ӨМІРІ ӨНЕГЕМЕН ӨРНЕКТЕЛГЕН

0

«Әлемді Тәңір жаратты, қалғанын құрылысшылар салды» деген әзілді сөздің төркінінде шындыққа сәйкес түсінік бар. Олай дейтініміз, көз тоймас зәулім ғимараттар, адам қиялының жемісі ретіндегі озық үлгідегі нысандар, тұрғын үйлер барлығы дерлік-құрылысшылардың маңдай тері, еткен еңбегі. Бүгінгі мақалаға арқау болып отырған кейіпкеріміз Сарысу ауданы, Байқадам (қазіргі Саудакент) ауылының тумасы, құрылыс саласының және мемлекеттік қызмет жүйесінің ардагері, Сарысу ауданының Құрметті азаматы Сазанбаев Жеңісбай Рақымбайұлы туралы болмақ.

Әкесі кезінде басшылықта жүріп, елдің, аудан шаруашылықтарының өсіп-өркендеуіне зор еңбегі сіңген, Ұлы Отан соғысының ардагері Рахымбай Сазанбаев еді. Әсіресе 1944 жылы басталып, 1947 жылы жоспарлы мерзімінен бір жыл бұрын аяқталған «Ынталы» су бөгетінің құрылыс жұмысын басқарушысының бірі Рахымбай Сазанбайұлының еңбегі ерекше есте қалды. «Тектіден текті туады» дегендей, Жеңісбай Рахымбайұлы да әкесінің тәлім-тәрбиесімен өсіп-өнді, оның еңбек жолын жалғастырып, ауданда түрлі қызметтерді абыроймен атқарды. Бүгінгі таңда сегіз ондықтың сеңгіріне шықса да, сабырлық пен сыпайылықты, қарапайымдылық пен қайырымдылықты өміріне серік етіп, Ел ағасы атанған Жеңісбай Рахымбайұлы десек, асыра айтқандығымыз бола қоймас.

Жеңісбай Рахымбайұлы 1971 жылы Шымкенттегі Қазақ химия-технология институтының құрылыс инженері-технолог мамандығын бітіріп, құрылыс саласындағы еңбек жолын бастайды. Аталған жылдан 1994 жылға дейін «Қаратаухимия құрылыс тресінің» Құрылыс материалдары комбинатында ауысымдық шебері, инженер, «№2009 жылжымалы механикаландырылған колоннасында» құрылыс шебері, өндіріс меңгерушісі, аға құрылыс жүргізушісі, «Байқадам шаруашылық есептегі ауылшаруашылығын сумен қамтамасыз ету» учаскесінің басшысы, Халық депутаттары Сарысу аудандық кеңесі атқару комитетінің бас сәулетшісі қызметтерін атқарды.

1994-1997 жылдары аудан әкімінің аппарат басшысы, 1997 жылдан Сарысу аудан-дық жер ресурстарын басқару жүйесіндегі комитетінің төрағасы болып, 2009 жылы зейнеткерлікке шықты. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де 3 жыл қатарынан «Сарысу жер кадастры» филиалының директоры қызметін абыроймен атқарды.

Аудан экономикасының дамуына, әлеуметінің артуына қосқан елеулі еңбегі бағаланып, бірнеше медальдармен, облыс әкімінің, аудан әкімі мен аудандық мәслихаттың Құрмет грамоталарымен марапатталып, басқа да сый-сияпаттарға ие болды.

Ой-өрісі кең, парасатты, жауап-кершілікпен жұмысқа жан-тәнімен берілген азамат бола білді. Ұйымдастыру қабілеті жоғары, жаңалықты жатсынбайтын. Бойындағы ар-намыс, күш-жігерін адал еңбекке арнады, ой-толғамы жан-жақты, жалпы жөн-жобаны білетін, жақынды емес алысты болжап, келешек үшін әрекет етті. Жұмысты әрдайым зерделеп, саралап отырып, жақсы-жаман жағын ажыратып, әрқашан сапалы, тиімді, тиянақты, өнімді жұмыс істеуіне талап қойып, орындата білді.

