МӘДЕНИЕТТІҢ МӘЙЕГІ-КІТАП
облыс басшысы Ербол Шырақпайұлының қолдауымен 2025 жыл Жамбыл облысында «Кітап оқу жылы» болып жарияланды. «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасының негізгі мақсаты – өңір тұрғындарының кітапқа деген қызығушылығын арттыру, оқырман мәдениетін қалыптастыру. Осыған орай жоба аясында ұйымдастырылып отырған «Мәдениеттің мәйегі — кітап» атты салтанатты ашылу кеші өтті.
Аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырған шарада аудандық кітапхананың қызметкерлері «Ұлы Жеңіске — тағзым», «Ұрпағы үшін рухы биік Бауыржан» кітап инсталляцияларын, «Өлке қаламгерлері», «Кітап әлемінің сиқырлы жылы» кітап көрмелерімен келушілерді таныстырды.
Салтанатты шарада аудан әкімі С. Мамытов құттықтау сөз сөйледі.
-Облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы Қарашөкеев өз сөзінде: «Бүгінгі жаһандану заманында ұлттық құндылықтарымыз бен бірегейлігімізді сақтау – аса маңызды. Жастарды кітап оқуға баулып, рухани тәрбиені ұлттық негізде дамыту – біздің басты мақсатымыз. Кітап – адамның ой-өрісін кеңейтіп, рухани байытатын ең құнды құрал, оны ешбір ақпарат көзі алмас-тыра алмайды», – деп атап өтті. Бойға ұлттық құндылық пен рухани күш сыйлайтын кітап — жанның азығы. Халқымыздың «Білімнің көзі — кітапта» деген ұлағатты сөзі қайта ұрпақтардың санасында қайта жаңғырып жатқандай. 2025 жыл облыс көлемінде «Әулиеата кітап оқитын өңір» жобасы қолға алынды. Дәстүр мен сабақтастықты жандандыруда кітап оқудың пайдасы мол,-деді.
Одан кейін сахна төріне Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Дарабоз» сыйлығының иегері, Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ауданның Құрметті азаматы, жазушы Пернебай Дүйсенбин шығып, сөз сөйлеп, ақын-жазушылардың жазған туындыларына тоқталып, кітап оқуға шақырды.
Сондай-ақ кітап сүйер қауымға жергілікті ақын-жазушыларымыз Қазақстан Журналис-тер одағының мүшесі, жоғары санатты хирург Сағындық Ордабеков, ақын Маралтай Райымбекұлы, ақын, журналист Хамит Есаман, журналист Болатбек Төлепбергеннің бейнеқұттықтаулары жолданды.
Иә, кітап оқитын ел ғана зиялы ұлтқа айналады. Ұлы драматург Шекспир «Кітап маған тақтан да қымбат» десе, қазақтың классик жазушысы Әбіш Кекілбаевтың: «Адамды адам еткен кітап, адамзат еткен кітапхана» деген сөзі бар. Кітап оқу – үрдіске айналуы тиіс. Себебі, заман өз ағымымен жұмыр жердің бетінде зымырап барады. Ал, оның бағыт- бағдарын айқындайтын жалғыз құндылық – кітап.
Сонымен қатар мектеп оқушылары жергілікті ақындардың өлеңдерін айтса, ауданымыздың ақындары сиясы кеппеген туындыларын оқыды.
«Әулиеата-кітап оқитын өңір» жобасы аясында аудан көлемінде жыл бойына кітап оқу жылын ұйымдастыру бойынша «Оқитын ауыл, оқитын мектеп, оқитын оқырман» жобасы жол тартпақ. Байқауға байланысты әр округ әкімдері мен мектеп директорлары, ауылдық кітапханалар оқырмандар арасында жергілікті ақын-жазушылардың кітаптарын жыл ішінде насихаттау, оқу мақсатында қала және ауылдық округ әкімдері және мектеп директорлары жеребе тастап, авторларды таңдап алды.
Сонымен қатар байқауға қатысушы үміткерлер алған авторлары бойынша жыл ішінде жұмыс жасап, іс-шара ұйымдастыру, ауыл болып кітап оқып, байқауға белсенділік танытқан үздік оқырман, үздік оқитын ауыл, үздік мектеп атты орындармен қараша айында қорытындылатын болады.
Сахна төрінде «Айжанқыз» би ұжымы мың бұрала би билесе, мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашып, көрермендерге рухани азық сыйлады. Кітапхана қызметкерлері барша аудан тұрғындарын кітап оқуға шақырды.
С.есқараев, «Sarysý»