АУДАН ӘКІМІ С.МАМЫТОВТЫҢ 1 ҚАЗАН-ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАРТТАР КҮНІ МЕРЕКЕСІМЕН ҚҰТТЫҚТАУЫ
Құрметті ардагерлер!
Қадірменді қариялар!
Сіздерді 1 қазан — Халықаралық қарттар күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл күні үлкенге ілтипат көрсетіп, аға буын өкілдері құрметтелетін сәт.
«Қартын сыйлаған елдің қазынасы мол» деп өсиет еткен қазақ қашанда қарттарын қадірлеп өскен ұлт. Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету — ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Елімізде ардагерлерге қамқорлық назардан тыс қалған емес.
«Қарты бар үйдің — қазынасы бар» деген дана қазақ. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз, тәлім-тағылымдарыңыздың біз үшін орны бөлек. Себебі, әрқайсыларыңыздың ауданның өсіп-өркендеуіне қосқан үлестеріңіз бен еңбектеріңіз ерен.
Сіздер сабырлылық, қарапайымдылық қасиеттеріңізбен біздерді мейірімділік пен еңбексүйгіштікке, Отанға, отбасына деген адалдыққа және абыройлы болуға тәрбиелеп келесіздер. Ел ағалары адасқанға жөн сілтеп, жастарға бағыт-бағдар берген. Бір ауыз сөзбен тентегін тыйып, тектісін төрге оздырған. Біздің қанымызға сіңген осы қасиетті Сіздер одан әрі жалғастыра берулеріңіз керек.
Халық арасында аузы дуалы, сөзі уәлі Өздеріңіздей ақсақалдар барда ел ішінде алауыздықтар орын алмайтыны, жастары жөнсіз кетпейтіні белгілі.
Бүгінде әр шаңырақта ақылын айтып, тәлімді тәрбиесін беріп, немере-шөберелерінің ортасында марқайып отырған ата-әжелерімізді көрудің өзі бір ғанибет. Өскелең ұрпаққа игілік пен ізгіліктің, пайым-парасаттың үлгісін көрсете беріңіздер.
Қымбатты ардагерлер!
Біз сіздердің бай тәжірибелеріңізді жоғары бағалаймыз. Еселі еңбектеріңіз және бүгінгі ұрпақ үшін жасаған бар жақсылықтарыңыз үшін шынайы алғысымды білдіремін.
Баршаңызға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға бақ- береке, ырыс-несібе тілеймін!
Қазыналы қарттарымыздың қатары ортаймасын!
Мерекелеріңіз құтты болсын!
Қарттарым-асыл қазынам
Қадірлі ардагер ағалар мен ақ жаулықты аналар!
Сіздерді мейірім мен ізгілік мерекесі — Қарттар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Ел мүддесін бәрінен биік қоятын, өзінен кейінгі ізіне ерген інілеріне ізеттігін аямайтын, бір қауымға бас-көз бола білген қарияларымыздың орны ерекше. Қария деген сөз елдің басы болу, ақылын айтар¬ дана болу, ел төрінде құрметке бөлену. Қарттарымызды құт-береке деп тану, ол — ұрпақтың көрегендігі.
Қазақта «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген жақсы сөз бар. Қариялардың көкірегі қашанда өсиетке толы. Әр отбасында арқа тұтар ата-әжелері бар. Олардың әрбір айтқан ақылдары жас ұрпақтың өсіп-өркендеуіне өте мол үлесін тигізеді. Сабырлық, қарапайымдылық қасиеттерімен кейінгі ұрпақты Отанымызға адал қызмет етуге, айналадағы адамдардың өмірге, қоғамға деген оң көзқарасын қалыптастыруға үйретуде. Кез келген күрделі шешімнің артында дана қариялар мен ақылшы ақсақалдар тұрады.
Еліміздің дамуы мен сарабдал саясатына сүбелі үлес қосып жүрген ардагерлер ұйымдары тынымсыз жұмыстар атқарып жатыр. Бүгінде ауданымызда ардагерлер, алқа билер кеңестері сынды ұйымдар қоғамдағы оқиғаларға қозғау салып, түрлі шараларда белсенділік танытуда. Қала мен ауылдық округтерде де аталмыш ұйым ұйымшылдықпен қызмет атқарып жатыр. Қарияларымыз қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, даналықтың өнегесі болып, жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне де елеулі үлес қосуда. Әрбірінің жүріп өткен жолдары, ерен еңбектері — ұрпақ үшін үлгі-өнеге. Әртүрлі қызметтерді мүлтіксіз атқарып, зейнетке шыққан шақта толысқан тәжірибелерін жастарға үйретіп, саналарына ілімнің нұрын құйып отырған ардагерлер қауымына алғысымыз шексіз.
Ардагерлерді ардақтау — бүгінгі жас өрендердің азаматтық парызы. Келелі істе кемелдігін көрсетіп жатқан қарттарымызды қадірлесек ұрпақтар сабақтастығын сақтап, ұлттық құндылықтарды жоғалтпайтынымыз анық. «Әке көрген оқ жонар» дегендей, дұрыс ақыл, нақты бағыт алып өскен келешек жастар өз жолынан адаспайтынына сенім мол. Ізгілік пен ізеттіліктің көркем үлгісі болып табылған қарттарымызға деген құрмет қашан да жоғары тұрмақ.
Осынау мерекемен құттықтай отырып, Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Өмірлеріңіз шуақты болып, күш-қуаттарыңыз сарқылмасын. Еліміз тыныш, халқымыз аман болсын!
Ш.Мұсабеков,
аудандық мәслихаттың төрағасы