Жасыл қала-жаса мәңгі
Қанатын кеңге жайып, дамудың даңғыл жолына түскен кеншілер шаһары жартығасырлық жастан асып, еңселі 55 жылдыққа аяқ басып жатыр. Аудан орталығына айналған Жаңатастың тарихын ақтарсақ, қиын — қыстау кезеңдерді артта қалдырып, талай соқпақты жолдардан аман қалды.
Бүгінде өңірдің тынысы қайта ашылып, өндіріс өркендеп, жаңаша қарқын алды. «Өндіріс қаласы» атанған шаһарда алпауыт зауыттар заманға ілесіп, жұмыстарын жандандыруда. Қаланың инфрақұрылымы дамып, түрлі нысандар салынып жатыр. Атқарған жұмыстар көп. Алдағы жоспар ауқымды. Биыл 55 жылдық мерейтойда қалада атқарылған жұмыстар туралы баяндасам, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заң талаптарына сәйкес Жаңатас қаласын әлеуметтік-экономикалық дамыту жолында бірқатар жұмыстар атқарылып келеді. Қала құраушы және қала экономикасының қарқынды дамуының негізі «өңдеу өнеркәсібі» болып табылады. Қаланың экономикалық әлеуметтік дамуы халық саны мен жұмыс орындарының санына тікелей әсер етеді. Өндіріс ошақтары мен өндіріс көлемі үлкейген сайын, инфрақұрылым жүргізу (газ, жол, су, электр және т.б.) мүмкіндіктері көбейеді. Бүгінгі күнге 5 ірі өңдеу өнеркәсібі («Еврохим» ЖШС, «Қазфосфат» ТКӨК, «Жарас» мұнай өңдеу зауыты, «Асыл тұз» соляная компания» ЖШС, «Тараз көлік жолы» асфальт өндіру зауыты) тұрақты түрде жұмыс істеп келуде. Биылғы жыл ішінде қала аумағында 15 бюджеттік жоба іске асырылып, 7 бюджеттік жобаның жөндеу жұмыстары атқарылды. Атап айтқанда: 2 шағын аудан №6 көпқабатты тұрғын үйдің алдындағы тірек қабырғасы нығайтылды. 1 шағын аудандағы №2, 8 және 3 шағын аудандағы № 1, 7, 22, 23/5, 24,26, 30, 50,51 көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеті боялды. Бүркітті елді мекеніндегі жасыл белдеуге тал көшеттері отырғызылды. Қала бойынша құрғақ ағаштарды кесу жұмыстары атқарылды. Тротуарларды жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Жаңатас қаласы әкімі аппараты» ғимаратының жанына төлқұжат орнатылды. Топырақ пен көң тыңайтқыш төсеу жұмыстары атқарылды. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қала көшелерінің дренаждық тесіктеріне торлар орнату жұмыстары атқарылды. Жаңатас-Саудакент бағытындағы жолдың бойына, Жібек жолы, Әулие ата көшесіне орнатылған көше жарықтарына ағымдағы жөндеу және жарықтандырылған панолар орнатылды. Жолдардағы шұңқырларды жамау және жол сызықтары жаңартылды. Жасанды жол кедергілері мен жол белгілері орнатылды. Көпқабатты тұрғын үйлердің жертөлелері мен шатырларына және жеке секторлардағы үйлердің қораларына және аулаларына зиянкес жәндіктерге қарсы залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді.
Қаламызды абаттандыру, тазалығын қамтамасыз ету — біздің басты мақсатымыз. Бүгінде қала тазалығына 7 арнайы техника, 39 ақылы қоғамдық жұмысшы жұмылдырылған. Көктемгі екі айлық тазалық жұмыстарының барысында қала көлемінде 10,2 шақырым арықтар тазаланып, шамамен 195 тонна күл-қоқыстар шығарылды. Демалыс орындары мен саябақтарға 3950 түп тал мен 50760 дана гүл көшеттері отырғызылды.
Біздің мақсатымыз — елмен тығыз араласу, халыққа мемлекеттік қолдауларды кеңінен жеткізіп, өзекті мәселелерді шешу жөнінде тиісті шаралар қабылдау болып табылады.Қаламыз айшықталып келеді. Ажары кіріп, көрікті нысандар көптеп салынып жатыр. Алайда, осы нысандарды бүлдіріп, қиратып, сәнін кетіретін жауапсыз тұрғындар бар. Әсіресе, балаларға арналған ойнайтын алаңшаларда үлкендер, әткеншек теуіп, жаттығу құралдарын сындырып кетіп жатады. Балалар қоғамдық орындардағы нысандарға түрлі жазуларды жазып, сызып, бояп кетеді. Осыған тоқтау болмаса шаһардың шырқы бұзылатыны анық. «Айтпаса сөздің атасы өледі» дегендей осындай жәйттарды қозғамасқа болмайды.
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген қастерлі сөзді санамызға сіңірсек әсем қаламыздың ертеңіне сенім мол болмақ.