ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МӘСЛИХАТТАРЫНЫҢ ҚҰРЫЛҒАНЫНА-30 ЖЫЛ

0

Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністегі халықтың еркін білдіретін және мемлекеттік мүдделерді ескере отырып, оны іске асыруға қажетті шараларды белгілейтін жергілікті өкілді орган — мәслихат жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқарудың маңызды бөлігі.

Биыл Қазақстан мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Республикамыз тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекеттің басқару сатысын жергілікті басқару жүйесін дамытуға бағыттады. 1993 жылы 10 желтоқсанда Жоғарғы Кеңес «Қазақстан Республикасының жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңын қабылдады. Бұл Заң елдегі жергілікті басқару жүйесін, жергілікті өкілді және атқарушы органдар құзыретін, оларды құру және қызметін ұйымдастыру тәртібін айқындады. Осы Заңға сәйкес жергілікті мемлекеттік басқару органдарының құрылымы мен атауы, қызметінің мән-мазмұны, құзыреті өзгерді.

1994 жылы 7 наурызда тәуелсіз мемлекетіміздің саяси өміріне өзгеріс енгізген оқиға, яғни жергілікті өкілетті органдары – мәслихаттардың алғашқы сайлауы өткені белгілі. Сайлау арқылы негізі қаланған, жергілікті өкілді орган — мәслихаттар құрылды. Бұл сайлаудың басты ерекшелігі — елімізде тіркелген түрлі партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің депутаттыққа үміткер кандидаттарын өздері іріктеп, жекелеген азаматтардың өзін-өзі ұсынуы болды. 2001 жылы 23 қаңтарда Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңы қабылданды.  30 жылдық тарихы бар Қазақстан мәслихаттары республикамыздағы   өзін-өзі басқарудың, мемлекеттілікті одан әрі нығайтудың негізіне айналды. Мемлекетіміз Тәуелсіздік алғаннан бергі жылдары мәслихаттар барлық сайлау науқандары түрлерінің әрекеттерінде негізгі рөлге ие болды. 2007 жылы Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, мәслихаттарға саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің ұсынымдары бойынша аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссияларының құрамын сайлауға байланыс-ты қосымша өкілеттіктер берілді.

Заң шеңберінде мәслихаттарға жергілікті халықтың ерікті іс-қимылын қамтамасыз ететін мемлекеттік органның өкілеттіктері берілді. Қазіргі таңда түрлі деңгейдегі мәслихаттар Конституцияда көрсетілген «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деген бас-ты қағидатты орындау үшін еңбек етіп келеді.

30 жылдың ішінде құрамында әртүрлі салада еңбек ететін барлық шақырылымның депутаттары бар Жамбыл облыстық және аудандық мәслихаттары, оның ішінде Сарысу аудандық мәслихаты өңірдің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси салаларында маңызды істердің жүзеге асуына үлестерін қосты. Тұрғындардың дамуының жаңа бағыттарын айқындауға, экономиканы дамудың жаңа жолына шығаруға белсенді қатысты. Халықтың қалауын білдіретін алғашқы сайланған депутаттарымыз қиын кезеңде халық аманатын арқалап қолдан келгенше еңбек ете білді. Осы бір кезеңде маңызды салалардағы тоқтап тұрған жұмыстарды жандандыру, жаңа бастамаларды қолдау сынды түрлі саяси-экономикалық, әлеуметтік маңызды жұмыстардың бел ортасынан әрдайым мәслихат депутаттары табыла білді. Әр шақырылымның депутаттары мәслихаттың жұмысына өз үлестерін қосты.

Осыдан 30 жыл бұрын алғаш жергілікті мәслихаттар құрылғанда Жаңатас қалалық және Сарысу аудандық мәслихатының хатшысы болған Бектөреева Тыныштық Бегматқызының өте қиын кезеңдегі бір еңбегіне тоқталсам.

1994-1995 жылдары құлдырау кезеңі басталып, Жаңатас қаласы су және жылумен қамтамасыз етілмеді. Жоғары жақтан жекешелендіру туралы тапсырма болып, мекемелер жекенің қолына өтіп, бұзыла бастады. Шағын аудандар бұзылды. Қалада су мен жылу болмай қалды. Өте қиын уақыт еді. Сол кезде каланың депутаттары  бірауыздан сегіз мың тұрғынның  колын жинап, үкіметке хат дайындайды. Хатты сол кездегі еліміздің астанасы Алматыға aпapy мәслихаттың хатшысына жүктеледі.

