ҚАНДАУЫР МЕН ҚАЛАМДЫ ТЕҢ ҰСТАҒАН…

0

Айтулы дәрігер, профессор Сағындық Ордабеков туралы бірер сөз

Осынау аса қарапайым, жүзінен жылы нұры төгіліп тұратын, салмақты, сабырлы азаматты көрген сайын оның азаматтық, кісілік болмысына іштей риза болатынымды жасырмаймын.

Оның денсаулық сақтау саласындағы аса көрнекті тұлға екендігі екі бастан белгілі. Сондықтан да ҚР «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Қазақстан хирургиясын дамытуға қосқан еңбегі үшін», «Авицена», «Академик М.Әлиев» төсбелгілерімен марапатталуы тектен-тек емес. Бұлардан тыс мемлекеттік мерейтойлық медальдармен марапатталғаны бір төбе. Ол сонау 1975 жылы Алматы медициналық институтының дәрігер-хирург мамандығының емдеу факультетін үздік бітірді. Міне, содан бері жарты ғасырдай уақыт өтті. Төртінші курста оқып жүргенінде Алматыдағы қалалық ауруханалардың бірінде орта буынды медицина қызметкері болып, еңбек жолын бастап та кетеді. Оқуын бітірген соң өзінің туған жеріне жолдама алып, Жамбыл облыстық ауруханасында дәрігер-хирург, қалалық жедел-жәрдем ауруханасында бас дәрігердің орынбасары болып қызмет етті. Өз ісін үлкен жауапкершілік, ынта-ықыласымен атқарады. Жақсы орта қашанда ізгіліктің ұясы болатыны бесенеден белгілі. Жас хирург келген бетте аса тәжірибелі, өз ісінің майталмандары Нағым Мұқышев, Көлбай Үсенов, Алексей Овсянников, Әзімхан Қайназаров, Евгения Константинова секілді жандардың қамқорлықтарын көрді, олардың мол тәжірибелерінен жалықпай үйренді. Қыран құс өз балапандарын қалай баулыса, бұлар да жас маманның топшысын қатайтып, түлеп ұшуына бар қамқорлықтарын аяған жоқ. Білімі мен іскерлігі елеусіз қалмады. Сөйтіп, өз айтуында, «екінші үйіне» айналған орында 20 жылға жуық Жамбыл облысы Денсаулық сақтау департаментінің бас хирургі болып, жемісті еңбек етті. Ол емдеу ісінің, ота жасаудың қыр-сырын меңгеру жолында бір сәт те ізденісін тоқтатқан жоқ. Негізгі жұмысынан қол үзбей жүріп, 1987 жылы Мәскеудегі Дәрігерлердің білімін жетілдіру институтының хирургия кафедрасының меңгерушісі, профессор Игорь Борисович Розановтың қызу қолдауымен «Бауыр эхинококкозы және оның хирургиялық емі» тақырыбы бойынша кандидаттық диссертациясын, 1997 жылы академик Мұхтар Әлиевтің жетекшілігімен «Ішкі ағзалардың асқынған  эхинококкозын хирургиялық емдеу тәсілдері» атты тақырыпта докторлық диссертациясын сәтті қорғап шықты. Осы ғылыми еңбектерінің арқасында, ғалым-хирург ретінде елге танылып, профессор атағын алды.

Сағындық Ордабековтің негізгі ғылыми-зерттеу еңбектерінің  бағыты-іш қуысы органдарында болатын эхинококкоз ауруын хирургиялық емдеу мәселелері және өт жолдары мен бауыр хирургиясы. Оның бұл жолдағы ізденістері көптеген жандардың өмірін ажалдан арашалап қалды. Бұл сала бойынша арнайы медициналық басылымдарда 400-ден астам ғылыми мақалалары жарияланды. 9 монография, 18 оқулық, 4 патент және 12 өнертабыстық ұсыныстардың авторы. Оның қазақ тілінде жазған «Валеология», «Паразитолгия негіздері», т.б оқулықтары еліміздің жоғары оқу орындарында қолданылып жүр. Ол сондай-ақ «Жамбыл облысының медицина тарихы», «Қазақтың алғашқы дәрігерлері» деген танымдық, деректік кітаптарын да жарыққа шығарды.Бұл орайда көрнекті ғалым ғылым жолын қуған шәкірттерін де тәрбиелеп жүр. Оның жетекшілік етуімен 5 кандидаттық, 16 магистрлік диссертация қорғалды. Сағындықтың көптеген шәкірттері республикамыздың түкпір-түкпірінде абыройлы еңбек етуде. Олардың қай-қайсысы болса да, еңбек еткен ортасында аяулы ұстазының есімін қастерлеп, үнемі үлгі тұтып отырады.

