ЕҢБЕКПЕН ӨРІЛГЕН ҒҰМЫР

0

Аудандық «Sarysý» газетінің тұрақты оқырманымын. Мемлекет басшысы биылғы жылды жұмысшылар жылы деп айтқан болатын. газет беттерінде ауданға еңбегі сіңген азаматтар жайлы ауқымды мақалалар шығып жатыр.

Өткен күндердегі ұмытыла бастаған, бұл күндері егде тартып, жастары жетпіс-сексендерді еңсерген  жастық ғұмырында ауданымыздың өркендеп өсуіне  жан аямай еңбек сіңірген аяулы азаматтар жайлы, естелік мақалаларға орын беруі, бұл  бір көрегенді,  жақсы үрдіс болды. Осы орайда менің сөз еткелі отырған азамат бұрынғы Коммунар  кеңшарында туып өскен, осы кеңшарда көп жылдар бойы еңбек етіп, көптеген жоғарғы жетістіктерге қол жеткізген,  бүгінде 70  жасқа толып, бейнетінің зейнетін көріп отырған, облыс көлемінде танымал болған, еңбекқор азамат Нұртас Сүлейменов жайында еді.

Қандай да бір  жақсы аты шыққан азаматтың артында оның өскен ортасы, өнегелі тәлім-тәрбие берген ата-анасы тұрады емес пе?! Әкесі Сүлейменов Қарсыбай 1918 жылы арқада дәулетті отбасында дүниеге келіпті. Әкесінен жастай жетім қалған Қарсыекең отызыншы жылдардың зобалаңында анасымен бірге арқадан  шұбырған елге ілесіп, Саудакент маңайына келіп қоныс тебеді.  Текті де ширақ бала колхоздың түрлі жұмыстарында еңбек етіп, ел қатарлы  күндерін көріп жатады. 1939 жылы әскер қатарына алынып, фин соғысына қатысады.  1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталып, басынан аяғына дейін майдан даласында жаумен шайқасады. 1945 жылы кескілескен ұрыстардың бірінде ауыр жараланып, елге оралады. Төменгі Талас бойындағы ірі қара фермасын 60 жылдай басқарады. Одан кейінгі жылдары ірі қара бағуды қолға алады. Мал басын өсіруде үлкен табыстарға жетеді. Ауданның құрмет тақтасында бұл кісінің суреті үнемі ілулі тұрды. Ел арасындағы беделі өте жоғары болды. Біздің әкеймен  жас алшақтығы едәуір болса да етене жақын еді. Әңгімемізге арқау болған Нұртас Сүлейменовпен сол мал ауылда бал дәурен балалық шағымыз бірге өтті. Ол кездегі Таластың бойы құт берекеге толы еді. Жарқыраған айдын көлдері, ондағы шулаған құстың үні, тайдай тулаған  сары сазандары  қандай еді шіркін! Бұл күнде  соның бәрі де көзден бал-бұл ұшты. Нұртастың анасы  Шолпан апа аузын ашса жүрегі көрінетін сондай бір мейірбан жан еді. Кейінгі жылдары кездесіп қалғанда менің ата-анамды  еске алып, көзіне жас алушы еді. Бұл кісінің қолынан талай рет дәм таттық. Қымызы мен етін дәмді етіп сақтайтын. Үлкенмен де, кішімен де  әзілдесе беретін жайдарлы кісі болатын. Қазақта жақсы сөз бар ғой «Жақсы адамдар бас қосса бірін-бірі қия алмайды» дегендей бұл кісілер жаздың жайдарлы күндерін өткеріп, қоңыр күзде қараша айында өз қыстауларына қарай көшетін еді. Нұртастың  әке-анасы жайлы менің сол кездегі бозбала көңілімдегі көріністер осындай еді.