Тыныштық Бегматқызы хатты алып, тура сол кездегі Жоғарғы Кенестің төрағасы Әбіш Кекілбаевтың қабылдауында болады. Жоғарғы Кеңестің тұрақты комиссиясының отырысына қатысады. Әбіш Кекілбаевтың тапсырмасымен Жаңатасқа Олжас Сүлейменов келіп, қаланың жағдайымен танысады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Меттенің басшылығымен өткен жиынға  катысып, Жаңатас каласының жағдайы туралы мәлімдеме жасайды. Осы табанды жұмыстардың нәтижесінде, Жоғарғы кеңестің тұрақты комиссиясының шешімімен Жаңатас қаласына 350 млн. теңге бөлініп, қаланың су мен жылу мәселесін кайта қалпына келтіруге тапсырма беріледі. Осылайша, өте қиын кезде қаланың су мен жылу мәселесіне жергілікті мәслихат өз үлесін қосады. Бұл сол кездегі еңбектің бір парасы ғана. Сол кездегі Тыныштық Бегматқызының еңбегін ерлікке балауға болады.

Бұдан кейін де аудандық мәслихаттың хатшылары болған Лысова Лариса Анатольевна, Есмаханов Мейрамбек Ағайдарұлы, Дондаев Қанат Дондаұлы, Бегеев Сағынбек Арыстанұлы, Сейналиев Асанбай Ермекбайұлының басшылығымен аудандық мәслихат депутаттары аудан өміріне қатысты мәселелерге тікелей араласып, ауданның дамуына өзіндік үлестерін қоса білді.

Әр кезеңде біздің ауданнан Жамбыл облыстық мәслихатына сайланған депутаттар да ауданымыздың дамуы үшін өте өзекті мәселелерді облыстық мәслихаттың сессияларында көтерді.

Біздің ауданнан облыстық мәслихатқа әр кездері Болат Шайманов, Абдуллаев Омар Төлебайұлы, Ыдырысова Дариға Түймебайқызы, Ысқақов Ілияс Башарұлы, Жақсылықов Алпыс Жақсылықұлы, Майлыбаев Асаубай Майлыбайұлы, Бегеев Сағынбек Арыстанұлы, Рымтаев Досан Тасболатұлы, Сәрсенов Мұратқали Бақыткерейұлы, Жылқыбаев Досбол Маликомарұлы, Абдрахманов Шыңғыс Басиеұлы сияқты азаматтар депутат болып сайланды.

Бүкіл Жамбыл облысы бойынша сайланған облыстық мәслихат депутаттарының арасында алғашқылардың қатарында Асаубай Майлыбаев ағамыз Жамбыл облысының Құрметті азаматы атанды. Бұл кісіге бұл марапат лайықты берілген баға еді. Асаубай ағамыз тек ауданның ғана емес, облыстық деңгейдегі мәселелерді мәслихат мінберінде батыл көтеріп жүрді. Және аяғына дейін жеткізуге күш салды. Жылдық бюджет бекітілетін кезде Сарысу ауданына қажетті қаржыны «тартып алғандай» қылып алатынын сол кездегі әр салада еңбек еткен аудан азаматтары айтып отырады. «Шағын қалаларды дамыту» бағдарламасы жаңадан іске аса бастағанда, Жаңатас қаласындағы қаңырап, бос қалған көпқабатты тұрғын үйлерді қалпына келтіруге қажетті қомақты қаржыларды да бөлгізуге күш салды. Облысымыздың абыройы үшін Қазақ хандығының 550 жылдығын лайықты атап өту мақсатында, облыстық мәслихат депутаттарының арасынан бастама көтеріп, барлық облыс көлеміндегі қалталы азаматтарға үндеу тастап, өзінің жеке қаржысынан қомақты қаржы берген де, осы біздің ауданнан сайланған депутат Ағамыз болатын. Ауданға сіңірген еңбегі бағаланып, Асаубай аға Сарысу ауданының да Құрметті азаматы атанды.

Ауданнан облыстық мәслихатқа депутат болып сайланған, ауданымыздағы іргелі кәсіпорын «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенін ұзақ жыл жемісті басқарған,  Сарысу, Талас, Созақ аудандарының Құрметті азаматы Сәрсенов  Мұратқали ағамыздың аудан үшін еңбегі орасан зор. Бұл кісі де облыстық мәслихат депутаттарының арасында Жамбыл облысының Құрметті азаматы атанды. Талас, Сарысу аудандарының дамуына, көркеюіне үлкен үлес қосты. Мұратқали ағаның басшылығымен Жаңатас қаласының келбетін жақсарту, абаттандыру, тазалық жұмыстарынан бөлек, ауылдық аймақтарда Мұратқали аға көмектеспеген, қолдау көрсетпеген, кәсіпорынының техникасының табаны тимеген елді мекендер кемде-кем. Аудан басшыларының, тұрғындардың сұранысына орай, демеушілік жұмыстарды барынша көрсетті.

Әрине, айта берсек, ауданнан сайланған депутаттардың аудан үшін жасаған еңбектері еселі.

