде құрылыс жұмыстары аяқталып, 5 мыңға жуық адам табиғи газдың игілігін көре бастағанынан жалпы жұртшылық хабардар деп ойлаймын. Осылайша, облыстағы 371 елді мекеннің 288-і табиғи газбен қамтылды. Бұл көрсеткіш халық санымен есептегенде, облыстың газдандыру деңгейін 91,3 пайызға жеткізді. Дегенмен, газдандыру мәселесі толық шешілді деуге әлі ерте деуіміздің себебі – облыста 83 елді мекеннің әлі де табиғи газбен қамтамасыз етілмеуінде. Оның ішінде өзіміздің Сарысу ауданында да газға қосылуды күтіп отырған ауыл тұрғындары бар. Бүгінде осы өңір бойынша 83 елді мекеннің ішінде 33 елді мекенде құрылыс жұмыстары белсенді түрде жалғасып жатқаны көпке мәлім. 13 елді мекен бойынша республикалық бюджетке бюджеттік өтінім берілсе, 8 елді мекен бойынша жобалық құжаттардың әзірленуі газ күтіп отырған тұрғындарды көгілдір отынмен ертерек қауыштыруға оң ықпал ететіні сөзсіз. Ал 29 елді мекеннің халық саны 200 адамнан аз болғандықтан, оларды газдандыру кейінгі жылдарға жоспарланған. Бұл да ең ұтымды шешім. Себебі газ алдымен халық көп шоғырланған елді мекендерге тартылса, қалған істі ұқсату қиынға соқпайды. Бұл облыста тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету саласында тұрақты әрі жоспарлы қадамдар жасалып жатқанының көрінісі. Мәселен, 2025 жылға арналған газдандыру жұмыстарының жоспары ауқымды және тиімділігімен ерекшеленіп тұрғанын аңғару қиын емес.

Алдағы жылы облыс бойынша елді мекендерді газдандыру құрылыстарын жүргізу үшін жалпы 12 жобаға қаржыландыру қолдау тауыпты. Оның ішінде республикалық бюджет есебінен 11,2 миллиард теңге, ал жергілікті бюджет есебінен 5,4 миллиард теңге қарастырылған екен. Бұл қомақты қаржы аймақтағы газдандыру жұмыстарын қарқынды жүргізуге мүмкіндік бермек. Сонымен қатар 13 елді мекен бойынша қосымша қаржы қажеттілігі ескеріліп, 2025 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылауға бюджеттік өтінім тапсырылған. Бұл өтінімнің мақсаты – қосымша қаражат бөлу арқылы өңірдің газдандыру деңгейін одан әрі арттыру. Соның арқасында 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыста 9 елді мекенге табиғи газ тарту көзделген. Олардың ішінде Талас ауданында 2 ауыл, Жамбылда – 3, Жуалыда – 4 елді мекен бар.

Біздің ауданның тұрғындары «2025 жылы облыста жүзеге асырылатын мынадай ірі жобаға Сарысу ауданынан ең болмаса неге бір ауыл енбеген?» деп ойлауы мүмкін. Осы жайында кеңінен сөз тарқатсақ, Мемлекет басшысының «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» Ұлттық құрылтайдың отырысындағы тапсырмасы бойынша бүгінгі күні Сарысу ауданының 14 елді мекенін, оның ішінде Жаңатас қаласын табиғи газбен қамту мақсатында 2 ауқымды жоба іске асырылуда. Атап айтқанда, бірінші жобамен Түркістан облысындағы №18 «Шалдар» автоматтандырылған газ тарту стансасы (АГТС) маңындағы магистралдық газ құбырынан Сарысу ауданы Жаңатас қаласына дейін жоғары қысымды газ құбырын салу қарастырылған. Аталған жоба аясында 98 шақырым, яғни 100 пайыз газ құбыры салынып, осы жылы «ЕвроХим» компаниясында АГТС салу жос-парлануда. Ұғынықты түрде айтсақ, Түркістан облысындағы №18 «Шалдар» автоматтандырылған газ тарту стансасы маңындағы магистралдық газ құбырынан ауданға тартылған жоғары қысымды газ құбыры «ЕвроХим» компаниясы арқылы өтіп, осы «ЕвроХим»-ді газдандырып, Жаңатас қаласын қамтып, одан кейін газ құбыры елді мекендерге тартылатын болады.

Жобаның бастапқы құны – 7,7 миллиард теңге. 2023 жылы жобаға түзету енгізіліп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жоба 3,5 миллиард теңгеге қымбаттап, жалпы құны 11,2 миллиард теңгені құрады.