Жеңкеңнің біз білетін туа бітті мінезі кішіпейіл, бауырмал, көпшіл, қарапайым, жасы үлкенге жарасымды іні, жасы кішіге жарқын пейіл қамқор, өз ісіне жауапкершілігі жоғары, алған мақсатына адал, өмірлік мұратына құштар, ұйымдастырушылық қабілеті әбжіл, ашуының ұзақтығы шай орамал кепкенше, салт-дәстүрді ұстауы қазақы қалыптан құйылған. Қысқасы, сезімі мен сенімі өмірмен біте қайнасып, өзара ұштасып жатыр. Әр адамның өзіне тән табиғаты, туа біткен мінезі, түйсігінің тереңдігі әрқалай ғой. Жеңісбай Рахымбайұлының да өзіне жарасып тұратын жайсаң мінезі, сөз саптауы, қағытпа сөздері, әзіл-қалжыңы, тіпті баз біреулерді қызықтырып, ынтықтыратын дүниелері де  бар.

Қазақта «Адамға өзін бақытты сезіну үшін үш нәрсе болу керек: бірінші, сені әрдайым түсіне білетін, сыйлайтын, құрметтейтін өмірлік жарың, екінші, жаныңа ұнайтын, қуаныш әкелетін сүйікті күнделікті еңбегің, үшінші, қуаныш пен қиыншылығыңды бөлісе білетін, сырыңды ұғатын сенімді достарың» — деген құнарлы сөз бар. Сол айтқандай, сонау 1971 жылдан бері еңбек еткен кезеңде іні әрі дос болып келе жатқандықтан аға туралы көргендерім мен көңілге түйгендерімді талғам таразысына салар болсам, туа бітті тектілігіне, бітім-болмысына, жылдар бойы сан алуан салаларда қызмет етіп, ел еңсесін көтеруге қалдырған қолтаңбасына ризашылығымды білдіремін. Алғашқы таныстығымызда ағамызды көріп, ол кісінің көркем жүзді, сымбатты, парасатты, өте мәдениетті сөйлегеніне таң қалдым, бірден өзіне баурап алатын қасиеті бар екен.

Достық – адамдардың бір-бірін жаны қалап, жақын көріп, қалтқысыз сеніп, мұраттас болуы десек артық айтқандық емес. «Доссыз өткен өмір тұл» деген дана нақыл да бар. Көңілі дархан, пейілі кең Жеңкеңнің араласатын, сыйласатын жақын достары көп болды. Олар әр саланың білікті мамандары еді. Өкінішке орай олардың бірқатары о дүниелік болып кетті. Жандары жәннатта болсын!

Жеңісбай Рахымбайұлы – шаттық ұялаған шаңырақтың отағасы. Тату-тәтті жұбайлық ғұмыр кешіп келе жатқан Айнагүл екеуі 5 ұл-қыздарынан 12 немере сүйіп отырған бақытты ата-әже. Гиппократ антына адал қызмет еткен жоғары білімді балалар дәрігері Айнагүл Жұмаділқызы медицина саласында елеулі қызмет атқарды.

Сабырлы да салмақты Жеңісбай Рахымбайұлы 80 деген асқаралы жасқа кемелдікке тың жігер, жарқын көңілмен жетті. «Қарттары бар ел – қазынасы бар ел» — деген сөз бар халқымызда. Осынау жылдар ішінде өмірдің талай белестерінен табысты өтіп, бүгінде өркен жайған алып бәйтеректей үлкен бір әулеттің ақылшы тірегі, арқа сүйенеріне айналып отыр.

Тұғырынан таймай, қатарынан қалмай, алдымызда үлгі болар үлкеніміз болып жүре беріңіз, Жеңіс аға! Біздің достық, інілік ізгі тілегіміз осы.

Алдаберді МАҚАШЕВ,

Сарысу ауданы және Тараз

қаласының Құрметті ардагері.

Leave A Reply

Your email address will not be published.