ОРТАҚ МАҚСАТ ОҢ НӘТИЖЕГЕ БАСТАЙДЫ

0

Егемен еліміздің қалыптасып дамуында өкілді органдардың да өзіндік орны бар.  Нақты айтқанда 1994 жылы құрылған Қазақстан мәслихаттары осы уақыт аралығында  билік пен бұқараның арасындағы байланысты бекемдеп, ел-жұрттың еңсесін тіктеуге, әлеуметтің әлеуетін жақсартуға, өңірлердің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосып келеді.

Сайлаушылар сенімін арқалаған депутаттар аманатқа адалдық таныта отырып, түйткілдердің түйінін тарқатуға күш салуда. Қазына қаржысының мақсатты жұмсалуы бағытында да халық қалаулыларының атқарған жұмыстары ауқымды. Бір сөзбен айтқанда өткен  30 жыл  тәуелсіздікпен бірге толысқан кезең болды.

Өкілді органның айтулы белесі ауданымызда да кең көлемде аталып өтті. Аудандық мәдениет үйінде өткен салтанатты шараға аудан әкімі  Сәкен Мамытов, аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков, аудандық мәслихаттың І-VIII шақырылым аралығындағы депутаттары, қала және ауылдық округ әкімдері, мекеме-кәсіпорындардың басшылары, ардагерлер және аудан тұрғындары қатысты.

Мерейлі мезетте аудан әкімі  С.Мамытов жиналған қауымды Қазақстан мәслихаттарының 30 жылдығымен құттықтап, өңірдің  әлеуметтік-экономикалық жетістіктеріне тоқталды.

— Биыл жергілікті мәслихаттардың құрылғанына 30 жыл толды. Отыз жыл — тарих үшін қас қағым сәт болғанымен, бүкіл республика үшін маңызды кезең. Осы жылдар ішінде халық қалаулылары елмен бірге өркендеу мен дағдарыс кезеңдерін бастан өткеріп, экономиканы дамытуға, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға атсалысып, ел мүддесі жолында еңбек етіп келеді. 1994 жылдан бастап депутаттардан құралған мәслихаттар атқарушы билікпен бірлесе қоғам өмірінде елеулі деген өзекті мәселелерді шешуге бағытталған көптеген бастама көтеріп, оның орындалуына ықпал етті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Мәслихат – мемлекеттік биліктің өте маңызды тармағы, халық билігінің бастауы. Аудан жұртшылығының тыныс-тіршілігі, мұң-мұқтажы қашанда мәслихат депутаттарының назарында болуға тиіс. Сайлаушылардың мүддесін қорғап, ел үмітін ақтау — басты парыз. Мен мәслихаттардың қызметіне ерекше мән беремін», – деп,  елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды іске асырудағы мәслихат депутаттарының ерен еңбегі мен қоғамдағы қызметі айрықша маңызға ие екенін атап өткен болатын.

Отыз жыл ішінде Сарысу ауданының мәслихат депутаттары ауданда өзекті мәселелерді, тың бастамаларды көтеріп, олардың орындалуына ықпал етті. Халық пен билік арасын берік жалғап, ауданның тыныс-тіршілігіне, дамуына арналған жұмыстарды бірлесе атқарды.

Сарысу ауданының бүгінде әлеуеті артып, өңірдің келбеті күн санап өзгеруде.

Ауқымды жобалар жүзеге асырылып, әлеуметтік-экономикалық ахуал ілгерілеп келеді. Осынау оң нәтижеге жету жолында қаншама депутаттарымыз өңірдің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосты.

Бүгінгі 30 жылдық мерейлі басқосуда 1994 жылдан бастап осы күнге дейін атқарушы билікпен бірлесе отырып, халық аманатын орындау, аудан тұрғындарының әл-ауқатын көтеру, экономикамыздың дамуына тың серпіндер беруде өз біліктіліктері мен білімдерін аямай жұмсап, ауданның дамуына елеулі үлес қосқан барлық шақырылымның аудандық және ауданнан сайланған облыстық мәслихат депутаттарына, аудан мәслихатын үлкен іскерлікпен, жауапкершілікпен басқара білген мәслихат хатшыларына ризашылығымды білдіремін. Түптеп келгенде, баршамыздың алдымызда тұрған мақсат — ортақ. Бұл — ауданды өркендету және тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту. Осы бағытта алдағы уақытта да аудандық мәслихатпен бірлесе отырып, жұмыс жасай береміз деп сенемін,-деді Сәкен Үмбетұлы.

Келесі кезекте «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігі Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Арқабек Төлебаев  жиналған қауымды мерекемен құттықтап,  бірқатар азаматтарға мерекелік медаль тапсырды.

Сонымен қатар аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков  ізгі тілегін арнап, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі, ел мүддесі жолында атқарған еңбегі үшін І-VIII шақырылым аралығындағы мәслихат депутаттарына «Қазақстан мәслихаттарына 30 жыл» мерекелік төсбелгісін табыстады.

Шара  Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының концерттік бағдарламасымен жалғасты. Облысқа танымал өнер жұлдыздары әннен шашу шашып, бишілер мың бұрала би биледі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.