Біздің ауданнан облыстық және аудандық мәслихатқа депутат болып сайланған депутаттар арасында Асаубай Майлыбайұлы «Парасат», «Құрмет» ордендерімен марапатталса, Мейрамбек Есмаханов, Қанат Дондаұлы, Мұратқали Сәрсенов, Шыңғыс Абдрахманов «Құрмет» ордендерімен марапатталып, Мемлекет басшысы тарапынан жоғарғы деңгейдегі мемлекеттік марапаттарға ие болды.

Депутаттық мандатпен қатар, өзінің кәсіби жұмыстарының арқасында ел құрметіне ие болған, мемлекеттік қызметтің ардагері, Сарысу ауданының Құрметті азаматы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Тыныштық Бектөреева, жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, «Еңбек Қызыл ту» орденінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Сарысу ауданының Құрметі азаматы Пернебай Дүйсенбин,  өндіріс саласының ардагері, Сарысу ауданының Құрметті азаматы Алпыс Жақсылықов, денсаулық сақтау саласының ардагері, «Шапағат» медалінің иегері Сағынбек Бегеев, білім беру саласының үздігі, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері Дариға Ыдырысова, білім беру саласының ардагері, Сарысу ауданының Құрметті азаматы Бөлтірік Ильясов, білім беру саласының ардагерлері мен қызметкерлері Хамит Исмайлов, Лаура Асанова, Роза Қамбарбаева, Мыңбай Әбішев, мемлекеттік қызметтің ардагерлері Марқаш Мизенбаев, Нұраш Сұлтанбеков сияқты көптеген әр кезеңде сайланған барлық депутаттар мен қазіргі таңдағы барлық әріптес депутаттар — біздің мақтаныштарымыз.

Бүгінде, Сарысу аудандық мәслихаты «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына және басқа да заңнамалық актілеріне, сондай-ақ, аудандық мәслихаттың регламентіне сәйкес өз жұмысын атқарып келеді. Мәслихат депутаттары – кәсіпкерлер, білім және басқа да саланың қызметкерлері, ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуына зор үлес қосқан, әртүрлі саладағы білікті, азаматтық ұстанымы бар мамандар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын тиімді іске асыру бойынша,  аудандық мәслихаттың жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Мәслихат депутаттары өз қызметтерін жетілдіруге, ауданның қоғамдық-саяси, экономикалық және әлеуметтік саладағы өміріне, атқарушы органдар және қоғамдық ұйымдар мен өзара іс-қимылды нығайтуға атсалысады. Қашанда ұлтаралық қарым-қатынас күн тәртібінен түскен емес. Қазақ халқы бірліктің күнделікті тіршіліктегі орны мен маңызын                         «Бірлік болмай тірлік болмас», «Бірлік түбі — береке» деп түйген. Елімізде ұлтаралық татулықтың жарасым табуы — қазақ халқының саяси мәдениетінің биік деңгейге көтерілгенінің белгісі. Мәслихат депутаттары өз қызметінде қоғам игілігі үшін сындарлы саясат жүргізіп келе жатқан саяси партиялармен және қозғалыстармен ынтымақтастықта жұмыс істеу, әлеуметтік және этникалық топтар арасындағы келісімді нығайта түсу бағытында да жұмыстар жүргізіп келеді. Халықтың пікірі қай кезде де маңызды. Туындаған мәселелерді шешу үшін халықпен тұрақты кездесулер ұйымдастырып, тұрғындардың пікірін ескеру арқылы оңтайлы шешім қабылданады. Сайлаушылардың еркін білдіре отырып, аудан өміріне қатысты мәселелер бойынша қоғамдық ой-пікірлерді зерделейді, өзекті мәселелерге назарларын аударып және атқарушы органдармен бірлесіп, олардың шешімін табуға атсалысады.

«AMANAT» партиясының аудандық филиалының қоғамдық қабылдауларындағы жұмысына қатысуы депутаттық өкілеттіктерді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін маңызды жұмыс түрлері болып табылады. Мәслихат депутаттары «AMANAT» партиясының аудандық филиалы өткізетін іс-шаралар мен кеңес отырыс-тарына, тұрғындарды қабылдауларға сонымен бірге, ауыл әкімдерінің есеп беру кездесулеріне белсенді қатысады. Тиісті мекемелер мен бірлесе Мемлекет басшысының халық арасында Жолдауын ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Мәслихат депутаттары құзыреті шегінде тиісті мекемелер мен бірлесе ауылдық округтердегі әлеуметтік нысандарына (мектеп, балабақша, мед.пункт, кітапхана, клубтар), жүргізіліп жатқан құрылыс, жол жөндеу жұмыстарының сапасын зерделеу жұмыстарын жүргізуде.