Сағындық Ордабеков — өз кәсібінің майталман маманы. Өз мамандығын жан-тәнімен беріліп сүйетін азаматтың қай істе де ел үлгі тұтар қасиеттері мол. Оның өзі туып-өскен, кіндік қаны тамған топырағына, туған өлкесіне, халқына деген ұлы махаббаты кімге де болсын үлгі болғандай. Ыстығына күйіп, суығына тоңған бала шағында табанын тасқа тілдіріп, мөлдір бұлағына бас қойып, мейірін қандырған, құлын-тайдай ойнаған Үшбасына деген құрметі тіптен ерекше. Әлдеқалай шаруамен ел жаққа атбасын бұрмай, соқпай кеткендей болса, көңілі орта түсіп қалатын еді. Келместің кемесіне мініп кеткендердің шаңырақтарына соғып, көңіл білдіруді естен еш шығарған емес. Замандастарының қатары селдірей бастағанын мұңая еске алып, олардың қара шаңырақтарында қалғандармен де тілдесіп, сыр тартысып, көңілі марқайып қалатыны да рас. Алақандай ауылдың жай-күйіне қамқор көзбен қарап, қолынан келер жәрдемін беруге қашанда құмбыл. Өзі бас болып, қолдап, ауылдың кіре берісіне арнайы қақпа-арка жасатты. Ауылдық шағын мешіт, оның жанына 250 орындық асхана ғимараты бой көтерді. Фельдшерлік, акушерлік бекеттің ашылуына септігін тигізді. Қамыр әулие зиратына барар жол, өзенге көпір салынды. Осының барлығында Сағындық Ордабековтің қолтаңбасы барлығын ауыл тұрғындары мақтан тұтады. Өн бойынан ізгіліктің, сыпайылықтың, қарапайымдылықтың шуағы есіп тұратын осы азаматтың бойындағы екінші қасиеті-қарымды қаламгерлігі, көркем ойдың шашасына шаң жұқтырмай жазатын алғырлығы. Ол-адам тәнін емдеудің хас шебері ғана емес, көркем сөздің көрігін кемеліне келтіріп, қыздырып жүрген зерделі де зейінді, парасатты да пайымды қаламгер. Ол туған жерден, Жон өлкесіндегі Қаратастан түлеп ұшып, 1928-1931 жылдары Қазақстан Ленин комсомолының тұңғыш бірінші хатшысы, «Лениншіл жас» газетінің редакторы болып, үлкен қайраткерлік дәрежеге көтерілген, осы күнгі Қ.Сәтбаев атындағы политехникалық университеттің негізін қалаған, оның тұңғыш директоры болған, сталиндік зұлматтың қанды қасабының құрбанына айналған Әшір Бүркітбаев, сондай-ақ қоғам қайраткері Ағабек Байдуллаев туралы толғамды ойлары оның ізденгіштігін, деректермен тиянақты жұмыс жасайтындығының айқын дәлелі. Бұл орайда оның атақты орыс жазушысы, «Шебер мен Маргарита» кітабының авторы Михаил Булгаковтың ізгілігі мол өгей әкесі, танымал дәрігер Иван Павлович Воскресенскийдің Жамбылда тұрғанын, оның 1967 жылы дүние салғанын, ал оның кейінгі әйелі София Николаеваның 1979 жылы қайтыс болғанын, сөйтіп екеуінің қатар жерленгенін дәйектейтін деректі фото суреттерімен қоса жариялады. Қаламгер атақты қолбасшы Михаил Фрунзенің әкесі Василий Фрунзенің Меркіде жерленгенін, атақты академик, паразитология ғылымының басты саласы гельминтология ілімінің негізін салушы Константин Иванович Скрябиннің Жамбыл жерінде өнімді еңбек еткенін, ол тұрып, еңбек еткен үйдің бүгінде ғалым атындағы мұражайға айналғанын әсерлі баяндайды.

