ТАЗАЛЫҚТЫҢ жаршысы болайық!
Ауданда сенбіліктің екі айлығы серпінмен жалғасын тауып жатыр. Тазалық жұмыстарына мекеме, бөлім қызметкерлері мен тұрғындар да атсалысуда. Тазалықты сақтауды дәстүрге айналдырған аудан тұрғындары да жауапкершілікті сезініп, сенбілікке өз үлестерін қосып жатыр.
Осы орайда, аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес, күзгі санитарлық- тазалықтың екі айлығы аясында аудандық сенбілік қала мен барлық ауылдық округтерде жалғасуда.
Тазалық акциясы барысында арық-атыздар, көшелер, қоғамдық орындар, аулалар күл-қоқыстардан тазартылды. «Таза Қазақстан» республикалық — экологиялық акциясы аясында өтіп жатқан сенбіліктің мақсаты өлкеміздің тынысын ашып, ауланы таза ұстау, қоғамдық жерлерде тазалық тәртібін сақтау болып табылады.
Қазақта «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген даналық сөз бар. Тазалықты сақтау әуелден адамдық қасиетіміз болса, екіншіден экологиямыздың ластануына жол бермеу. Ауданымыздың тазалығын сақтау барша тұрғындардың міндеті. Алайда кей тұрғындарымыз қоқыстарын көше маңайы мен тұрақжайлардың маңына, талдардың түбіне тастап, жауапсыздық танытуда. «Тазалық жинаған жерде емес, шашпаған жерде болады» дегендей тұрғындар тарапынан осы бағыттағы қолдаудың болуы артық болмас.
Адам – табиғаттың төл перзенті. «Табиғатсыз адамзаттың күні жоқ, оны айтатын табиғаттың тілі жоқ» деп бекер айтылмаса керек. Жүректерінде табиғатқа деген қамқорлық, мейірімділік сезімдерін ояту әрбір адамның азаматтық борышы болуы тиіс. Өз денсаулығымыз мықты болсын десек, қоршаған орта тазалығына баса назар аударайық.
Суын ішіп, ауасын жұтып, топырағын басып жүрген туған ауданымызды аялап, қадірлеуді әрбір азамат ойланса екен. Біз әр сенбілік барысында қоқысты арнайы орындарға аузын буып жәшікке тастау, тазалықты сақтау туралы үнемі айтып жүреміз. Дегенмен қоқысты жәшікке жеткізбей лақтырып кету, арық-атыздарға бос бөтелкелер мен түрлі заттарды тастау сынды дүниелерді көзбен көріп, көңіліміздің су сепкендей басылатыны рас.
Мұнда қанша сенбілік жасағанмен тазалықты сақтамай қоқыстардан арылу қиын болатыны анық. Қоғамдық орындарда қараусыз қалған малдардың қиларын тура жолдың бойында көру жағымсыз көріністі тудыратыны анық. Даламыздың көркін бұзатын бұндай әдеттерден аулақ болып, өз ауламызды, қоғамдық орындарды таза ұстайық, құрметті тұрғындар!
Самат ТОҚБАНОВ, «Sarysý»