Мәслихат қызметінің негізгі нысаны — сессия болып табылады. Мәслихаттың қарауына шығарылған әрбір шешім тұрақты комиссияларда алдын ала егжей-тегжейлі пысықталып, сессияларда талқыланады. Мәслихаттың әрбір сессиясында даму жоспарлары, экономикалық және әлеуметтік бағдарламалар, аудандық бюджет, сондай-ақ олардың орындалуын ескере отырып, оған өзгерістер мен толықтырулар бекітіліп, сондай-ақ өз құзыреті шегінде басқа да өкілеттіктер орындалуда. Кәсіпкерлікті қолдау, құрылыс, көлік және коммуналдық салаларды дамыту жолдары да назардан тыс қалған емес. Құқықтық тәртіп, әлеуметтік-мәдени салалар, қоғамдық ұйымдармен байланыс, сонымен қатар агроөнеркәсіпті дамыту сынды әр саладағы күн тәртібінен түспейтін түйткілдер де мәслихат депутаттарының бақылауында. Депутаттар өз өкілеттіктерін жүзеге асыру мақсатында сайлаушылардың ұсыныс-пікірлері бойынша сессия отырыстарында мәселелер көтеріп, олардың орындалуына өз үлестерін қосуда. Аудан аумағындағы сайлау комиссияларының құрамын сайлау құқығы да саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің ұсынысы бойынша мәслихаттармен жүзеге асырылады.

Мәслихат депутаттары аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан игі іс-шараларға белсене араласып, ауданның атқарушы және жергілікті қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуына өз үлестерін қосуда. Аудандық мәслихат аппаратының жұмысы тиісті заңнамаларға және аудандық мәслихаттың регламентіне сәйкес атқарылады. Аппарат қызметкерлері депутаттарға өздерінің өкілеттігін жүзеге асыруға, сессиялар мен комиссиялар отырыстарын дайындауға, сайлаушылармен кездесулерін өткізуге жан-жақты әдістемелік, ұйымдастырушылық, құқықтық және өзге де көмек көрсетеді. Тұрақты негізде қабылданған нормативтік-құқықтық актілердің құқықтық мониторингі жүргізіледі.

Еліміздің экономикасының қазіргі даму деңгейі алдымызға қойған міндеттерді кезең-кезеңімен шешуімізге мүмкіндік беріп отыр. Бұл тарапта қазақстандық әрбір белсенді азаматтың еңбегі бар деп айтуға болады. Орта және шағын кәсіпкерліктің дамуы экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналды. Бұл салаға аса көңіл бөлініп, әлеуметтік-экономикалық өрлеуге өзіндік елеулі үлесін қосуда, кәсіпкерлік субъектілері белсенді жұмыс атқаруда.

Сарысу ауданы өндірісі өркендеген, экономикасы дамыған аймақ ретінде белгілі. Ауданымыздың келешегі зор, жылдан-жылға көркейіп келеді. Экономиканың негізгі бағыты ауыл шаруашылығы болып табылады. Ауыл шаруашылығымен бірге ауданда өнеркәсіп те дамуда. Ауданды дамытуда Үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар мен сәтті жобалар жүзеге асуда. Мемлекеттік бағдарламалар іске асып келеді. Бүгінгі таңда қолға алынып жатқан жарқын жобалар мен айқын мақсаттар толық айғақтап отыр. Тұрғындардың берекелі тірлігінің арқасында көптеген игі істер жүзеге асырылуда. Құрылыс саласы дамуда, қарапайым инфрақұрылымнан бастап, ауданды абаттандырып, көріктендіру, жаңа нысандар салу, саябақтарды жөндеу мен жол-көлік қатынастарын ретке келтіру, сонымен қатар қоғамдық көліктерді дамыту жұмыстары жандануда. Тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, қажетті инженерлік-коммуникациялық инфра-құрылымдарды дамыту жұмыстары іске асырылып келеді. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет салаларының материалдық-техникалық базасы күн өткен сайын нығайып келеді. Осындай нәтижелі жұмыстарымыз тұрғындарымыздың бірлігі мен ынтымағының жарқын көрінісі. Ауданды дамытуға тың серпін беріп, алдағы уақытта да әлеуметтік-экономикалық, мәдени, рухани тұрғыдан өрістеп, дами түсетініне сеніміміз мол.

Мәслихат депутаттары аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан игі іс-шараларға белсене араласып, ауданның атқарушы және жергілікті қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып, мемлекеттік бағдарламалардың, тұрғындардың талап-тілектері мен ұсыныс-пікірлерінің орындалуына бағытталған шараларды жүзеге асыру бағытында жұмыстарын жалғастыра бермек. Еліміздің бірлігі мен татулығы бекем болып, өркендей берсін. Жарқын болашаққа және дамуға жолы әрқашан жеңістер мен жаңа жетістіктерге толы болсын.

Шаттық Мұсабеков,

Сарысу аудандық мәслихатының төрағасы

Leave A Reply

Your email address will not be published.