С.Ордабековтің өзімен қатар қызмет атқарған небір саңлақ әріптестері, ақ халатты абзал жандар Анархан Әзімханұлы, Ораз Досқұлов, Мәди Бегалиев, Абдулла Шуланбаев, Төлеген Жұмабеков, т.б. туралы естелік эсселері тартымды жазылған. Қаламгердің әсіресе «Жошыбаев жолы» деген мақаласында Сейітхандай абзал азаматтардың аяулы бейнесі ерекше сүйіспеншілік сезіммен сипатталған. Сонау Бішкек қаласындағы абыройлы,  жылы орнын қалдырып, туған жеріне қызмет ету үшін келіп, көптеген кедергілерді жеңе отырып, жүрек орталығын ашып, жүздеген науқастарға өмір сыйлаған азаматтығына бас иеді.  Ол өз ғұмырларында соңына өшпес із қалдырған қоғам қайраткерлері Дінмұхаммед Қонаев, Айтбай Назарбеков, Мойнақ ГЭС-ін салған аяулы азамат Оразалы Қантаев,  көркем сөздің хас шеберлері Ғабит Мүсірепов, Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртазалар турасында да қалам тербей отырып, олардың азаматтық болмысын әр қырынан суреттейді.

Ал Бауыржан Момышұлының жас журналист Кәкімжан Қазыбаевты шақырып алып, ерен еңбегі ел назарынан тыс қалып бара жатқан, бораған оқ арасымен барып, Рейхсатагқа алғаш ту тіккен Рахымжан Қошқарбаев туралы жаздыртқан ерекше дерек те оқырманды бей-жай қалдырмайды.

Қарымды қалам иесі небір өнер иелері туралы тың деректерді тауып, баспасөз бетінде жариялап, оқырмандарға жеделдете ұсынып отыруды бір сәтте есінен шығарған емес. Бұл орайда Сағындықтың өз кәсібінің қат-қабат қарбаласында жүріп, тартымды да тұшымды, қызғылықты, ойыңа ой қосатын, пікіріңді ұштайтын дүниелердің, эсселердің, суреттемелердің молдығымен таңғалдырады. Өнер, әдебиет әлемінде, өзіндік із қалдырған айтулы тұлғалар Майкөт Сандыбайұлы, Құлыншақ Кемелұлы, Сарыбас Майкөтұлы, Мәді Шәутиев, Шәмші Қалдаяқов, Тәкен Әлімқұлов, Тынышбай Рахым, Артығали Ыбыраев, Төлеу Үшқоңыров, Әбдімомын Желдібаев, қазақтың тұңғыш балетмейстері Дәурен Әбіров, Нұрғиса Тілендиев, бүгінгі көзі тірі Илья Жақанов, Маралтай Райымбеков, Қали Сәрсенбай туралы эсселері тартымды жазылған. Сәкең Шәмші Қалдаяқов туралы көлемді естелік эсселері ұлы сазгердің күрделі өмірінің белгісіз қырларын байыппен суреттейді. Қатаң ауырып келіп, ауруханаға түскен Шәмші ағаның сәтті емделіп шығуы, екеуінің кереметтей ашық көңілмен сырласуы, пікірлесуі, сондай –ақ атақты  «Сыған серенасының» дүниеге келуі де осы тұста әсерлі бейнеленген.

Сағындық Ордабеков өзі өмір сүріп отырған қоғамның жетістігі мен кемшілігін жіті аңғарады. Қашанда оның жақсылығы қоғамның құтты олжасы, құнды қасиеті екендігі-айдан анық нәрсе. Ал ол қоғамның көзге ұрып тұратын кемшіліктері, етектен тартар кеселді, көлеңкелі көріністері қалам иесінің жанына тыншу бермейді. Оны осынау тіршілік майданында толғандырмайтын дүние жоқ десе де болғандай. Байлық пен билік, билік пен биіктік, алғыс пен қарғыс, жомарттық пен сараңдық, кісілік пен кішілік, тірлік пен тіршілік, қайырымдылық пен қатыгездік, даңқ пен дақпырт, сағыныш пен өкініш  секілді өмірдің сан тарам құбылыстары, көріністері сергек сезімді, өткір ойлы қаламгердің назарынан тыс қалмайды. Оларды құр, жалаң, жалпылама айтпай, әр тақырыпқа лайық өмірден алынған, өзі көріп, куә болған оқиғаларымен бедерлеп, дәйектеп отырады.