1954 жылы ауданға сол кездегі  Қазақстан үкіметінің басшысы Нұртас Оңдасынов келеді. Ол кісіні көзімен көріп, парасат пайымына тәнті болған Қарсыекең сол жылы дүние есігін ашқан ұлына «осы кісідей еліне елеулі азамат болып өссін» деп ырымдап Нұртас деп азан шақырып, есімін қояды.  1972 жылы  52 жасында Қарсыбай Сүлейменов өмірден озады. Сол кездегі кеңшар кеңесінің алдында  қаралы митинг болып, ел –жұрты ақтық сапарға шығарып салады. Тосыннан болған әке өлімі түрлі армандарға құлаш ұрып, аңқылдап жүрген жас Нұртастың көңілін су сепкендей басады. Сол 1972 жылы  кеңшар басшылары мен ағайындардың ұйғарымын жерге тастамаған Нұртас әкеден қалған бір табын сиырды қабылдап алады. Шаруаның қыры мен сырына жас кезінен қанығып өскен жас жігіт мал басын аман сақтап, өсіруде жақсы нәтижелерге  қол жеткізе бастады.1973 жылы социалистік жарыстың жеңімпазы атанып, об-лыстық комсомол конференциясына делегат болып қатысады. Нұртас Сүлейменов  1974 жылы компартия қатарына қабылданады.Осы жылы жоғары көрсеткішке қол жеткізгені үшін «Жигули-05» автомашинасын кезектен тыс сатып алу құқығына ие болады. Еңбектегі жоғары табыстары үшін 1979 жылы Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің  Құрмет грамотасымен марапатталады. 1981 жылы осы грамотаны екінші рет иеленеді.

1979 жылдан ірі қара бордақылау-мен айналысты. Әрбір өгіз 462 келіден салмақ беріп, облыстық рекордқа қол жеткізеді. Ауданның бірінші хатшысы А.Нұркенов Нұртас Сүлейменовке алғысын білдіріп, «Нива» көлігімен марапаттайды.

1980 жылдары Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы ауданымызға келген іссапарында шаруашылықтың мал бордақылау  алаңында  болып, жақсы істерді көз-бен көріп,  «аудан басшылары мен шаруашылық жетекшілеріне Нұртас Сүлейменовке  мал мен жерін, техникасын бөліп беріп, жеке кооперативке көшіріңдер» деген тапсырма береді. Алайда бұл басшылардың келіспеушілігінен аяқсыз қалады «Өмірдегі бір үлкен қателігім болды.Ол кісі  егер де іс орындалмаса маған хабарлас деген еді. Ал мен болсам хабар бермедім» дейді Нұртас өткенге өкінішін  жасырмай. 

1988 жылы мал шаруашылығын  өркендетуде мол тәжірибесі бар, адал еңбек азаматы Нұрекеңді кеңшар басшыларының ұйғарымы бойынша  ірі қара фермасына бригадир етіп сайлайды.  Ол бұл жұмысты қашан кеңшар тарағанша абыройлы атқарады. Ерен еңбегі ескеріліп, 1990 жылы ВДНХ-дан сыйлыққа тегін «Москвич-412» автокөлігі беріледі. Сол жылы Бүкіл Одақтық Халық шаруашылығы комитетінің 1 дәрежелі  дипломымен  марапатталды. Аудандық партия конференцияларының бірнеше дүркін делегаты.

Әр жылдары  «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдарының иегері. 1990-1995 жылдары ҚазССР агроөнеркәсіптік кешені  қызметкерлері кәсіподағының орталық комитетіне мүше болды.  Қарапайым еңбек адамы Нұртас Сүлейменовпен әңгімелескенде  адам-гершілік қасиеті байқалып тұрады.  Сөзі мен істеген ісі үйлесіп жатқан  осы бір батыр тұлғалы азаматқа  қарап отырып, бүгінгі күнгі қандай да болсын бір құрметке лайық жан екеніне көз жеткізген сияқтымыз.

Ер қайраты жақсы жар десек Нұртастың құдай қосқан асыл жары Айшолпан Раушанбекқызы да Өндіріс ауылының тумасы. Ұзақ жылдар бойы ауыр бейнетте Нұртастың қасында болып, өмірдің ыстық-суығына бірге төзді. Екеуі 5 ұл, 1 қызды  өмірге әкеліп, тәрбиелеп өсірді. Айшолпан «Күміс алқа» иегері. Бүгінде немерелердің ортасында жолдасы Нұртас екеуі бақытты ғұмыр кешуде. Отбасылық «Әбілхайыр» шаруақожалығына же-текшілік етіп жүрген Амангелді әке жолын жалғастырып,шаруашылықпен айналысуда.Жалпы ел үшін жасалған  ерлік пен еңбек еш уақытта ұмы-тылмайды. Жылдар өткен сайын жаңғырып, жаңарып, қай қоғамда болсын өзінің лайықты бағасын ала берсін дейік. Міне, бүгінде  біздің тілге тиек еткен кейіпкеріміз, еңбек адамы  Сүлейменов Нұртас Қарсыбайұлы жайлы айтпағымыз осы еді.

Қасен Төлеутайұлы,

Өндіріс ауылы

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.