2025 жылға аталған жобаны аяқтау үшін жергілікті бюджеттен 3,9 миллиард теңге қаралды.

Екінші жобаға сәйкес, Сарысу ауданының 14 елді мекеніне жеткізуші және ауылішілік газ құбырларының құрылысы жүргізілуде. Атап айтсақ олар, Қызылдихан, Маятас, Жайылма, Өндіріс, Саудакент, Игілік, Жаңаталап, Ұйым, Ұ.Сыздықбаев, Ақтоғай, Жаңатас, Үшбас, Ә.Бүркітбаев, Арыстанды елді мекендері. Газ құбырының ұзындығы – 362 шақырым, оның ішінде бүгінгі күнге дейін 281 шақырымы салынды.

Жобаның бастапқы құны – 7,774 миллиард теңге. 2023 жылы бұл жобаға да түзету енгізіліп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Бұл жоба құны да 5,7 миллиард теңгеге қымбаттап, жалпы құны 13,5 миллиард теңгені құрады.

Жобаның құрылысын аяқтау үшін 6,2 миллиард теңге қаржы қажет етеді. Аталған жобаны қаржыландыру үшін салалық министрлікке тиісті бюджеттік өтінім ұсынылды. Бұл республикалық бюджеттің алдағы нақтылауында қаралған болатын. Елді мекендерді газдандыру халықтың өмір сүру сапасын жақсартып, экологияның ластануын төмендетеді, баламалы отын сатып алуға кететін қаражатты үнемдейді және өңірлердің инвестициялық тартымдылығын арттырады.

Осы ретте аудандағы газдандыру жұмыстарына баға берер болсақ, мен сөз еткен Сарысуда жүзеге асырылып жатқан екі ірі жоба, ауданның инфрақұрылымын дамытуда маңызды рөл атқарады. Осы жобалар халықтың тұрмыс сапасын арттырып, экологиялық жағдайды жақсартуға, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік салаларын дамытуда айрықша мәнге ие.

Сарысу ауданының газдандыру жобалары халықты тек табиғи газбен қамтамасыз ету ғана емес, сондай-ақ ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына да зор әсерін тигізеді. Жаңатас қаласы мен оның айналасындағы елді мекендерге газ құбырларын тарту жұмыстары аяқталған соң, тұрғындар баламалы энергия көздеріне қарағанда әлдеқайда арзан әрі қолжетімді газбен қамтамасыз етіледі. Бұл ауыл шаруашылығын, өнеркәсіпті және шағын және орта кәсіпкерлікті жаңа серпінмен дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, табиғи газды қолдану тұрғындар үшін жылу мен энергияны тұтынуды төмендетіп, олардың күнделікті тұрмысын жеңілдетеді, халық қатты отынға жұмсайтын қалтасындағы қаржысын да үнемдейтін болады.Құрылыс жұмыстарының қарқыны мен жобалардың қаржылық көлемі ауданның болашаққа деген үмітін арттырып, халықтың сенімін нығайтады. Сарысу ауданының газдандыру жобалары облысымыздың экономикалық тұрғыдан дамуына қосымша үлес қосып, инвестициялық тартымдылықты арттырып қана қоймай, сонымен қатар ауылдық жерлердің дамуына да оң ықпал етеді. Елді мекендердегі инфрақұрылымның жақсаруы, қоғамның әлеуметтік әл-ауқатын арттырудың негізгі факторларының бірі болары сөзсіз.

Сарысу ауданында атқарылып жатқан бұл жұмыстардың нәтижесінде аудан тұрғындары қолайлы жағдайға ие болып, аймақтың болашағы жарқын болатынына сенімім мол. Тұрақты және тиімді газбен жабдықтау жүйесі Сарысу ауданында жаңа экономикалық өсімнің бастауы болады деген үмітіміз бар.

Аудан аумағын толық газдандыру – жергілікті биліктің басты міндеттерінің бірі. Жоспарланған жұмыстар мен жобалар толығымен іске асуы үшін осы бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып, қаржылық қолдау мен жобалардың іске асырылу барысы үнемі бақылауда болады. Бұл Сарысу ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға және экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған маңызды қадам. Сондықтан осы бағытта атқарылар жұмыстар үнемі назарда ұсталады.

Сәкен Мамытов,

Сарысу ауданының әкімі

Leave A Reply

Your email address will not be published.