Сәкеңнің «Сауатсыз дәрігер жаналғыштан да кауіпті» деген мақаласында денсаулық сақтау мекемелеріндегі ара-тұра кездесетін біліксіз дәрігерлердің қоғам үшін қандай қатерлі екендігін ашына жазады. Науқас жанға қате диагноз қою салдарынан, дұрыс емделмеу-ден қаншама жандардың беймезгіл өмірден өткендерін тілге тиек етеді.

Автор түрлі оқулықтарда, газет, журнал беттерінде түрлі қаламгерлердің жеті ата туралы  мүлдем дәйексіз, дерексіз пікірлерін өткір сынға алады. Әлгі ата, әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене деген ұрпақтар желісін, яғни пұстылық ұғымдарды жеті атаға жатқызып жүрген пікірлерінің тікелей қате екенін дәлелдей келіп, оның нақтысы 1. Бала. 2. Әке. 3.Ата. 4.Арғы ата. 5.Баба. 6. Түп ата. 7.Тек ата екенін нақтылап келтіреді. Шындығында, этнография аясындағы осы бір ұғымдар төңірегінде еш бірізділік жоқ. Тіпті білікті деп жүрген бір ғалымдарымыз жүрежат пен туажат деген ұғымның түпкі мәнін ұғынбай, бірінші туажатты, содан соң барып жүрежатты қойып, мақала жазып жүргендігіне таңданбай қоймайсың. Өмір болған соң торқалы той, топырақты өлім болып тұрады ғой. Өткен ғасырдың тірі куәсі болып жүрген біздер қонақасының жолсоқты болып алыстан, қашықтан, өзге өнірден келгендерге арнайы берілетін ас болатыны есімізде. Ал бүгіндері бұл ұғымның мүлде өзгеше рең алып кеткенінің куәсі болып жүргенімізді несіне жасырамыз. Қара жамылған үйді екі шығынға қалдыратынымыз- ащы шындық.

Ол қазіргі қазақ тойының пайдасыз көбейіп кеткеніне, мәні мен мағынасының сұрқай тарта бастағанын, құр мақтан, даңғойлықтың күннен- күнге өршіп бара жатқандығын, мәдениеттен жұрдай, қысыр сөзден нөсер жаудыратын бөспе асабалардың той төріне қожалық етіп жүргенін сын тезіне алды.  Ал ағайындар арасындағы неке мәселесі, өзге ұлттың жігіттеріне тұрмысқа шығып кеткен қыздар тағдыры, тағы басқа мәселелер де қалам иесінің назарынан тыс қалмайды. Бұдан да қауіптісі, әсіре діншілдікке беріліп, қазақ қоғамына жік түсіріп жүрген, қаба сақалы бетін жапқан, шолақ шалбар киіп, бас-тан аяқ басы-көзін тұмшалап, қара жамылған әйелдердің көбеюін өткір әрі ашына сынайды. Автор ата-аналарын қарттар үйіне өткізіп, тайраң қаққан қатігез ұрпақтардың, кердең қаққан келіндердің бой көрсете бастауы, ойнақтап жүріп, от басқан, жасөспірім қыздардың көбейе бастауына қатты алаңдаушылық білдіреді.

