ҚУАНСА, БАЛА ҚУАНСЫН!
Жылдағы дәстүр бойынша аудан әкімінің бүлдіршіндерге арналған жаңа жылдық шыршасы өтті.
Аудан әкімінің жаңа жылдық шыршасына барлық мектептерден 200-ден аса бала қатысты. Балалардың қуанышына аудан әкімі Сәкен Мамытов ортақтасып, бүлдіршіндерді Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
Аудан басшысы өз сөзінде:
— Біз келе жатқан Жаңа жылдан жақсылық пен жаңалықтар күтеміз. Жаңа ықыласпен, игі тілектермен Жаңа жылға қадам басамыз. Ескі жыл еліміз үшін мерейлі әрі мерейтойларға толы жылы болды. Барлық салада да өркендеу бар. Білім саласы да жақсы нәтиже көрсетіп келеді.
Құрметті ата-аналар мен ұстаздар! Балаларды жақсы көріңіздер, жақсы тәрбие мен білім беріңіздер. Өйткені, олар-біздің болашағымыз. Жас бүлдіршіндерге зор денсаулық тілеймін, оқуда озат болып, зерек те білімді, тәрбиелі азамат болуларына тілектеспін. Жаңа жыл жаңа жетістіктер мен жаңа мүмкіндіктерге толы болсын. Барлығың жақсы оқып, спорттық жетістіктерге жетіп, жаңажылдық мерекеге еңбек сіңірдіңдер деп ойлаймын. Жаңа жылда жаңа табыстарға қол жеткізіп, жаңа білімді игеріңдер. Жаңа жылда армандарың орындалып, тәуелсіз елімізбен бірге өсіп-өркендей беріңдер. — деп мерекелік лебізін білдіріп, сыйлықтар тапсырды.
Әкім шыршасында Аяз ата, Ақшақар, Қар ханшайымдары, аю, ұлу және түрлі ертегі кейіпкерлері жиналғандарға көңіл күй сыйлап, мерекелік кеш думанға ұласты. Әсем әндер шырқалып, түрлі тақпақтар айтылды. Аяз ата мен Ақшақарды көтеріңкі көңіл күймен қарсы алған бүлдіршіндер ән-жырдан шашу шашып, би билеп, өнерлерін ортаға салды. Жасыл шырша жанына жиналған ертегі кейіпкерлері ғажайыпқа толы қойылымдар көрсетіп, балаларды қуанышқа бөледі. Шара соңында балаларға мерекелік арнайы сыйлықтар үлестірілді.
Керемет қуаныш пен шаттыққа толы шырша тойы балалар үшін өте қызықты және есте қаларлықтай деңгейде ұйымдастырылды.
***
Сиқыр мен қуанышқа толы «Қуант бізді, Жаңа жыл» атты ерекше мереке сән-салтанатпен аталып өткізілді. Мерекелік іс-шара барлық балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, балалық шақтың ғажайып әлеміне жетеледі.
Мереке барысында орталық қызметкер-лері ертегі кейіпкерлерінің жарқын костюмдерін киіп, әсерлі қойылымдар ұсынып, балаларды таңғалдырды. Балалар мен ата-аналар қызықты ойындарға қатысып, мерекенің шырайын аша түсті. Сонымен қатар, балалар жүрекжарды тақпақтарын оқып, әсем билер билеп, өз өнерлерін ортаға салды. Әр баланың жарқын өнері ерекше жылулық пен шаттық сыйлады.
Іс-шараға аудан әкімі Сәкен Мамытов арнайы қатысып, жаңа жылмен құттықтап, балаларға мерекелік сыйлықтар табыстады. Сондай-ақ, облыстық мәслихат депутаты Айтбала Жолмаханова мен орталықтың негізгі демеуші — «Еврохим» компаниясының өкілдері жылы лебіздерін білдіріп, балаларға сыйлықтарын тарту етті.
Бұл мереке балаларға ұмытылмас әсер қалдырып, жаңа жылдық ғажайып көңіл-күй сыйлады. Осындай шаралар балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға және олардың қуанышын бөлісуге мүмкіндік береді.
С.рысбекұлы, «Sarysý»