Сағындық бауырымыздың сан салалы дәрігерлік, сан қырлы қаламгерлік қасиеттері зиялы замандастарының үнемі назарында болып келеді. Ол туралы қарымды қаламгер, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Несіпбек Дәутаев, зиялы азамат, филология ғылымдарының докторы Сәмен Құлбарақ, ақын Бауыржан Омарұлы, журналистер Ақылжан Мамыт, Лариса Чепкасова, Ефим Яковлев, Асхат Райқұл, Рахан Мумеевтер жылы лебіздерін білдірді. Сәкең алпыс жасқа толғанда оны бүкіл Қазақстанның маңдайалды отыздай хирург-дәрігерлері, медицина ғылымдарының докторлары, профессорлары шын жүректен құттықтағандары тағы бар. «Ақиқат» журналының бас редакторы Темірхан Медетбек  2006 жылы 11  қазанда журналдың 85 жылдығына арналған мақаласында қазақтың небір марқасқа азаматтары белгілі журналист-ғалымдар қатарында Сағындық Ордабеков есімі де құрметпен аталған. Оның медицина ғылымына енгізген үлкен 3 жаңалығы, яғни бауыр ішіндегі құрт  алынған соң қуысты толтырып, бүріп тігу, эхинококкозға лазерлік қандауырмен операция жасау, плазма-жалынмен күйдіру жаңалықтары әлемдік медицинада мойындалды. Қазақстандық доктордың еңбегімен сырттай танысып, еңбегіне тәнті болған Нью-Йорк ғылым академиясы оны өзінің мүшесі етіп сайлады. Ал Сәкеңнің 1987 жылы Мәскеуде арнайы аспирантурадан өтпестен кандидаттық дисертациясын, 1997 жылы да докторантураны оқымай-ақ бірден докторлығын қорғағанын былайғы жұрт біле бермейді. Бұл-ғылым әлемінде кездесетін сирек жағдай. Ол көптеген шет елдерде өткен ғылыми конференцияларда мазмұнды, іскерлік сипатқа толы баяндама жасап, құрметке бөленді. Мақалалары Ресейде, Өзбекстанда, Түркияда, Қырғыстанда, Германияда, АҚШ-та жарық көрді. Сәкеңнің ерекше қасиеті-оның ізденімпаздығы, білуге құштарлығы көп оқитындығы. Ол республикалық, облыстық, қалалық баспасөздерді жаздырып алып, бүкіл қоғамның, өмірдің тыныс-тіршілігін, жүрек соғысын, уақыт тынысын қалт жібермей қадағалауға дағдыланған. Сондықтан да жазған мақалалары, эсселері, танымдық дүниелері деректерге бай, мазмұнды болып отырғандығы содан.Қазақтың біртуар ақыны Есенғали  Сағындықпен пікірлесіп, сөйлескенде, оның білімпаздығына тәнті болған.

Сағындық Ордабеков өз саласы бойынша жазған еңбектерінен бөлек көптеген деректік, публицистикалық кітаптардың авторы болды. Оның «Уақытпен сырласу», «Көкіректің күмбірі», «Көсегенің Көкжоны», «Жалт еткен жасын ғұмыр», «Беймаза дүние», «Мың құбылған тіршілік», т.б еңбектері жетерлік. Өкініштісі сол, осы бағалы еңбектердің шығарылым данасы шектеулі, қарапайым оқырмандар үшін қолжетімді емес.

Сәкеңнің ұлы Ербол да әке жолын қуып, Алматыдағы оқу орнын бітірген.  Дәрігер-хирург. Тараз қаласының көпсалалы ауруханасының бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары болып еңбек етуде. Ал немерелері Әлімжан мен Әзімхандар да Астана мединститутында оқып жатыр.Келіні Феруза да дәрігер. Ал қызы Айнұр Алматыдағы Ұлттық университетінің заң факультетін бітіріп, сол қалада қызмет етуде.

Өкінішке орай, Сәкеңнің аяулы зайыбы, қызылжарлық Жаңыл осыдан бірер жыл бұрын өмірден өтіп кеткені оған оңай тиген жоқ. Қашаннан да сабырлы, сырбаз мінезді Сәкең «болған іске болаттай беріктігін» нысана етіп ұстанып, өмір сүруде. Жасы 75-ке келсе де, өз бойындағы біліп-білгенін өзінің өкшелес әріптестеріне, жастарға ғибраттаудан танған емес. Осы орайда ғалым Сағындық Ордабековтың өз еңбегінде қолданған Ресейдің даңқты физигі, Нобель сыйлығының лауреаты Жорес Иванович Альферовтың пікірінен үзінді келтіргенді орынды көрдік.

«Все что создано человечеством, создано благодаря науке. И если суждено нашей стране быть великой державой, то она ею будет не благодаря ядерному оружию или западным инвестициям, не благадоря вере в Бога или в Президента, а благодаря труду ее народа, вере в знание, в науку, благодаря сохранению и развитию научного потенциала и образования».

Кереметтей  терең, шыншыл, өткір ой! Қоғамды алға сүйрейтін – білім мен ілім. Сол игілікті ілімнің, білімнің арқасында Сағындықтай ер азаматтарымыз өмірден күдер үзген, ажал аранымен бетпе-бет келген небір жандарды аяғына тік тұрғызғаны шындық қой. 75-тің жалынан ұстаған ардақты азаматымызға денсаулық тілей отырып, оның әлі де күш-жігерін адам баласы үшін ізгі істерін сәтті жалғастыра берсін, қаламының қауқары қажымасын деп тілек қосайық!

Пернебай Дүйсенбин, жазушы.                       

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.